Сараптама

Жазираның өлімі: пышақ алып жүрген экс-әріптесін полиция неге көрмеді?

Жуырда Астана қаласының тұрғыны Жазира Адауова он бір жыл отасқан бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты.

Фото ашық дереккөз

Марқұмның соңғы жылы үрей мен қорқынышта өтіпті. Ажыраспай тұрып та күйеуі тарапынан үнемі тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сатқындық көрген. Ресми түрде некесін бұзып, екіге кеткеннен соң да бір күн тыныштық көрмеген. Ең сорақысы, күдікті Талант Камиденнің өзі де талай жыл полиция қызметкері болып жұмыс істеген, осы оқиға болардан екі ай бұрын ғана өз еркімен жұмыстан шығарылған. 

Марқұмның әріптесі Кристинаның айтуынша, Жазираның жағдайынан жұмысындағы адамдардың барлығы хабардар болыпты. Ол жұмыс уақытында сыртқа шығудың өзінен қорқып, жанындағылардан үнемі көмек сұраған. Бұрынғы күйеуінің аңдуы жиілеген соң, оны қауіпсіз жерге дейін шығарып салу әріптестерінің күнделікті әдетіне айналған. Ал 2026 жылғы 18 тамызда Жазира полицияға кезекті рет арызданған. Бұл жолы мәселе жай ғана жанжал немесе отбасылық түсініспеушілік емес еді. Жазира сол кезде адам ұрлау, ұрып-соғу және өміріне қастандық жасауға қатысты мән-жайлармен бес рет көмек сұрапты. Себебі күйеуі марқұмды алдап, қала сыртына апарып аяусыз ұрып-соққан кездері де болыпты. Сол күні күйеуі масаң күйде көлікте қалғып кетіп, Жазира жалаңаяқ күйінде трасса бойымен жүгіріп, жолай көлік тоқтатып, үйіне әрең жеткен. Оны сол күйінде балалары көрген. Денесінің сау тамтығы қалмағанша ұрғанын әріптестері де көрген. Мойнында белдіктен қалған белгі, тұншықтырудан босануға тырысқан кездегі жарақаттар анық байқалып тұрыпты.

Жазираның құрбысының сөзінше, ертесі полиция шақырылып, түсініктеме берген, медициналық сараптамалар жасалған. Оқиға орнында да тексеру жүргізіліпті. Тіпті тергеу мен тексеру барысында оның денсаулығы сыр беріп, орнынан тұрған кезінде есінен танып қалған. Осыдан соң жедел жәрдем шақырылған. Мұның бәрі оның бойында зорлық-зомбылық белгілері болғанын көрсеткен. Алайда осыдан кейін бұрынғы күйеуі небәрі 15 тәулікке қамалған. Оның өзінде бұл жаза әйелге қатысты зорлық әрекеттеріне емес, көлік құралын мас күйінде басқаруға байланысты тағайындалған.

Алайда іс мұнымен бітпеген, марқұмның бұрынғы күйеуі босап шыққан соң аңдуын жалғастырған. Сол кезде де марқұм полицияға хабарласып, өзінің өмірі үшін қорқатынын бірнеше рет айтыпты.

Кристинаның пікірінше, Жазираның басынан өткен алғашқы жағдай "денсаулыққа жеңіл зиян" деп бағаланған. Бұған сүйегінің сынбауы, бас сүйегіне ауыр жарақат түспеуі секілді медициналық көрсеткіштер негіз болыпты. Бірақ ол зорлық-зомбылықтың қауіптілігін тек жарақаттың ауырлығымен өлшеуге болмайтынын алға тартады. Оның айтуынша, адамды тұншықтыруға әрекет жасау, ұрып-соғу, қорқыту және қудалау – өз алдына қауіпті әрекеттер. Сондықтан істі тек соңғы салдарымен емес, оған дейін болған барлық фактілермен бірге бағалау қажет.

"Сонда адамды тұншықтыруға әрекет жасау, ұрып-соғу, қорқыту, қудалау – міндетті түрде сүйектің сынуымен өлшенуі керек пе? "Өз өмірім үшін қорқамын" деген сөзіне полиция құлақ асу үшін міндетті түрде басы екіге жарылып, өлім құшу керек пе еді?", – дейді Кристина.

Марқұмның әпкесі Жәмила Адауованың айтуынша, Жазираның бұрынғы күйеуінің қысымы, ұрып-соғуы мен опасыздығына байланысты жанжалдар бір жыл бұрын күшейген. Ерлі-зайыптылар 11 жыл бірге тұрып, екі қыз тәрбиелеген. (Бірі 10 жаста, кенжесі 7 жаста). Күйеуінің басқа әйелден бала сүйгенін білгеннен кейін жанжал ушығып, ақыры екеуі ажырасуға шешім қабылдапты. Ажырасу туралы алғашқы сот отырысы тамызда өткен. 14 қыркүйекте өткен соңғы сот отырысы онлайн форматта өтіп, неке ресми түрде бұзылған. Сол кезде бұрынғы күйеуі 15 тәулікке қамауда отырғандықтан, сотқа өзі қатыспай, адвокатын жіберген.

