Жұмыс іздеп шетел асқандар. Корея, Ұлыбритания және алданған жұрт
Шетелге жұмыс іздеп кетіп жатқан қазақстандықтардың қарасы азаймай тұр.
Бірі – Оңтүстік Кореядағы өндіріс орындарына, енді бірі – Ұлыбританиядағы маусымдық жұмыстарға, тағы бірі – Еуропаның әртүрлі елдеріне жол тартады. Бір қарағанда, бұл – жаһандық еңбек нарығына шыққан отандастарға жаңа мүмкіндік сияқты.
Бірақ мәселенің екінші жағына үңілетін тұстар бар. Олар өз елінде жұмыс таба алмағандықтан кетіп жатыр ма, әлде жалақысына көңілі толмағандықтан ба? Бірнеше жылға отбасынан алыстап, бейтаныс елге баруға қандай фактор итермелейді? Ал осының өзін пайдаланған алаяқтар азаматтардың соңғы ақшасын қалтасына басып жатқан жоқ па? Бұл сұрақтың бәрі еңбек нарығындағы әлсіз тұстарды су бетіне шығарып, еңбек миграциясына біржақты қарауға болмайтынын көрсетеді.
Демек, алыста жүргеннің бәрі елінен безіп кеткен жоқ. Бірі – жалақы үшін, бірі – тәжірибе үшін, енді бірі – мұнда таппаған мүмкіндігін сырттан іздеп жолға шығады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында 156,7 мың қазақстандық шетелде еңбек еткен. Олардың 128,8 мыңы – Ресейде, 15,2 мыңы – Оңтүстік Кореяда, 2,6 мыңы – Польшада, 1,4 мыңы – Ұлыбританияда жұмыс істеген. Ең қызығы, министрлік 2023 жылдан бері шетелге жұмыс істеу мақсатымен шығатын азаматтар саны азайып келе жатқанын да атап өткен. Алайда әлеуметтік желіде "құжат дайындап жатырмын, кетіп барамын" деген жұрттың әңгімесіне қарағанда, керісінше сияқты. Өйткені 156 мыңнан астам адам – жай статистика емес, әрқайсысының артында бір отбасы, бір адамның үміті, кейде несиеге алынған билет, бала-шағаның қажеті, баспана мәселесі тұр.
Қазақстандағы жұмыссыздық көрсеткіші халықаралық әдістеме бойынша салыстырмалы түрде төмен. 2026 жылдың II тоқсанында елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрады. Жұмыссыздар саны – 444,6 мың адам. Ал жұмыспен қамтылған халық саны 9,4 млн адамға жуық. Ресми статистикаға қарасақ, Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың ең көп бөлігі саудада, білім беруде, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлік пен құрылыста еңбек етеді. 2026 жылдың II тоқсанында 7,3 млн адам жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарында.
Бұл жерде маңызды бір мәселе бар. Шетелге кетіп жатқанның бәрін жұмыссыздар қатарына жатқызуға болмайды. Мәселен, елде жұмысы бар азаматтың өзі Оңтүстік Кореяға барып, бірнеше жыл жұмыс істеп, Қазақстандағы табысынан әлдеқайда көп қаржы табуды көздеуі мүмкін. Біреуді шетелге мамандығы бойынша тәжірибе жинау қызықтырса, енді біреуді отбасына үй алу, несие жабу немесе бала-шағасының жағдайын жақсарту мақсаты жетелейді. Демек, еңбек көші-қонының астарында жұмыссыздықпен қатар табыс деңгейі мен еңбек жағдайының аражігі жатыр. Сонда мәселе неде? Елде екі қолға бір күрек табылса да, бірақ біліміне, тәжірибесіне, талабына сай жұмыс бар ма? Ең бастысы, жалақысы күнделікті өмірге, отбасын асырауға жете ме? Шетелге кетудің бір себебін осы жерден іздеген жөн.
Жұрт Оңтүстік Кореяға неге қызығады?
