Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі - 16.06.20203763

Соңғы екі жыл қоғамда қазақ әйелдерінің наразылығы күшейіп тұрған тұс. Пикетке, митингіге шығып, әкімге шағымданып, министрліктердің есік алдына түнеп жүргендер тек қана қазақ әйелдері. Билікті диалогқа шақырып жүргендердің басым бөлігі де қазақ аналары. Ал енді осы қазақ әйелдерін көшеге алып шыққан қандай жағдай? Атойлап айқайламақ түгіл, еріне имене сөйлейтін қазақ әйелі неге қайта-қайта билікке наразылығын білдіріп кетті? Қазақ әйелін ашындырған не?  

     Аналар арандап жүрген жоқ па?

  Аналардың көшеге шығып, күйініп жүргендеріне қатысты қоғамда «Ереуілге шығатындар баяғы сол бір адамдар. Ылғи бір адамдарды көреміз. Олардың түрін де жаттап  алдық» дейтін  пікірлер  бар. Осыған қарап, тіпті «наразылық шарасына шығатын аналар арандатушылар емес пе» деген де ой келеді. Бұған байланысты журналист Ержан Жаубай Facebook-тегі парақшасында: «Өз басым митингіге қатысып көрген емеспін. Бұл менің қорқақтығым не ел мәселесінде шетін қалғандығымнан емес.  Митинг мәдениетін меңгермегенімізден, митингіге шығудың соңы жанжалға, арандатушылыққа ұласып кетеді.  Ал «ақша жоқ» деп шулайтын, елді шулататын аналарды түсіне алмадым. Маған сол кісілер маникюр, педикюріне ақша таппай қалған кезде көшеге шығатын секілді көрінеді. Олай дейтінім, «осы шеруге шығушыларды қаржыландыратын арнайы қор құрылып, шу шығарған аналарға ақша төлейді екен» деген сыбыс естідім. Шынымен мұқтаж жандар көшеге шықпайды, менің ойымша. Олар көшеге шықпақ түгіл, «бүгін тамағымды қалай табамын» деп бас қатырады. Тағы бір ойым, сол көшеге шыққан аналардың күйеулері қайда екен деген сауалға тіреледі», – деп жазды.

   Рас, елде ана мен балаға қатысты  қордаланып қалған мәселелердің жеткілікті екенін біз жақсы білеміз. Бұл жайында жазып та жүрміз. Бірақ наразылық шарасына шығатын аналар жайлы айтылған мұндай пікірлер бізді бейжай қалдырмады. Сауалымызды әлеуметтанушы-маман Серік Әбдібековке қойған едік. Маманның айтуынша,  көшеге шығатын аналардың арасында  белсенділері де бар. Бірақ «олар елді арандатушылар, белгілі бір қордан қаржы алып, көшеге шығушылар» деуге тағы келмейді. «Олар үлкен әлеуметтік мәселені қозғап отырғаннан кейін қоғамның қолдауын тауып отыр. Мысалы, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда бес бала тірідей өртеніп кетті. Осы оқиға әйелдердің ішінде бұғып жатқан талай проблемаларын сыртқа алып шықты. Көпбалалы аналардың арасында жеке мүддесін көздеп, өзінің мәселесін шешіп алу үшін әкімдерге барып, партиялардың есігін қағып, министрлерге мәселесін айтып жүргендер де бар шығар. «Бес саусақ бірдей емес». Тіпті шын мұқтаждары, көмекке шын зәрулері шеруге шықпай, именіп  қалуы да мүмкін. Бірақ  елдегі ана мен бала мәселесінің әбден түйінделіп қалғанын жасырмау керек. Мәселе бар ма – бар. Билік оны шешудің жолдарын қарастырмаса, кеше 15 адам шықса, ертең олар топ болып шығады. Сондықтан билік аналармен диалог орната білуі керек», – дейді әлеуметтанушы Серік Әбдібеков. 

  Деректер не дейді?

 Жалпы, осы аналардың наразылығына қатысты еліміздегі «Барометр» талдау-зерттеу орталығы Алматы мен Нұр-Сұлтанда тұратын, жалпы саны 1 млн 200 мың ана қатысқан сауалнама жүргізіпті. Орталық жүргізген зерттеулердің қорытындысына жүгенсек, жұмыс істемей, отбасының бабын тауып, ас-суын әзірлеп, үйде отыратын қазақ әйелдерінің 76 пайызы елдегі әлеуметтік қамсыздандыру, жәрдемақы тағайындау, атаулы әлеуметтік көмек белгілеу жөніндегі шараларға көңілі толмайды. Үй бикелердің 10 пайызы бұл жағына аз-аз қанағаттанатындарын айтқан. Жұмыс істемей, бала күтіміне байланысты немесе тағы басқа себептермен үйде отырған әйелдердің 14 пайызы өздерінің болашақтарына мүлде сеніммен қарай алмайтындықтарын, зейнет жасына жеткенде шынымен де зейнет көретіндеріне сенімді емес екендеріне қатты алаңдайтынын баса айтыпты.

   Өзгелерде қалай?

