Жұлдыз Сүлейменова. «Сүмбіле»
Жұлдыз есімді қыздардың ішіндегі «жап-жарығы» – Жұлдыз Сүлейменова десек, оған ешкім дауласа қоймайтын шығар.
Өйткені танымалдық тұрғысынан Оқу-ағарту министріне жететін ешкім жоқ. Ал қазақ көктегі жымыңдаған жұлдыздардың ең жарығын Сүмбіле деп атаған. Сондықтан біз бүгін жердегі мықты министр мен көктегі жарық жұлдыз арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды «електен» өткіземіз.
«Сүмбіле туса, су суыр»
Бұл сөз тіркесін сан рет естіген шығарсыз. Бірақ мағынасын аса түсіне бермеуіңіз мүмкін. Ендеше, ұғып алыңыз, Сүмбіле қыркүйек айында туады да, таңға жуық жарқырап көрінеді. Қазақта мынадай бір жұмбақ бар: «Сүмбіленің туғанын кім біледі?». Жауап оп-оңай – «Сүмбіленің туғанын су біледі». Демек, Сүмбіле туғаннан бастап түн суық тартады да, су салқындайды. Ала жаздай жылы суды «тыжырынып», шала ішетін төрт-түлік енді өзен-көлге бас қойып, бүйірі айналғанша сіміреді. «Сүмбіле туар жылтиып, ат семірер құнтиып» деген сөз орамының негізгі айтпағы да – сол.
Білесіз ғой, Жұлдыз Сүлейменованың да «сапырылысқан» шаруасы қыркүйектен басталады. Басқалай айтсақ, кейіпкеріміз қыркүйекте «жарқырап» көрінеді. Өткенде, жаңа оқу жылы басталғанда, министр ұстаздар қауымы мен ата-аналарды, сондай-ақ оқушыларды білім күнімен құттықтаған. Сонда балаларға қарата былай деді: «Қымбатты оқушылар, алдарыңызда жаңа білім, жаңа достар және жаңа мүмкіндіктер тұр. Армандаңыздар, ізденіңіздер, ең бастысы, өздеріңізге сеніңіздер!».
Иә, әрине, арман деген жақсы-ақ. Бірақ білдей министр мектепке «бас қойып», білімнен «сусындағалы» тұрған балаларға неге «ұмтылыңыздар», «құлшыныңыздар» демеді. Алдымен «армандатып» алып, «өздеріңізге сеніңіздер» деудің ар жағында не бар? Міне, осыны дұрыс түсіне алмаған көпшіліктің көкейінде әртүрлі ой-пікір қылаң берді. Расында, жаңа салынған мектептері бір ашылып, бір жабылып сарсаңға түскен балалардың арман-мұратын түйсінуге болатын шығар. Ал өздері оқитын мектеп басшылығындағы жемқорлыққа қатысты ырың-жырың бүкіл республикаға тараған білім ошақтарындағы оқушылардың нені армандайтынын тап басып тану қиын. Осындай жағдайларды бастарынан кешкен балалардың «өздеріне сенуі» мүмкін бе? Бұл мәселеге әңгіменің ретіне қарай кейінірек тоқталамыз.
Осы жерде Сүмбілеге тағы бір соғудың жөні келіп тұр. Өйткені қазақ Сүмбіле көрінген сәттің бәріне «сүйсіне» бермеген. Сүмбіленің қарашадан кейінгі көрінісін «суыққа бейім жұлдыз» деп малшы қауымы жақтырмаған. Салыстырудың осы тұсына келгенде, «Сүлейменованың тіршілік пен табиғатқа лайық «жарқырауы» Мәжілісте өтіп кеткен жоқ па екен?» деген бір сауалдың құлағы қылтияды.
