Жигули ДАЙРАБАЕВ: Отыз бес жылда мың жарым ауылды картадан жойдық
Жоғарғы кеңестің 12-шақырылымындағы депутаттықтан бастап Парламент Мәжілісіндегі үш жылдық қызметке дейінгі саяси жолын саралаған Жигули Дайрабаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи шешімдер, ауыл шаруашылығының бүгінгі ахуалы, ауылдардың азаюы, фермерлердің мәселесі және «Агробанк» құру бастамасы туралы ашық ой бөлісті.
Ол президенттік сайлауға қатысу мақсатын, «Ауыл» партиясындағы қызметінен кету себебін, тіпті кандидат ретінде тізімге іліксе де, Құрылтайға неге өтпей қалғанын да бүкпесіз айтып берді.
«Ауыл» бұған дейін мәжіліске өтсе, қайда қалыпты?!»
– Жигули Молдахалықұлы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жоғарғы кеңес депутаты атандыңыз. Ол кездегі саяси орта мен депутаттыққа келу жолыңыз қалай қалыптасты? Сізді үлкен саясатқа алып келген қандай ұстаным еді?
– Иә, біз Жоғарғы кеңестің 12-сайланған депутаты едік. Дәлірегінде, 1993 жылы төрт жыл Жоғарғы кеңестің депутаты болдым. Ол кезде 35 жастамын. Меніңше, демократиялық сайлау сол 1990 жылы болды. Қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданынан (бұрынғы Луговой) төрт адам түстік. Аудандағы 34 мың сайлаушының 67 пайызы маған сенім артты. Ол кезде Жамбыл атындағы колхоздың басқарма төрағасы қызметін атқардым. Қарамағымда 2 мың шаруа болды. Жалпы, саясаттағы жолым одан да ертерек басталған. 25 жасымда ауылдық кеңестің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Сондықтан да саяси көзқарасым жас кезімнен қалыптасып, Жоғарғы кеңесте жалғасын тапты. Бұл – естен кетпейтін, қазақ тарихында өз орны бар тарихи кезең. Елдің тәуелсіздігіне жететін қымбат байлық жоқ.
Ең басты құндылық – Қазақстанның егемен, тәуелсіз мемлекет болуы, шекарасын бекітуі.
Сол тарихи кезеңде Жоғарғы кеңес депутаты атанғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Жоғарғы кеңесте қазақтың біртуар азаматтары депутат болды. Бас-аяғы – 365 адам. Атап айтқанда, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Салық Тәкежанов, Серікболсын Әбділдин, Ерік Асанбаев, Шерхан Мұртаза, Сағадат Нұрмағамбетов, тағы басқалары. Міне, сондай мықты тұлғалармен қатар жүргенім – мен үшін мақтаныш.
Әрине, Қазақстанның мемлекеттілігін қалпына келтіру – нөлден бастаған мемлекетті қайтадан құруға аты аталған азаматтардың атқарған еңбегі зор. Сол Жоғарғы кеңес мемлекеттің егемендігін жариялады. Конституциялық заң қабылданған соң, мемлекет басшысы қол қояды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Жоғарғы кеңестің рөлі туралы жазылып жүрді. Кейін бір адамға табынып, бәрін сол кісі жариялады дегенге келтірді ғой. Бұл – дұрыс қағидат емес. Тарих бәрібір өзін реттейді.
– Ал 2022 жылы кезектен тыс өткен президенттік сайлауда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан үміткер ретінде тіркеліп, арада көп уақыт өтпей, 2023 жылы мәжіліс депутаты атандыңыз. Осы екі саяси науқанның арасында алдын ала қандай да бір келісім болды деген әңгіме қаншалықты негізді? Президент сайлауына қатысқандағы әу бастағы мақсатыңыз депутаттық мандат па еді?
