Сараптама

Жертөледе күрескен әкім тұрғындарды қалай "теке сасытты"?

Жертөледе күрескен әкім тұрғындарды қалай "теке сасытты"?

Фото: ашық дереккөз

Басқасын қайдам, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов тұрғын үй мәселесін "бір жағына шығарған" сияқты. Жалпы, бұл кісінің тегін адам емес екенін жыл басында жариялаған "СОПАҚ" атты зерттеу мақаламызда егжей-тегжейлі айтқанбыз. Соның да әсері болды ма, әйтеуір біраз шаруаның басын қайырған Асекең қазір өзін аспан мен жердің арасында жүргендей сезінеді.

Күні кеше әлеуметтік желілерге кең тараған бейнематериалдарға қарасаңыз, өңірде "өнімді жұмыс" істеліп жатқанын байқайсыз. Екібастұзға барған әкім 31 отбасыға пәтер кілтін табыстап, көпшілікті қуантып тастады. Әрі жұрттың жүрегіне жағатын мынадай сөз айтты: "Әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету – біз үшін аса маңызды міндет. Кейбіріңіз баспана кезегін 15 жылдан астам уақыт күттіңіздер. Көрсеткен сабырларыңыз бен төзімділіктеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта кезекте тұрған азаматтардың барлығы жақын арада өз баспанасына қол жеткізсе деймін…".

Көрдіңіз ғой, Байхановтың орнында басқа әкім болса, тұрғын үйді жалғыз өзі тұрғызғандай шалқақтап шыға келер еді. Ал Павлодар облысының басшысы өйтпейді. Баспананы беріп тұрып, "сабыр" мен "төзім" үшін алғыс білдіреді. Мұнысы – білгендік. Мұнысы – дұрыс. Тек әңгімесінің соңындағы "кезекте тұрғандардың барлығы баспанасына қол жеткізсе деймін" дегені ғана – екіұштылау сөз. Бәрін білетін іскер әкім неге "бұйырса, бәрің аласыңдар" деп кесіп айтпайды? Мұның жауабын сәлден кейін іздейміз, әзірге Байханов "шымылдығын сыпырған" тағы бір маңызды нысанның жөніне келейік.

Шамасы осы сапарында-ау, облыс әкімі Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылындағы жаңа салынған спорт кешенінің тұсауын кесіп берді. Ғимараттың аумағы 800 шаршы метрден асады. Доп қуып, волейбол мен баскетбол ойнасаңыз да, алысып-жұлысып, күреспен айналыссаңыз да, өзіңіз білесіз. Бұған қоса үстел теннисі тағы бар. Балалар қуанып, шапқылап жүр. Оларды көрген әкім де мәз. Көңілінің көтерілгені шығар, әкім балалардың "аузын аштырып" қойып, мынадай бір әңгіме айтты: "Мен де ауылда өстім, спорт кешені тұрмақ, спорт зал да болған жоқ. Дзюдо күресімен айналыстым. Жертөледе, подвал дейді ғой, не матрас жоқ, не кимано жоқ, не вентиляция жоқ…".

 Өзі терезесіз жертөле болса, ең құрса оның "ауа айналдырып" тұратын желдеткіші болмаса, қалың бала апыр-топыр күрескенде, не болатыны белгілі ғой. Бірінің сорғалаған тері біріне жағылып, ұйпа-тұйпасы шыққан жеткіншектер аз уақыттан кейін-ақ "қан сорпа" болып, "теке сасып" шыға келеді. Осыны білгеннен кейін де шығар, балалар әкімге "ортеке" көргендей, сәл тіксініңкіреп қарады.

Бірақ онда тұрған не бар? Спорт деген сол ғой, өлермендікті талап етеді. Баяғы жертөледе күрескен балалардың біразы кейін чемпион болып кеткенін көз көрді. Саясатқа "соқтықпай", "теке сасып" жүре бергенде, Байханов та байрақ көтерер балуанға айналар ма еді, кім біледі?!

Енді негізгі мәселеге көшейік. Бала күнінде жерастында "шыныққан" кейіпкеріміз кейде жерүстінде не болып жатқанын байқамай қалатындай көрінеді. Мәселен, 2025 жылы үкіметтен пәтер алып қуанған 16 отбасы аяқасты далада қалды. Қалайша? Қалайша деріңіз бар ма, қатты дауыл кезінде Павлодар іргесіндегі Ақсу қаласында тосын оқиға болды ғой. Тамыры шіріген ағаштар құлап, жалғауы тозған электр желілері үзіліп жатқанда, тұрғындарға жаңа берілген қос қабатты үй – жалмауыз кемпірдің шошаласы құсап, "шашылды" да қалды. Ішіне кірсең, төбеден аспан көрінеді. Шатыры төбедегі бар жабындысымен бірге қалқыған жапырақ құсап, ұшқан да кеткен. Оны айтасыз, сыртындағы әдемі кірпішіне дейін сөгілген ғой. Шатырынан терезе тұсына дейінгі кірпіші саудырап, іргетасының түбіне үйіліп қалған. Мұндай сұмдықты көрмеген ақсулықтар сонда таң-тамаша болып, Асайынға – бір, аспанға – бір қараған еді…

 Қазір де "аспанға қарап", жаратқаннан амандық тілеп жүрген тұрғындар бар. Олар Павлодардың Затон шағын ауданында тұрады. Бұл жерде қазір "сүйек-саяғы" түгел ағаштан тұрғызылған қос қабатты бес үй бар. Тұрғындары егде тартып, таяққа сүйенер жасқа жетсе де, бала күнгі Байханов құсап, "теке сасып" жүреді. Өйткені осыдан 60-65 жыл бұрын тұрғызылған бұл үйлерде құбыр атаулы атымен жоқ. Суды шелекпен тасып кіргізеді де, пайдаланылған суды кіршімен көтеріп шығады. Жыртық-тесігі көп үйдің тұрғындарының түзге отырар жері – далада.  Іш босатып алған соң, салқын үйде бүрісіп, киімшең ұйықтайды. Ұйықтағанда, жата салып қор ете қалу жоқ, еден астындағы егеуқұйрықтардың шиқыл-пиқылы басылғанда барып, әрең көз іледі. Ендеше, "теке сасымағанда" нелері қалды, енді?!

Қызығы, апатты жағдайда деп танылған үйдің тұрғындары әкімдіктің уәдесі бойынша тамыз айында үдере көшіп кетуі керек еді. Тамыздағы уәде қыркүйекке жылжиды да, қыркүйектің әңгімесі қарашаға шегеріледі. Ендігі мәселе – келер жылға ауып тұр. Оның өзінде, "теке сасыған" жұрт жаңа пәтердің төріне озады деген сөз жоқ. Almaty.tv. арнасының әкімдікке сүйеніп таратқан ақпаратына қарағанда, апатты үйдің тұрғындары 2027 жылы жалдамалы пәтерге ауысуы керек. Сосын 390 адам сығандар құсап, ары-бері көшіп-қонып, бірер жыл жүре тұрса, әкімдік оларды 2029 жылы баспанамен қамтуы тиіс.

 Көрдіңіз бе, мәселе бар. Оны шешетін әкім де бар. Тек тұрғындар "қоныс аударамыз" деп қуанып жүргенде, Асайын Байхановтың өзі ауысып кетіп жүрмесе де, бопты да…

Сайт Әкімшілігі