Оңтүстік Корея соңғы жылдары қазақстандық еңбек мигранттары үшін тартымды бағыттың біріне айналды. Бұған енді заңды еңбек арнасының кеңеюі де әсер етпек. 2026 жылғы 14 тамызда Корея үкіметі Қазақстанды жұмысшыларды қабылдайтын EPS жүйесіне қатысушы 18-ші мемлекет ретінде қосты. Бағдарлама бойынша E-9 визасы үш жылға дейін беріледі және оны 4 жыл 10 айға дейін ұзартуға болады. Қазақстандықтар бес бағытта – өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында жұмыс істей алады. Бұл – бір жағынан, азаматтар үшін заңды әрі реттелген жолдың ашылғанын білдірсе, екіншіден, сұраныстың өзі еңбек миграциясының қалай қалыптасып отырғанын айғақтайды. Кореядағы өндіріс орындары мен басқа да салаларда жұмыс күші қажет, ал қазақстандықтар үшін бұл – табысын арттырудың бір жолы. Бірақ мұнда да қауіп жоқ емес. Бұған дейін Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген Қазақстан азаматтарына елден айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салынбай өз еркімен шығуға мүмкіндік берілгені туралы ресми ақпарат тараған. Яғни бұл дерек шетелде жұмыс істеудің заңды жолын таңдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Өйткені заңсыз еңбек мигрантының құқығы әлсіз. Жұмыс беруші уәдесінде тұрмаса, жалақысын бермесе, еңбек жағдайын өзгертіп жіберсе, шетелдегі адамның қолы қысқа болуы мүмкін. Ал заңды еңбек келісімшарты адамның құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Қазақстанның Еңбек министрлігі де Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген азаматтарға арнайы ерікті түрде елден шығу бағдарламасы ұсынылғанын хабарлаған. Бұл 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанның соңына дейін жұмыс істеп келді.
Мәселен, бұл елде 2024 жылы – 11 306 адам, 2023 жылы – 13 788 адам, 2021 жылы – 9 768 Қазақстан азаматы заңсыз еңбек етсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 9015 адамға азайыпты. Ал 2025 жылдың бірінші жартысында заңды түрде 15,8 мың қазақстандық еңбек еткен көрінеді.
Оңтүстік Кореяның Инсон қаласы арқылы Үлкен Куанжу шаһарына атбасын тіреген алматылық Жаннат Төрешовамен тілдескенімізде, "оңай жерде ақша жоқ" екенін жасырмады. Ол әу баста 2022 жылы туристік визамен барып, жұмыс істеу үшін қалып қойған. Былайша айтқанда, Оңтүстік Кореяның Әділет министрлігінің дерегіндегі заңсыз мәртебеде жүргендер санатында. "Әуелгіде Тик-ток пен Инстаграм желісінде "табиғаты керемет, ақшаны миллиондап тауып жатырмыз" деген жарнамалық ақпарат көп болды. Солай шығар деп сендік. Шын мәнінде, Оңтүстік Корея әлдеқайда дамып кеткен мемлекет екен. Бірақ жұмысы өте ауыр. Келген сәттен бастап не жұмыс бар, бәріне кірісіп кеттік. Мұнда бізден келгендер жұмыс таңдамайды. Ақша керек болған соң істей бересің. Бастапқыда алмұрт салып, қаптайтын жерде жұмыс істедік. Егін алқабынан сарымсақ та жинадық. Бұлар сарымсақты топырақ астына егіп, арнайы пакетпен жабады. Біз соны бетінен алып шығамыз, сосын трактор қазған соң қапқа жинаймыз. Арасында құрылыс біткен алаңды жинадым. Одан кейін жарты жылдай құрылыста істедім. Негізі бұл еркектерге арналған ауыр жұмыс қой. Ақшасы жақсы болған соң амалсыз кірісіп кеттім", – дейді Жаннат. Оларға маусымдық жұмыс кезінде сарымсақ жинағаны үшін күніне 150-200 мың вон төлейді екен. Бұл 50-55 мың теңге. "Зауытта жұмыс істесең, күніне шамамен 30-35 мың теңге береді. Оның тең жартысы жалдаған пәтерге, тамаққа кетеді. Сонда да Қазақстанға қарағанда әлдеқайда тәуір. Себебі бізде жалақының өзі тамаққа ғана кетеді ғой. Енді бәрін тастап, елге кетейін десем, әлеуметтік жағдайымды түзеп алсам деймін. Мұнда 5-6 жылдан бері жұмыс істеп жүрген қазақтың қыз-жігіттері, аға-әпкелер бар. Кейбірінің баласы мектеп бітіріп, қызы ұзатылып жатыр. Тіпті тойларына онлайн қатысуға мәжбүр", – деп мәселенің екінші қырына тоқталды Оңтүстік Кореядағы жерлесіміз.
