ЖСДП-ның қожайыны Ақорда мен ҰҚК ме?
Сонымен, мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысатын партиялар арасынан ең соңғы болып съезін өткізген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) 10 қаңтарда өтетін аламан додадан бас тартатынын хабарлады.
Қысқасы, «бойкот» деді. Неге? Партияның бұйдасын ұстап отырған Асхат Рақымжанов: «Сол баяғы ереже, сол баяғы жағдай, сол баяғы саяси партиялар… Осыған орай, келе жатқан сайлауға бойкот жариялаймыз», – деді.
Уәж осы. Бітті. Съезге қатысып отырған өзгелері де осы ұсынысты қолдап шықты деуге болады. Қысқасы, ЖСДП сайлаудан қалыс қалды. Доданы билікшіл бес партия жалғастырмақ. Осы уақытқа дейін халық та, өздері де ЖСДП-ны елдің сөзін сөйлейтін оппозициялық партия деп танып келген еді. Алайда «сенген қойым сен болсаң» демекші, парламентке барып, халықтың мұң-зарын, арман-тілегін көтереді деген партия осылайша бұлт етіп, өзгеше әңгіме айтты. Нағыз саяси науқанда солқылдақтық танытты.
«Осылары дұрыс па? Елде өзгерістер, саяси реформалар болуы үшін бұл партия қалайда сайлауға қатысуы тиіс еді. Мейлі, азғана дауыс жинасын, бірақ сайлауда оппозицияның «иісі» шығып тұрғаны жөн-тұғын. Бұлай сайлаулардан бас тарта берсе, онда олар қандай оппозиция болмақ? Түсінбеймін. Амал қанша, өз ішінен жарылып, басшылыққа таласып жүрген ЖСДП-дан алдағы уақытта үміт күтудің қажеті жоқ секілді», – дейді белгілі қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай.
Ал осы партияны төрт ай басқарған, алайда өз ішіндегі текетіресте төрағалықтан тайдырылған Ермұрат Бапи ЖСДП-ның бойкотқа байланысты байламына былай дейді: «ЖСДП соңғы съезінде жариялаған бойкот ол партия кеңесінің не болмаса мүшелерінің шешімі емес. Бұл жоғарыдан, яғни биліктен берілген нұсқау. Бұл партия былтырғы қыркүйек айындағы төңкерістен кейін таза биліктің қолына өткен. ЖСДП-ның саяси кеңесі өз еркімен әлдебір шешім шығаратын қауқарда емес. Өйткені бұл партияның қазіргі қожайыны – Ақорда мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Егер де Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға түсетін болса, билікке, «Нұр Отанға» қарсы электорат қолдап кетер еді. Сыртта жүрген бизнесмен Мұхтар Әблязов та жұртты осы партияға дауыс беруге шақырды. Бұл билікке үлкен қауіп, проблема тудырары хақ. Ал бұдан құтылудың ең қолайлы жолы бойкот жариялау болатын. Солай болды, яғни билік айтты, партияның саяси кеңесі солай жасады. Бар гәп осында жатыр».
Бұдан асырып айту мүмкін емес. Демек, алдағы бес жылда парламент тағы да оппозициялық күштерсіз биліктің ишарасына бас шұлғумен өткізері хақ. Ал ЖСДП-ға келер болсақ, осыдан кейін оны қалайша халықтың сөзін сөйлейтін оппозициялық партия деп танимыз? Әрине, жоқ!