Сараптама

Жұмабай Шаштайұлы, жазушы: «Мұқағалидың ұстазы бізге де сабақ берді»

Мұқағали Мақатаевқа — 90 жыл

Jasalash.kz

   Мұқағалиға математикадан сабақ берген ұстазы Рахым Дәуітов кейіннен Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл музейі ауылында ұстаздық еткен, мектеп директоры болған. Мұқағалиға қатысты сөз болғанда жазушы Жұмабай Шаштайұлы Рахым ағай туралы жиі айтатын және сол кісінің себепкер болуымен Мұқағалидың шешесі Нағиманды көрген сәтін әңгімелейтін. Осы ауызекі әңгімені хатқа түсіріп, оқырманға сұхбат түрінде ұсынсақ дейміз. Өйткені ақынға қатысты қандай да бір шағын мәліметтің өзі бізді Мұқағалиға жақындата түседі.

— Жұм-аға, Рахым Дәуітов сізге қай сыныпта сабақ берді? Жалпы, сіздер жаққа қалай келіп жүр?

— Сабақ берді, мектеп директоры болды ол кісі. Бір ұл, бір қызы болды. Ырымкеш деген әйелі болды. Жамбыл ауданы ғана емес, Алматы облысындағы өте бір зиялы мұғалім. Педагогтық тұрғыда өте білімді, мәдениетті, шешен кісі болды. Біз ол кезде оның қай жақтың кісісі екенін білмеппіз. Әйтеуір, білетініміз, мақтану, кісімсу деген нәрсе бойында жоқ, нағыз педагог кісі еді. Партия ұйымының жетекшілерімен өте бір өктем сөйлесетін. Қазіргіше аудан әкімі, бұрынғыша аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды, Мансұров деген кісі, соның өзі оның алдында ығып тұратын, сыйлайтын. Бұл кісіні сыртынан Құнанбай дейтін. Бір көзі көрмейтін. Нарынқолда шекара маңында өссе керек, әскерилер жаттығудан кейін бірдеңесін ұмытып кетіп, сол жарылып, көзіне тиген көрінеді. Құрдастарының қойып жүргені. Көзінің кемістігі ғана емес, диктаттығы, өктемдігі, шешендігі – бәрі келіп тұр былай қарасаң.

— Қатал директор болды ма?

— Өзі, былай, адамдардың оқығанын жақсы көретін. Жақсы оқитын балаларға өте бір ілтипатты болатын. Бірақ нашар оқитындарды да алаламайды. Нағыз педагог. Әуелі менің шешем шашы өсіп кеткен үлкен ағамды ертіп барып, «мынау мені тыңдамайды, қаңғырып кетеді» депті. Үйінде шаш алатын машинкасы болады екен, соны алып шығып, өзі әдемілеп алып беріп, «әй, мынау әп-әйбат бала ғой» деп шығарып салыпты. Осындай ерекше мінездері болды. Сондай еркін адам. Өңді кісі еді, жиналыста, басқа жиындарда балаларды қорлап, кемсіткен кезін көрмеппін. Сосын, өмір көрген кісі ғой, адамшылығы да ерекше. Біздің әке-шешеміз малда болды, кейде интернатқа барып тамақ ішеміз ұялмай. Ол кісі көреді, бірақ ештеңе деген емес.

  Өте шешен дедім ғой. Мәскеуге, басқа жақтарға барып тұратын. Сол кезде өзге кісілер Рахым ағаймен бірге жүруге тырысады екен. Өйткені пойызбен қаншама күн жүреді ол кезде, сонда әңгіме айтқанда уақыттың өткенін байқамай қалады екен. Өзі мықты математик, бірақ сөйлеген сөзі, айтқан әңгімесі өзінше бір бөлек. Темпераменті Асқар Тоқпановқа келетін. Тоқпанов актер ғой енді, бірақ содан бір кем емес, лексиконы өте бай.

— Соғысқа қатыспаған сияқты. Мұқағалидан көп үлкен бе?

— Қатыспаған. Мұқағалидан төрт-бес жас үлкен болса керек. Оқу бітіре салып барып, Мұқағали 10-шыда оқып жүргенде сабақ беріпті. Мұқағалидың 60 жылдығы ма, 70 жылдығы ма, екеуінде де болдым ғой. Сонда Нарынқолдағы үлкен тойда көріп қалдым Рахым ағамызды. Нағашыбек Қапалбек екеуміз жүр едік, көріп қалды да: «Әй, екеуің жүріңдерші, сендерді Мұқағалидың шешесімен таныстырайын», – деп ертіп алды.

