Әлеумет

Жас отбасыларға арналған «Жас отау» бағдарламасы жабылды

Жастардың баспаналы болуын қолдауға арналған «Жас отау» бағдарламасы еліміз бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарында қолға алынған еді.

Jasalash.kz
Ол 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасына енген «Жас отбасыларға арналған баспана» бағытын негізге алып, жас ерлі-зайыптыларға мемлекет қаражаты есебінен пәтер беруі тиіс болатын. Алайда, қазіргі күні бұл бағдарлама тоқтатылды. Оған – үлкен жеңілдікпен баспанаға қол жеткізген жастардың берешегін беруге жүрдім-бардым қарайтыны себеп болған.Атырау облысында «Жас отау» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 90, 2017 жылы 110 пәтер беріледі. Жастардың жалақысы тұрғын үй заемына жетпесе ата-аналары кепілдік беріп, көптеп-көмектеумен өз алдына шаңырақ көтере бастады. Бұл алғашқы жарнасын төлеуді қажет етпейтін бірден-бір бағдарлама болғандықтан, иелері кілті қолына тиісімен пәтерлерге көшіп алатын. Үйлер пайдалануға берілген сайын, «қоныс тойлар» салтанатты түрде аталып өтіп, БАҚ беттерінде жарыса жазылды.Алайда, бүгінде «арзанның құны татымайтыны» белгілі болып отыр. Бағдарламаға іліккен алпысқа жуық пәтердің иесі ай сайын тиесілі төлемақысын төлеп отыру жөніндегі өз міндеттемелерін орындамаған. Бес жыл ішінде жалдамалы үй ретінде берілген пәтердің жалға алу мерзімі бітіп, пәтер құнының елу пайызы төленіп қоюы тиіс еді. «Әні-мінемен» бұл мерзім де соңына таяп жатыр. Кей отбасылар әлі де бейғам, «билет қолда, пойыз қайда қашадыға» салынып жүргендей. Әрі қарай басқа да жас отбасыларын қамтамасыз етуге жұмсалып, айналысқа түсуі тиіс мемлекет қаражатының дер кезінде кері қайтпауы бағдарламаның тиімділігін жоққа шығарып отыр. Облыстың жастар ісі жөніндегі басқармасының басшысы Роллан ҚҰСПАННЫҢ айтуынша, борышкерлердің берешегін өтеу жөніндегі талап арыздар сотқа жолданбақ.-Мәселе жайлап шешімін тауып келеді. Алғашында 160 пәтер иесі ақысын төлемей отыр еді, түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін елу-алпысқа түсті, — дейді «Жас отау Атырау» ЖШС директоры Әлімжан ДАБЫСОВ.-«Жас отаумен» үй алған отбасылар жағдайы келмегесін төлемей отыр деп айта алмаймын. Мәселен, екі бөлмелі пәтерге бір балалы отбасының айына төлейтіні – 40 мың теңгенің айналасында ғана. Біз оларға ай сайын қоңырау шалып, қарыздарын төлеу керектігі жөнінде ескертіп отырмыз. Ал сотқа беру, басқалай әрекеттер – біздің құзырымыздағы іс емес. Онымен бағдарламаға қаржы бөлген әкімдіктер айналысуы тиіс, — дейді  «Қазақстанның тұрғын үй құрылым жинақ банкі» АҚ Атырау филиалының бөлім басшысы Нұрболат БАТЫРҰЛЫ.Айта кетейік, «Жас отау» бағдарламасы бойынша берілетін соңғы 100 пәтерлік үйдің де құрылысы бітуге таяу. Бірақ, бұл үйдің жас тұрғындары бұған дейінгілерге ұқсап, «еркелей» алмайды. Себебі, «аузы күйген үрлеп ішеді» деп үй түгелімен «Қазақстанның тұрғын үй құрылым жинақ банкіне» берілген. Онда тұруға ниет білдіргендер баспана құнының 40 пайызын бірден төлеп қояды. Ал әкімдіктер сияқты тәуекелге бармаған банктердің пәтер алуға берген несиесін қатаң шарттармен қайтарып алатыны айтпаса да түсінікті.Фото автордікі.
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега