Жас ғалымдар Аралды зерттеп жүр
Арал аймағындағы тіршілікті қайнатудың ең ұтымды жолы – туристік құрылым жасау. Ғалымдар Көкарал су бөгетінің арқасында солтүстік Аралда балық көбейіп, жан-жануарлар әлемі қайта тіріле бастағанын айтады.
Биыл қазақстандық және шетелдік сарапшылар, жас ғалымдар «Арал-2018» ғылыми-танымдық экспедициясының қорытындысын шығармақ. Qazaq Geography қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған осы экспедицияның алғашқы әсерлері туралы сапар жетекшісі Нұржан Алғашовты аз-кем әңгімеге шақырдық.– Арал аймағына алғаш барғанда қандай әсерде болдыңыз?– Бұл үшінші сапарым. Бірінші рет 2016 жылы бардым. Арал маңында Қаратерең, Ақбасты, Кұланды, Аманөткел сияқты ауыл көп. Экологиялық жағдай қиын болса да, адамдар тұрып жатыр. Тоқтап қалған тіршілік жоқ. Тұрғындар үйлерін қайта жөндеп, жеңіл көлік мініп, жаңа мектеп салып тастағанын көрдім.–Ал биыл не зерттедіңіздер? — Биыл бұған дейін өзіміз екі мәрте барған солтүстік Аралмен қоса, басым бөлігі Өзбекстанға тиесілі шағын аймағы Қазақстанда жатқан оңтүстік Аралға да көп көңіл бөлдік. Ғылыми мақсат фитопланктон (микроскопиялық жасыл өсімдіктер) мен солтүстік және оңтүстік Арал суының биохимиялық жағдайын зерттеу еді. Әдетте Арал теңізі дегенде су құрамы, су қоймасы, экожүйесі мүлдем бөлек екі бөліктен тұратынын ескеру керек.Зерттеуіміздің толық есебі мен сараптамасын ғылыми мақала ретінде алдағы уақытта жариялаймыз.– Солтүстік және оңтүстік Аралдың айырмашылығы неде?– Ғалымдардың зерттеуіндегі алдын ала көрсеткіште оңтүстік Арал суының тұздылығы – 130 промилле (мыңнан бір үлесі). Бұл әлемдегі мұхит суының орташа тұздылығынан төрт есе көп. Мұндай суда тіршілік жоқ. Өзіміз түсіп те көрдік. Батпайсың. Өлі теңіздегі судың тұздылығы 300 промилле шамасында ғой, дегенмен, менің ойымша, 130 промилле өте жоғары көрсеткіш. Ал солтүстік Аралды алып қарасақ, су тұздылығы Көкарал бөгеті жақта 3,5 промилле, ал кейбір жерлерде 9-10 промиллеге дейін ғана. Солтүстік Аралда балық бар, экожүйе мүлдем бөлек, фитопланктон жеткілікті. Яғни солтүстік Аралдың экожүйесі қалпына келіп жатыр деуге негіз бар. Біз солтүстік және оңтүстік Аралдың әр жерінен ондаған сынама алдық. Осы сынамаларды толық зерттеп біткенде Арал суының құрамы мен өзгеру жайын нақты айта аламыз.Сынамаға алған суларды заманауи қондырғылардың көмегімен зертханада зерттейміз. Сондай-ақ келесі жылы Аралға қайта барып, бір жылда не өзгергенін анықтамақпыз. –Солтүстік Аралда балықтың қаншатүрі бар екен?– Бұл сұрағыңызға нақты жауап бере алмаймын. Өйткені бұл сұраққа жауап беру менің құзыретіме жатпайды. Менің ойымша, 10-нан астам балық түрі бар. Осы сапарымызда сазан, жылан балық, ақтабан көрдік. Балыққа қатысты мәселе барын байқадық. Көкарал бөгетінде балық көп қырылады екен. Бөгет ескірген. Бөгет жарылып кетпеуі үшін шлюзінен аз-аздан су жібереді. Осы сумен бірге кішкене балықтар да өтіп, бөгеттің екінші жағында барарға жер таппай