– Жоқ, менде президенттікке кандидат ретінде жай тіркеле салу деген мақсат болмады. Шын мәнінде, жан-тәніммен президент болып, халыққа қызмет еткім келді. Сол үшін президенттікке таластым, сол жолда күрестім. Оның үстіне ауыл шаруашылығы, аграрлық салада тәжірибелі маман болған соң соңғы кездегі ауылдың, ауыл шаруашылығының жағдайы жанымды қатты күйзелтті. Егер де мемлекет басшысы болып сайлансам, өзіңе қазір қалай сұхбат беріп отырмын, дәл сондай ел-жұрттың ішінде жүретін, халықпен ашық қарым-қатынас жасайтын президент болар едім. Яғни қарапайым басшы ретінде жұмыс істейтін едім. Халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, әділ қоғам құру, әділетсіздік және сыбайлас жемқорлықпен күресу, мемлекеттің байлығын халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмсауға күш салар едім. Бұл – менің жас кезімнен қалыптасқан позициям. Бірақ бәрін сайлаушылар шешеді. Сол кезде 12 млн-нан астам сайлаушының басым бөлігі Қ.Тоқаевқа дауыс берді. Өзім 6 кандидаттың ішінде екінші орында тұрдым. «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары ретінде мені партия ұсынған соң қарсы болмадым. Саналы ғұмырымды ауыл шаруашылығына арнаған соң қалай қарсылық танытамын? Одан бөлек, Қазақстан фермерлер қауымдастығын басқарамын. Содан не керек, президенттікке өтпей қалдым. Бірақ оған ешқандай өкініш жоқ. Одан бір соншалықты трагедия жасаған жоқпын. Адам болған соң жеңісті де, жеңілісті де мойындайсың.
Алайда «2022 жылы президенттік сайлауға қатысып, өтпеген соң, 2023 жылы депутат болар алдында алдын ала келісім жасалды ма?» дегенді меңзеп тұрсыз ғой. «Президент болмасаң, депутат атанасың» деп ешкім уәде берген жоқ. Бірақ оған дейін «Ауыл» партиясы 23 жыл таласып жүріп, мәжіліске өте алмаған еді. Әрине, «Ауыл» партиясын сүйреп, Парламент мәжілісінің VIII шақырылымына өтуіне азамат ретінде менің де септігім тиді. Өйткені басқа уақытта емес, «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары болып жүргенде бар күш-жігерімді жұмсадым десем, артық айтпаймын. Жалпы, өз басым «мен» деп кеуде ұрғанды қаламаймын. Дегенмен кейде сол атқарған жұмысыңды да айта білу керек екен. Шын мәнінде, бұған дейін «Ауыл» партиясы Парламент мәжілісіне өтсе, қайда қалыпты?! Сондықтан алдын ала ешқандай әңгіме болған жоқ. Сол сайлаудың нәтижесі бойынша мәжілістің VIII шақырылымына 8 депутат өттік. Үш жыл, үш ай, үш күн жұмыс істедік.
«Біреудің «артына» кіре алмаймын»
– Президенттік сайлауда ауылға қатысты бірқатар нақты міндеттер қойдыңыз. Мәжілістегі үш жылдық жұмысыңызға қарағанда сол уәделердің қайсысын орындай алдыңыз, қайсысы орындалмай қалды?
–2023 жылы президент сайлауы алдында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев республикадағы кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Сонда баяндама жасап, «Ауыл шаруашылығын қалай дамытамыз, ол үшін не істеу керек, ауылды қалай қалпына келтіреміз?» деген мәселе жайында ойымды бүкпесіз, ашық айттым.
Президент сайлауы өтпей тұрып та ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, ауылды көтеру, инфрақұрылымын жақсарту, ауыл шаруашылығы мамандарына басым бағыт беру төңірегінде өзіндік жоспарым болды. Бірақ президент Қ.Тоқаев 2023 жылы инаугурацияда ең алдымен «Ауыл туралы» жарлыққа қол қойды. Бұған да біздің үлесіміз бар деп ойлаймын. Ол кісімен кездесу кезінде де: «Ауылға көңіл бөлмей, ауыл шаруашылығын көтермей, мемлекеттің көсегесі ешқашан көгермейді. Ауылдың әлеуеті өте жоғары. Егер ауыл шаруашылығын өз деңгейінде қалпына келтіретін болсақ, ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының драйверіне айналады», – дедім. Біз қашанғы мұнайдан түсетін табысқа қарап отырамыз? Ал мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі – бірінші кезекте. Аш-жалаңаш адам ешқашан мемлекет құра алмайды. Сондықтан біз қай мемлекетте, қандай формада өмір сүрмейік, ауыл шаруашылығы алдыңғы орында тұруы керек. Ауыл мен ауыл шаруашылығы – егіз ұғым. Екеуін бөле жара қарауға болмайды.
