Сараптама

Жарық жалп етіп сөнгенде: Қазақстан мен Қырғызстан бірін-бірі не үшін кінәлады?

Өткен аптадағы тосын жағдай былайғы жұртқа өң мен түстің арасындай әсер етті. Шымбұлаққа көтерілмек болғандар кабина ішінде қаңтарылды.

Фото: ЖИ

Ал метродағы жолаушылар «жер астынан шықпай қаламыз ба?» деп қорықты. Ию-қию көліктерге жол нұсқаған бағдаршамдар «тілін жұтып», үнсіз мелшиді. Бұл жалғыз Алматы қаласының басындағы кеп емес. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарының кейбір аудандары да жарықсыз қалды. Сондай-ақ апатты жағдай Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарына да әсер етті. Кейін Қазақстанмен бірге Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда да жарық сөнгені белгілі болды.

Әдетте қаланың бір бөлігінде, кейбір ауыл мен ауданда түрлі себеппен жарық өшіп қалады. Ал мұндай үлкен қала, ірі мегаполисте бір мезетте электр энергиясының үзілуі – көп кездесе бермейтін жағдай. Сондықтан бұл оқиға көпшілікті біраз әуреге салды.

Әсіресе Алматы қаласында тұрғындардың мазасы кетті. Ең алдымен мегаполистегі бағдаршамдар істен шығып, онсыз да кептелістен көз ашпайтын қала көшелерінде көлік қозғалысы қиындады. Электр энергиясын пайдаланатын қызмет түрлері тоқтап, жұрттың жоспары бұзылды.

Метро жұмысы тоқтап, жолаушылар вагондардан шұғыл эвакуацияланған. Әлеуметтік желіде қараңғы тоннельде қаз-қатар тізіліп келе жатқан адамдардың видеосы тарады, көпшілік бұл көрініс қорқынышты фильмдердегі қауіпті кадрларды еске салатынын айтып жатты. Сондай-ақ Шымбұлақ сияқты демалыс орындарында аспалы жол тоқтап, адамдар кабинка ішінде қалып қойғаны белгілі болды.

Қысқасы, Алматы қаласы мұндай төтенше жағдайға дайын болмай шықты. Мамандар қалаға апаттық электр желісі қажет екенін айтады. Төтенше жағдай болған кезде бағдаршам, метро, аурухана сияқты аса маңызды құрылымдардың қызметін уақытша қамтамасыз ететін жүйе керек. Кейбір мекемелер қосымша генератор пайдаланып, жұмысын жалғастырғанын көрдік. Демек, тұтас қалаға осындай қосымша мүмкіндік қажет.

Алматыда ғана емес, тұтас Қазақстанда апаттың алдын алу, төтенше жағдайға дайын болу жұмыстары ақсап тұрғаны жасырын емес. Елде апат болған сайын қордаланып қалған проблемалар су бетіне шығады. Ал сол проблеманы апатқа жеткізбей шешу биліктің қолынан келер емес. Мысалы, шенділер кеніштегі қауіпті кеншілер қаза болғанда ғана біледі, әуежай маңындағы заңсыз құрылысты ұшақ құлағанда ғана көреді. Естеріңізде болса, 2024 жылы қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болғанда автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі дұрыс жұмыс істемей, тұрғындар зілзала туралы дер кезінде ақпарат ала алмай қалған еді. Кейін бұл істі прокуратура тексеріп, жарамсыз жабдық сатып алғаны үшін бірнеше тұлғаны жауапқа тартты. Бәрі сонымен біткен. Ал қазір Алматыдағы жер сілкінісін алдын ала болжайтын құрылғы қандай күйде екені белгісіз.

Фото: ашық дереккөз

Әсет НАУРЫЗБАЕВ, энергетик, KEGOС компаниясының бұрынғы басшысы: Алматы блэкаутқа дайын емес

– Апаттың нақты себебі әзірше белгісіз. Бұл жағдай бойынша міндетті түрде тексеру жүргізіліп, келеңсіздіктің неден болғаны жан-жақты зерттелуі қажет. Әзірге белгілі болғаны – Қырғызстандағы ГЭС-те екі гидроагрегат істен шығып, жүйеден ажыраған. Салдарынан қуат айтарлықтай көлемде, шамамен 600 МВт кеміп қалған. Демек, болжам бойынша, электр жүйесінен бірінші болып осы агрегаттар ажыраған болуы мүмкін. Бірақ мұның бәрін арнайы тексеру нәтижесі анықтауы керек.