Алайда Жазираның бұрынғы күйеуі қамаудан шыққан соң оны аңдуын ары қарай жалғастырыпты. Жәмиланың айтуынша, ол әйелдің жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын уақытын қызы арқылы білген. Бірнеше рет әйелінің көлігіне жасырын кіріп, пышақпен өлтіруге әрекет жасалғанын да туыстары айтады.

Жазира бұл жағдайлардың кейбірін видеоға түсіріп үлгерген. Бірақ отбасының сөзінше, алғашында арыз беруге қатысты да екіұдай шешім болған. Себебі бұрынғы күйеуі полиция саласында қызмет еткен. Сол үшін қызметіне кері әсер етпесін деген оймен кейбір арыздарын кейін қайтарып алған. Күдікті Теміртау мен Қарағанды қаласында жол полициясында, ал Астанада Сарыарқа ауданының учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істеген.

Жәмиланың айтуынша, Жазира осы уақыт ішінде полицияға шамамен бес рет арызданған. Бірақ әр жолы шағымның соңы сиырқұйымшақтанып кеткен. Тергеуші ауысқан сайын ол жағдайды қайта-қайта баяндауға мәжбүр болыпты. Әпкесінің сөзінше, анасы күнде қызының жұмысқа шығуын күтіп, көлігіне дейін шығарып салып отырған. Жұмыстан қайтар кезінде де алдынан күтіп алған. Жазира қайғылы оқиға болған күні анасына алаңдамауын сұрап, жұмысқа өзі барып қайтатынын айтқан. Бірақ дәл сол күні күдікті әйелдің үйінің сыртында күтіп тұрып, ақыры он алты жерінен пышақтаған.

Туыстарының айтуынша, бұған дейінгі бір арызда бұрынғы күйеуі көлік жүргізуге байланысты баппен 15 тәулікке қамауға алынған. Бірақ адвокаты оны өз жауапкершілігіне алып, қамаудан шығарып алған. Ата-анасы да "Теміртауға апарып емдетеміз, қауіп тудырмайды" деп сөз бергенімен, айналып келгенде, ешбірі айтқан уәдені де, жауапкершілікті де орындамаған. Одан кейін де полиция сталкерді іздеп, таппай жүргендерін жеткізген. Алайда полиция таппаған адам күнде марқұмның жұмысы мен үйінің маңын торуылдап жүріпті. Сөйтсе, полиция күдіктіні тек телефон арқылы бөлімшеге шақыртады екен. Бір қызығы, Жазира мерт болған соң  полиция күдіктіні бірден тапқан. Соңғы мәліметке сүйенсек, осы оқиғамен 4 полиция қызметкері қызметтік салғырттыққа байланысты ұсталып, Астана қаласы полиция департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары қызметінен босатылған.

Алайда Жазираның туыстары соңғы қылмысты ғана емес, оған дейінгі барлық зорлық фактісіне құқықтық баға берілгенін қалайды. "Ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын талап етеміз. Тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын қалаймыз" деп отыр туыстары. Олардың пікірінше, құқық қорғау органдары да алғашқы шағымдарда нақты әрі батыл шара қабылдағанда, жағдай басқаша болуы мүмкін еді.

Өкініштісі, Жазираның оқиғасы Қазақстанда алғаш рет болып отырған жоқ. Соңғы уақытта Шымкентте, Семейде, Ақмола облысында, Талдықорғанда, Шығыс Қазақстанда және өзге өңірлерде әйелдерге қатысты ауыр зорлық-зомбылық фактілері қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бізге жеткені –  әлеуметтік желіге тарап, қоғам назарын аударған оқиғалар ғана. Ал көпшіліктің көзінен таса қалған қанша әйелдің үрей мен қорқынышта өмір сүріп жүргені белгісіз. Сұмдығы, осы аталған, кейінгі екі оқиғада да жәбірленушілер күдікті тарапынан айлап, жылдап қысым көріп, зорлық-зомбылыққа ұшырап жатқанын айтып, құзырлы органдардан көмек сұраған. Бірақ жәбірленушілердің арызы әрдайым сағызша созылып, сотқа жетпей тоқтап қала берген.

