Оқиғалар

Жүргізуші куәлігінсіз көлік айдаған қыз қақпаны бұзып кіріп, аулада отырған адамдарды қағып кетті

Алматы облысының Көксай ауылында жеңіл автокөлік тұрғын үйдің қақпасын бұзып өтіп, аулада отырған адамдарды қағып кеткен.

Фото: әлеуметтік желіден

Оқиға кезінде аулада туған күнді атап өтіп жатқан алты адам, оның ішінде бір бала болған. Салдарынан 40 жастағы мерейтой иесінің аяғына ампутация жасауға тура келген, ал тағы бір 30 жастағы әйел қабырғаларын сындырып алған.

Куәгерлердің айтуынша, көлікті 23 жастағы жүргізуші куәлігі жоқ бойжеткен басқарған. Сондай-ақ көлікте тағы екі жігіт болған, олардың бірі Mercedes автокөлігінің иесі екені айтылып отыр. Оқиғадан кейін олар оқиға орнынан кетіп қалған.

Жәбірленушілердің туыстары жедел жәрдемнің оқиға орнына шамамен бір сағаттан кейін, полицияның бір сағаттан астам уақыттан соң, ал жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің төрт сағаттан кейін келгенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, олар Шамалған ауруханасына жеткен кезде онда жол-көлік оқиғасына күдікті бойжеткен мен оның анасы болған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі