Сараптама

Жатыры алынып, қуығы тесілген ана кімнен араша сұрарын білмей дал

Бізде қандай мәселе болмасын, ың-шыңсыз шешіле қоймайды. Әсіресе денсаулық сақтау саласында кейбір келеңсіздіктер жабулы қазан күйінде қалып қоятыны жасырын емес.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Соған бір мысал – Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғыны, 1996 жылғы келіншек үшінші сәбиін босанғаннан кейін қиын жағдайға тап болған. 

Оны аудан орталығынан Қызылорда қаласындағы Ана мен бала орталығына жібереді. Себебі әйелде токсикоз қатты күшейіп, қан қысымы көтеріліп, тұрақталмаған. Жергілікті дәрігерлер ананың сәбиін құшағына аман алуын алдын ала ойлап, Қызылорда қаласындағы заманауи құралдармен жабдықталған орталықта босануға жолдама беріп, жоспарлы түрде жатқызылады. Айы-күні жетіп тұрған келіншекке алдымен жасанды толғақтың дәрісін егеді, сосын кесер тілігін жасап, ота арқылы баланы өмірге әкеледі. Осыдан кейін ананың жағдайы күрт төмендеп кеткен.

30 жастағы сіңлісінің қазіргі ахуалына араша түсіп жүрген Ботагөз Бақбергенованың айтуынша, кесер тілігін жасаған соң ананың дене қызуы 40 градустан түспеген.

 «Сіңлім бүктетіліп қалады, қалшылдап температурасы көтерілсе де, дәрігерлер «Ота жасау бөлмесінде тоңып қалған шығар, бұл қалыпты жағдай» деп, бейжай қарады. Ақылы бөлімде жатса да, үстіне қалың жамылғыны жауып, медициналық спиртпен сылап қоя салған. Түн ішінде баласын қарауға бардым. Ол өзіне-өзі келе алмады, тігісінің орны қанады. Сол кезде де, күндіз де сіңлім «Бір жағым істемей тұр» деді. Жан ұшыра «Қызуы неге түспей жатыр? Неге денесі жансызданады?» деген сұрағымды дәрігерлерге қойып едім, немкеттілікпен ешқайсысы мән бермеді. Керісінше, «Желп етсе, неге жетіп келесіңдер?!» деп өзімізге зеки сөйледі. Ал ертесіне іші, денесі күп болып ісіп кетті. Содан босанғаннан кейінгі екі күннен соң аяқасты «жатырын алу керек, әйтпесе өліп кетеді» деп дүрлікті. Шын мәнінде, қан қысымының көтерілуі – жатырын алып тастауға себеп емес екенін кеңес алған гинекологтар да құптап отыр. Ақыр соңында жағдайдың осыған әкелуіне кесер тілігі отасының дұрыс жасалмауы немесе инфекция түсіп кетуі себеп болуы мүмкін. өйтіп, бірден кесер тілігі, жатырын алып тастау отасы жасалған соң, реанимацияға түседі. Орталықта бас-аяғы бір ай жатты. Егер біздің сөзімізге құлақ асып, дене қызуының көтерілу себебіне ертерек үңілсе, мұндай жағдай болмас еді. Ең сорақысы, жатырын алған кезде қуығын да зақымдап, бірнеше жерден тесіп алған. Бірақ оны айтпайды. Үйге келсе, кіші дәреті шықпайды. Не істерімізді білмей, Жалағаш аудандық ауруханасына жатқыздық. Урология бөліміндегі мамандар арнайы камерамен қарағанда, бірнеше үлкен тесіктің бар екенін анықтады. Бес айдан бері тесік қуықпен жүр. Памперс киіп, кәдімгі мүгедек адамның кебін құшты», – дейді жәбірленуші тараптың өкілі.

