Журналистерді қорғау комитеті Orda.kz-тің бұрынғы редакторы Гүлнара Бажкеноваға шығарылған үкімді сынады
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Orda басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкеноваға шығарылған сегіз жылдық түрме жазасына байланысты мәлімдеме жасап, Қазақстанда сайлау қарсаңында БАҚ өкілдеріне қысым күшейіп келе жатқанын айтты.
18 тамызда Алматы соты Бажкенованы көрінеу жалған ақпарат тарату, сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету және заңсыз кәсіпкерлікке қатысты айыптар бойынша кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды. Бажкенова тағылған айыптарды мойындамайды және сот шешіміне апелляциялық шағым түсірмек.
Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты сот жазаны орындауды екі жылға кейінге қалдырды. Сонымен бірге Бажкеноваға бес жыл бойы БАҚ, журналистика, блог жүргізу, қоғамдық іс-шаралар және өзге де қоғамдық қызметпен айналысуға, сондай-ақ БАҚ саласындағы ұйымдарда басшылық және материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтер атқаруға тыйым салынған.
CPJ: Қазақстанда журналистерге қысым күшейді
CPJ бағдарламалық директоры Карлос Мартинес де ла Серна Бажкеноваға тағайындалған сегіз жылдық жазаны «тым қатаң» деп бағалады.
Оның пікірінше, бұл жағдай 23 тамызда өтетін парламент сайлауы қарсаңында Қазақстандағы журналистерді қамау және оларға қатысты айыптау үкімдерінің көбеюі аясында қарастырылуы керек. CPJ Қазақстан билігін БАҚ-қа қысымды тоқтатып, Бажкенова мен өзге журналистерге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік беруге шақырды.
Комитеттің мәліметінше, Бажкенова 2025 жылғы желтоқсаннан бері үйқамақта болған. Сол кезде полиция Orda редакциясында тінту жүргізіп, журналистке көрінеу жалған ақпарат таратты деген бірнеше айып тағылған. Кейін іске ысырап ету және заңсыз кәсіпкерлікке қатысты айыптар қосылған.
CPJ Бажкенованы ұстаудан бірнеше апта бұрын Orda сол кездегі Қазақстан сыртқы істер министрін ірі көлемдегі жемқорлықпен және 2024 жылы оппозициялық блогердің өлтірілуімен байланыстыратын материалдар жариялағанын жазады. Қазақстандық бірқатар журналист пен құқық қорғаушы Бажкенованы қудалау осы жарияланымдарға байланысты болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда CPJ бұл материалдар Бажкеноваға жалған ақпарат тарату бойынша тағылған айыптардың қатарына кірмегенін атап көрсетеді.
Бірқатар журналистің ісін атады
Халықаралық ұйым Бажкенова ісін Қазақстандағы БАҚ өкілдеріне қатысты соңғы басқа оқиғалармен де байланыстырады.
CPJ мәліметінше, шілде айының соңынан бері саяси сатира авторы Азамат Омаров қамауға алынған, журналистер Әсет Матаев, Әмір Қасенов және Александра Алеховаға қатысты сот үкімдері шыққан. Сондай-ақ журналистер Лұқпан Ахмедияров пен Динара Егеубаеваға қатысты қылмыстық істер қозғалған.
Ұйым бұдан бөлек, кемінде оннан астам белгілі журналист әлеуметтік желідегі аккаунттарының бұғатталғанын немесе жазбалары өшірілгенін хабарлағанын атап өтті. CPJ мұны авторлық құқыққа қатысты шағымдар мен өзге де өтініштердің «үйлестірілген толқынына» ұқсайтын жағдай деп сипаттайды.
Бұған дейін CPJ тағы сегіз жергілікті және халықаралық баспасөз бостандығы мен адам құқықтарын қорғау ұйымымен бірге Қазақстандағы сайлау алдындағы БАҚ-қа қысымға алаңдаушылық білдірген. Ал сәуірде алты халықаралық ұйым президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдап, тәуелсіз журналистердің қамауға алынуы мен БАҚ-ты қудалау жағдайларына назар аударуға шақырған еді.
CPJ Бажкеноваға қатысты мәлімдемесіне байланысты Қазақстан Бас прокуратурасына Сыртқы істер министрлігі арқылы сауал жолдағанын, алайда материал жарияланған сәтте жауап алмағанын хабарлады.