Фото: ашық дереккөз/Абзал ҚҰСПАН

Абзал Құспан, заңгер: Заң сырттай қарағанда қатайды, практикада әлсіреді

– Мәжіліс депутаты болған кезде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалық өзгерістерге қарсы дауыс берген үш депутаттың бірі ретінде сол кезде ұсынылған құқықтық механизмнің практикада тиімді жұмыс істемейтінін айтқан едім. Қарапайым мысал, адам мас күйінде үйіндегілерге қауіп төндірді. Мұндай жағдайда, ең алдымен, агрессорды отбасынан оқшаулап, әйел мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бұрын мұндай оқиғада учаскелік полиция инспекторы оқиға орнына келіп, хаттама толтырып, материалды жедел түрде сотқа жолдайтын. Сот оны әдетте 10-15 тәулікке әкімшілік қамауға алатын. Қазір бұл қайтадан қылмыстық құқық бұзушылық санатына өтті. Соған байланысты рәсім де күрделенді. Материал қылмыстық процесс тәртібімен тіркеледі, анықтаушы немесе тергеуші араласады, дәлелдемелер жиналады, сараптама тағайындалады, процесстік шешімдер қабылданады. Ал учаскелік полиция инспекторы қылмыстық істі тергейтін орган емес. Осының салдарынан қағазбастылық пен процесстік рәсім көбейіп, қауіп төндіріп отырған адамды жәбірленуші мен балалардан тиімді оқшаулау толық шешілмей қалды. Қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежесі мен бұлтартпау шарасын қолданудың заңдық талаптарына байланысты, әрбір күдіктіні қылмыстық іс аясында екі айға қамауға алу да мүмкін емес. Сол кездегі негізгі қарсылығым осы еді. Біз құқық бұзушылықты әкімшілік заңнамадан Қылмыстық кодекске көшіргенімізбен, жәбірленушіні қорғаудың неғұрлым тиімді механизмін ұсынбадық. Яғни сырттай қарағанда заң қатайды, ал практикада профилактика мен жедел әрекет ету мәселесі әлсіреді.

Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың белгілі бір бөлігін әкімшілік жауаптылық шеңберінде қалдырып, керісінше профилактикалық жұмысты, қорғау нұсқамасын, ерекше талаптарды және агрессорды жедел оқшаулау тетіктерін күшейту керек деген пікірде қалдым. Өкінішке қарай, шикі заң сол бойы қабылданып кетті. Өйткені заң жобасымен белсенді айналысқан бірқатар депутаттың құқық қорғау жүйесінде практикалық жұмыс тәжірибесі болған жоқ. Салдарынан қылмыстық және әкімшілік процестің күнделікті практикада қалай жұмыс істейтінін білмей тұрып, тек жауапкершілікті күшейту арқылы мәселе шешіледі дегенге сенім білдірді.

Сталкингке де жай ғана "отбасылық жанжал" деп қарауға болмайды. Бұл жерде Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, полиция арызды қабылдап, тіркеумен шектелмей, қудалаудың жүйелілігін, бұрынғы арыздарды, қорқытудың сипатын және жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына төнген қауіпті тұтастай бағалауы тиіс еді. Сондықтан тиісті шара қабылданбаудың салдарынан ауыр қылмыс болса, мәселе тек қылмыскердің жауапкершілігімен аяқталмауы керек. Сондай-ақ сталкингке қатысты норманы қатаңдатып, полицияның әрекет ету алгоритмін тағы бір рет қарау күн тәртібіне шығып отыр.

Фото ашық дереккөз/Дина Тәңсәрі

Дина Тәңсәрі, "НеМолчи.kz" қоғамдық қорының негізін қалаушы: Әйел арызданса, екі рет зардап шегеді

Елімізде қабылданып жатқан заңдардың, атқарылып жатқан іс-шаралардың басым бөлігі декларативті сипатта. Сондықтан бұл мәселе түбегейлі шешіледі деп айту қиын. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамаға 2010 жылдан бері 30-ға жуық түзету енгізілді. Бірақ нәтиже жоқ. Өйткені тұрмыстық агрессорларды қамауға арналған арнайы орындар жеткіліксіз. Салдарынан Қазақстан соттарына арнайы бұйрық жіберіліп, Қылмыстық кодекстің 108-109-баптарымен қамауға алу тек ең төтенше жағдайларда қолданылатыны көрсетілген. Яғни іс жүзінде бұл баптармен қамауға алуға шектеу қойылған. Нәтижесінде былтыр 109-баппен небәрі 87 адам сотталған. Ал сол кезеңде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен түскен арыздардың жалпы саны 87 мыңға жуық болған. Демек бар-жоғы бір пайыз ғана адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Елімізде тұрмыстық агрессорларға салынған айыппұлдардан 302 миллион теңге жиналған. Бұл шамамен жарты миллион еуродан асады. Яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамдарға салынатын айыппұл мемлекет үшін қаржылық түсімге айналып отыр. Ең өкініштісі, айыппұл отбасы бюджетінен төленеді. Яғни әйелді ұрады, кейін сол агрессорға салынған айыппұл отбасының ортақ қаражаты есебінен төленеді. Осылайша әйел екі рет зардап шегеді. Сондықтан көбісі арыз жазбайды. Мемлекеттік органдар "зорлық-зомбылық деңгейі төмендеді" дейді. Шын мәнінде төмендеген жоқ. Керісінше, әйелдер полицияға арыз беруді азайтты. Өйткені ешкім мұндай айыппұлдарды төлеуді қаламайды. Бұған қоса, айыппұл мөлшері де артқан. Қазір шамамен 360-365 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Мұндай жағдайда әйел арыздануға қаншалықты мүдделі болуы мүмкін?

Жадыра МҮСІЛІМ

Астана қаласы

Сайт Әкімшілігі