Қоғам

Жапаров ресейлік "Газпромның" Қырғызстандағы билігін тоқтатпақ

Бұл туралы ол Талас облысының тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.

Фото: ашық дереккөз

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ресейлік "Газпром" компаниясы елді газдандыру жөніндегі міндеттемелерін орындамаса, газ жүйесін мемлекеттік бақылауға қайтаруға дайын екенін мәлімдеді.

Президенттің сөзінше, 2013 жылы Қырғызстанның газ жүйесі "Газпромға" небәрі 1 долларға сатылған. Келісім бойынша компания республиканы толық газдандыру үшін инвестиция салуға міндеттенген.

Алайда Жапаровтың айтуынша, бұл міндеттеме әлі күнге дейін орындалмады. Мемлекет басшысы осы мәселені соңғы екі-үш жылдан бері көтеріп келе жатқанын жеткізді. "Газпромға" егер келісімдегі міндеттемелерін орындамаса, газ жүйесін "Құмтөр" сияқты мемлекетке қайтаратынын ескерткенін айтты.

Президент газ инфрақұрылымы мемлекеттік бақылауға қайтарылмайынша, елді мекендерге газ құбырларының қашан тартылатынына қатысты нақты уәде бере алмайтынын атап өтті.

Бұған дейін Қырғызстан парламентінде Бішкектің жаңа тұрғын аудандарын газдандыру жұмыстарының кешеуілдеп жатқаны көтерілген еді. Қала әкімі Айбек Джунушалиев "Газпромға" қойылатын талаптарды күшейту қажеттігін айтқан. Ал парламент спикері Марлен Маматалиев компания өкілдерімен келіссөз барысында газдандыру жұмыстарының тек 2028 жылы басталуы мүмкін екенін естігенін жеткізді.

"Газпром Қырғызстан" өкілі Арзымат Алдаяров газдандыру жұмыстарының уақытша тоқтатылғанын растады. Оның айтуынша, бұған екі себеп бар: біріншісі – көрші ел аумағы арқылы өтетін магистральдық газ құбырының өткізу мүмкіндігі шегіне жеткен. Өткен жылыту маусымында құбыр жобалық қуатының 115 пайызына дейін жүктелген. Екінші себеп – компания инвестициялық қаражатын Бішкекті толық газдандыру үшін маңызды саналатын "Маловодная" газ тарату станциясын жаңғыртуға бағыттаған.

Алайда сарапшылар мұндай шешімді жүзеге асыру оңай болмайтынын ескертеді. Себебі 2013 жылы жасалған келісім бойынша "Қырғызгаз" активтері "Газпромның" бақылауына өткен. Келісім 2039 жылға дейін күшінде және халықаралық құқық нормаларымен қорғалған.

"Газпром" Қырғызстанның газ саласын жаңғыртуға 33 миллиард сомнан астам қаржы салған. Осы қаражатқа шамамен 1,5 мың шақырым газ құбыры тартылып, елді газбен қамту деңгейі 22 пайыздан 44 пайызға дейін өскен. Қазір 460 мыңнан астам абонент газ пайдаланады.

Сарапшылардың пікірінше, Қырғызстан келісімді біржақты бұзса, халықаралық деңгейде құқықтық дауға тап болуы мүмкін. Ал саяси мақсатта "Газпроммен" арадағы қатынасты ушықтыру елдегі энергетикалық тұрақтылыққа кері әсер етуі ықтимал.

Сайт Әкімшілігі