Оқиғалар

Жолдаудағы стратегиялық міндеттер: Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа кезеңі

Жолдаудағы стратегиялық міндеттер: Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа кезеңі

Фото Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан жаңа тарихи кезеңде ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыруға, экономиканы әртараптандыруға және технологиялық дамуға басымдық беріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттер елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап, ұлттық экономиканың әлеуетін арттыруға бағытталған.

"Халықтық құрылыс" бастамасы, жаңа көлік-логистикалық бағыттарды дамыту, өңірлік инфрақұрылымды жаңғырту және жасанды интеллект саласындағы жобалар Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібін қолдау мен отандық өндірісті дамыту елдің экономикалық дербестігін нығайтуда маңызды рөл атқарады.

Осы бастамалардың стратегиялық маңызы, олардың өңірлердің дамуына ықпалы және Қазақстанның халықаралық экономикалық кеңістіктегі орны туралы ҰТО Аймақтық талдау орталығының директоры Расул Қоспанов пікір білдірді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынып, "Халықтық құрылыс" бастамасын көтерді. Бұл бастама елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірлердің әлеуетін арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға қандай үлес қосады? Сондай-ақ оның қоғамды ортақ мақсаттар төңірегінде топтастыру тұрғысындағы саяси маңызы қандай?

– Еліміз шынымен де ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыру қарсаңында тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2027 жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы деп жариялауды ұсынып, "Халықтық құрылыс" бастамасын көтерді. Бұл бастаманың аясында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өңірлер мен ірі қалалардың әлеуетін арттыруға ықпал ететін ауқымды жобалар жүзеге асады деп сенемін.

Экономика және қаржы саласындағы сарапшылардың арасында Ұлттық қордан бөлінетін қаражат инфляцияны жеделдетуі мүмкін деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, мұндай тәуекел бар. Дегенмен еліміз инфрақұрылымды жаңғыртуға мұқтаж. Бұл – баршаға белгілі мәселе.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы Көкшетау – Петропавл автомобиль жолын кеңейту жобасының маңызы зор. Қазір Алматы – Астана бағытында заманауи автомагистраль жұмыс істейді. Сондай-ақ елордадан Бурабай мен Көкшетауға дейінгі жолдың жағдайы жақсы. Алайда Петропавлға дейінгі учаскеде әлі де екі жолақты жол сақталған.

Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі ірі ауыл шаруашылығы орталықтарының бірі. Егін жинау науқаны кезінде жолдарда ауыл шаруашылығы техникасы мен жүк көліктерінің қозғалысы артады. Жолдың тар болуы көлік қозғалысын қиындатып, басып озу кезінде қосымша қауіп тудырады. Сондықтан тасжолды төрт жолаққа дейін кеңейту туралы шешімнің маңызы зор. Бұл жобаның жүзеге асуы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, өңір экономикасының дамуына да оң әсер етеді.

Жалпы, мұндай инфрақұрылымдық жобалар халықтың күнделікті өміріне тікелей ықпал етеді. Жолдардың сапасы жақсарып, көлік қатынасы жеңілдесе, өңірлердің экономикалық мүмкіндіктері де кеңейеді. Сондықтан алдағы жылдары қазақстандықтар "Халықтық құрылыс" бастамасының нақты нәтижесін көреді деп сенемін.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі стратегиялық міндеттерін айқындап, егемендікті нығайту мен ішкі тұрақтылықты сақтауға ерекше назар аударды. Күрделі геосаяси жағдайда бұл басымдықтар Қазақстанның дербес ұстанымын нығайтуға және халықаралық беделін арттыруға қалай ықпал етеді?

– Мемлекеттің егемендігі көп жағдайда оның экономикалық саясатын қаншалықты дербес қалыптастыра алатынына байланысты. Мысал ретінде көлік саласын алайық. Қазақстанның теміржол инфрақұрылымы негізінен Кеңес дәуірінде қалыптасты және сол кезеңдегі экономикалық әрі логистикалық мүдделерді басшылыққа алды.

Бүгінде біз көлік жүйесінің даму бағыттарын өзіміз айқындап, оны ұлттық қажеттіліктеріміз бен мүдделерімізге сай қалыптастырып келеміз. Бұл – экономикалық дербестікті нығайтудың маңызды бағыттарының бірі. Себебі елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымы өз қажеттіліктеріне сай дамыған жағдайда Қазақстан халықаралық экономикалық байланыстарда да дербес шешім қабылдау мүмкіндігін кеңейтеді.