Мәжілістегі мұғалім
Мына ұқсастықты қарасаңызшы, министрдің өмірге келуі де, Сүмбіленің көрінер сәтімен орайлас. Дәлірек айтсақ, Жұлдыз Сүлейменова Сүмбіле туардан бір апта бұрын, яғни 1983 жылдың 25 тамызында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында дүние есігін ашқан. Мамандығы – тарихшы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. «Философия және саясаттану» мамандығы бойынша ҚазҰУ докторантурасын, «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD дәрежесін алған.
Білім саласында аянбай еңбек еткен кейіпкеріміздің саяси әлемде «жарқырап» көрінуі «Нұр-Отан» партиясымен байланысты. 2006-2007 жылдары «Нұр-Отан» партиясының Ақтөбе облысы бойынша жастар ісі жөніндегі кеңесшісі болды да, кейін «Жас Отан» Жастар қанаты республикалық кеңесі төрағасының орынбасарлығына көтерілді. 2012-2021 жылдары аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» білім жүйесінде аға менеджерден бастап, мектеп директоры, департамент директоры сынды жауапты қызметтерді атқарды.
Ал енді Жұлдыз Сүлейменова қандай депутат болды? Мұны сол тұстағы әріптестерінен сұрасаңыз, «мықты» деп үнемі бас бармағын көрсетеді. Өйткені кейіпкеріміз көзін бір ашып, бір жұмып, «шала ұйқыда» отыратын мәжілісмендерге ұқсаған жоқ. Өте белсенді депутаттардың бірі болды. Өзі жақсы білетін сала болғаннан кейін де шығар, білім жүйесіндегі былықтарға жиі шүйлікті. «Білім саласында қордаланған мәселе көп, бірақ министрлік берген уәделерін орындамай келеді» деп ашық айтты. Тағы бірде Ақтөбе облысындағы ашылмай тұрған алты мектептің тағдырын көтеріп, сол кездегі министр Ғани Бейсембаевтың «екі аяғын бір етікке тықты». Мұғалімдерді аттестациялау процесінің тоқтап қалғанын, оның соңы жемқорлыққа ұрындыратынын айтып, ведомство жетекшілерін «ұрып-соғып» алды...
Сөйткен депутат көп ұзамай Оқу-ағарту министрлігіне өзі келді ғой. Мұның ең жақсы жері – «Аманаттың» шапанын жамылған бұрынғы «Нұр-Отандықтардың» кейбірі «енді қайтсек, «Әділетке» өтіп, Құрылтайға барамыз?» деп шарқ ұрып жүргенде, Жұлдыз Сүлейменова бұрынғы әріптестеріне министрдің креслосынан қарап отырды.
Айтпақшы, кейіпкеріміздің Мәжілістегі өкілеті тоқтап, министр болып тағайындалғанда, кейбіреулер «Атаңа не қылсаң, алдыңнан сол шығады» деп мысқылдапты деседі. Бірақ бұл жерде мысқылға орын беретіндей не бар?! Біріншіден, Ғани Бейсембаев кейіпкеріміздің атасы емес. Екіншіден, кім келіп, кім кетпеген министрлік бұл? Дегенмен қазіргі министрдің алдынан мүлде басқа дүние «шыққаны» анық енді.
Өткірлік пен өктемдіктің арасы
Шынын айту керек, Жұлдыз Сүлейменова – өте сауатты сөйлейтін шенеунік. Әлдекімдердей бірді айтып, бірге кетпейді. Ойын жүйелеп, айтпағын әдемі жеткізеді. «Аманаттың» сапында жүріп, Қызылорда жұртымен кездесуінде: «Мен сіздерге бөтен емеспін, өйткені ата-бабаларым Арал өңірінде өскен. Репрессия кезеңінде Шалқарға барып, тұрақтаған», – деген еді. Сондықтан ба екен, кейіпкеріміздің кейбір пікірлері Аралдың тұзындай ащы шығады. Ал үлкен саясатта ащы сөзді өткір адам ғана айтатыны белгілі. Бірақ ащы айтам, әділін айтам деп «аузынан арандайтын» адам – бұл кісі емес.