«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін шешу туралы заң қабылдаймыз дедік. Екінші, шаруаларға қолжетімді қаражат беретін «Агробанк» құру мәселесін қолға алдық. Бұдан да басқа мәселе көп, дегенмен негізгі екі бағытты шешуді қарастырдық. Былтырдың өзінде жүздеген заң қабылдадық. Соның 30-ға жуығының жұмыс тобында мүше болдым. Мәселен, Су кодексін қабылдар алдында шаруаға қолайлы болу үшін бір кісідей атсалысып, мыңға жуық әртүрлі өзгеріс енгіздік. Сондай-ақ жайылым, топырақ туралы заңның да жұмыс тобынан табылдым. Салық кодексі талқыға салынған тұста ауыл шаруашылығына қатысты салықтың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, фермерге ыңғайлы болу үшін олардың құқығын қорғап, заңға өзгеріс енгізерде өз позициямды айтып, қорғадым. Мұның бәрі мақтан үшін емес. Ең бастысы, шаруалардың сөзін сөйлеп, талап еттім, сол жағдайға жеттік.
Осы үш жылда 35 депутаттық сауал жолдадым. Оның бәрінде ауыл шаруашылығын дамыту, ауылдың инфрақұрылымын қалпына келтіру, қарапайым еңбек адамына жағдай жасау, қолжетімді несиені қалай беру керек, «Агробанкті» құру үшін не қажет екенін ашық айттым. Ол үшін үкімет мүшелерінің қатысуымен бірнеше рет дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Алғашқы кезде Ұлттық банк басшылары, билік өкілдері қарсы болатын, кейін олардың көзін жеткіздік. Парламенттегі 80 депутат «Агробанк» керек» деп қол қойды. Әттеген-айы, сол банкті үш жылда ашқыза алмадық. Мұның заңнамалық жағын да дайындап қойған едік. Бүгінде «Агробанк» құру мәселесі пісіп-жетілді. Қазір Құрылтайға келген «Ауыл» партиясы депутаттарының да алдында осы міндет тұр. «Ауыл» партиясының бюро мүшесі ретінде мұны болашақта да талап етеміз. Депутаттық мандатқа ие болу – бір мәселе, ал халыққа қызмет ету, көкейіндегі түйткілін ашық айту, шешуге күш салу – екінші мәселе. Депутат болдым деп, төсбелгіні тағып алып, «Сен тимесең, мен тимен» деп отыру – үлкен қылмыс. Халық алдындағы жауапкершілікті сезіну керек. Сол үшін біздің партиядан сайланған 10 депутат халыққа тиімді заң қабылдауға атсалысады деп ойлаймын.
– Сіз жыл басында «Ауыл» партиясы төрағасы орынбасары қызметінен кеттіңіз. Бұған не себеп? Солтүстік өңірдегі көшелерді қазақыландыруға қатысты көтерген мәселе салқынын тигізген жоқ па?
– Мен өз ойымды еркін айтатын адаммын. Біреудің қас-қабағына қарап, «ертең өмірім қалай болады екен» деп жағымпаздану маған жат. Біреудің «артына» кіре алмаймын. Бұл позициямнан таймаймын. Депутат ретінде көтерген сол мәселеден кейін солтүстік өңірдегі 300 ауылдық округ пен көшелердің атын ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Қазақта «Құланның қасуына – мылтықтың басуы» деген мәтел бар ғой. Ол кезде өзім де партия төрағасының орынбасары қызметінен кетуді ойлап жүрген едім. Парламентте депутатпын, одан бөлек Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасымын. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аграрлық комитетін басқардым. Сосын менде жүктеме көбейіп, партияның жұмысымен айналысуға уақыт та, мүмкіндік те болмай кетті. Содан бес-алты күн бұрын Егізбаевқа айтып, «Саяси бюро мүшесі ретінде қала берейін, бірақ төраға орынбасарлығы қызметінен босатшы» дегенмін. Бірақ жұрт мені сол ономастика мәселесінен кейін қызметтен кетті деп шығарып алыпты. Маған ат төбеліндей-ақ топ, қызметінен қорқатындар ғана қарсы шыққан шығар. Бірақ халықтың басым көпшілігі қолдады.
Ресми кесте бойынша, «депутаттар айына, аптасына осыншама адам қабылдау керек» десе, ал мені іздеп келген адамның бәрі бос кеткен жоқ, күніне кем дегенде үш-төрт азаматты қабылдадым. Олар еліміздің әр өңірінен еріккеннен келмейді ғой. Депутат екенмін деп шікіреймей, қарапайым болу керек. Өмір бақи депутат болмайсың. Сондықтан кез келген адамның мәселесіне адамгершілік тұрғыдан қарауға, шешуге тырыстым. Біреудің жаны ауырып, біреудің балтыры сыздап, енді біреуі тиісті есікті қаға алмайды деген сияқты. Соның бәріне сөз, қол жәрдемімді беріп, сұрағына жауап алуға көмектестім. Осы үш жыл, үш айда уақыт жетпей қалды дей алмаймын. Азаматтық позициямды Парламентте, комитет отырыстарында талап еттім. Популизмге беріліп, хайп жасаған жоқпын. Ауыл мен ауыл шаруашылығы төңірегінде өткір сұрақтарымды қойдым.