Жағдайдың алдын алуға бола ма дегенге келсек, энергетика саласында мұндай оқиғалар үнемі болып тұрады. Сондықтан электр энергетикасы жүйесінде қорғаныс, автоматтандыру және апатты жағдайды оқшаулау жүйесі қарастырылған. Жалпы, менің KEGOC-қа қоятын негізгі талабым да осы мәселеге байланысты. Өйткені 2022 жылғы апат бізде авариялық жағдайды оқшаулау мүмкіндігі жеткіліксіз екенін көрсетті.

Бұл мәселе Орталық Азия елдерімен апатты жағдайларды бірлесіп оқшаулау жөнінде тиісті келісімдердің болмауына байланысты өрбуі мүмкін. Немесе біз бұл бағытта өзіміздің жеке қорғаныс шараларымызды әзірлеуіміз керек. Алдыға дәл осындай міндет қойылуы тиіс.

Мысалы, егер көршілес елдердегі әріптестерімізбен ортақ шешімге келе алмадық десек, бұл ақылға қонымсыз жағдай болар еді. Өйткені бұған дейін мұндай мәселелер бойынша үнемі келісіп отырғанбыз. Бірақ қандай да бір себеппен келісімге келе алмасақ, онда өз тарапымыздан шекараларда тиісті қорғаныс жүйесін орнатуымыз қажет. Ол тұрақты ток кірістірмесі, түрлі автоматтандырылған жүйелер және өзге де құралдарды қамтиды. Яғни сол арқылы көршілес елдерде болған апаттың біздің электр жүйемізге әсерін шектейміз. Әрине, бұл көршілер үшін аса жағымды шешім болмауы мүмкін, бірақ басқа амал қалмаса, осындай қадамдарға баруға тура келеді.

Ал Алматыға қатысты айтарым, қалада өзінің үздіксіз электрмен жабдықтау жүйесі болуы керек. Бірінші кезекте метро, бағдаршам, кәсіпорындар және су арнасы мен жылу желілері сияқты аса маңызды инфрақұрылым нысандары электр энергиясымен қамтамасыз етілуі тиіс. Олардың бәрі ішкі генерация көздерімен жабдықталуы қажет. Осындай блэкаут кезінде қаладағы маңызды инфрақұрылым зардап шекпеуі қажет.

Бақытымызға орай, Алматыда мұндай мүмкіндік бар. Қала аумағында 2 электр станциясы орналасқан. Сондай-ақ бізде су электр станциясы жұмыс істеп тұр. Сондықтан қалада мұндай төтенше жағдайға дайындыққа, қажетті инфрақұрылымды энергиямен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Яғни төтенше жағдайда қаланы қажетті электр қуатымен қамтамасыз ететін жүйе құрылуы қажет. Мен бұл мәселенің шешімін Алматы әкімдігіне бірнеше рет ұсынып, қалаға апатты жағдайда электрмен жабдықтау желісі қажет екенін айтқанмын. Өкінішке қарай, әкімдік тарапынан әзірге ешқандай нақты әрекет болмай тұр.

Бір сөзбен айтқанда, сыртқы электр көзінің қандай да бір себеппен ажыратылуына байланысты қалада бағдаршам, метро немесе су арнасының жұмысы тоқтамауы қажет.

Фото: Tengrinews.kz

Жарықтың сөнуіне не себеп болды?

Күтпеген жерден жарық өшіп, біраз кемшіліктің бетін ашты. Шенділер әдеттегідей, болары болып, бояуы сіңген соң аттандап, «атқа қонды». Энергетика министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, KEGOC, «Алатау жарық» сияқты мекемелер іркес-тіркес мәлімдеме жасап, жарық не үшін сөнгенін түсіндіріп, әлек болды.

Қазақстан энергетика министрлігі: «Энергетикалық жүйеде қуат күрт артып, оған Орталық Азияның энергетикалық жүйесі тарапынан электр энергиясы ауысымының күрт өзгеруі себеп болды. Нәтижесінде апатқа қарсы автоматика іске қосылып, кейбір өңірлеріндегі тұтынушылар ажыратылды», – деп мәлімдеді.