30 жастағы әйелдің өмірге сап-сау келген екі баласы бар. Үшінші сәбиі небәрі 5 айлық. Дәл қазір жас босанған анаға да, сәбиге де күтім керек. Ауыр сынақты бір мезетте басынан өткізген әйелге қайын әпкесі жұмысынан шығып, қарап отырған көрінеді. Одан бөлек, бес ай бойы емге қаншама қаржы жұмсалған. Бұл тұрғыда сіңлісінің өміріне араша түскен Ботагөз Бақбергенова: «Мұның бәрі оңай емес. Өзіміз анда-мұнда сандалып, ақылы қаралдық. Біздің талабымыз – осы іске дәрігерлер жауап беріп, шығынды өтесін», – дейді.

Ал тесілген қуықты жергілікті дәрігерлер тіге алмайтынын айтқан. Себебі қауіпті әрі үлкен көлемде екен. Бұдан кейін портал арқылы облыстық ауруханаға барса, олар «Республикалық орталыққа бару керек, күрделі ота жасау қажет» деп шығарып салған.

 «Сонда бізде ана өлсе ғана қимылдай ма? Денсаулық сақтау министрлігінен үш балалы ананың денсаулығына бейжай қарағандарға шара қолдануды талап етеміз. Дені сау ананың жағдайын мүшкіл еткен Ана мен бала орталығының жауапты дәрігерлері жазасын алуы тиіс. Аудан орталығынан қалаға жібергенде, істегені осы ма? Өз ісін адал атқармайтындар қызметін әрі қарай жалғастыра берсе, мұндай оқиғаның ертең де қайталанбасына кім кепіл?», – дейді ашынған Ботагөз Бақбергенова.

Біз бұл мәселе бойынша Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқарма басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары Мая Мирзановаға хабарластық. Алайда бұл жайтқа алдын ала қанық болған орынбасар «босанған ананың жағдайына қатысты ақпарат бере алмаймын» деген желеуді айтқанмен, жергілікті дәрігерлердің неліктен келеңсіздік пен біліксіздікке жол бергендігі туралы нақты сауалымызға жауап бермеді. Ал Қызылорда облыстық перинаталдық орталығының («Ана мен бала» орталығы) емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлвира Асылбекқызынан кесер тілігін жасау кезінде ақ халаттылардың ананың қуығын қалай зақымдап алғаны туралы сұрағанымызда, ол мән-жайды білетінін айта келе, «Бұл жағдайға 5 ай болды. Жатырды жайдан-жай алмаймыз. Белгілі бір көрсеткішке негізделеді. Ол әйел одан кейін де ем алған. Бұдан басқа ешқандай ақпарат бере алмаймын» деген уәжбен шектелді.

Бұдан кейін еліміздің медицинасына тікелей жауапты Денсаулық сақтау министрлігінің де пікірін білгіміз келген. Министрлік бұл жағдайдан хабардар екен. Алайда құзырлы мекеме Қызылорда облыстық периниталдық орталығының дайындалған ресми жауабын ғана ұсынды. Онда: «Әйелдің қуығын тесіп, үйіне шығарып жіберу жағдайы орын алған жоқ. Босанған анамен денсаулығына байланысты тексеру жүргізу бойынша орталықтың дәрігерлері байланысып тұр. Медициналық құжаттарға сәйкес, дәл жауап беруге және заңнамаға орай жеке тұлғаның медициналық деректерін жеткізуге шектеу бар» делінсе, екіншісі – Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Аталған мәселе бойынша зерделеп, тиісті жұмыстар істеу үшiн басқарма басшысының қабылдауына келiп, мәселенi толыққанды баяндау керек. Басқарма тарапынан ашықтық пен жариялылық қағидаттарын қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың өтініші мен сауалына уақытылы әрі сапалы жауап беру, сондай-ақ тиімді кері байланысты ұйымдастыру басты назарда екендiгiн жеткіземiз» деген апақ-сапақта берген тілдей түсініктемесі.

