Қоғам

Журналистер депутаттарды кулуарда тоқтатып, сұрақ қоя алмауы мүмкін

Қазақстанның жаңа Құрылтайында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің депутаттармен кулуардағы жұмыс форматы өзгеруі мүмкін.

Фото: shutterstock.com

Енді журналистер кез келген депутатты дәлізде тоқтатып, жедел пікір ала алмайды.

Бұл туралы Құрылтай аппараты жетекшісінің орынбасары Болат Кальянбеков мәлімдеді.

Жаңа тәртіп бойынша депутаттар журналистерге пікір беру үшін арнайы пресс-орталыққа шығарылады. БАҚ өкілдерімен кездесетін депутаттардың тізімі алдын ала жасақталмақ.

Осыған байланысты журналистер отырыс басталар алдында немесе аяқталғаннан кейін депутаттарды кулуарда күтіп, кездейсоқ сұрақ қоя алмайды. Қажетті депутаттар белгіленген уақытта пресс-орталыққа келіп, журналистердің сауалдарына жауап береді.

Алайда мұндай тәртіптің нақты қандай себеппен енгізіліп отырғаны әзірге айтылған жоқ. Сондай-ақ жаңа форматтың журналистердің жедел ақпарат алуына қаншалықты әсер ететіні де әзірге белгісіз.

Сайт Әкімшілігі