Журналист Лұқпан Ахмедияров Facebook-тегі парақшасының бұғатталғанын мәлімдеді
Журналист Лұқпан Ахмедияров Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке аккаунтының бұғатталғанын хабарлады.
Оның айтуынша, бұғаттауға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Омбыдағы мәлімдемесіне қатысты жариялаған жазбасы себеп болған. Журналистің сөзінше, Meta корпорациясы аталған жазбаға шағым түскенін хабарлап, шағым иесінің аты-жөні мен электронды поштасын ұсынған.
Алайда Ахмедияров көрсетілген мекенжайға хабарласуға әрекеттенген кезде, электронды поштаның жарамсыз екені анықталғанын айтты.
Еске салайық, 25 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Омбы қаласына жұмыс сапарымен барып, Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында ол Украинадағы соғысты уақытша тоқтатып, келіссөздердің «Ыстанбұл 2.0» форматына қайта оралғаны жөн болатынын мәлімдеген еді.