Желге ұшқан миллиардтар: 17 мыңнан астам шетелдік Қазақстаннан зейнетақы алып келген
Жуырда еліміздің Жоғары аудиторлық палатасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы бюджет қаражатын жұмсау барысын тексерген. Тексеріс кезінде бюджеттен бөлінген қаражаттың басым бөлігі зейнетақы төлеуге бағытталғаны анықталған. Алайда бұл төлемдердің бей-берекет төленгені белгілі болды.
Ең сорақысы, 2025 жылы зейнетақы төлемдері қызды-қыздымен қайтыс болған адамдарға, хабар-ошарсыз кеткендерге, тіпті өзге мемлекеттердің азаматтарына да төленген. Солардың ішінде Ауғанстан, Нигерия және Үндістан тұрғындарының шоттарына да қаражат аударылып келген.
Шетелдіктерді неге жарылқай береміз?
Негізінде, Қазақстанда тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) бар шетелдіктер белгілі бір шарттарды орындаса, еңбек өтілі болса, қазақстандықтармен бірдей зейнетақы ала алады. Алайда сол шетелдік азаматтың өз елінде де қатар зейнетақы алған-алмағанын Қазақстан үкіметі анықтай алмайды. Бұл ретте Қазақстан мен басқа мемлекеттер арасында ақпарат алмасу туралы нақты келісімдер аз. Басқа елдер өз азаматтарының деректерін Қазақстанға бермейді. Бұған қатысты аудиторлар Қазақстанның шетелдіктерді тексеру бойынша көптеген елдермен нақты келісімдері жоқ екенін айтады.
Осылайша, Жоғары аудиторлық палаташетелдіктердің өз елінде зейнетақы алатынын немесе алмайтынын жедел білудің қиын екенін мойындады. Міне, осындай халықаралық келісімдердің болмауы салдарынан республикалық бюджеттен негізсіз шығын шығып отыр. Осы себепті ел бюджеті қомақты қаражатты шетелдіктерге «сыйға тарту» қаупіне ұшырады.
Жоғары аудиторлық палатаның есебіндегі сандарға жүгінсек, 17 мыңнан астам шетелдік пен азаматтығы жоқ адам Қазақстаннан зейнетақы алып келген. Оларға бюджеттен жыл сайын 9 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Олардың арасында алыс шетелдің 47 елінен келген 2 818 азамат бар. Мысалы, Қазақстан жыл сайын Қытайдың 1 650 азаматына, Ауғанстанның 17 азаматына, Үндістанның – 5, Нигерияның – 2 және Вьетнамның бір азаматына зейнетақы төлеп келген.
Бір қызығы, Қазақстан зейнетақы төлеп отырған кейбір мемлекеттердің өзінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі әлдеқайда қатаң. Мәселен, Пәкістан мен Нигерияда зейнетақы негізінен бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметшілерге және белгілі бір стратегиялық салаларда еңбек еткен азаматтарға ғана қарастырылған. Үндістанда да мемлекеттік зейнетақы жүйесінің негізгі алушылары – шенеуніктер мен әскери қызметкерлер. Қытайда толыққанды зейнетақы жүйесі көбіне қала тұрғындарына, мемлекеттік сектор қызметкерлеріне және әскери сала өкілдеріне бағытталған. Вьетнам мен Филиппинде де мемлекеттік зейнетақыға негізінен мемлекеттік қызметкерлер, ірі компаниялардың жұмысшылары және ресми секторда еңбек еткен азаматтар қол жеткізе алады. Яғни бұл шетелдіктердің өз отанында зейнетақы алуға мүлдем құқығы болмауы мүмкін еді. Осындай жағдайда Қазақстанның әлеуметтік төлемдер жүйесінің ауқымы мен «жомарттығы» назар аудартпай қоймайды. Қазақстаннан зейнетақы алғандардың қатарында жалпы азаматтығы жоқ 920 адам тағы бар. Тек солардың зейнетақысына Қазақстан бюджетінен жылына 3 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Талап қатая ма?
Экономика және құқық институтының маманы, заңгер Жандос Өмірғалиевтің пікіріне сүйенсек, болашақта Қазақстан бюджетінен шетелдіктерге зейнетақы «сыбағасын» тағайындамас бұрын басқа мемлекеттердің зейнетақы қорларымен тікелей мәліметтер базасын бөлісу туралы екіжақты келісімдерге қол қою керек. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді толық іске қосып, басқа ТМД елдерімен де осындай интеграция жасау қажет. Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Көші-қон қызметінің жүйелерін шетелдік зейнетақы қорларының жүйесімен интеграциялауға қол жеткізу қажет. Тұруға ықтиярхаты (ВНЖ) бар азаматқа төлем тағайындалғанда, оның өз еліндегі статусы туралы автоматты сұраныс жіберілетін жүйе енгізу керек.