үйіріліп жатыр. Өйткені арғы жолы құм. Бөгет ішіне қайтар жол жоқ. Жергілікті тұрғындар оларды аумен ұстап жүр. Міне, кіші балықтарды осылай қырып тастамау үшін, солтүстік Арал экожүйесін одан әрі жақсартып, балық қорын көбейту үшін адасқан балықты бөгетке қайтаратын арнайы арықтар салу керек. Бұрын дәл осындай балық қайтарғыш арықтар болған екен. Қазір, неге екені белгісіз, істемей тұр. Жергілікті тұрғындар үшін, бәлкім, бұл өте жақсы шығар. Құм мен бөгеттің ортасында қалып қойған балықтарды қиналмай аумен ұстап қарық болып жүр. Ал үйіріліп жатқан балық өте көп. Экскаватор тракторының ковшын түсіріп қайта көтерсең, толған балық. Қармақ тастасаң сол сәтінде ілінеді. Міне, балықтар осылай қырылып жатыр. Балықшылар өнеркәсіптік мақсатта аулап жүр. Бірақ олар үлкендерін таңдап алады да, майда балықтарды лақтырып тастайтын сияқты. Яғни табиғатқа қолдан қастандық жасау қайталанып жатыр. Бұрын Аралда балықтың жоқтығы проблема еді. Енді бар балықты сақтай алмай, бостан-босқа қырып жатқандаймыз.–Осы жағдайды айтып, ескерту жасадыңыздар ма?– Халықаралық Аралды қорғау қорына айттық. Бұл қорды Орталық Азиядағы бес мемлекеттің үкіметтері құрған. Қазақстандағы орталығы Алматыда. Енді ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазсақ дейміз. Министрліктің тиісті шара қабылдарына үміттенеміз.–Көкарал бөгеті туралы айтып өтсеңіз? – Көкарал бөгеті өз міндетін атқарып болды. Мезгілі өтті. Енді басқа жерден бөгет салу керек. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан үкіметтерінің келісімі керек. Білуімше, жаңа бөгет солтүстік Аралдың көлемін арттырып, суын көбейтіп, оның толқынын Арал қаласына жеткізеді. Мемлекет жоспарында бұл жоба бар. Ол іске асса, тамаша болар еді. – Аралдағы жан-жануарлар әлемі қалай екен? – Арал Қазақстандағы ең үлкен қорық – Барсакелместе тұр. Жан-жануарлар әлемі бай. Құлан, ақбөкен, жабайы құстар бар. Аралдан қоқиқаз көрдік. Өте үркек құс екен, жақындап бара алмадық.– Қоқиқаз жазы салқын Қорғалжың қорығына ғана қонады деуші еді... – Азығы бар суға қона беретін болып тұр ғой. Қызыл шаянды қорек етеді екен. Шаян жегеннен қауырсындары қызғылттанып кетеді. Ал шаян тұзды суда жүреді.–Аймақта туризмді дамыту мүмкін бе? – Бізді, яғни ғылыми-танымдық экспедицияны осы сұрақ қатты қызықтырды. Туристерді қызықтыратын мүмкіндіктер жеткілікті. Айналасын құм басқан Арал сияқты өзбектердің Мойнақ қаласына туристер тобымен келіп жүр. Сол Мойнақтың құмында он шақты кеме тұр. Оларға ешкім тиіспейді, күзетіледі. Мойнаққа жеткен туристерді одан әрі Үстіртке апарады, сосын, бұрынғы теңіздің түбіне түсіріп, көрінісі сұмдық «кемелер моласын» көрсетеді.