Әлеумет

Жапонияда соңғы 30 жылдағы ең күшті жер сілкінісі болды: 25 адам зардап шекті

Жапонияда магнитудасы 5,7 болатын жер сілкінісі тіркеліп, кемінде 25 адам зардап шекті. Олардың екеуінің жағдайы ауыр екені хабарланды.

Фото ашық дереккөз

Жер сілкінісі 8 қарашаға қараған түні жергілікті уақытпен сағат 01:04 шамасында болған. Жер асты дүмпуінің ошағы Сидзуока префектурасының батысында, шамамен 41 шақырым тереңдікте орналасқан.

Жапониялық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жер сілкінісі Айти префектурасында қатты сезілген. Бұл аймақта мұндай күшті жер сілкінісі соңғы 30 жылда алғаш рет тіркелген.

Nagoya TV телеарнасының мәліметінше, табиғи апат салдарынан кемінде 25 адам жарақат алған. Олардың екеуі ауыр халде екені айтылды.

Жер сілкінісінен бірқатар ғимарат зақымданып, дүкендердің терезелері сынған. Әлеуметтік желілер мен жергілікті телеарналар таратқан кадрларда сауда орындарындағы тауарлардың сөрелерден құлап, еденге шашылғаны көрінеді.

Сондай-ақ кейбір аудандарда сумен жабдықтау жүйесінде ақау пайда болған. Жер сілкінісі теміржол қатынасына да әсер етіп, жекелеген бағыттарда пойыз қозғалысы бұзылған.

Жапонияның метеорологиялық қызметі жер сілкінісінен кейін цунами қаупі туралы ескерту жариялаған жоқ.

Айта кетейік, Жапония сейсмикалық белсенді аймақта орналасқандықтан, елде жер сілкінісі жиі тіркеледі. Биыл шілдеде елде магнитудасы 7,1 болатын жер сілкінісі болып, бір адам қаза тапқаны және жүзден астам адамның жарақат алғаны хабарланған еді. Ол кезде мыңдаған тұрғын үй жарықсыз қалып, жолдар мен көпірлер зақымданған.

Сайт Әкімшілігі