Осылайша бізде ошақ басында жүрген қазақ әйелдерінің басым бөлігі орта жастан асқандағы тағдырларына алаңдап отырған жайы бар. Ал өзгелердің үйінде отырған әйелдеріне көрсетер құрметін мысал етсек, Германияда қандай да бір себеппен – бала күтіміне немесе жұмыстан қысқарып қалуына байланысты үш баласы бар әйел адам үйінде алты ай мерзімнен артық отырар болса, өкіметтен арнайы 900 евро жалақы алады. Ал финдік әйелдер 760 евро көлеміндегі жәрдемақы алса, Голландияда мұндай үйде отыратын әйелдерге ай сайынғы төленетін жәрдемақының ең төменгі мөлшері 600 евроны құрайды екен. Бір ескеретіні, біз үлгі етіп отырған елдердегі үй бикелері бірінші бастапқы кезеңдері жұмыс істеген болса, жинақтаушы қорының есебінен, екінші кәсіпорынның жинақтаушы қорынан, үшінші тіптен жұмыс істемеген әйел болса, мемлекеттік бюджет есебінен жәрдемақы алады. Міне, осы үш бірдей қордан алынатын қаржы Еуропа әйелдерінің өмірін қамсыз еткені анық.

  Бұл ретте, «Жас Алашқа» пікір білдірген маркетингтік-зерттеу орталығының сарапшысы Марал Төртенова былай дейді: «Әрине, біз өзімізді Еуропамен салыстыра алмаймыз. Бірақ мен Германия, Голландия елдерінде болдым. Аталмыш елдерде әйел адамның асырауында үш баласы бар ма, ол әйел жұмыссыз ба, мемлекеттік органдар оған дереу жәрдемақы рәсімдейді. Ал бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан әйелдерге бұл елдерде арнайы жалақы төленеді. Қазірде көптеген елде мұндай жүйе бар. Жапонияның «Бала капиталы» атты арнайы бағдарлама қабылдап, жаңа туған балаға мемлекеттің арнайы капитал салуы, Ресейдегі «Ана капиталы», Оңтүстік Корея еліндегі «Бала ресурсы» бағдарламалары бізге сабақ болатын дүниелер. Әттеген-айы біздің атқарушы биліктің мұндай үрдістерді ескере бермейтіндігі».

      Жәрдемақы жетпейді

Негізінде, біздің елімізде де дүниеге келген әрбір балаға азды-көпті жәрдемақы қарастырылған. Дегенмен, мамандардың пайымынша, біздегі бала күтіміне қатысты берілетін жәрдемақы тым мардымсыз. «Бұл жерде мәселе жұмыс істейтін әйелдер жайлы емес, жұмыс істемейтін, жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтитын әйелдер жайында болып отыр. Олар жұмыссыз жүріп, өмірге бала әкелетін болса, бір жылға дейін бала күтіміне 10 000-15 000 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Мұндай табысқа өмір сүріп, бала өсіру мүмкін емес. Сондай-ақ біздегі барлық төлемдер мен жәрдемақылар тек бір жылға арналған. Елімізде бір жастағы баланы ешқайда балабақшаға бере алмайсыз, оның үстіне балабақша тапшылығы сезілуде. Сәйкесінше, осы екі жылда бала күтіміне байланысты әйелдердің басым бөлігі табыссыз қалады. Сондықтан әйелдерге бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыны тым құрығанда төменгі жалақымен теңестіре алса жақсы болар еді», – дейді Марал Төртенова.

      Зейнет жасында қайтеді?  

Мамандардың пайымынша, әйелдердің ашынып, билікке базына айтатын жөні бар. Себебі қазақ әйелдерінің еңбегі ескерілмей жатқаны рас. Мысалы, қазірде олардың жинақтаушы зейнетақы қорында салынған қаржысы жоқ. Мұндайда  әсіресе ауылдық аймақтарда жұмысы жоқ, күнделікті істейтін күйбің тірлігі көп әйел қауымының еңбегі ескерілуі қажет. Қалада жалақысы аз жұмысқа орналасса да, әйел тірлігін жасар, бұл жерде, әсіресе ауылдық жердегі әйелдердің еңбегі ескерілмей жатыр. Олардың орта жастан асқанда өмірлеріне алаңдайтыны да осыдан. Сондықтан бізге жұмыс істейтін әйелдер мен жұмыс істемейтін әйелдерге қатысты арнайы бір тереңдетілген мемлекеттік жоба ұйымдастырып, соны реттеп алу қажет тәрізді.

 Ал бұл арада біздің үкімет ширақтық таныта ма, әлде көшеге шыққан әйелдердің барлығын «шәпілдеген шәуілдектерге» теңеп, бейқам отыра бере ме,  ол жағын алдағы уақыт көрсетер. Бізге аналардың жыламағаны, өзіне тиесілі нәрсені биліктен алақан жайып сұрамағаны керек-ақ.

 

Тақырыпқа тұздық

Шенеуніктер «баланы өзің үшін тудың» деген түсініктен арылуы керек

Тақырыпқа орай, «Жас Алаш» Қазақстандағы 20 бала тапқан ана Қамаш Сейітжанованың пікірін білді:

­

– Біздің елде өз күшіне сеніп жүрген аналарымыз қаншама?! Соны көргенде, расымен де, біздің шенеуніктерге «тусаң өзің үшін тудың» деген сананы өзгерту керек екенін пайымдайсың. Біз болашақта қазақтың көбейгенін қаласақ, осы бір «мен үшін тудың ба» деген ойдан арылғанымыз абзал. Өзге елдердің көпбалалы аналарға жасап отырған жағдайын көріп, тағы бармақ тістейсің. Біз бір жасқа дейін берілетін болмашы жәрдемақы мен көпбалалы аналарға төленетін 17 мың теңгені айтып аналарды емексітеміз. Бұл болмашы қаржы аналардың проблемасын шеше алмайтынын атқарушы билік білмейді емес, біледі. Бірақ біле тұра, соны сезінгісі келмейтіні қоғамға қауіпті.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Жас Алаш»


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?