Мұқағалидың үйіне ертіп барды. Бұрын тұрған үйі, бірақ жаңалап салған сияқты. Сөйлегенде иегі мұрнына тие жаздайтын бір кемпір тұр екен. Дөңгелек жүзді, бірақ Мұқағали бұл кісіге тартпаған сияқты. Біз кіргенде, қаптаған ел әлгі кісіні қоршап, жан-жақтан анталап тұр екен. Журналистер де бар ғой деймін. Сонда біз кіріп барғанда, үлкен әже ғой енді, басқа ешкімге қараған жоқ, бірден Рахым ағаға қарады. Тұрды да: «Сен Рахымсың ба?» –  деді. Созып, баяу. «Иә». Содан ана кісі кемсеңдеп жылады. Біз өмірі Рахым ағай жылайды деп ойламағанбыз, ол кісі де босап кетті. Сөйтіп, екеуі жылап көрісті. Сөйтсек, бұл кісілер көп жылдан бері көрісіп тұр екен ғой. Сосын, екеуі де тұрып қалды. Сол кезге дейін Рахым ағаның Қарасаздан екенін білмеппіз. Мұқағалиға сабақ бергенін білмеппіз. Өмірі айтпаған. Екеуі тұрды-тұрды да, бір уақта Рахым аға: «Мұқағали 10-класта оқып жүргенде сабақ бердім», – деді. Сол кезде дейді, соғыстың салқыны әлі тарай қоймаған, көп ел әлі жетім-жесір. Бастаңғы жасайды, өздерінше көңіл көтереді. Сонда Мұқағали оқушы болса да, күнде қыз-келіншектердің ішінде, той-жиыннан қалмайтын болыпты. Қыздармен өлең айтысады екен. Кәдімгідей айтысқан Мұқағали. «Сөйтіп, түнімен тойда, айтысып-айтысып келіп, ертеңіне сабақта ұйықтап отыратын», – деп күлді.

Сосын, шешесі сөйледі. «Менің енем, Мұқағалидың әжесі қайтыс болды сол жылдары», – деді. «Ел-жұрт бар, жаназасын шығарып, артын жөнелтіп келдік. Ел отырды. Қонақасын беріп, келгендерді аттандырдық. Сөйтіп, өзіміз қалғанда Мұқағали маған тесіліп, сынай қарап біраз отырды. Сосын: «О, тоба, сонда сен менің шешем болдың ба-ей?» деп айтты», – дейді. Әжесіне табиғи болған ғой.

    Міне, бүкіл елдің ішінен талай жылдан кейін кәрі кемпірдің жазбай тануы, көргенде көзіне жас алуы ол кісінің Мұқағали әулетімен жақын болғанын білдіреді ғой. Бірақ кейін Мұқағали қатты атақты болып, елдің бәрі Мұқағалишыл болып кеткенде де, «мен осындай едім» деп бір рет айтқан емес. Естігеніміз бір-ақ рет, әлгі үйде ғана.

Рахым Дәуітов сіздердің ауылға сіз 10-сыныпта оқып жүргенде келсе, Мұқағалидың көзі тірі кез. Бұл кезде Мұқағали танымал ақын ба еді?

— Мен мектепті 68-жылы бітірдім. Мұқағали әдеби ортада болмаса, ел ішінде аса белгілі емес кез. Оның мықты ақын екенін аса бір интеллигент адамдар ғана білді.

Біздің ауылға Бердібек Соқпақбаев жиі келетін. Музей директоры болды. Бірақ бұл ауылда тұрған жоқ. Келіп-кетіп тұратын. Сонда басқа емес, осы Рахым ағаның үйіне баратын. Былай қарасаң, екеуі де интеллигент адам, ылғи бірге жүреді, әңгімелесіп кетіп бара жатады. Бірақ сол кезде «мынау осындай жазушы» деп таныстырып немесе өзінің жақын араласатынын айтпайтын. Әйтпесе Бердібек сияқты жазушымен дос-сырлас болу үлкен мәртебе ғой. Бірақ сол кісінің арқасында біздің мектептегі, ауылдағы үлкен кісілер Бердібекпен жақын араласты. Бердібекке қарап интеллигент адамның қандай болатынын көрдім. Басына берет киіп жүретін, сұмдық армандайтынмын, сондай беретім болса ғой деп. Өзіне керемет жарасатын.

