Жас отбасылар Жақсылықтың жақсылығын қашан көреді?
Өскеменде мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында салынып жатқан үй уақытылы бітпей жатыр.
198 отбасына арналған 9 қабатты үйге биыл 200-дей жас отбасы кіру керек еді. Алайда өскемендіктер қоныс тойын тойлаудың орнына шененуніктердің есігін бағып жүр. 15 қараша күні олар «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалына тағы барып шағымданды. Себебі, құрылысты жүргізіп жатқан «ВК ТЕХНОГРУПП» ЖШС компаниясы дәл осы күні үйді бітіріп берулері керек болған. Билік партиясына барып арыздарын тастаса да сенімнен гөрі күдігі басым жандар ары қарай балаларын ертіп, арманға айналған баспаналарына барды. Онсыз да қамкөңіл болған жұрттың көңілі сол жерде тіпті су сепкендей басылды. Енді қайтсін?! Күн өткізіп жүргендей күзетші мен бірнеше құрылысшыны ғана көрсе. – Ешқандай құрылыс жұмыстарының жүріп жатқанын көрмедік. Қазір міне Өзбекстаннан келген бірнеше азамат жұмыс істеп жатқандай болады. Бірақ мұнымен мұндағы істің бітпейтіні белгілі ғой. Тәжікстаннан келген тәжіктер де қайтамыз деп жатыр. Жазда да келіп қарап жүрдік. Үйіміздің бітуін асыға күтіп жүрміз. Ол кезде де осындағы жұмысшылар ақшамызды уақытылы бермейді деген. Одан кейін олар қайдан істесін. Бізге де құрылыс компаниясының адамдары айтты. Құрылысшы болса тауып беріңіздерші деп – дейді, Қанат РАХМАНОВ.Мердігер компанияның өкілі де бұл сөзді растады. Құрылысшылардың жоқтығы бар ісімізге қол байлау болып отыр – деп, ақталды. – Бұл адами фактор. Құрылысшы жоқ. Бәрі заңгер, экономист. Жазда мұнда ешкім келмеді. Басқа жақта жүрді. Сондықтан тоқтап қалдық. Міне қыс түсті. Енді-енді жұмысшылар келіп жатыр. Жұмыс енді жүреді. Жылдың соңына дейін бітіреміз деп ойлаймын – деді, «ВК ТЕХНОГРУПП» ЖШС компаниясы құрылыс бөлімінің бастығы Ринат ДӘУЕНОВ, – Мына ипотеканың ақшасын төлемесеңіздер сіздерге квартира бермей қоямыз деді. Ай сайын салып отыру керексіздер деді. Содан біз қорыққанымыздан үйге кірмесек те салып отырмыз. Ипатекаға 35 мың теңге төлейміз. Жалдап тұрып жатқан пәтерімізге 70 мың теңге шығады. Өзіміздің айлығымыз одан аз. Қарызданып-қауғаланып өлместің күйін кешіп жатырмыз. Тіпті алған үйлерің қайда деп сұрайтын ағайын-туысқа не айтарымызды білмейтін болдық – дейді, Назерке ТІЛЕУДИНОВА. Ал сенбі мен жексенбі күндері бұқараның назарына ілігіп, қала көшелерін аралауды әдетке айналдырған қала әкімі Жақсылық ОМАРДЫҢ көзіне аяқсыз қалған үй түсіті ме екен?Негізгі фото: altaynews.kz