Жетісайдағы тойдағы даулы тостқа байланысты қылмыстық іс қозғалды
Түркістан облысында әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін 66 жастағы тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адамның жария айтқан сөздерінен діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері байқалған.
Оқиға Жетісайдағы тойда болған. Бейнежазбада қалыңдықтың туысы тойды музыкасыз өткізуді, сондай-ақ ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуды ұсынады.
«Тойды әншілерсіз өткізсек, олар жұлдыз болудан қалады, танымалдығынан айырылады. Шариғатта оларды "шайтанның жаршылары" деп атайды», – дейді ол тост айту кезінде.
Видеоны Instagram желісінде әнші Роза Әлқожа жариялаған. Бұған дейін қоғамда қызу талқыланған бейнежазбаға Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да пікір білдірген.
ІІМ кез келген адамды кемсітуге, ар-намысын қорлауға немесе қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған жария мәлімдемелерге жол берілмейтінін мәлімдеді.
«Сөз бостандығы жауапкершіліктен босатпайды. Заң талаптарын бұзу белгілері бар кез келген жария мәлімдемеге құқықтық баға беріледі», – деді министрлік.
Қазіргі уақытта істің нақты қай бап бойынша қозғалғаны және тергеудің өзге мән-жайлары жарияланған жоқ. Ер адамның әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесінде беріледі.