Қазақстан өзінің географиялық және геосаяси орналасуын тиімді пайдалануы қажет. Халықаралық көлік және әуе бағыттары өзгеріп жатқан қазіргі жағдайда еліміз қосымша транзиттік ағындарды тартуға мүмкіндік алады. Бұл Қазақстанның халықаралық экономикалық байланыстарын нығайтып, өңірдегі стратегиялық маңызын арттыра түседі.

Сондықтан инфрақұрылымды дамыту тек экономикалық міндет емес, сонымен қатар мемлекеттің егемендігі мен ұлттық мүдделерін қамтамасыз етудің маңызды тетігі деп есептеймін.

– Президент Қазақстанды Еуразияның жетекші көлік-транзиттік хабына айналдыру, жаңа әуежайлар салу және халықаралық көлік бағыттарын цифрландыру міндеттерін қойды. Бұл бастамалар еліміздің геосаяси және геоэкономикалық маңызын арттыруға, сондай-ақ Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін нығайтуға қандай мүмкіндіктер ашады?

– Қазірдің өзінде бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағыты дамып, жаңа автомобиль және теміржол магистральдары салынып жатыр.

Мәселен, "Орталық – Батыс" автомобиль жолы жобасының стратегиялық маңызы зор. Бұл жоба Астана мен еліміздің батыс өңірлері арасында тікелей көлік қатынасын орнатуды көздейді. Кеңес дәуірінде Ақмолинск, кейін Целиноград атанған қала облыс орталығы болғандықтан, оны батыс өңірлермен тікелей байланыстыратын жол салу қажеттілігі туындамаған. Бүгінде жағдай өзгерді. Елордамыз еліміздің барлық өңірімен қолайлы көлік қатынасына ие болуы керек.

Сонымен қатар жаңа теміржол желілерін салу жобалары жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының стратегиялық маңызын түсінеді және Қытайдан Каспий теңізі арқылы Еуропаға шығатын бағыттағы транзиттік әлеуетін жүйелі түрде арттырып келеді. Ақтау мен Құрық порттарының инфрақұрылымы да дамып жатыр.

Әуе қатынасын да назардан тыс қалдыруға болмайды. XXI ғасырда халықтың ұтқырлығы жоғары болуы керек. Қазақстандықтар еліміздің қалалары арасында және шетелге жылдам әрі қолайлы әуе қатынасы арқылы қатынай алуы қажет.

Менің білуімше, Астанада жаңа әуежай салу жобасы аясында Сингапурдың Changi Airports International компаниясымен ынтымақтастық жөнінде келісімдерге қол жеткізілген. Қазір ұйымдастырушылық және техникалық мәселелер пысықталып жатыр. Бұл жоба елорданың ірі халықаралық авиациялық хаб ретінде қалыптасуына ықпал етеді деп сенемін.

Халықаралық көлік және әуе бағыттары өзгеріп жатқан қазіргі жағдайда Қазақстан қосымша транзиттік ағындарды, соның ішінде Ресейдің жекелеген өңірлерінен келетін жолаушылар легін тартуға мүмкіндік алады. Бұл бағытта тиісті қызметтерді дамыту елімізге қосымша табыс әкелуі мүмкін.

Өңірлік әуежайларды дамыту да аса маңызды. Көп жағдайда облыс орталықтарынан Астана мен Алматыға ғана тікелей әуе рейстері бар. Ал өңірлік авиацияның әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ.

Авиация саласы жолаушылар тасымалымен ғана шектелмейді. Оның маңызды бағыттарының бірі – жүк тасымалы мен логистика. Менің білуімше, Қарағанды әуежайы осы бағытта дамып келеді. Сонымен қатар басқа өңірлерде де жүк әуе тасымалын кеңейту және жаңа серіктестер тарту жөніндегі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Осы жобалардың барлығы Қазақстанның Еуразиядағы көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Еліміз халықаралық сауда бағыттарындағы маңызды буынға айналып, Орталық Азиядағы стратегиялық рөлін нығайта алады.

– Жолдауда цифрлық экономиканы қалыптастыруға, жасанды интеллектіні дамытуға және жоғары технологиялық өндірістерді іске қосуға ерекше мән берілді. Президент айқындаған технологиялық жаңғырту саясаты Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға қалай әсер етеді?

– Цифрландыру саласына келсек, Қазақстан бұл бағытта қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Алайда қол жеткізген нәтижелермен шектелуге болмайды. Халықаралық рейтингтердегі жоғары орнымызды сақтап қалу үшін үнемі даму қажет. Ал басқа елдерден озық болу үшін бұдан да жылдам қимылдауымыз керек.

