Жақсылық Омарды «оң жамбасқа» алған Исмаилов
Даниал Ахметовті неге көрмей қалды?
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және 10 тамыз Абай күні болып жариялануына орай, ақынның «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңін топ болып жатқа оқыған өскемендік шенеуніктердің айыппұл төлеуге мәжбүр болғаны не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін жағдай. Роман Честных атты жергілікті азаматтың Абай өлеңін оқу кезінде «карантин ережелері сақталмады» деген сыңайдағы шағымын қараған ШҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаменті қала әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары Елдар Төлеубеков пен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Саринға (әрқайсысына 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде) айыппұл салып тынды. Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, жедел төлеу нәтижесінде олардың әрқайсысы 115 АЕК көлемінде айыппұлын төлеп құтылған.
Өскемен қаласы әкімдігінің Абай өлеңін оқу видео-эстафетасын әлеуметтік желіге салуының соңы осылай аяқталарын ешкім де күтпегені анық. Бірақ көкейімізде кептелген «айыппұл Абай өлеңінен артық болғаны ма» деген сауал мазалайтыны тағы бар. Видео-эстафетада қала әкімі Жақсылық Омар бастап, 10-нан астам адамның әкімдік алдында арақашықтық сақтап, өлеңді жатқа оқығаны сүйсінтеді-ақ. Тіпті өзге ұлт өкілдерінен де үш қызметкердің өлең шумақтарын қазақша жалғастырып тұрғаны Абай құдіретіне бас июге шақырып тұрғандай көрінеді және көңіл қуантады. Ал сонда Роман Честных деген қай жерден, не мін тауып жүр? Сөйтсек, Честных фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында 13 тамыз күні былай деп ойын (шын мәнінде «ойбайын») ортаға салыпты: «Санитарными правилами, которые относятся уже к законодательству, запрещены любого рода массовые мероприятия (в том числе памятные) с участием более 10 человек. В это же время, когда людей штрафуют за работу, акимат Усть-Каменогорска решил выпендриться ко дню Абая. Имели возможность прочитать стихи онлайн, но решили сделать это через массовое мероприятие, собрав на него более 20 человек около городского акимата. Не важны основания, мы помним, что сейчас даже на поминки нельзя собираться, ведь это нарушение закона, а уж стихи читать и человека проводить в последний путь – это совершенно разные по важности мероприятия.
Я направил заявление в областной департамент сан.эпидем.надзора о необходимости привлечения к ответственности ВСЕХ участников массового мероприятия. Они участвовали именно как должностные лица, на что указывают подписи в видео, выложенном акимом города Жақсылық Омар
(https://www.instagram.com/p/CDociu7gguy/). Это 230 МРП на каждое должностное лицо, которые они должны оплатить из своего кармана, тем самым помогут бюджету и покажут что «мы вместе», а не так, что чиновники живут в своем мире без законов, а остальные, даже, выживать и штрафы платить.
Вот только не надо про маски и социальную дистанцию, эти же условия соблюдают предприниматели, которых штрафуют сотрудники СЭС, а в конце видео в толпе должностных лиц человек уже без маски поет на массовом мероприятии».
Жергілікті белсендінің осы ойын негізге ала отырып, облыстың бас санитары Марат Исмаиловпен байланысқа бірнеше рет шыққанымызбен, тілдесудің сәті түспеді. Қабылдау бөлмесіндегі хатшысы оның «жаңа ғана шығып кеткенін» айтумен болды. Оқырман қауымның ойында болса, «Жас Алаш» газетінде бұған дейін «Ахметовке бас санитардың қаулысы жүрмей ме?» деген мақала жариялаған болатынбыз. Мақалада департамент басшысының №16 қаулысының (3 шілде, 2020 жыл) 11-пунктінде «65 жастан асқан адамдардың жүріп-тұруы шектелсін» деп атап көрсетілгеніне тоқталған едік.
Сонымен қатар маусым айында 65 жасқа толған облыс әкімі Даниал Ахметовтің қайта-қайта Абай тойының қамымен Семейге шапқылап, ақын атындағы театрға келгенде алдынан 73 жастағы Яков Горельников шығып, жұмыс барысын түсіндіре жөнелетінін де жаздық. Айтпағымыз – департамент басшысы М.Исмаилов Честных дегеннің жанайқайына құлақ түріп, қала атқамінерлеріне айыппұл салғанда карантиндік шектеу талаптарын бұзған облыс әкімі Д.Ахметов пен Я.Горельников Семейде кездесіп, әңгімелесіп жүргенін көре тұра, неге үнсіз қалды? Әлде санитарлық талаптарды сақтамағандары үшін оларға да айыппұл салуға құдіреті жетпей ме?
Осы сауалдарымызға жауап алғымыз келіп қанша қоңырау шалсақ та, «жаңа ғана шығып кететін» (хатшысының сөзі) Исмаиловпен тілдесу еш мүмкін болмады.