— Әркім әрқалай айтады: біреулер ақын тірі кезінде-ақ үлкен атаққа жеткен дейді, біреулер қайтыс болған соң бірден халықтық сипат алып кеткендей көреді. Мұқағали қай кезде кең таныла бастады?

— Мұқағали қайтыс болған соң да, халыққа бірден кең танылып кете қойған жоқ. Бірақ бір таңғаларлығы, аздап оқу-тоқуы бар, әдеби ортада жүргендерде Мұқағали туралы айтқысы келіп тұратын бір әдет пайда болды. Мұқағали туралы айту сол кездегі әдеби ортадағы бір вакуумның орнын толтыратын нәрсе сияқты болыпты, қазір ойласам. Осыдан бастап он жылдай Мұқағалиды рухани айналымға түсіру жұмыстары жүрді. Содан кейін жазу-сызуы барлар ақыры Мұқағалидан тойып кеткен сияқты да болды. Кемшілігін айтқысы келіп тұратын бір мінез пайда болды. Бірақ бұл кезде Мұқағали халыққа әбден сіңісті болып кеткен. Аз уақыттан кейін бүкіл зиялы қауым Мұқағалиға қайта оралды, бұл кезде оның, шынында да, басқаша құбылыс екеніне ден қоя бастады.

Сол құбылысқа, Мұқағалиға ешкім жете алған жоқ. Ұлттық сезімді селк еткізген басқа ешқандай ақын болған жоқ. Адамның қорынуы, асқақтауы, ар-ұятқа жүгіну жағынан да сол уақыт аралығында ешкім жете алған жоқ. Әрине, ақпараттық, басқа тұрғыда жеткізеді, бірақ ішкі күйзелістерді дәл Мұқағалиша жазған ешкім жоқ.

— Сіз Мұқағалиды көрдіңіз бе?

— Жас ақын-жазушылар жиналып тұратынбыз одақта. «Қаламгерге» барып, жиылып отырыс жасаймыз. Соның біріне келгенде алғаш көрдім. Мұқағалидың жанында тұрмыз. Арғы бір есіктен Қадыр Мырза Әлі шығып қалды. Мұқаң «Қадеке!» деп еді, Қадыр: «Қазір, Мұқа, мен қазір», – деп, басқа жаққа бұрылып кетті. Мұқағали артынан қарап тұрды да: «Мықты ақын. Бірақ бәрібір Абай бола алмайды», – деді.

Сөйтіп тұр едік, мына жақтан Рамазан Тоқтаров шығып қалды. Екеуі құрдас қой деймін, салған жерден қалжыңдасып кетті. «Мына костюмің жаңа ғой», – деп, Рамазан Мұқағалидың өңірінен ұстап еді, ол: «Сен не, қызталақ, тиіспе», – деп, қалтасынан беторамал шығарып, бетін сүртті. Рамазан тағы да: «Әй, беторамалың әйбат қой», – деді. Мұқаң тағы да: «Тиіспе, қызым таңертең салып берді», – деді.

Тағы бірде жастар жиналып алып отыр едік. Иран Ғайып, Ұлықбек Есдәулет бар, есімде. Бәрі отыр еді, бір уақта Мұқаң келді. «Каберне» деген шетелдің виносы, соны ұсынды. Ақырын ғана сыздықтатып ұрттайды екен. Сәл ғана ұрттады да, рюмкасын қойып: «Ал, мен сендерге өлең оқиын», –деді. «Көгершіндер» деген өлеңін оқыды, жаңадан жазса керек. Тағы бір өлең оқығалы жатыр  еді, Иран Ғайып: «Мұқа, мен оқиыншы», – деді. Сосын тұрды да: «Мұқа, сіз өлесіз!» – деді. Бәріміз тіксініп қалдық. «Бірақ сен қазақтың аспанында жарық жұлдыз сияқты мәңгі тұрасың» деген мағынадағы бір өлең оқыды. Мұқаң «О, қызталақ!» деп, риза болған кейіпте отырды.

— Рахым ағай туралы айтпадыңыз ба?

— Көп адам отырмыз, жекелеп әңгіме айтудың реті келмейді. Көбіне өлең оқылды. Ақындар, жастар дуылдасып отырды. Әйтеуір, Мұқағалидың «Жассыңдар ғой, жазғанда неге сонша түсіндіресіңдер?» дегені есімде. Не үшін олай айтты екен, әлі күнге түсіне алмаймын.

— Әңгімеңізге рақмет.

Алмас Нүсіп
Тегтер: Без Тега