Өзбекстан жағы осы кемелерді сақтап қалды. Қазақстан жағындағы көрініс басқа. Біз Қазақстан жағында «жақсы сақталынып қалған, борт нөмірі 99 деген кеме бар» дегенді естіп, іздеп бардық. Барсақ, аздаған қалдығы ғана қалыпты. Темірін кесіп алып кеткен. Қасына шағын қосын тігіп қойыпты. Онда Қазалының жас жігіті кезекшілікте тұр. Ол металлом жинағыштардың болар-болмас ақысына кемені кесіп беруші екен. Біз жақта кемелерді сақтап, күзетіп отырған ешкім жоқ. Не мемлекеттің меншігі емес, не мәдени құнды дүние емес. Жатқан тегін металлом! Осыдан кеп бұл кемелерге темір ретінде ғана қарайды. Ал осы кемелер ондаған жылдар бойы туристерді қызықтыратын дүние еді. Шағын кемелер әлі де бар. Бірақ судың не сордың үстінде тұрған сол кемелерге туристер ешбір техникамен де, жаяу да жете алмайды. Яғни бұл кемелерді әзірге табиғаттың өзі қорғап тұр. Енді осы міндетті өз қолымызға алуымыз керек. Туристер «кемелер моласын» көру, соның қасында суретке түсу үшін ғана Өзбекстан жақтағы Аралға барып жүр. Ондай көрініс бізде тұрса, туристер бізге келер еді.–Ал жолы қалай екен?– Ғылыми-танымдық экспедициямыз Қазақстанның тоғыз облысы, Өзбекстанның жеті облысы, Қарақалпақстан Республикасы арқылы 7000 шақырым жол жүріп өттік. Біз Өзбекстан арқылы жүргенде Ташкенттен қашықта да жолдың сапасы нашар болған жоқ. Өзбекстанда жолдың сапасы өте жақсы. Бірақ шекарадан біздің жаққа – Бейнеу бағытына өте салып, бар болғаны 100 шақырым жүресің, жол жоқ, қою шаңға тап боласың. Тұманға тап болғандайсың, ештеңе көрінбейді. Содан кейін Бейнеуден Бозойға (Ақтөбе облысы) өттік. Ол жақта да сол – жол жоқ. Сосын, кері қарай Ырғызторғайға қарай жүрдік. Карта бойынша мұнда жол деп көрсетілген. Ал, шындығында, бұл да даланың ойдым-шойдым қара жолы. Біз осының бәрінен өттік.– Қалай дегенде де биліктің туристік аймақтарға деген мақтаулы жобалары жетерлік. Сіздің ойыңызша, мұның болашағы қаншалықты?– Батыс Еуропа–Батыс Қытай тас жолында Қамыстыбас көлі бар, Қамбаш деп те атайды. Жолы жақсы, курортты орынға айналдырмақ ниеттері бар. Демалуға, шомылуға болады. Бірақ ауылдардың арасында мүлдем жол жоқ. Негізінен, балшықты жол, жаңбыр жауғанда джиптің өзі жүре алмайды. Екінші проблема – ауызсудың сапасыздығы. Ішетін судың өзі тұздылау. Туробъект ретінде онда фонтан сияқты атқылап жатқан ыстық күкірт-сутекті Ақеспе бұлағы бар. Онда адамдар сонау 80-жылдардан бері барады. Енді туристерді тарту мақсатында бұл жерді жетілдірмек. Жалпы, аймақтың туристік мүмкіндігі жеткілікті. Аралдың мұңлы тарихын елдің бәрі біледі, әрине, кім-кімнің де барғысы, көргісі келеді. Астыңда жол талғамайтын көлік болса, суға дейін жету қиын емес. «Кемелер моласының» қалдықтарын көруге болады.–Арнайы ұйымдастырылған туристік маршруттар бар ма?– Аралдың өзінде келушілерді туристік бағыттар бойынша тасуға бағытталған турфирмалар бар. — Өзбектер жағынан аймақтың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында сексеуіл отырғызу жоспарланып жатыр. Сіздіңше, мұның келешегі қалай?– Қисыны бар. Құм мен тұз көшкінінің көлемін азайту үшін сексеуіл отырғызудың пайдасы зор. Дегенмен соншама аймақты өсімдікпен көмкеру үшін бұл өте ауқымды жоба болуға тиіс.– Ғылыми экспедиция құрамында кімдер болды?