Әлеумет

Журналист Динара Егеубаеваға велосипедшімен болған жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалды

Қазақстандық журналист Динара Егеубаева Алматыда көлігімен велосипедшімен соғысып қалғаннан кейін өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөз

 Оның айтуынша, өзіне елден шығуға тыйым салынған.

Бұған дейін Егеубаева қарсы бағытпен келе жатқан велосипедші оның көлігіне соғылғанын айтып, бұл істің тапсырыспен қозғалғанына күмән келтірген.

«Үш күннің ішінде әкімшілік іс қылмыстық іске айналды. Тергеуші менен жария етпеу туралы қолхат беруді талап етті. Мен бас тарттым. Қарсы бағытпен келе жатқан велосипедші менің көлігіме соғылды. Бірақ кінәлі мен болып шықтым. Енді бұл істің тапсырыспен жасалғанына жүз пайыз сенімдімін», – деп жазды журналист Facebook-тегі парақшасында.

Журналистің жазбасына сәйкес, іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 1-бөлігі («Көлік құралын басқарған адамның жол қозғалысы қағидаларын бұзып, абайсызда адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруі») бойынша тергеліп жатыр.

31 шілдеде Егеубаева Қожақеев көшесіне шығып бара жатқан сәтте велосипедші оның көлігіне соғылғанын хабарлаған. Оның айтуынша, сол жақтан көлік жоғын тексерген, ал оң жақ көрінісін жол жиегінде тұрған көліктер жауып тұрған. Журналист велосипедші қарсы жолақпен келіп, көлікті көргеннен кейін жылдамдығын арттырғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол шілде айында Meta компаниясы өзінің Instagram-парақшасын бұғаттағанын, кейін YouTube арнасына да шабуыл жасалғанын және өз атымен жалған аккаунттар ашылып жатқанын хабарлады.

Сайт Әкімшілігі