Жұмабек Жанықұлов: Қазақстандағы кәсіпкерлер қырқына шыдап, қырық біріне шыдамайды
Белгілі кәсіпкер және қоғам қайраткері Жұмабек Жанықұлов қазақстандық кәсіпкерлердің көп жағдайда бастаған ісін соңына дейін жеткізбей тоқтап қалатынын айтты.
Оның пікірінше, бизнесте нәтижеге жету үшін ең маңыздысы – шыдамдылық пен табандылық.
«Қазақстандағы кәсіпкерлер жұмыстың 95 пайызын жасап, соңғы 5 пайызына шыдамай тоқтап қалады. Сондықтан оған дейінгі үш жылдық, бес жылдық еңбектің пайдасы көкке ұшып кетеді. Соңына дейін бару керек», – деді Жанықұлов.
Кәсіпкер бұл мәселе тек Қазақстанға ғана тән емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, әлемнің әр жеріндегі кәсіпкерлердің ортақ проблемаларының бірі – бастаған жұмысының нақты нәтижесін күтпей, жол ортада бас тартуы.
«Тек Қазақстандағы емес, барлық жердегі кәсіпкерлердің проблемасы – бастаған жұмысының нәтижесін көрмейді. Сондықтан жастарға айтарым: бастаған жұмысты зая кетірмей, нәтижесін көру керек. Себебі шықпайтын шың, аспайтын тау жоқ», – деді ол.
Жұмабек Жанықұлов жастарды кәсіп бастағанда алғашқы қиындықтарға мойымай, ұзақ мерзімді нәтижеге жұмыс істеуге шақырды.