Жыл басынан бері Таразға 47 жаңа автобус жеткізілген
Елдің көлік инфрақұрылымын дамыту – мемлекеттің экономикалық қуатын арттырып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың басты мақсаттарының бірі. Әсіресе қоғамдық көліктер жүйесін жаңғырту мен кеңейту – қазіргі урбанизация үдерісінде аса өзекті бағыт.
Себебі қалалар күн сайын ұлғайып, тұрғындар саны артып келе жатқан заманда халықтың еркін қозғалысы мен әлеуметтік белсенділігін қамтамасыз ететін ең тиімді құрал сапалы ұйымдастырылған қоғамдық көлік желісі. Ол тек тасымал құралы ғана емес, елдің әлеуметтік теңдігін, экологиялық жауапкершілігін және экономикалық тұрақтылығын айқындайтын маңызды көрсеткішке айналды. Қазақстанда да соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Елді мекендер арасындағы жол сапасын жақсарту, теміржол қатынасын жаңарту, әуе және автомобиль көліктерін жаңғырту, соның ішінде қоғамдық көліктер паркін жаңалау – бұл бағыттағы басты басымдықтардың бірі. Әсіресе облыс орталықтары мен ірі қалаларда жаңа автобустардың әкелінуі, маршруттардың кеңеюі, электрондық билет жүйесінің енгізілуі жолаушылар тасымалының мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұл тек техникалық жетістік емес, сонымен қатар әлеуметтік саясаттың жемісі. Себебі қоғамдық көлікке инвестиция салу – халықтың әл-ауқатын көтеру мен қала өмірін үйлесімді етуге бағытталған ең тиімді қадам.
Осы орайда Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның айғағы ретінде қала автопаркіне сыйымдылығы 90 адамдық 24 жаңа автобус жеткізілді. Бұл Тараз қаласының жолаушылар тасымалы саласында соңғы жылдары қолға алынған жүйелі жаңарту үдерісінің жалғасы. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, бұл автобустардың барлығы заманауи талаптарға сай, экологиялық жағынан тиімді және жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететін техникалық мүмкіндіктермен жабдықталған.
Жаңа автобустардың 14-і №50-бағыт бойынша қатынайды. Аталған маршрут Байзақ ауданының Сарыкемер ауылынан басталып, Тараз қаласының негізгі көшелерін, атап айтқанда, «Ауыл-Береке» базарын, Төле би және Жамбыл даңғылдарын, сондай-ақ Сүлейменов, Тұрысов, Шостакович және Бауыржан Момышұлы көшелерін қамтиды. Бұл бағыттың әлеуметтік маңызы жоғары, себебі ол қала мен Байзақ ауданы арасындағы тұрғындар қозғалысын жеңілдетіп, қала маңындағы елді мекендер мен орталық арасындағы байланысты күшейтеді. Жаңа автобустардың қозғалыс жиілігі 13 минут, бұл бұрынғыға қарағанда жолаушылар легін тиімді реттеуге және уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Қалған 10 автобус №3-бағытқа бөлінді. Бұл маршрут Шайқорық пен Танты алқаптарынан басталып, қаладағы ең үлкен тұрғын аймақтардың бірі – «Ұлы Дала», «Арай», «Арай-2» және «Бәйтерек» шағынаудандарына дейін қатынайды. Бағыт бойында Сүлейменов, Желтоқсан, Төле би, Бауыржан Момышұлы, Шостакович және Саңырақ батыр көшелері орналасқан. Осы бағытта қатынайтын көліктердің қозғалыс жиілігі әр 12 минут сайын жүзеге асады. Әсіресе қалалық және облыстық балалар ауруханаларына баратын тұрғындарға бұл бағыттың ашылуы үлкен жеңілдік болып отыр.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында жолаушылар тасымалымен 8 кәсіпорын айналысып отыр. Бұл ұйымдар қаланың барлық аумағын қамтитын қоғамдық көлік жүйесін үйлестіріп, күн сайын мыңдаған тұрғынның қозғалысын қамтамасыз етері рас. Жаңа автобустардың келуімен қатар, қосымша бағыттардың ашылуы да жүзеге асып отыр. Соның нәтижесінде қаладағы жалпы маршруттар саны 43-тен 45-ке дейін артты. Қазіргі уақытта Тараз қаласының қоғамдық көлік жүйесінде барлығы 492 автобус жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер соңғы жылдары жүргізіліп жатқан көлік инфрақұрылымын жаңарту бағдарламасының тиімділігін дәлелдейді. 2024 жылы қалаға 155 жаңа автобус әкелініп, соның арқасында 3 жаңа бағыт – №13, №18 және №41 маршруттары ашылды. Сонымен қатар 10 бағыттың көліктері толық жаңартылды (№16, 28, 33, 34, 40, 44, 46, 54, 55, 61), ал тағы 4 бағытта (№12, 23, 27, 29) автобустар ішінара жаңартылды. Мұндай жүйелі жұмыстар Тараз тұрғындарының көлік қызметіне деген сенімін арттырып, қала ішіндегі қатынасты анағұрлым ыңғайлы әрі тиімді етуге бағытталған. Қоғамдық көліктердің сапасы мен саны көбейген сайын тұрғындардың уақыт үнемдеуі, жолда өзін қауіпсіз сезінуі және экологиялық таза ортада жүру мүмкіндігі артады. Қазіргі таңда көптеген жаңа автобустар экологиялық стандарттарға сай, газбен немесе электр қуатымен жұмыс істейді. Бұл қала ауасының ластануын азайтып, табиғатқа келетін зиянды әсерді төмендетеді. Сондықтан көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі тек экономикалық немесе техникалық емес, сонымен бірге экологиялық және гуманистік мағынаға ие.
Мәселен, Еуропаның ірі қалаларында қоғамдық көлікке басымдық беру арқылы көше кеңістігі ұтымды пайдаланылып, адамдардың қозғалысы жеңілдей түсті. Транспорттық жүйенің тиімділігі экономикалық өсімге де әсер ететіні дәлелденген. Өйткені көлік қатынасы мен логистика саласы – кез келген аймақтың даму қарқынына тікелей ықпал ететін фактор. Тасымал жүйесі жақсы дамыған өңірлерде инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, өндіріс пен сауда айналымын жандандыру әлдеқайда оңай. Жалпы алғанда 2023-2025 жылдар аралығында Тараз қаласында жаңадан 13 жолаушылар бағыты ашылды. Атап айтқанда, 2025 жылы №37, №62, №31 және №50 бағыттары іске қосылып, қалаішілік және қала маңындағы қозғалысты жеңілдетті. Осылайша, бағыттар саны 45-ке жетті. Биыл ашылған жаңа маршруттар Байзақ және Жамбыл аудандарынан қалаға қосылған елді мекендер тұрғындары үшін ерекше маңызды рөл атқарып отыр. Жыл басынан бері Тараз қаласына 47 жаңа автобус жеткізілген болатын. Ал бүгін қосылған 24 автобустың арқасында бұл көрсеткіш 71 бірлікке жетті. Мұндай ауқымды өзгерістер қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, экологиялық таза әрі заманауи стандарттарға сай инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, соңғы екі жыл ішінде қала көшелерінде жаңа автобустардың саны күрт өсті, ал бағыттардың географиясы кеңейді. Бұл тек техникалық жаңару емес, сонымен бірге әлеуметтік әділдік пен тұрғындарға деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Тараздың қоғамдық көлік жүйесіндегі бұл оң өзгерістер қала тұрғындарының күнделікті өмірін жеңілдетіп, өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырып отыр.
С. Бақберген
Жамбыл облысы