Қазақстандағы электр желілерін басқаратын жүйелік оператор KEGOC АҚ алдымен технологиялық ақау себебінен 500 кВ кернеудегі үш электр беру желісі – «Ағадыр – Үлкен» Л-5300 және Л-5320, сондай-ақ «Ақтоғай – Талдықорған» Л-5400 ажыратылғанын хабарлады.

«Салдарынан Қазақстан БЭЖ-нің Оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесі оқшауланған жұмыс режиміне көшті. Технологиялық ақауға Орталық Азияның Біріккен энергетикалық жүйесі тарапынан қуат ағынының күрт артуы себеп болған. Апат салдарынан Қазақстан энергетикалық жүйесінде тұтынушыларды электрмен жабдықтауды шектеу көлемі шамамен 2810 МВт болды», – деді KEGOC.

Ал кейін апатқа Қырғызстандағы гидрогенератордың ажырағаны себеп болғанын мәлімдеді.

«14 тамыз сағат 14:37-де Тоқтоғұл ГЭС-інде (Қырғызстан) екі гидрогенератордың ажыратылуы Қазақстан БЭЖ-інің Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитіне шамадан тыс жүктеме түсіріп, Оңтүстік аймақтың Қазақстан БЭЖ-інен, сондай-ақ Орталық Азия БЭЖ-інің (Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) энергия жүйесінен бөлінуіне себеп болды.

14:47-де Қарағанды, Ұлытау және Абай облыстарындағы тұтынушыларды электрмен жабдықтау толық қалпына келді. Сағат 16:26-да Алматы және Жетісу облыстарында, ал сағат 16:34-те Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Технологиялық ақаудың себебін арнайы комиссия тексереді», – деп хабарлады KEGOC.

Бірақ осы жерде бір түсініксіз жағдай бар. Қырғызстанның ресми мәлімдемесі KEGOC-тың ақпаратымен мүлде сәйкес келмейді. Бішкек, керісінше, апатқа бізді айыптады. Қырғызстан энергетика министрлігінің мәліметінше, ақау Қазақстандағы жоғары кернеулі электр желісінің ажырауынан басталып, соның салдарынан Қырғызстанның энергожүйесі Орталық Азияның ортақ жүйесінен оқшауланған.

Өзбекстан Энергетика министрлігі де төтенше жағдайға көрші елдердің бірінің энергожүйесіндегі апат себеп болғанын хабарлады. Бірақ Ташкент нақты қай мемлекетте ақау болғанын айтқан жоқ. Үш ел таратқан ресми ақпаратқа қарап, апат Қазақстан мен Қырғызстанның бірінің аумағында болғанын болжаймыз. Өзбектер екі көршісінің көңіліне қарады ма, кемшілік кімнен кеткенін ашып айтпады. Ал Астана мен Бішкек бір-бірін кінәлағандай болды.

Қазақстан энергетика министрлігі «елдің энергетикалық жүйесінде апат болды» деген ақпаратты жоққа шығарды. «БАҚ-та тараған Өзбекстандағы электр энергиясының үзілуіне Қазақстанның энергетикалық жүйесіндегі апат себеп болды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деп мәлімдеді министрлік.

Қысқасы, 14 тамыз күні 14:37-де өшкен жарық кешкі 19:00-де ғана толық қосылып болды. Яғни бірнеше сағат бойы мегаполис жарықсыз отырды. Электр энергиясы болмағандықтан, кей тұрғын үйлерде су тоқтады. Қаланың барлық көшесі кептеліске толды, қиылыстарда бір-біріне жол бермей, сигнал басқан машиналардың дауысынан құлақ тұнды. Ол аздай, кеш бата нөсер жаңбыр жауып, қала тіршілігінің ырғағы әбден бұзылды. Тіпті америкалық рэпер Канье Уэстің көптен күткен концерті өтпей қалып, бір күн кейінге шегерілді. Сөйтіп, елдің ең ірі мегаполисі төтенше жағдайға дайын емес екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Қуаныш ҚАППАС

Сайт Әкімшілігі