– Жалпы, 2002 жылы құрылған «Ауыл» партиясы өз миссиясын орындады ма? Осы уақыт ішінде партия ауыл тұрғындарының өміріне нақты қандай өзгеріс әкеле алды, әлде баз біреулер айтқандай, сайлау науқаны кезінде ғана жылт ете ме?
– Әркімнің ойы әрқалай. Мәселен, өзім партияның 2002 жылдан бері мүшесі емеспін. Ол кезеңге жауап бере алмаймын. «Ауыл» партиясына 2020 жылы мүше болып, Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасы ретінде меморандумға қол қойып, жұмыс істедік. «Ауыл» партиясы – стратегиясы бар саяси ұйым. Саяси ұйымның негізгі мақсаты – ауылға барып, үй мен жол салып, мал бағу емес. Саяси ұйым – билікке таласады. Мәселен, Құрылтайға бес партия өтті, соның ішінде «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңді. «Әділет» мемлекеттің тұтқасын ұстаған билік партиясы ретінде үкіметті жасақтап жатыр. Егер «Ауыл» партиясы жеңсе, біз де сөйтер едік. Саяси партия халыққа жағдай жасамайды, бұл – саяси күш. Идеясы, ойы, санасы біріккен адамдар топтасып, партия құрып, билікке таласады. Содан кейін ғана үкіметке тапсырма бере алады. Енді «Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасын үкіметтің алдына қойып, орындалуын талап етуге мүмкіндік мол. Сондықтан «Бәрін қатырамыз» деп уәде бермесек те, тізімге енген кандидат ретінде Құрылтай сайлауы алдында 6 өңірді аралап, шалғайдағы елді мекендерге атбасын бұрып, еңбек адамдарымен кездестім. Ауылда 7,5 млн халық тұрады. Аты айтып тұрғандай, «Ауыл» партиясы ауылға жақын партия. Сондықтан сол үдеден шығуы тиіс.
«Ауылдың жойылуы – қазақ үшін трагедия»
– Шын мәнінде, бүгінгі ауылдың ахуалы қандай? Ауыл халқын алаңдатып отырған мәселе не?
– Бүгінде республика бойынша
6 010 ауыл ғана қалды. Осы 35 жылда 1 500 ауылды картадан жойдық. Бұл өте ауыр жағдай. Ауылдың жойылуы – қазақ үшін трагедия. Әрбір қазақтың қаны, жаны, тамыры – ауылда. Кезінде саяси қателік жібердік. Ауылдардағы, ауыл шаруашылығындағы колхоз-совхозды таратпау керек еді. Бәрін таратып, баяғы 2 мың колхоз-совхоздың орнына әртүрлі формадағы 300 мың шаруашылық құрдық. Не басы, не аяғы жоқ. Ауылды осындай халге жеткізіп, салдарынан ауыл инфрақұрылымы тозып, табыс болмаған соң ел қалаға үдере көшті. Қазір урбанизацияға да тоқтау болмай тұр. Бұл – жақсы үрдіс емес. Енді сол 6 010 ауылды сақтап қалудың амалын жасауымыз керек. Оған мүмкіншілік бар. Соңғы уақытта президент бұл жағдайды түсінді. Қазір ауылға көңіл бөліне бастады. Оған сенің де, менің де үлесім бар. Астанаға келгеніме 6 жыл болды, содан бері «Ауылды көтермесек, ауыл шаруашылығын қалпына келтірмесек, ауылға жағдай жасамасақ, жастарды ауылға тартпасақ, оларға қаржылай көмектесіп, үй-жай, жұмыс бермесек, ауыл шаруашылығын көтере алмаймыз» деп талмай айтып келемін. «Ауруын жасырғанды өлімі әшкере етеді» деген сөз бар ғой. Жіберген қателіктің бәрін қазір жаймен қалпына келтіруіміз керек. Ауылды оңалтуды қолға алу қажет. Ауылда бір жұмыс орны ашылса, қалада жеті жұмыс көзі ашылады екен. Былтыр депутаттық сауал жолдап, бір жылдың ішінде ауылдан 167 мың адамның қалаға көшкенін анықтадым. Олардың баспана жалдауына, оқуы, баласын балабақша мен мектепке орналастырып, киіндіруіне, тамақтануына шамамен 2 трлн теңге қаражат керек екен. Елдің бәрін үш мегаполиске жинап алып, қалада мал өсіріп, егін екпейміз ғой. Одан да сол 6 010 ауылды сақтап, оларға жағдай жасайық. Ауылдағы тұрғындардың қолына қармақ бер, мал сатып аламын десе, төмен пайызбен несие бер, жұмыс істеймін дейтін адамға мүмкіндік жаса. Алдында малы, жұмысы бар адам қалаға көшпейді ғой. Мұндай мәселені мемлекеттік деңгейде шешу керек.
