Сараптама

Жұмыс істемейтін аналар декреттік төлемнен қағыла ма?

Қазақстанда 39 түрлі әлеуметтік төлемнің 14-і отбасының табысы мен экономикалық жағдайына қарай тағайындалатыны айтылғалы бері көпшіліктің көңілі алаң.

Фото ЖИ / JasAlash

 Әсіресе бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы мен сәби 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған қаржының да осы санатқа жатқызылуы декреттік демалысқа дайындалып жүрген аналардың уайымын күшейтті. Өйткені жаңа талапта отбасының табысымен қатар мүлкі мен өзге де материалдық жағдайы ескерілетіні айтылған. Жаңа өзгерістер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі тиіс. Алайда нақты талаптар мен Отбасы картасының жұмыс істеу тәртібі тиісті нормативтік құжаттар бекітілгеннен кейін ғана белгілі болады. Десе де, декреттік төлемдерге қатысты әлеуметтік желіде алыпқашпа әңгіме көп.

Қоғамда айтылып жатқан пікірлерге сүйенсек, балаға берілетін әлеуметтік төлем отбасының тұрмыстық жағдайына қарай бөлінбеуі тиіс. Себебі ата-ананың табысы жоғары немесе төмен болғанына қарамастан, баланың қажеттілігі өзгермейді. Ресми табысы бар, жұмыс істейтін отбасы тұрмысы жақсы көрінгенімен, күнделікті шығын, несие, ипотека, баланың күтімі мен біліміне кететін қаражат отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Әлеуметтік төлемдердің қысқаруы елдегі туу көрсеткішіне қалай ықпал ететіні әзірге белгісіз. Демографтардың айтуынша, оның нақты әсерін бағалау үшін өзгерістердің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін және халықтың оған реакциясын бақылау қажет.

Қазақстанда декреттік төлем мен бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің декреттік демалысқа шыққанға дейінгі ресми табысына қарай есептеледі. Яғни жалақысы жоғары болған сайын, тиісті төлемнің көлемі де көбірек болады. Бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем, әдетте, декретке дейінгі орташа табыстың шамамен 40 пайызына тең болатын. Ал жаңа талап енгізіліп, отбасы ауқаттылар санатына жатқызылса, әйелдердің декреттік төлемдері қалай есептеледі? Жұмыс істеп, ресми табыс тауып отырған аналар баланың 1,5 жасына дейін берілетін төлемдерден қағыла ма? Бұл сауалға декреттік төлемдер бойынша сарапшы Арайлым Смайл жауап берді. Ол қазіргі қолданыстағы тәртіп пен 2027 жылдан бастап енгізілетін өзгерістердің аражігін ажыратып алу керек деп есептейді.

Фото: жеке мұрағатынан/Арайлым Смайл

"2026 жылы аталған төлемдер қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген тәртіппен тағайындалып, төленіп жатыр. Бала туған кезде бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК – 164 350 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға 63 АЕК – 272 475 теңге төленеді. Бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты жұмыс істемейтін ата-аналарға мемлекеттік жәрдемақы, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан жұмыс істейтін азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындауда отбасының әл-ауқат деңгейі мен мұқтаждығын ескеретін атаулы тәсіл енгізіледі. Сондықтан "барлық азаматқа бұл төлемдер бірден тоқтатылады" деп айту дұрыс емес. Әрбір әлеуметтік қолдау шарасының қандай жағдайда берілетіні заңнамада белгіленген талаптар мен оны қолдану тәртібіне сәйкес анықталады", – дейді Арайлым Смайыл.

Сарапшының айтуынша, 2026 жылы қолданыстағы тәртіп бойынша әйелдің А немесе B санатына жатқызылуы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алатын әлеуметтік төлемінің мөлшеріне әсер етпейді. Егер әйел міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысып, ол үшін әлеуметтік аударымдар төленген болса, бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты әлеуметтік төлем соңғы 24 айдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс негізінде есептеледі.