– Жиырма адам болды, оның ішінде бес жүргізуші, Qazaq Geography қоғамының екі мүшесі, Назарбаев университетінің төрт ғалымы (біреуі профессор). Сонымен қатар фотограф, видеограф, журналистер, ас пісіруші және техникалық құрамның мүшелері барды. Ол жерде 20 күн болдық. Келесі жылдың жазында да Аралға ғылыми экспедиция жасауды жоспарлап отырмыз. Әдетте біз қатысушыларды жинау туралы алдын ала хабарлаймыз. Экспедиция Qazaq Geography республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері үшін қашанда ашық. Қоғамға мүше болу өте оңай. Сайтына кіресіз де, анкета толтырып, бір жылдық мүшелік жарнасын төлейсіз – 2000 теңге. Сіз Qazaq Geography-дің мүшесі болып шыға келесіз. Бұл біздің экспедицияларымызға қатысуға мүмкіндік береді. Екіншіден, мүшелікке өткен адамдар өздерінің жобаларын да ұсына алады. Мәселен, сізді қандай да бір проблема алаңдатса, экспедиция ұйымдастырғыңыз келсе, тіпті экспедициядан тыс қандай да бір зерттеу болуы мүмкін. Qazaq Geography бес жылдан бері қоршаған орта және климат, туризм және өлкетану, саяхат жасау, мәдени мұра және этнография, табиғи ресурстар сияқты бес бағыт бойынша жұмыс істеп келеді.–Дегенмен мүшелік жарнаны төлеген кез келген адамды экспедицияға ала бермейтін шығарсыздар? — Әркімнің өзіндік орны бар. Әр экспедиция қатысушыларының өзіндік рөлі бар. Егер сіздің дәрігерлік дипломыңыз болса, бұл өте жақсы. Барғыңыз келсе – мархабат. Өйткені дәрігер қашанда керек, әсіресе осындай саяхаттарда бағасы арта түседі. Тіпті сіз кәсіби аспаз болмасаңыз да, дала жағдайында ас дайындай алатын болсаңыз, неге бармасқа?! Сіздің қабілетіңіз өте қажет болуы мүмкін. Егер суретке жақсы түсіре алсаңыз, экспедицияның жай-жапсарынан ақпарат тарату үшін жақсылап жаза алатын болсаңыз, баруыңызға әбден болады. –Экспедиция шығынын Qazaq Geography төлей ме?– Иә. Біз, негізінен, демеушілердің қаржысымен жұмыс істейміз. Арал ғылыми экспедициясы бойынша бізге шағын бизнес өкілдері өте көп көмектесті. Қаржылық көмек қана емес, өзіндік үлес тұрғысында да. Мотор майы, автохимия, спутникті интернетпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ ел азаматтары әлеуметтік желілер арқылы біздің оңтүстік арқылы жүріп келе жатқанымызды естіп, Меркідегі «Тұран» демалыс базасына ас ішіп кетуге шақырды. Олар осылай ас-ауқат арқылы көмектескісі келген. Шымкентте де солай болды, кешке қонаққа шақырады, қонып кетіңдер дейді. Бозой ауылында, Қаратереңде түскі асымызды жергілікті тұрғындар көтеріп алды. Жиырма жігітті тамақтандыруды ойлап көріңізші, оп-оңай шаруа емес қой. Бұл біздің елдің қандай қонақжай екенін көрсетеді. Аштан-аш 400 шақырымдық шаңды жолда арып-ашып келе жатқанда салқын үйде, адам сияқты отырып тамақ ішу – Мальдиваның бесжұлдызды қонақүйіне жайғасқаннан бір де кем емес. Бізді еліміздің әртүрлі ауылының қарапайым тұрғындары қолдады. Бұл өте қымбат сенім. Ғылыми-танымдық экспедициямыз осы сенімді ақтауға күш салады.–Әңгімеңізге рақмет.Сұхбатты жүргізген Анар Арыстанбек