Оқиғалар

Жылтыраған өмірдің көлеңкесі

Қазіргі қоғамда ең тез сатылатын нәрсе – шындық емес, әсер. Әсіресе әлеуметтік желі дәуірінде өмірдің мазмұны емес, сыртқы қаптамасы алдыңғы орынға шығып барады. Біреу қымбат көлік мінсе, біреу бренд киім кисе, енді бірі шетелден күнде сурет жүктесе – жұрт соны «жетістік» деп қабылдайды. Ал сол жылтыр кадрлардың артында қарыз, жалғандық, психологиялық күйзеліс немесе бос мақтан жатқанын ешкім көрмейді.

Фото: ЖИ / Жас Алаш

Бүгінде адам өзінің кім екенін емес, өзгелерге қалай көрінетінін көбірек ойлайтын заман туды. Әлеуметтік желі көпшілік үшін байланыс құралы емес, жарыс алаңына айналды. Бірі байлығын көрсетеді, бірі жасанды мотивация сатады, енді бірі өмірді «жеңіл байып кетудің» формуласына айналдырып жіберді. Соның салдарынан қоғамда қауіпті құбылыс қалыптасып жатыр – жастар еңбек пен білімге емес, көзбояушылық пен тез табысқа сенетін болды.

Қазір «коуч», «ментор», «мотивациялық спикер» көбейіп кетті. Әрине, адамның дамуына көмектесетін, тәжірибесі бар кәсіби мамандар жоқ емес. Бірақ мәселе – олардың арасында нақты білімі де, кәсіби жолы да жоқ, тек әлеуметтік желідегі әдемі видеолар арқылы танылған жалған коучтардың қаптап кетуінде. Олар адамның әлсіз тұсын жақсы біледі: тез байығысы келетін арманын, өзін өзгеден кем сезіну қорқынышын, өмірін өзгертуге деген ішкі күйзелісін пайдаланады.

«Мен миллион таптым, сен де табасың», «сананы өзгертсең болды», «ақша энергиясын тарту керек» деген бос ұрандармен халықты алдайтындар көбейді. Бір қызығы, сол коучтардың өзі нақты қандай кәсіппен байығанын түсіндіре алмайды. Көп жағдайда олардың негізгі табысы – адамдарға «бай болуды үйретуден» түседі. Яғни олар өнім өндірмейді, зауыт ашпайды, ғылыммен айналыспайды, қоғамға нақты құндылық бермейді. Олар тек иллюзия сатады.

Мұның қауіптілігі – жастардың санасын улауында. Әлеуметтік желіде қымбат мейрамхана, жалға алынған көлік, қолдан жасалған «VIP өмір» көрсетіледі. Соны көрген қарапайым адам өзін сәтсіз сезіне бастайды. Әсіресе ауылдан шыққан, енді өмірге қадам басқан жастар «мен де тез байуым керек» деген психологияға түседі. Бірақ ешкім экран сыртындағы шындықты айтпайды.

Қазір несиеге той жасау, кредитке телефон алу, қарызға көлік міну қалыпты құбылысқа айналып барады. Кейбір адамдар табысын емес, барын көрсету үшін өмір сүреді. Бір күндік мақтан үшін жылдар бойы қарыз төлейді. Бұл – экономикалық мәселе ғана емес, рухани дағдарыс.

Қазақ «көрпеңе қарай көсіл» деген. Бұрын адам шамасына қарап өмір сүретін. Ал қазір көпшілік шамасына емес, жұрттың сөзіне қарап өмір сүретін болды. Әлеуметтік желідегі мақтан – бүгінгі заманның жаңа ауруы. Бір өкініштісі, адам өз өмірінен ләззат алуды емес, оны өзгеге дәлелдеуді маңызды санайды.

Жалған коучтар мен жылтыр өмірдің тағы бір зияны – еңбектің қадірін түсіруі. Нағыз жетістік – ұзақ жолдың, тәртіптің, білімнің, тұрақты еңбектің нәтижесі. Ал бүгінгі мотивациялық инфоцыгандар бәрін оңай етіп көрсетеді. «Үш айда миллионер бол», «бір аптада табысыңды өзгерт», «ойыңды өзгертсең болды» деген бос сөздер адамдарды шынайы өмірден алыстатады.

Шын мәнінде, өмір Instagram-дағы сторис емес. Адамның жетістігі суретпен өлшенбейді. Байлық – қымбат көлік не бренд киім емес. Байлық – қарызсыз өмір, ішкі тыныштық, адал еңбек, отбасының амандығы. Бірақ мұны түсіндіретіндер аз, өйткені қарапайым шындық хайп әкелмейді.

Қоғам қазір өте қауіпті құндылықтық кезеңге келді. Егер біз жастарға еңбектің, білімнің, қарапайымдылықтың қадірін түсіндірмесек, ертең тұтас буын жалған өмірдің құрбаны болуы мүмкін. Өйткені әлеуметтік желіде бәрі бай, бәрі бақытты, бәрі табысты болып көрінеді. Ал шынайы өмірде адамдардың көбінің ішінде бос қуыс, күйзеліс пен жалғыздық жатыр.

Сондықтан бүгін қоғамға жалған мотивация емес, сау сана керек. Жылтыр өмірге тамсану емес, шынайылыққа оралу қажет. Адам өз өмірін өзгенің витринасымен салыстыруды тоқтатуы тиіс.

Кейде тым қарапайым өмір сүретін адам әлеуметтік желідегі «табысты» адамдардан әлдеқайда бақытты болуы мүмкін. Бірақ оны камера көрсетпейді. Өйткені тыныштық пен адалдық көпшілікке жария болмайды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жалған өмір