Су ортасында қалған Ахметов Астана тойына 1 миллиардқа  сыйлық жасамақ

Дерек көзі: www.azattyq.org - 28.03.2018140

Су ортасында қалған Шығыс Қазақстан облысы Астанға бір миллиард теңгеге ән салатын су бұрқағын орнатып бермек. Ал облыс тұрғындарын әуреге түсірген қызыл су шығындары әлі есептеліп біткен жоқ.

Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөздегі су тасқынынан кейін көктемгі қызыл су тағы біраз ауданынның жұртын әбігерге салды. Глубокое және Шемонайхада төтенше жағдай жарияланып, облыс әкімі Даниял АХМЕТОВ ел ішін кезіп  кетті. Глубокое ауданында Глубочанка өзені арнасынан тасып, Белоусовка, Алтай, Глубокое кенті мен Прогресс ауылына су кірген еді. Бұл жайлы кеше zhasalash.kz тілшісі жазған болатын. Аудан орталығының өзінде отыздан астам үй су ортасында қалған. Жергілікті басылымдардың хабарлауынша, соңғы деректерге сәйкес су алған үйлер 167-ге жеткен. Белоусовка кентінде 52 үйге, Шемонайха ауданында 58 баспанаға, Үлкен Нарын ауылында 18 үй мен 45 ауланы су алған, ал Зырян ауданында 18 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Қысқасы, бес күн ішінде облыста мыңға тарта адам эвакуацияланды. Су тасқыны тас жолдарды да шайып кеткен. Өскемен-Семей бағытындағы күре жолды су алса, Өскемен-Северное бағытындағы жолдың  30-43 су жайылып, авто көліктердің қозғалысы тоқтатылған. Өңірдегі жағдайдан жергілікті журналисттер хабар таратқанымен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайтында су тасқыны жайлы ақпарат таппадық. Айтпақшы, президент Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ Ресейдегі Кемеров қаласындағы трагедияға қатысты көңіл айтқан жедел хатын көзіміздің шалғаны бар. Әзірге шығыстағы су тасқынының шығындары әлі есептеліп жарияланған жоқ. Қар суына қыруар бюджет қаржысы тағы да ағып кеткені анық. Облыс басшысы суда қалған елді мекендерде болды. Алайда, Аягөздіктерге айлығының бір күнін берем деген Даниял Кенжетайұлы бұл жолы: «Соңғы отыз жылда ШҚО-да бұндай су тасқыны болған емес» деп қысқа қайырды. Қайраны таусылған әкім табиғаттың тосын мінезін «сыбағандай». Өңір басшысының кешегі брифингінде тасқын судың алдын алуға 289 миллион теңге бөлінгені айтылды. Бұл қаражат ТЖД керек-жарағына жұмсалады екен. Алайда, халықтың салығы есебінен түсіп жатқан ақша шығыны облыс атқа мінерлерін уайымдатпайтын сияқты. Халық баспанасынан айрылып, күре жолдар жабылып жатқанда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі Астананың 20-жылдық мерейтойына 1 миллиард теңгеге сыйлық жасамақ. Бұл ақшаға елордада жарқырап тұратын әрі музыка ойнайтын су бұрқақтарын салмақ. Ол бұрқақ шілде айында Ботаникалық бақтың аумағында атқылап тұрмақ.

Қанат Тілеухан

Фото: today.kz

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.