– Әріптесіңіз Төлеутай Рақымбековтің партияға өкпесі бар сияқты. Ол да партия қатарынан шықты. Шын мәнінде, «Ауыл» қалай «қаз айдаушылар» партиясына айналды?
– Ешкімге өкпе-аразым жоқ. Әр азаматтың жеке ой-пікірі бар. Жалпы, партияның қызметін бір адамның пікірімен бағалауға болмайды. «Ауыл» партиясы бүгінде 300 мыңға жуық мүшесі бар үлкен саяси күшке айналған. Құрылтайда екінші орын алып отыр. Ал енді олардың жақсы-жаманды жұмыс істеуі, халықтың көңілінен шыға ма, жоқ па, ар-ұяты – өздерінде. Мәселен, өз басым партия басшылығының идеясына қарап, «соның айтқанының бәрі заң, бұл мүлтіксіз орындалу керек» деген қағидаттан аулақпын. Ауыл шаруашылығы мен ауылдың дамуына қатысты өз жоспарым бар. Сондықтан бүгін «Партия мынандай жағдайға айналып кетті» деп айту ыңғайсыздау. Өйткені, әлі партияның саяси бюро мүшесімін. Пікірімді, сынымды
Айтуғановқа да, Егізбаевқа да көздерінше айтамын.
– «Ауыл» партиясы Құрылтай сайлауында 10 мандат алды. Партияның тізімінде өзіңіз де болдыңыз. Шынын айтыңызшы, Құрылтайға өтетініңізге сенімді болдыңыз ба?
– Әрине, депутаттыққа өтетініме сенімді болдым. Сенімді болмасам, саяси науқанға қатыспайтын едім. Мен өзіме ғана емес, «Ауыл» партиясына сендім. Себебі «Ауыл» партиясын Құрылтайға өткізуді мақсат еттік. Ал менің өтпей қалғаныма келсек, оны мен шешпеймін. Партияның саяси бюросы сондай шешім қабылдапты. Оған ешқандай қарсылық көрсеткен жоқпын. Депутат атанған 10 азамат аманатқа қиянат қылмай, жұмысын адал атқарсын деймін.
– Сіз төрағалық ететін Қазақстан Фермерлер қауымдастығының негізгі міндеті қандай? Қауымдастық фермерлердің мүддесін қорғап, мәселесін шешуге нақты ықпал етіп отыр ма?
– 2020 жылдан бері Қазақстан фермерлер қауымдастығының төрағасымын. 2003 жылы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қауымдастық нысандары бірлестігі ретінде құрылды. Негізгі мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың құқығын қорғау, жұмыс істеуіне мүмкіндік жасау, әртүрлі бағдарлама, жобалар қабылдау. Біздің республикада, облыстардағы филиалдарда 80 мыңнан астам мүшеміз бар. Оның ішінде тек «Ауыл» партиясының ғана емес, «Әділет», «Республика», ЖСДП-ның мүшелері біздің қауымдастыққа мүше бола алады. 2020 жылы «Ауыл» партиясы мен Қазақстан фермерлер қауымдастығы меморандумға қол қойды. Өйткені тікелей ауыл шаруашылығындағы фермерлердің құқығын, олардың өнімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін құрылған ұйым болған соң ауыл шаруашылығы мәселесін көтеретін барлық саяси партиялармен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынбыз. Кім ауылға жанашыр, кім ауылды көтергісі келеді, солардың бәрін шақырамыз.
– Саяси жолыңызға көз тастағанда қандай шешіміңіз үшін өкінесіз?
– Жоқ, ешкімге ешқандай өкпем жоқ. Себебі саясатпен әрі қарай да айналысамын.
Сұхбаттасқан
Динара
Мыңжасарқызы