Маршалдың оққағары

Сайт Әкімшілігі - 19.06.20202939

           1985 жыл. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 40 жылдығын тойлауға қызу дайындық басталды. Ол кезде Семей қаласында   ішкі істер органдарында қызмет еткен 100 адамнан асатын соғыс ардагерінің көзі тірі еді. 1 ақпан күні таңертең өз кабинетіне облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полковник Әбдіқайым Нұрқайұлы Исабаев (ол кезде полковник болатын, генерал-майор атағы 1986 жылдың қараша айында берілді) шақыртты. Кабинетіне кірсем, саяси бөлімнің бастығы, милиция подполковнигі Тоқтарқожа Құрмашұлы Болысбаев та отыр екен. Жеңіс күні болатын салтанатты жиналысқа баяндама дайындауды маған тапсырды. Екі жарым ай уақыт берді. Барлық қосалқы (кезекшілік, іссапар, тексеріс, спорт жарыстары) қызметтердің бәрінен дерлік босатты. «Баяндама ерекше болсын, – деді Әбдіқайым Нұрқайұлы, – құр сөз болмасын. Соғыс ардагерлерінің бәрімен жүзбе-жүз кездес. Жүріп-тұратындарын көлікпен алдыр, денсаулығына байланысты үйден шыға алмайтындардың отбасына бар. Естеліктерін  мұқият жазып ал. Әңгімелерін бұзбай тыңда, сөздерін бөлме. Ірікте, талда, топтастыр, қорыт. Тартымды болсын. Бірде-бір ардагер тыс қалмасын. Баяндаманың бірінші нұсқасы 15 сәуірде дайын болсын. Баяндамаға берілетін уақыт 45 минут. Ал, іске сәт!»

    Жұмысқа кірісіп кеттім. Құдай-ау, неткен қайыспайтын ұрпақ еді, сол кезеңнің ардагерлері. Қаза берсең, шыға беретін түпсіз кен орны сияқты. Ерлік дастанын күнде оқып жатқандай болдым. Бір ардагер үш бірдей «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталыпты, екінші бір ардагерде үш бірдей «За отвагу» медалі бар екен, енді бірі  қайыққа мініп Днепрден өткенде, 15 жауынгерден жалғыз өзі тірі қалғанын жылап отырып айтады, енді бірі Сталинград шайқасы кезінде Волгадан су емес, қан аққанын селкілдеп, еңіреп отырып айтты. Ардагерге қосылып отырып жылаған  күндерім де болды. Ардагерлердің айтқандарының бәрін аты-жөнін айтып, амалын тауып баяндамаға кіргіздім.

   Сонымен, тапсырма орындалды. Баяндама дайын болды. Жеңіс күні келіп жетті. Салтанатты жиналыс басталды. Баяндаманың ортасына таман келгенде, Әбдіқайым Нұрқайұлы залға бір қарап алып: «Ардақты ардагерлер! Бүгін біздің ортамызда Сталинград майданында жаумен шайқасып жүріп, майданның жағдайымен танысуға ұшып келген маршал Жуковтың оққағары болған, отставкадағы подполковник, ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Қасым Құрманғалиев отыр», – дегенде, залдағылар гу ете қалды. Салтанатты жиналыстың президиумында отырған Қасым ата тұғырдан таймаған бүркіттей болып, селт еткен де жоқ. Иә, Қасым атаның бұл қырынан талайлар хабарсыз еді.