Саясаткерлігі ғой, астарында «әлдене жасырынған» сауалдарды оп-оңай айналып өтеді. Мәселен, YouTube-арнадағы бір сұхбатында журналист Сүлейменовадан Нұрсұлтан Назарбаев туралы сұраған. Ал кейіпкеріміз не деді? Былай деді: «Мемлекет басшысының мынадай ойы бар: Назарбаевтың тарихи мұрасын құрметтеуіміз керек, саяси мұрасынан сабақ алуымыз керек. Иә, біз саяси мұрасынан сабақ алуды 2022 жылдан бастап кеттік...». Керемет айтылған пікір ғой, бұл – бұрынғы президент Назарбаев туралы сұраққа бүгінгі президент Тоқаевтың «аузымен» жауап бергенмен бірдей.
Енді саясатта өте сақ сөйлейтін кейіпкерімізді «айналсоқтаған» бір мәселені де айта кетейік. Шілденің ыстығында әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген бір «ыстық» ақпарат тараған еді. Ондағы деректерге сүйенсек, президенттің атына Жұлдыз Сүлейменованың үстінен ұжымдық арыз жазылған-мыс. Өздерін министрліктің қазіргі және бұрынғы қызметкерлеріміз деп таныстырған авторлар министрді қызметтен кетіруді сұраған көрінеді. Сол хаттың мәтінінде тіпті мынадай да жолдар бар: «Министрдің басқару стилі ерекше алаңдаушылық туғызады. Аппараттық кеңестер мен жұмыс кездесулері кезінде құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық ұйым басшыларына дауыс көтеру, эмоциялық қысым жасау, көпшілік алдында орынсыз ар-намысын қорлайтын сын айту жағдайлары жиі кездеседі».
«Оқу-ағарту министрі өткір ғана емес, өктем екен ғой» деген пікір көпшіліктің көңіліне осы тұста ұялады. Алайда депутат Мұрат Әбенов Ақордаға жолданды делінген құжаттың президент әкімшілігіне түспегенін айтып, «министрге қатысты ақпараттық шабуыл жүріп жатыр» деп «аттандаған». Ал ведомствоның баспасөз қызметі: «Аталған шағым ресми тіркелмеген. Осыған байланысты арызды тарату және жариялау фактілері бойынша сот органдары мен құқық қорғау органдарына тиісті талап-арыздар жолданады», – деген еді.
Қызығы, Сүлейменованың үстінен жазылды делінген сол арыз туралы ақпараттар мен хат мәтіні бірқатар БАҚ-тың сайтында әлі күнге дейін «салақтап» тұр. Сонда министр өз құқын қорғағысы келмеген бе, әлде соттасып-оттасып жүруді басы артық шаруаға балаған ба? Біз бұл жағын айта алмаймыз. Әйтеуір бұрқ-сарқ етіп, қайта басылған даулы әңгімеден кейін ел көңілінде «Сүмбіленің суығы «ыстық» арызды «мұздатып» тастаған жоқ па екен?» деген бір күдік қалғаны анық.
Министрлік «іштен іріп» жатыр ма?
Министрмен бірге реформасы да ілесе келетін оқу-ағарту саласы қазір қыз-қыз қайнап жатыр. Бұл тұрғыда кейіпкеріміздің кейбір бастамалары ата-аналарға ұнады. Мәселен, бастауышта оқитын балапандар БЖБ мен ТЖБ-дан құтылды. Балалардың білім деңгейі енді диктант, ауызша емтихан және басқа да бағалау тәсілдері арқылы анықталады. БЖБ мен ТЖБ-ның «түбіне су құюды» министр жалғыз өзі шеше салған жоқ. Алдымен көпке сауын айтып, мәселені жұрт талқысына салды да, сосын оқушының білімін бағалаудың күмәнділеу нұсқасын «күресінге» тастады.
