Жұмысшылар генераторды ұрлап, ауылды сусыз қалдырған
Ақмола облысының Бұланды ауданында екі жұмысшы, тергеу нұсқасы бойынша, құны шамамен 7 миллион теңге болатын дизель генераторды ұрлаған.
Бұл қондырғы ауылды ауызсумен қамтамасыз ететін су құбыры жүйесі мен ұңғымалардың жұмысын ұстап тұрған.
Күдіктілер аталған нысанда өздері жұмыс істегендіктен, генератордың қай жерде орналасқанын және оның қалай күзетілетінін жақсы білген.
Сәуір айында олар көлік және қажетті құралдармен келіп, генераторды бөлшектеп, алып кеткен. Осыдан кейін су құбыры жүйесінде ақау пайда болып, ауыл тұрғындары сусыз қалды.
Алайда күдіктілер мұнымен тоқтамаған. Мамыр айында олар нысанға қайта келіп, тағы 400 мың теңгенің бөлшектерін ұрлаған.
Полиция күдіктілердің жеке басын анықтап, ұрланған жабдықтарды тауып, тәркіледі. Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.