«Бұдан соң зейнетақыға өтініш берген шетелдіктен өз елінің құзырлы органынан зейнетақы алмайтыны туралы ресми анықтама әкелуді міндеттеуге тиіспіз. Мұндай анықтаманы тек бір рет емес, жыл сайын немесе екі жыл сайын қайта өткізіп тұру талабын заңға енгізген дұрыс. Егер шетелдік азаматтың екі елден қатар төлем алғаны анықталса, Қазақстан бюджетінен алған барлық қаржыны сот арқылы мәжбүрлі түрде кері қайтару заңын күшейту керек. Мемлекетті әдейі алдағаны үшін ірі көлемде әкімшілік айыппұл немесе Қазақстанда тұруға ықтиярхатынан айыру жазасын қолдануды жөн деп есептеймін», – дейді заңгер.
Жоғары аудиторлық палата зейнетақы төлемдеріне қатысты тағы бір мәселені анықтады. Сорақысы сол, бюджеттің миллиардтаған теңгесі қайтыс болғандар мен хабар-ошарсыз кеткендерге де берілгені мәлім болды.
Бұған қатысты Жоғары аудиторлық палатаның өкілдері төрт жылдық шығынды ұсынған. Соған сүйенсек, «2020-2024 жылдар аралығында қайтыс болған, шетелге кеткен, хабар-ошарсыз кеткен 60 мыңнан астам алушыға жалпы саны 21 млрд теңге сомасында зейнетақы төленген.
«Ақпараттың автоматтандырылмауы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен интеграцияның жоқтығы осындай келеңсіздіктерге себеп болған», – дейді Жоғары аудиторлық палата өкілдері.
Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың сөзіне сүйенсек, Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі біраз жайттың бетін ашып берген. Алайда жарияланған ақпараттың бірқатар тұсы нақтылауды қажет етеді. Министрдің айтуынша, аталған қаражаттың бір бөлігі қазір мемлекетке қайтарылған.
«Бұл соманың ішінен 57 мың адам 13,5 млрд теңгені қайтарды. Қазір «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қалған қаражатты қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әңгіме шамамен қайтарылмаған 6 млрд теңге және 4 400 шетел азаматына қатысты болып отыр», – дейді Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ министр 500 млн теңгенің сот шешімі арқылы есептен шығарылғанын да нақтылады. Себебі бұл қаражатты алған 120 азамат қайтыс болған. Министр артық төленген қаражатты қайтару жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын атап өтті.
Алдап төлем алатындарды не күтіп тұр?
Асқарбек Ертаев зейнетақыдан бөлек, жәрдемақы, декреттік төлем, тағы басқа әлеуметтік төлемдер төлейтін әлеуметтік қорды да алдайтындардың барын мысал етті.
Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі декреттік төлемдерді заңсыз алу үшін жасалған алаяқтық схемалар туралы пікір білдірді. Министрдің айтуынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бес түрлі әлеуметтік төлемді жүзеге асырады, соның ішінде бала тууға және оның күтіміне байланысты берілетін қаражат та бар.
«Шынында да, Әлеуметтік сақтандыру қорын алдағандарға қатысты бірқатар іс қозғалды. Қазіргі уақытта соның тоғызы бойынша сот шешімі шықты. Мысал келтірсек, Ақтөбе облысында бір азаматтың 17 түрлі көзден төлем алғаны анықталды. Оның табысы шамамен 4,3 млн теңгеге дейін көтерілген. Бұл жерде әртүрлі схемалар арқылы жасалған әрекеттер туралы айтып отырмыз. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданды, сот шешімі шықты. Нәтижесінде олар қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Ақтау қаласында да осындай схема анықталды. Ол жерде әртүрлі жеке кәсіпкерлер арқылы төлемдер жүргізіліп, табыс көлемі 4,2 млн теңгеге дейін жеткізілген. Бұл іс бойынша да қылмыстық іс қозғалып, материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Сот үкімі шығып, тиісті тұлғалар сотталды», – дейді Ертаев.
Министр әлеуметтік қордағы мұндай заңсыз схемалар жою бойынша жұмыстың тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын айтады.
Мамандар не дейді?