Дау ушығып, Денсаулық министрлігіне жеткен соң жергілікті басшылар жәбірленуші тарапты шақырғанмен, әзірге Алматы қаласына жіберетін порталды қолдарына ұстатпаған. Ол ол ма, бес айдан бері жаны шырылдап жүрген ананың жол шығынын, ем-домын кім көтеретіні белгісіз. «Бар үміт – министрлікте ғана. Егер Денсаулық сақтау министрі мәселені тікелей өз қолына алып, тиісті мекемелерге тапсырма берсе, үш баланың анасының жағдайы едәуір оңалар ма еді. Әйтпесе, «Құдайдың ісі шығар, ешкім істі болмасыншы» деп ресми арыз жазбай жүрсек, ештеңе өнбейді екен. Сондықтан осы жағдайға әкелген кінәлілер анықталуы керек», – деп түйіндеді жәбірленушінің әпкесі.

Жалпы, жатырды алып тастау – кез келген гинекологиялық ауруға жасалатын стандартты операция емес. Қазіргі медициналық тәсілде гистерэктомия, әдетте, басқа емдеу әдістері нәтиже бермеген немесе қолдануға келмеген жағдайда, сондай-ақ қатерлі ісік кезінде қарастыры лады. Оның негізгі көрсетілімдеріне симптом беретін жатыр миомасы, емге көнбейтін аномальды қан кету, эндометриоз немесе аденомиоздың ауыр түрлері, жатырдың айқын пролапсы және гинекологиялық қатерлі ісіктер жатады. Операция кезінде жатырдың ғана алынуы немесе жатыр мойны мен қосалқылардың да алынуы аурудың түріне, әйелдің жасына, репродуктивтік жоспарына және онкологиялық қауіпке қарай жеке шешілу тиіс. Алайда біз тілге тиек еткен ананың әу бастағы жағдайы қалыпты болса, сонда бірден жатырын алып тастайтындай шешімге итермелеген не? Әйел үшін жатырынан айырылу – жай ғана медициналық процедура ма? Оның артында денсаулық, ана болу мүмкіндігі, гормондық өзгерістер, психологиялық қабылдау секілді бірнеше мәселе қатар тұр. Кез келген жағдайда бұл операцияға жүгінген қаншалықты дұрыс, ағзаны сақтап қалуға мүмкіндік болса, неге қолданбасқа?

Дереккөздерінде Қазақстанда бес жыл ішінде 2 миллионға жуық босану тіркелсе, оның 3,8 мыңнан астам жағдайында әйелдің өмірін сақтап қалу үшін жатырын алып тастауға тура келгендігі айтылады. Яғни әрбір мың босанудың шамамен екеуінде осындай күрделі операция жасалған. Бұл – жай ғана статистика емес. Артында ана өмірі мен оның денсаулығы, кейде енді ғана дүниеге келген сәбиінің тағдыры тұр. Сондықтан бала сүю жасындағы әйелдің жатырына қатысты шешім дәрігер үшін де, пациент үшін де аса жауапты қадам. Әсіресе операцияға дейін барлық ықтимал емдеу жолдарын саралап, жатырды сақтап қалу мүмкіндігін жеті рет өлшеп, бір рет шешкен абзал. Ал Ресей, Германия, Жапония мемлекеттерінің заманауи медициналық құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған, өңірдегі ІІІ деңгейлі перинаталдық көмек көрсететін негізгі медциналық ұйым саналатын Қызылорда облыстық перинаталдық орталығында ананың өмірін сақтап қалу үшін жатырын алып тастағанымен қоймай, ота барысында қуықтың да зақымдануы қалай бағалануы тиіс? Бұл – жай ғана сәтсіз аяқталған операция ма, әлде медициналық көмек көрсету стандарттарының бұзылғанын көрсететін жағдай ма? Бәлкім, мұның астарында дәрігерлердің біліксіздігі мен жауапсыздығы жатқан шығар?

Динара Мыңжасарқызы

Сайт Әкімшілігі