"Ұлыбританияға барамын" деп алданғандар
Бүгінде еңбек миграциясы ағылған елдің қатарында Ұлыбритания да бар. 2025 жылы Қазақстан мен Ұлыбритания еңбек көші-қоны саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта уақытша жұмысқа орналасу рәсімдері, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің қызметі, еңбек құқықтарын қорғау және Ұлыбританиядағы сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алмасу қарастырылған. Оның ішінде маусымдық жұмысшыларға арналған Tier-5 визасы арқылы жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Алайда дәл осы бағытта алаяқтардың да әрекеті күшейген. Көкшетаудағы соңғы оқиға – соның айқын дәлелі.
Жеке кәсіпкер әйел 2024 жылдан бастап азаматтарға шетелге жұмысқа орналасуға қажетті құжаттарды рәсімдеу қызметін ұсынған. Әлеуметтік желіде өзін блогер ретінде таныстырып, қызметін жарнамалаған. Клиенттермен келісімшарт жасасып, виза мен медициналық сақтандыруды рәсімдейтін жолды көрсетіп, тіпті Ұлыбританияға ұшу уақытын да тәптіштеп талқылаған. Яғни бәрін сырт көзге заңды әрі нақты ұйымдастырылған жұмысқа ұқсатқан алаяқ сенімге кіргеннен кейін әр адамнан 250 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша алса да, әу бастағы айтылған міндеттемелерді орындаудан бас тартқан. Кездесуден жалтарған, телефон қоңырауларына жауап бермеген, ақыры азаматтармен байланысты үзген. Бұл жерде бір адамның емес, 92 адамның тағдыры тұр. Сот материалдары бойынша Көкшетау, Астана, Қарағанды қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 92 адам жәбірленуші деп танылған. Олардың алдындағы жалпы шығын шамамен 70 млн теңгеге жеткен. Бұл біреудің бір жылдық жалақысы немесе бірнеше жыл тірнектеп жинаған табысы, ол ол ма, тағы бір азаматтың несиеге алған қаржысы болуы мүмкін.
Көкшетау қалалық соты әйелді аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар бес жыл бойы азаматтардың ақшалай қаражатын коммерциялық және өзге де қызметке тартумен байланысты қызметпен айналысуына тыйым салынды. Асырауында кәмелетке толмаған екі баласы болғандықтан, жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылған. 28 жәбірленушінің азаматтық талаптары қанағаттандырылып, олардың әрқайсысына 200 мың теңгеден 1 млн теңгеден астам материалдық шығын өндіру туралы шешім шығарылған. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
92 азамат алаяқтың құрбанына қалай айналды? Біріншіден, Қазақстанда шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын шамамен 400 агенттік бар. Алайда шетелге заңды түрде жұмысқа орналасудың рәсімдерін бәрі бірдей біле бермейді. Виза қалай алынады? Жұмыс беруші кім? Келісімшарт қандай болуы керек? Делдалдың лицензиясы бар ма? Құжаттың рас-өтірігін қайдан тексеруге болады? Осының бәрі қарапайым азамат үшін түсініксіз болуы мүмкін. Екіншіден, әлеуметтік желі алаяқтарға үлкен мүмкіндік берді. Әдемі видео, шетелдегі жұмыс орындарының суреті, "айына пәлен мың теңге табасыз" деген уәде, пікірлер мен жалған құжаттар адамның сеніміне кіруге жеткілікті болып отыр. Үшіншіден, адамдардың шетелде қысқа мерзімде көп ақша табуға деген үміті басым. Алаяққа осының өзі жеткілікті. Сондықтан еңбек миграциясы туралы әңгіме қозғалғанда оның көлеңкелі жағын да ұмытпау керек.
"Шетелге шығамын" деген азаматқа бір нәрсені есте ұстаған жөн: "жұмысқа орналастырамын" деген әр адам жұмыс беруші емес, әлеуметтік желідегі жарнама келісімшарт саналмайды, ал құрғақ уәдеде – кепілдік жоқ. Оның артында алаяқтың қақпаны тұруы мүмкін.
Динара Мыңжасарқызы