Сүлейменова әкелген жаңалықтың енді бірі – директорлар бұрынғыдай «жалпайып» отыра бермейді. Жаңа жүйеге сәйкес, қаладағы мектеп директорлары «2+2», ауылдағы мектеп директорлары «3+3» форматымен жұмыс істеуі мүмкін. Демек, белгілі бір мерзімнен кейін басшының қызметі қайта қаралады да, не ротация, не қайта тағайындау мәселесі шешіледі.
Дегенмен кейіпкеріміздің тәп-тәуір бастамаларын басқа түгілі, мұғалімдердің өздері түсіне алмай жатқан сияқты. Өйткені әлеуметтік желіде Нұргүл Әбілдина деген мұғалім «Бұйрық қайда, министр?» деген тақырыппен пост жазып, кейіпкерімізге орынды сауал қойды. Оның айтуынша, 1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңа оқу курстары қандай құқықтық негізде енгізілетіні әлі белгісіз. «Осы өзгерістердің әрқайсысы 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бекітіліп, қолданысқа енгізілгенін растайтын бұйрықтың нөмірі, күні, тармағы және тиісті қосымшасы қайда? Бүгінде еліміздің мектептері жаңа оқу жылын бастап кетті: педагогтердің оқу жүктемесі бөлінді, сабақ кестесі жасалды және оқу процесі басталды. Бірақ мұның бәрі қандай құқықтық негізде жүзеге асырылып жатыр?», – дейді Әбілдина.
Ал Оқу-ағарту министрлігі жанынан құрылған Ағарту және бала құқықтары жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Тілекқабыл Нұрышев бастауыштан БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастаудың қаншалықты дұрыстығына әлі бойлай алмай отыр. Себебі БЖБ мен ТЖБ әр баланың алдынан бастауышты бітірген соң қайта шығады. Ендеше, баланың оған жасынан үйрене бергені жөн шығар, бәлкім?!
Нұрышев министрдің жасап жатқан реформаларына қатысты былай дейді: «Жалпы, Жұлдыз Сүлейменованың беталысы дұрыс болуы мүмкін. Бірақ оның реформалары соңына дейін жетеді, мақсаты орындалады дегенге күмән көп. Өйткені оқу-ағарту саласы емес, министрліктің ішінде бірлік-береке жоқ. Өткендегі даулы әңгіме кезінде, «министр отыз шақты адамды орнынан алды» деген ақпарат тарады. Меніңше, бұл жай сөз емес. Бұл – министрлік ішіндегі берекетсіздіктің белгісі».
Орындалған арман туралы аңыз
Естеріңізде болса, әңгімеміздің басында кейіпкеріміздің «Армандаңыздар, ізденіңіздер, ең бастысы, өздеріңізге сеніңіздер!» деген бір сөзін келтіргенбіз. Енді осыған тереңірек үңілейік. Ертеректе берген бір сұхбатына қарағанда, Сүлейменова 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін өте жақсы оқыған екен. Оған қоса, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Өкініштісі, қанша жерден лайық болса да, Алтын белгі бұйырмаған. Міне, сол кезде кейіпкеріміз «болашақта саясатқа барамын, осы салада өзгерістер енгіземін» деген балалық арманға беріледі.
Әнеки, арман-қиялдың ақыры кейіпкерімізді дегеніне жеткізді. Қазір министр қолынан келгенше, өзін «алтыннан қаққан» саланың «қаққанда қанын, соққанда сөлін» алып жатыр. Дегенмен қанша жерден армандаса да, биыл мектепке барған 4 миллионнан аса баланың бәрі бірдей Сүлейменова құсап, министр болып кетпейтіні анық.
