Жемқорлықпен жетісайша күресу. Өтірік айтып отырған антикор ма, әкімдік пе?
Коррупциямен күреседі деген антикордың өзі қара басын жемқорлықтан арашалап ала алмай жатыр.
Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті осы мекемеде бастықтың орынбасары лауазымын атқарған Дәуренбек Қожабаевқа халықаралық іздеу жариялады. Оның үстінен ірі көлемде пара алды деген баппен қылмыстық іс қозғалған. Халықаралық іздеу жариялағанына қарағанда, айыпталушы шетелге бой тасалап кеткенге ұқсайды.
Дәуренбек Қожабаев бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінде, прокуратура саласында басшылық қызметтер атқарған, оның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан былтыр сәуірде босатылған Мақсат Қожабаевтың туған інісі. Мақсат Қожабаевтың өзі қазір алаяқтық жасады деген айыппен Шымкентте сотталып жатыр. «Қасқырға қой бақтырған» заман-ай десеңізші… Қос Қожабаевтың ісіне уақыты келгенде тоқтала жатармыз. Біздің қозғағалы отырған тақырыбымыз басқа болғанымен, антикордың өз ішіндегі былық-шылықтан алыс емес.
Жақында Түркістан облысы Жетісай ауданы әкімдігінде екі шенеунік жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен сотталды. Сот үкіміне қарағанда, Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Омар Есенбеков пен осы бөлімнің бас маманы, дәлірегі бухгалтері Бексұлтан Айдағараев қоғамдық ұйымның басшысынан тендерге бөлінген ақшаның бір бөлігін талап еткен. Былтыр тамызда болған оқиғаның қысқаша мән-жайы мынандай:
«Ұлы дала ауылдары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оңдасын Назаров Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің жариялаған тендеріне қатысып, терроризмге, экстремизмге, теріс ағымдарға қарсы шараларды өткізу лоттары бойынша жеңімпаз деп танылған. Мердігер тендерді орындауға кірісіп жатқан кезде бөлім басшысы мен бухгалтер ешкім күтпеген ұсыныс білдірген. Олар бірлестікпен арадағы шартқа сәйкес 486 000 теңгеге бильбордтар шығару, көпшілік орындарға ілу және 400 000 теңгеге 5 бейнеролик дайындау жұмыстарын орындамаса да қабылдап алатынын айтқан. Әрине, мұндай қызметтің арғы жағында бақай есептің бары айтпаса да түсінікті ғой. Олар Назаровқа осы жұмыстарды өздері орындап беретінін, ол үшін түскен 886 мың теңгенің 697 мың теңгесін әкеліп беру қажеттігін білдірген. Шенеуніктердің заңсыз тірлікке барып отырғанын түсінген Назаров дереу бұл жөнінде антикорға арызданады. Алдын ала дайындалған ақша берілген соң бөлім басшысы мен бухгалтер құрықталады. Жуырда Жетісай аудандық сотының үкімімен олардың әрқайсысына 8 миллион 855 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Айта кетері, сот барысында сотталушылар кінәларын мойындамаған. Үкім әлі күшіне енбеген.
Жуырда «Жас Алаш» газетінің Түркістан облысындағы қосынына «Ұлы дала» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оңдасын Назаров келіп, осы іске қатысты біраз мәселені қозғады. Оның айтуынша, Омар Есенбеков пен Бексұлтан Айдағараевты антикордың қызметкерлері былтыр 2 тамызда аудан әкімдігінің ғимаратында ұстаған. Алайда сол түні екеуін де босатып жіберген. Қос шенеунік ертеңіне әкімдікке келіп, қызметтерін одан әрі жалғастыра берген. Тіпті өзін ұстатқан Назаровты қысымға алуға кіріскен.
— Антикордың қызметкерлері маған бір ауыз түсінік бере алмады. Түркістанға барып, департамент басшыларының қабылдауына дейін кірдім. Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Осыдан кейін Астанаға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, бас прокуратураға шағымдандым. Арада екі айдан астам уақыт өткеннен кейін антикор бөлім басшысы мен бухгалтерді қамады, кейін оларды үйқамаққа ауыстырды. Істі екі ай бойы созбалаңға салу кімге керек болды? Маған осы жағы әлі күнге дейін жұмбақ, – дейді Назаров.
Назаровтың айтуынша, осы іске Жетісай ауданындағы жеті ауыл әкімінің қатысы болған. Бірақ олар туралы сот үкімінде бір ауыз сөз жоқ. Әкімдер іске куәгер ретінде де тартылмаған.
– Есенбеков пен Айдағараев тендерді менің атымнан орындау үшін құжат жинаған. Осы кездері жеті ауыл әкімі оларға бильбордтардың ілінгені жөнінде жалған анықтама берген. Бір ауыл әкімінің жақын туыстарының атында фирма болған. Бильбордтардың осы фирмада басылғаны жөнінде жалған құжаттар түзілген. Алайда жеті ауыл әкімінің жауапқа тартылмағаны былай тұрсын, әлгі фирмаға қатысы бар ауыл әкімі жақында аудан орталығы Жетісай қаласының әкімі лауазымына жоғарылып кетті, – дейді Назаров.
Біз осы қылмыстық істі тергеген антикордың Түркістан облысы бойынша департаментінің тергеушісі Ғабит Камаловпен байланыстық. Оның айтуынша, тергеу барысында ауыл әкімдері өздерінің кінәларын мойындаған. Кейін олардың тәртіптік мәселесін қарау туралы хат Жетісай ауданының әкіміне жолданған.
Алайда Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есенгелді Алданиязов мұны жоққа шығарды. Оның жауабына қарағанда, жеті ауыл әкімінің мәселесін қарау жөнінде антикордан ешқандай хат келмеген. Сонда өтірік айтып отырған кім? Әкімдік пе әлде антикор ма? Аппарат басшысы жуырда Жетісайдың әкімі лауазымына тағайындалған бұрынғы ауыл әкімінің өткен-кеткен өмірінен, оның сыбайлас жемқорлықпен байланысты қылмыстық істерге қатысы болғанын да білмейтін болып шықты. Бұған сенуге бола ма?
Аппарат басшысы «бөлім басшысына шыққан үкім күшіне енсе, отставкаға кім арыз жазады?» деген сауалымызға нақты жауап бере алмайтынын мәлім етті. Өйтетін де жөні бар. Себебі Омар Есенбеков ұсталған кезде аудан әкімі қызметін атқарған Мұрат Қадырбек биыл қаңтарда Түркістан облысынан сенатор болып сайланып кеткен. Ал ауданның жаңа әкімі Серік Мамытовтың бұл мәселеге бас ауыртпайтыны бесенеден белгілі.
Жемқорлықпен жетісайша күресу деген міне – осы. Бұған енді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі не дейді?