А.Смайылдың сөзінше, отбасының әл-ауқат деңгейіне қарай әлеуметтік қолдауды саралауға қатысты бірқатар өзгеріс 2027 жылдан бастап енгізіледі. Сондықтан 2027 жылдан кейінгі жағдайды сол кезде күшіне енетін нормалар мен оларды қолдану тәртібіне сәйкес бағалау қажет.

Отбасының атында үй немесе көліктің болуы оның әлеуметтік тұрғыдан мұқтаж емес екенін білдірмейді. Сарапшының айтуынша, мүліктің бар-жоғы отбасының нақты қаржылық жағдайын толық көрсете алмайды. Мәселен, тұрғын үй ипотекаға, ал автокөлік несиеге алынуы мүмкін.

"Жаңа өзгерістерде отбасының әлеуметтік әл-ауқатын объективті бағалау қағидаты қарастырылған. Сонымен қатар әлеуметтік қолдауға үміткер отбасы мүшелерінің деректерін тексеру кезінде несие бойынша қарыз сомасы, ай сайынғы төлем, мерзімі өткен және қалған берешек туралы мәліметтерді алуға келісім беру қарастырылған. Отбасының әл-ауқат деңгейі Цифрлық отбасы картасындағы мәліметтер негізінде бағаланады. Сондықтан бағалау бір ғана "үйі немесе көлігі бар" деген көрсеткішпен шектелмеуі керек. Отбасының табысы, асырауындағы адам саны, кредиттік жүктемесі және жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайы кешенді қаралғаны дұрыс. Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты да мемлекеттік қолдауды шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау. Егер бағалау әділ әрі ашық жүргізілсе, бюджет қаражаты нақты көмек қажет отбасыларға беріледі", – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, егер әйел ресми жұмыс істемесе, ол Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемге үміткер болмайды.

«Қазіргі тәртіп бойынша оған бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы және бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақы бюджеттен төленеді. Ал 2027 жылдан бастап әлеуметтік қолдаудың жекелеген түрлері отбасының әл-ауқат деңгейі мен мұқтаждығына қарай тағайындалады. Сондықтан отбасы A немесе B санатына жататын болса, кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алу құқығына шектеу қойылуы мүмкін. Алайда нақты қандай төлемдерге және қандай шарттармен шектеу қолданылатыны заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес айқындалады», – дейді Арайлым Смайыл.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс істейтін әйелдер декреттік демалысқа шыққан кезде бұрынғы тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем ала береді. Яғни жүктілік бойынша төлем және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы төленеді. Қысқасы, ведомство өкілдері келесі жылдан бастап күшіне енетін өзгерістердің бұл төлемдерге қатысы жоқ екенін атап өтті.

"Жұмыс істейтін әйелдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алады. Қалай алып келді, солай ала береді. Жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемдеріне бұл өзгеріс әсер етпейді", – деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.

2026 жылдың алғашқы алты айында жүктілік пен босануға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемнің орташа көлемі шамамен 1,4 млн теңге болды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі 1,6 млн теңгемен салыстырғанда 254,9 мың теңгеге немесе 15,5 пайызға төмен. Қазіргі таңда жүктілік пен босануға байланысты әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 2 млн 499 мың теңге шамасында. Оның нақты көлемі әр әйелге жеке есептеледі. Егер жұмыс істейтін әйелдің жалақысы қағаз жүзінде ғана көрсетіліп, әлеуметтік аударымдары жүргізілмесе немесе қажетті кезеңде аударымдар болмаса, ол декреттік төлемдерге әсер етеді.

Демек, 2027 жылдан бастап әлеуметтік қолдауды отбасының әл-ауқатына қарай саралау тетігі енгізілгенімен, жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемдері тоқтатылмайды. Ал әйел ресми жұмыс істемесе, алайда отбасы ауқаттылар санатына жататын болса, декреттік төлемнің тағайындалып-тағайындалмайтыны әзірге нақтыланған жоқ. Оның нақты тәртібі жаңа нормалар толық бекітіліп, іс жүзінде қолданыла бастағаннан кейін ғана белгілі болады.

Маржан Сәбет

Сайт Әкімшілігі