Сараптама

Журналист Арай Есенбек әкімдікке бопсалау жасады деген айыппен 5 жылға сотталды

Шымкентте журналист Арай Есенбек әкімдік өкілдерін бопсалады деген айыппен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Коллаж: Ertenmedia.kz

 Сот материалдарына сәйкес, Есенбек 2025 жылдың қазан айында әлеуметтік желіде Шымкент әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялаған.

Кейін ол әкімдік өкілімен кездесіп, 10 миллион теңгеге мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша келісімшарт жасауды талап еткен. Егер талап орындалмаса, «жағымсыз мазмұндағы материалдарды жариялай беремін» деп қорқытқан.

2025 жылғы 6 қарашада Арай  Есенбек анасының есепшотына 990 мың теңге аударым алғаны анықталған.

Прокурор соттан нақты жаза тағайындауды сұраған. Әкімдік те қатаң жаза қолдануды талап етті.

Сот барысында А. Есенбек кінәсін ішінара мойындап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Сот оның әрекетіне қатысты жеңілдететін мән-жайларды – шынайы өкінуін, асырауында бес кәмелетке толмаған баласының болуын және келтірілген шығынның толық өтелгенін ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталмаған.

Нәтижесінде сот Есенбекке 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, осы мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеуіне тыйым салды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Арай Есенбек Шымкентте әр жылдары Хабар агенттігінде, «Оңтүстік» телеарнасында және 31 канал арнасында жұмыс істеген. 2020 жылы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы болған, сондай-ақ «AMANAT» партиясының аудандық филиалында атқарушы хатшы қызметін атқарған.

Сайт Әкімшілігі