Видео

Жеті адам белгісіз заттан уланды

Павлодар облысының жеті бірдей тұрғыны белгісіз заттан уланып, қайтыс болды. Ал полиция мен дәрігерлер жағдайдың мән-жайын анықтауға асықпайтын сыңайлы.

Jasalash.kz

Өткен демалыс күндері Павлодар облысының жұртшылығы үшін оңай болған жоқ. Ертіс ауданында тұратын жеті ер азаматтың уланғаны туралы хабар дүйім жұртты дүр сілкіндірді. Көпшіліктің назары ауылдықтардың жағдайына ауып, алаңдаушылық білдірді.

 Белгілі болғандай, 27 мамыр күні сағат 22:17-де Ертіс ауылындағы үйлердің бірінен 1955 жылғы үй иесі мен оның 1990 жылғы ұлының денелері табылды. Екінші күні сағат 07:15-те аудандық ауруханада 1975 жылғы ер адам жан тапсырды. Сол уақытта өз үйінде 1957 жылғы тағы бір зейнеткердің қайтыс болғаны анықталды. Сол күні сағат 18.00 шамасында ауруханада 1969 жылғы ер азамат та өмірден өтті. Ал олармен бірге болған тағы екі адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Олардың бірі Ертіс ауданындағы ауруханаға жатқызылса, енді бірі облыс орталығындағы №3 қалалық ауруханаға жеткізілді. Өкінішке қарай, ақ халаттылар олардың да өміріне араша түсе алмады. Екеуі де емдеу мекемелеріне өте ауыр жағдайда түсіп, өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған болатын. Алайда 1980 жылғы тұрғын 28 мамыр күні кешкісін Ертіс ауылындағы ауруханада, 1974 жылғы азамат кеше кешке қалалық ауруханада қайтыс болды.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қайтыс болған азаматтардың барлығы белгісіз заттан уланған. Бірақ оның қандай сұйықтық болғанын әзірше ешкім білмейді. Жергілікті полиция департаменті «Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды» деумен шектеліп отыр.

Бір анығы – Ертіс ауданындағы 32-67 жасар ер азаматтардың барлығы бір үйде жиналып, кәністірде болған сұйықтықты ішкен. Содан соң барлығы тіл тартпай кетті. Полиция қызметкерлері ыдыстың түбінде қалған сұйықтықты алып, сараптамаға жіберді.

Мариям Мақсат
Тегтер: Без Тега