Әлеумет

Жетісудан 500-ге жуық отбасы көшеді

Бұл – еш қоспасыз ресми ақпар. Дәлірек айтқанда, Биыл Алматы облысы солтүстік өңірлерге 461 түтінді көшіру жоспарлап отыр.

Jasalash.kz
  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Солтүстіктегі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Жетісуда»  атты баспасөз-мәслихатында айтылды. ­– Биылғы жылы солтүстік өңірлерге 461 отбасыны көшіру жоспарланған.  Жұмыс берушілер қатарындағы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстары осыған дейін 19 өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келіп қатысты. Айталық, мұндай кездесулер Алматы облысының Қарасай, Кербұлақ, Ұйғыр, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Алакөл, Ақсу, Сарқан, Талғар аудандарымен қоса Текелі, Талдықорған, Қапшағай қалаларында өткізілді. Нәтижесінде, солтүстік аймақтарға отбасы мүшелерінің саны 626 адамнан құралған 152 отбасы қоныс аударды, – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда ІЛІМЖАНОВА.Солтүстік аймақтар демекші, аталған жиынға Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат НҰРМАҒАМБЕТОВ келіп қатысты. Өз кезегінде ол Еліміздің оңтүстік аймақтарын Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарында  туу көрсеткіші артып,  халық санының көбейіп келе жатқанын, керісінше, солтүстік аймақтардағы демографиялық жағдайдың көңіл көншітпей отырғанын, соның нәтижесінде бұл аймақтарда еңбек күші жетіспейтінін алға тартты. Мәселен, қазіргі таңда Павлодар өңірінде  800 мыңға жетер-жетпес тұрғын бар.– Солтүстік облыстарға жұмыс істейтіндерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Барлық жол шығындары өтеліп, жалға  алынған үйдің төлемі, не болмаса тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек беріліп отыр. Мысалы, біздің облысты алып айтсақ, облыс басшысы әр үш ай сайын барып, қоныс аударушылардың қал-жағдайын біліп тұрады. Өз шаруасын дөңгелентіп  әкету үшін жер сұрайтындар қатары көп. Ауылшаруашылығы мамандары, мұғалім, мал дәрігері, әлеуметтік сала қызметіне сұраныс артып отыр. Өңірде 4 мыңдай бос жұмыс  орындары бар. Сондай-ақ, Ресей, Қарақалпақстан, Өзбекстаннан қандас ағайындар  көптеп көшіп келіп жатыр. Қоныс аударушылар үшін облыс басшысының бастамасымен  жақсы  істер қолға алынған. Соның бірі – тілек білдіріп, мал басын өсіремін деген азаматтарға 3 жылға дейін бағып-қағуына 50 бас қой беріледі.  Ол азамат ары қарай сол малды өсіріп, өз бетінше бас санын көбейтеді. Тек үш жылдан соң ғана көмекке берілген әуелгі 50 бас қойды қайтарып береді. Бұл қазір қоныс аударғандардың өз-өзін жұмыспен қамтуына үлкен көмек болып отыр, – дейді Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.Сонымен бірге, Қайрат Нұрмағамбетов өткен жылы республиканың бес аймағынан 300 отбасы, 1500 мүшесімен  көшіп келгенін жеткізді. Кәдімгідей ойланып қаласыз. Павлодарлық өкіл айтқан былтырдың еншісіндегі бес аймақтан қоныс аударған 300 отбасы мен биылғы жылы жалғыз бір облыстан қоныс аударуы көзделген 500-ге жуық түтінді салыстырсаңыз, солтүстік аймақтардың «кетігін» бүтіндеп, бостығын толтыруға аттанған көш қарасының молайғанын байқайсыз.Осы ретте тағы бір ескеретін жайт, жер жаннаты болған Жетісудың өзінен  бір мұнша отбасының көшуге ықылас танытып отырғанын ескерсеңіз, бұл тарапта атқарылып жатқан үлкен-үлкен жұмыстың төбесі көрінетіндей.Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасы»  аясында  атқарылып келеді. Осы барыста, басқарма қызметкерімен мобильді топ құрылып, олар ерікті қоныс аудару бойынша жұмыс берушілер, тұрғындар арасында  осындай көшпелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.        
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега