Жапония Қазақстанның су дипломатиясын қолдады
Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тауып келеді. Кейінгі күндері бұл бастамаға Жапония мен Сенегал өкілдері қолдау білдіріп, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жаһандық ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті.
Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапон су форумының бас хатшысы Ютака Хосомимен кездесіп, жаһандық су күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және су ресурстарын тиімді басқару саласындағы әріптестікті талқылады. Кездесу барысында қазақстандық дипломат мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасының халықаралық су ресурстарын басқару жүйесін жетілдірудегі және мемлекеттер арасындағы үйлесімді іс-қимылды нығайтудағы рөліне тоқталды.
Өз кезегінде Ютака Хосоми Қазақстанның су дипломатиясы саласындағы ұсыныстарының уақытылы әрі халықаралық маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі су қауіпсіздігі мәселелері климаттың өзгеруі, орнықты даму және халықаралық қауіпсіздікпен тығыз байланысты болғандықтан оларды шешу үшін кешенді халықаралық тәсіл қажет.
Кездесу «Japan Water Week» аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ерлан Баударбек-Қожатаев «Thinking Future of Water» халықаралық симпозиумында сөз сөйлеп, Орталық Азиядағы су саласындағы негізгі сын-қатерлер мен Қазақстанның оларды еңсеруге бағытталған бастамаларын таныстырды.
Айта кетейік, «Japan Water Week» – халықаралық деңгейдегі аса маңызды жобалардың бірі. Ол су саясаты, су ресурстарын басқару және тұрақты даму салаларында жұмыс істейтін 100-ге жуық жетекші жапон ұйымдарын біріктіреді. Форум Азия-Тынық мұхиты су форумының және Азия-Тынық мұхиты су саммитінің хатшылығы қызметін атқарады.
Қазақстанның су дипломатиясына қолдау Африка құрлығында да жалғасын тапты. Қазақстанның Алжирдегі елшісі Әнуарбек Ахметов Сенегал Республикасының Африкалық интеграция, сыртқы істер және шетелдегі сенегалдықтар істері жөніндегі министрі Шейх Ниангпен кездесті. Кездесу барысында сенегалдық министр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын қолдайтынын мәлімдеп, су саласындағы халықаралық ынтымақтастықты үйлестіретін әмбебап платформаны қалыптастырудың өзектілігін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар Қазақстан мен Сенегал арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады. Сенегал тарапы Қазақстанға бизнес-миссия жіберуге ниетті екенін білдіріп, сыртқы істер министрліктері арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға уағдаласты.
Осылайша Қазақстанның жаһандық су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған бастамасы әртүрлі өңірлердегі серіктес мемлекеттердің қолдауына ие болып, еліміздің халықаралық су дипломатиясындағы белсенді рөлін тағы бір мәрте айқындап отыр.
Қазақстан халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастаманы көптен беріп көтеріп жүр. Мамандардың болжамына сүйенсек, алдағы 100 жылда су тапшылығы жаһандық проблемаға айналуы мүмкін. Адамзат мұнайға балама көздерді тауып, «қара алтынға» тәуелділікті азайтып жатыр. Бірақ суға балама табу қиын екені анық. Тіпті ел арасында су тапшылығы тұтас адамзат баласына оңайға соқпайды деген болжам айтылады. Бұл әлемдік тұрғыдан алғандағы жағдай.
Ал, екінші жағынан, біздің елдегі ірі өзендердің көбі бастауын шетелден алады. Әрине, көрші елдермен суды бірлесіп пайдалану жөнінде келісім бар. Бірақ алдағы уақытта сол келісімдердің күші әлсіреп, көршілеріміз су беруді азайтса, жағдай қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан халықаралық су ұйымын құрудың маңызы зор деп есептейміз.
Қуан Өмірхан