Қоғам

"Жапаров – Қазақстан президенті": Пашинян хаттама басшысын жұмыстан шығарды

Армения премьер-министрі Никол Пашинян мемлекеттік хаттама қызметінің жетекшісі Гагик Ваноянды қызметінен босатты. Бұл шешім 19 қазанда белгілі болды.

Фото: ашық дереккөз

Бұған екі күн бұрын Пашинянның Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты Қазақстан басшысы деп қате атағаны себеп болуы мүмкін.

Оқиға 17 қазанда Ереванда өткен келіссөздерден кейінгі баспасөз мәлімдемесі кезінде болған. Алдын ала дайындалған мәтінді оқыған Пашинян сөзін:

"Ең алдымен Қазақстан президенті Садыр Жапаровқа Арменияға қош келдіңіз дегім келеді", – деп бастаған.

Бұл туралы Азаттықтың армян қызметі – "Азатутюн" радиосы хабарлады.

Алайда Гагик Ваноянның қызметтен босатылуына осы оқиғаның себеп болғаны ресми түрде расталмаған. Үкімет қаулысында да оның жұмыстан кету себебі көрсетілмеген. Армения үкіметі премьер-министрдің шешіміне қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Гагик Ваноян мемлекеттік хаттама қызметін 2022 жылдың желтоқсанынан бері басқарған. 2026 жылдың тамызында ол бұл лауазымға қайта тағайындалған еді.

Сайт Әкімшілігі