Әлеумет

Журналист Гүлнар Бажкенова 8 жылға сотталды

Алматының Бостандық аудандық №2 соты қазақстандық журналист, Orda.kz порталының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованы Қазақстан Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Фото: Орда YouTube скриншот

 Оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда жазаны өтеу екі жылға кейінге шегерілді.

Сотта анықталғандай, Бажкенова ЖШС басшысы бола тұра, 2024 жылдың соңынан 2025 жылдың соңына дейін компания есепшоттарынан 88,1 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Тергеу нұсқасы бойынша, ақша өзіне байланысты жеке кәсіпкерге жалған жарнамалық және ғылыми қызметтердің ақысын төлеу ретінде аударылған. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі оның ұлының жекеменшік халықаралық мектептегі оқу ақысын төлеуге жұмсалған.

Бұдан бөлек, сот Бажкенованы Алматыда пәтерлерді сатып алып, қайта сату арқылы салық төлемей, 121,2 миллион теңге көлемінде заңсыз табыс тапты деп таныған.

Сонымен қатар журналистке алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. Іс бойынша мұндай сегіз эпизод қаралған.

Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024–2025 жылдары Бажкенова ақпараттық-сараптамалық порталдың бас редакторы ретінде сегіз рет көрінеу жалған ақпарат таратып, азаматтардың, ұйымдар мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген деп танылған.

Сот үкімі

Тағылған айыптардың жиынтығы бойынша сот Бажкенованы 8 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу белгіленген.

Сонымен бірге оған 5 жыл бойы журналистік және блогерлік қызметпен айналысуға, көпшілік іс-шараларға қатысуға және бұқаралық ақпарат құралдары саласында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.

Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын орындау екі жылға кейінге шегерілді.

Сот сондай-ақ Бажкеновадан 95,9 миллион теңге материалдық шығын, 2,8 миллион теңге мемлекеттік баж және жәбірленушілердің заңгерлік көмекке жұмсаған шығындарын өтеу үшін тағы 6,8 миллион теңге өндіріп алуды міндеттеді.

Гүлнар Бажкенова сот процесі кезінде өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі