Жезқазғанға жаңа әкім тағайындалды
Жезқазған қаласының әкімі болып 35 жастағы Мұрат Бөрібаев тағайындалды.
Жаңа әкімді қала активіне Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен таныстырды.
Мұрат Бөрібаев бұл қызметте Жезқазғанды 2022 жылдың маусымынан бері басқарған Қайрат Шайжановты алмастырды. Шайжанов бұған дейін әлеуметтік желіде қызметінен кеткенін хабарлап, қала тұрғындарына қолдауы мен бірлескен жұмысы үшін алғыс айтқан.
«Мені қолдаған жерде қанаттандым, сынаған жерде шыңдалдым. Мен үшін Жезқазған – жай ғана қала емес, тағдырыммен біте қайнасқан туған жер», – деп жазды экс-әкім.
Жаңа әкім туралы не белгілі?
Мұрат Бөрібаев 1991 жылы туған. «Металлургия», «экономика және бизнес» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Сондай-ақ мемлекеттік менеджмент магистрі дәрежесі бар.
Еңбек жолын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС құрылымындағы жұмысшы мамандықтарынан бастаған. «Нұрқазған» байыту фабрикасында 3-разрядты флотатор, іс жүргізуші және шебер болып еңбек еткен.
2012-2024 жылдары өндіріс саласында цех бастығынан, бас инженерден бастап Жезқазғандағы №1, №2 және №3 байыту фабрикаларының директорына дейінгі қызметтік жолдан өткен.
Жезқазған әкімі болып тағайындалғанға дейін Сәтбаев қаласының әкімі қызметін атқарды.