Осы тұрғыдан алғанда, Екібастұздағы "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" жобасын ерекше перспективалы бастама деп санаймын. Бұл жоба Қазақстан экономикасының жоғары технологиялық секторын дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Заманауи есептеу инфрақұрылымын қалыптастыру үшін қомақты энергетикалық қуат қажет. Ал Екібастұздың энергетикалық әлеуеті бұл бағытта белгілі бір артықшылықтар береді.

Қазірдің өзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан технологиялық жобаларға Қытай мен Батыс компанияларының қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың Астанаға сапары да еліміздің жасанды интеллект экожүйесін дамытуға деген халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар Astana Hub пен alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының дамуын да ерекше қызығушылықпен бақылауға болады. Бұл орталықтарда цифрлық технологияларды дамытуға, стартаптарды қолдауға және заманауи технологиялық экожүйені қалыптастыруға бағытталған маңызды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы, цифрлық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және жоғары технологиялық жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасының жаңа бағыттарын қалыптастыруға жол ашады. Бұл еліміздің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуіне мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және отандық өндірісті нығайту бойынша нақты міндеттер қойды. Осы экономикалық басымдықтар Қазақстанның ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асыруға және экономикалық дербестігін нығайтуға қалай ықпал етеді?

– Әріптестерімнің арасында жекелеген компанияларға мемлекет тарапынан шамадан тыс қолдау көрсетіліп жатыр деген пікірлерді жиі естимін. Кейбіреулер нарықтық экономика бәрін өз орнына қояды деп есептейді.

Алайда Қазақстанның 1991 жылы әлемдік экономикаға дербес қатысушы ретінде енгенін түсінуіміз керек. Сол кезде экономиканың көптеген салаларындағы негізгі орындар әлдеқашан қалыптасып қойған еді. Әрине, біз тек шикізат өндірумен ғана айналыса алар едік. Бірақ мұндай жағдайда елімізге шикізат жеткізуші мемлекет рөлінен өзге айтарлықтай мүмкіндік бұйырмас еді. Біз мұнымен келісе алмаймыз. Кез келген жауапты басшы елдің ұлттық мүддесін басшылыққа алып, өндірістің терең өңдеу сатыларын дамытуға ұмтылуы керек.

Биыл бізде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қатысуымен іс-шара өтті. Ұлттық талдау орталығында біз өңдеу өнеркәсібі Қазақстанда біршама жақсы дамып келе жатыр деп есептейміз. Оның экономикадағы үлесі де біртіндеп артып келеді. Бәлкім, жалпы экономика аясында бұл өзгерістер аса байқала бермейтін шығар. Алайда Қазақстан экономикасының едәуір бөлігін Қашаған мен Теңіз сияқты ірі мұнай кен орындары қалыптастыратынын ескеру қажет. Осындай алып жобалармен қатар өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру оңай міндет емес. Соған қарамастан, бұл сала дамып келеді. Сондықтан оны қолдау қажет деп санаймын.

Мен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын құптаймын. Дегенмен мемлекеттен қолдау алатын компаниялар белгілі бір міндеттемелерді өз мойнына алуы керек. Атап айтқанда, отандық тауарларды сатып алу үлесін арттырып, қазақстандық өндірушілердің дамуына жағдай жасауы және қызметкерлеріне лайықты жалақы төлеуі қажет. Сонымен қатар олар жауапты жұмыс беруші болуы тиіс.

Бұл тұрғыда Қазақстан жаңа жол ойлап тауып отырған жоқ. Мәселен, Францияда Шарль де Голль тұсында мемлекет ұлттық бизнесті, соның ішінде Peugeot пен Renault сияқты автомобиль компанияларын белсенді қолдады. Оңтүстік Кореяның Пак Чон Хи және Сингапурдың Ли Куан Ю тұсындағы даму тәжірибесін де мысалға келтіруге болады. Бұл елдер өз тарихының белгілі бір кезеңдерінде ұлттық өндіріс пен бизнесті қолдауға бағытталған белсенді саясат жүргізді.

Сондықтан Қазақстан ең алдымен өзінің ұлттық мүддесін басшылыққа алуы керек.

Сонымен қатар елімізде Жолдаулар мен түрлі бастамалар аз болған жоқ. Өкінішке қарай, олардың барлығы бірдей толық жүзеге асқан жоқ. Сондықтан қоғамның маңызды міндеттерінің бірі – Үкіметтің Қазақстан халқына берген уәделері мен міндеттемелерін орындауын қадағалау.

Биыл еліміз үшін экономикалық серпіліс жылы болады деп үміттенемін.

Сайт Әкімшілігі