Қош, министрдің сөзіне сенелік, заңсыздықты жою үшін тұрақты түрде жұмыс жүргізіліп жатыр делік, алайда сала мамандары мұндай ысырапшылдықпен Қазақстан бюджетінің де, Әлеуметтік сақтандыру қорының бүйірін тесіп алатынымызды ескертіп отыр. Мәселен, деректерге жүгінсек, 2024 жылы әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер аударатын бұл қор өзіне түскен түсімнен артық төлем төлеген. 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударым ретінде 637,5 млрд теңге түссе, жәрдемақы төлеміне 958,3 млрд теңге жұмсалған. Яғни 320 млрд теңгеге артық төлем төленген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шығынның бұлай өсуінің негізгі себебін жас аналарға төленіп отырған төлемдердің артуымен түсіндіреді. 2024 жылы 790 млрд теңгеге жуық қаражат декреттік жәрдемақы мен бала күтіміне байланысты төлемдерге жұмсалыпты.
Қаржыгерлер төлем жүйесінде мұндай кассалық айырмашылық бола берсе, мемлекет 2028 жылға қарай әлеуметтік төлемдерді төлеуде қиындықтарға тап болуы мүмкін екенін айтады. Бұл, әлбетте, өзге төлемдерге де әсер етеді дейді мамандар.
«Тесік» бюджетті жоғары салық толтыра ма?
«Жас Алаштың» тұрақты спикері, экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков елімізде әлеуметтік мәселелердің көлеңкеде қалып қойғанын айтады. Маманның пікірінше, қазір көпбалалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың және зейнеткерлердің жағдайы мәз емес. Өйткені инфляция мен қымбатшылық қысып, олардың табысы күн көріске жетпей жатыр. Егер бюджет қаражаты бұлайша бақылаусыз әрі орынсыз жұмсала беретін болса, алдағы уақытта халыққа зейнетақы мен жәрдемақы төлеу оңайға соқпайды.
«Егер мұндай заңсыз жағдайлар жалғаса берсе, Әлеуметтік қордың жағдайы да қиындай түседі. Халыққа әлеуметтік төлемдер төлеу қиындайды. Рас, зейнетақы бұл қордан төленбейді. Зейнетақы мемлекеттік бюджеттен және БЖЗҚ-дағы халықтың өзі жинаған қаражатынан төленеді. Алайда әлеуметтік сақтандыру қорының жағдайы тұраласа, Үкіметке енді сол қорға да бюджеттен қаражат бөліп көмектесу керек болады. Мұның барлығы қазынаға қатты салмақ. Жаңадан өндіріс орындары ашылмаса, жұмыс істемей тұрған кәсіпорындар саны артса, аталмыш әлеуметтік қорға төленетін аударымдар да азаяды. Сондықтан бұл қордың қаражатын қатаң бақылау керек. Зейнетақы төлемдерін де ретімен төлеу қажет. Олай етпесек, болашақта халықтың қалтасын тесіп аламыз», – дейді экономист-ғалым.
Маманның ойынша, қазір әлемдік тұрғыда әлеуметтік төлемдер төлеуде Швецияның ұстанған тәсілі озық саналады. Бұл елде «скандинавиялық модель» бар, әлеуметтік қорлары олигархтарға салынатын жоғары салықтар есебінен қаржыландырылады. Сол бай-манаптарға салынатын ірі көлемдегі салық арқылы бұл ел жәрдемақы, еңбекке жарамсыздық, жұмыссыздық, тағы басқа төлемдерді аударады. Өкінішке қарай, бізге мұндай дамыған елдер үлгі бола алмай тұр. Біздің үкімет қазір «қарапайым ғана қосымша құн салығын көтеру арқылы салықты жоғарылатып, бюджетті толтырамыз» деген ғана идеяны ұстанып отыр.
«Швецияның деңгейіне біз әлі жете алмаймыз. Үкімет ҚҚС-ты асығыс өсіру арқылы біраз шағын және орта бизнестің жабылуына әсер етті. Енді келер жылы жағдай одан әрі күрделі бола түспек. Сондықтан бюджеттің әрбір тиынын үнемдеп жұмсау қажет. Қазынаның қаражатын жұмсағанда сақтық таныта алмай отырғаны үкіметке қатты сын. Ал олигархтарға сөзін өткізе алмай, сән-салтанат салығын нақты қолданысқа енгізе алмай отыруы тіптен сын. Тек қана ҚҚС көтеру арқылы бюджеттің жыртығын жамай алмаймыз. Сондықтан елдегі бай-манаптарға салынатын салықты көтеру керек», – деп ой түйіндеді экономист-ғалым.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