Ендеше, қазіргі балалар нені армандап жүр? Оқырманның есінде болар, жуырда ғана «Жас Алаш» газеті «Нариман Төреғалиевтің «жаңа мектебі» құлағалы тұр» деген мақала жариялады. Өйткені Теректі ауданы Магистрал ауылындағы жаңа салынған мектеп бір ашылып, бір жабылып, оқушыларды әбден зәрезап қылған. Неге десеңіз, мектеп – апатты жағдайда, жеңіл-желпі жөндеу жүргізілгенімен, қабырғалары қайтадан ырсия бастайды. Жалғыз Магистрал емес, облыста 16 апатты мектеп, 9 үш ауысымды мектеп бар екені айтылады. Сапасыз мектеп – әкімдіктікі болғанымен, «ит арқасы қиянға» қатынап оқитын балалар – Оқу-ағарту министрлігінің «меншігі» болуы тиіс. Сондықтан Батыс Қазақстанда балалар нені армандайтыны белгілі шығар. Әттең, министрдің жолы түспей жүрген сияқты, әйтпесе көкейлерін тескен армандарының қандай екенін кейіпкерімізге оқушылардың өздері-ақ айтып берер еді.
Байқадыңыз ба, Кентаудағы №14 мектепте болған оқиға делінген айғай-шудың бейнежазбасы екі-үш күннен бері әлеуметті дүрліктіріп жатыр. «Бастауыш сынып мұғалімін жұмысқа қабылдау үшін мектеп басшылығы 1 млн теңге талап еткен» деген ақпарат пен сол оқиғаны бейнелеген дау-дамай жұрттың жағасын ұстатты. Енді қараңызшы, осы шу-шұрқанды әлеуметтік желіден көріп отырған сол мектептің балалары қандай күйге түседі? Олардың бірдеңе армандай алуы мүмкін бе? Бәлкім, бұл бала психологиясына салмақ салатын үлкен соққы шығар?
Әрине, «Астанада отырған министр Кентауда не болатынын қайдан біледі?» дейтін оқырмандардың кездесетінін ішіміз сезеді. Онысы қате де емес. Дегенмен кейіпкеріміз депутат кезінде Шымкентте уланған 15 бала үшін Оқу-ағарту министрін «жерден алып, жерге салып», былай дегені есімізде: «Шымкентте, республикалық олимпиадада 15 бала уланды. Дарынды балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне үлкен қауіп төнді. Бұл – ұйымдастырушылар тарапынан және облыстық білім басқармасы басшылығынан кеткен қате. Бірақ дегенмен ведомствоның басшысы ретінде, Оқу-ағарту министрі ретінде ұйымдастырудан кеткен үлкен қате болды».
Сонда ойлаңызшы, Шымкентте 15 баланың уланғаны – кешегі министрдің қатесі болса, Кентаудағы жемқорлыққа қатысты дау – неге бүгінгі министрдің қатесі болмауы керек? Батыста мектептері апатты деп танылып, қиырға қатынап оқитын балалардың – оңтүстікте уланған балалардан қай жері кем? Улану мен алысқа қатынаудың арасы жер мен көктей ғой десеңіз, 2026 жылдың наурыз айында болған автобус апатын еске саламыз. Теректі ауданының Подстепное кентінде оқушылар автобусы жол апатына ұшырап, 23 бала зардап шегіп, 4 бала ауруханаға түскен еді.
Қысқасы, Оқу-ағарту министрі балалардың арманы туралы ойын тағы бір мәрте зерделеп көретін шығар деп үміттенеміз.
Түйін
Сүмбіленің қазақ қана білетін бір қауіпті жері бар. Малсақ қазақ Сүмбіле туғанда, буаз малды мінгізбейді. Өйткені бусанған биені ноқтасын сыпырып қоя бергенде, суық су ішіп қойса – құрыды. Құлын тастап жіберуі мүмкін.
Қолға алған саласының қауіпті тұсын кейіпкеріміз де сезетін шығар деп ойлаймыз. Бұйырса, жастық жігері мен өткір мінезі министрді талай өткелектен алып шығатыны анық. Бастысы сол ғой, Оқу-ағарту саласын «іш тастатып» алмау керек...
Сансызбай НҰРБАБА