"Жас Алаштың" бас редакторы Шәкәрім университетінің студенттерімен кездесті
"Жас Алаштың" бас редакторы Шәкәрім университетінің студенттерімен кездесті
"Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінің 105 жылдық мерейтойы аясында басылымның бас редакторы Ерік Рахым Шәкәрім университетінің студенттерімен кездесті. Жүздесуде қазақ журналистикасының өткені мен бүгіні, сөз бостандығы, ақпараттың шынайылығы және жасанды интеллект дәуіріндегі журналистің рөлі талқыланды.
Кездесу барысында Ерік Рахым ғасырдан астам тарихы бар "Жас Алаш" газетінің қазақ баспасөзіндегі орнына тоқталып, дәстүрлі медиа мен интернет журналистикасының ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Сондай-ақ мерзімді басылымдар мен цифрлық ақпарат құралдарындағы көпжылдық кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Бас редактор журналистиканың басты міндеті – қоғамға шынайы әрі тексерілген ақпарат ұсыну екенін атап өтті. Оның айтуынша, ақпарат тарату жылдамдығы артқан сайын журналистің жауапкершілігі де күшейе түседі. Сондықтан деректерді жан-жақты тексеру, сенімді дереккөздерге сүйену және оқырман сенімін сақтау кәсіби журналистиканың негізгі қағидалары болып қала береді.
Жүздесуде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың журналистикаға ықпалы да сөз болды. Ерік Рахым жаңа технологиялар ақпарат құралдарының жұмысын жеңілдеткенімен, журналистің сыни ойлау қабілетін, кәсіби ұстанымы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін алмастыра алмайтынына назар аударды.
Студенттер бас редакторға редакцияның күнделікті жұмысы, журналистік материал дайындау, ақпаратты тексеру және аудиториямен байланыс орнату мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Сонымен қатар жас мамандардың кәсіби қалыптасуы, тәжірибе жинауы және журналистика саласындағы жаңа мүмкіндіктер талқыланды.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесу болашақ журналистерге тәжірибелі маманмен тікелей сұхбаттасып, медиа саласының бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, биыл қазақ баспасөзінің бай тарихында өзіндік орны бар "Жас Алаш" газетінің құрылғанына 105 жыл толып отыр.