    Қасым ата кабинетке кіріп келгенде тізіліп тұрған орындықтардың ешқайсысының сай келмейтінін бірден ұқтым. Тау тұлға. Тік арқа. Текті сүйек. Сол кезде сұлу қартайған Қасым ата 78 жастағы қайратты қария болатын. Жүгіріп барып партия комитетінің мәжіліс залынан былғарымен қапталған үлкен орындық әкелгенде, күлімсіреп «Е-е, балам, мынауың жөн болды», – деп әңгімесін бастап кетті. «Соғыс жылдары мен «Смерште» қызмет еттім», – дегенде, алдымда 40 жыл  аты таныс, түрін көруді армандап жүрген батыр барлаушыға кездейсоқ жолыққандай болдым. Сөйтіп отырғанда Қасым атаның кеудесіндегі «За оборону Сталинграда» медаліне көзім түсіп кетіп: «Сталинградта болдыңыз ба?» – дегенімді білмей қалдым. «Соғысқа барардың  алдында осы Семейде 10 жылдай ОГПУ-да (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) қызмет етіп, облыстық милиция басқармасында бөлім бастығына дейін көтерілдім. Соғыс басталғанда бірнеше рет арыз жазып, майданға сұрансам да, 1942 жылға дейін әскер қатарына алмады. Себебі менде бронь бар болатын. Қайта-қайта арыз жазып жүріп, әскер қатарына шақырылып, 1942 жылдың мамыр айында Мәскеу соғыс округінің НКВД (ішкі істер халық комиссариаты) ерекше бөлімінің (особый отдел) қарамағына келдім. Бір аптадан кейін сол күндері жасақталып жатқан 47-ші гвардиялық миномет полкінің, 248-ші гвардиялық дербес миномет дивизионының НКВД ерекше бөлімінің оперативтік өкілі болып тағайындалдым. Сол кездегі совет армиясындағы барлық минометтік қондырғылар, оның ішінде, әрине, М-16 «Катюша» да бар, көздің қарашығындай қорғалды. Тіпті адам өмірінен де қымбат деуге келер еді. Ол қондырғылар ешбір жағдайда жау қолына түспеуі керек. Ондай қауіп шындап төнгенде қондырғының түгін қалдырмай, жойып жіберу керек. Жау оның бір тетігін де көрмеуі қажет. Ол өте құпия қару болды. Оған қызыққан жау тынымсыз астыртын әрекеттерге барып жатты. Менің басты міндетімнің бірі – осындай арам пиғылдың алдын алып, өз жағымыздан болсын, жау тарапынан болсын жауызды қолға түсіру немесе жойып жіберу.

    Бір айдан соң, 1942 жылғы мамыр айының ортасында бізді эшелонмен Сталинградқа әкелді. Қала үшін шайқастың қызып, жан берісіп, жан алысып жатқан кезі еді.  Ол уақытта бәрі құпия болды, қазір айтуға болады. Жауға қарсы тойтарыс беріп, қалай болса да, Сталинградты қорғап қалу үшін стратегиялық «Уран» атты шабуыл операциясы құпия жағдайда дайындалып жатты. Сол шабуылдың егжей-тегжейін пысықтау үшін Сталинград майданына бас қолбасшының бірінші орынбасары, ол кезде армия генералы Г.К.Жуков ұшақпен жиі келіп-кетіп жатты. Қас қарая, түнде, таңға жақын дегендей. Бір күні мені жедел түрде штабқа шақырып алды да, өте жауапты тапсырма берді. Таң қылаң бере Г.К.Жуков ұшып келетін болыпты. Аэродромда ол кісіні ұшақтан көлікке дейінгі арақашықтықты жүріп өткенше күзету маған тапсырылды. «Өзі бірінші болып амандаспаса, қасына жақындама. Бір көзің Жуковта, екінші көзің жан-жағыңды бақылауда болсын» деп қатаң ескертті. Ұшақ қонды. Г.К.Жуков баспалдақтан барынша жинақы, жеңіл қимылмен жерге секіріп түсті, арамыз 20 метрдей болар-ау, шамасы. Маған басын изеп амандасты. Мен қаққан қазықтай қақшиып тұрып «честь» бердім. Көлікке жеткенше қатарласып жүріп отырдым.

     Кешке, елең-алаңда аэродромға  бас қолбасшы Сталиннің бірінші орынбасары Г.К.Жуковты шығарып салуға тағы келдік. Енді мен ол кісіні көліктен ұшаққа дейін күзететін болдым. Арамыз тағы да сол қашықтық. Қатарласып жүріп келемін. Ұшақтың баспалдағына жақындағанда ол кісі бұрылып, бәрімізге қарап тұрып оң қолын көтерді. Әскери тәртіп бойынша «честь» бердік. Міне, мен осындай тапсырмаларды да орындаған едім, балам», – деді екі қолын таяғына сүйеп отырып. «Диверсанттармен, шпиондармен бетпе-бет келген кездеріңіз болды ма?» – деп сұрадым әңгімеге тарта түсейін деп. «Менің қызметімнің өзі сол ғой. Мына ордендерім мен медальдарымның арасында мен үшін өте қымбат екі наградам жоқ. Бар ғой, бірақ кеудеге тағылмайды. 1943 жылдың қаңтар айында совет әскерінің формасын киген диверсанттарды қолға түсіргеннен соң, мені  полк қолбасшылығы ең үлгілі қарсыбарлаушы (контрразведчик) деп, қанжармен марапаттаса, 1944 жылдың сәуір айында Венгрия жерінде шабуылға шығып бара жатып бір елді мекенде қасымдағы аудармашым (переводчик) екеуміз неміс фашистерінің унтер-офицері басқарған 11 жау барлаушысының үстінен түстік. Шайқаса кеттік. Ұрыс көпке созылған жоқ. Сегізін жойып жібердік, үшеуін тұтқынға алдық.  Осы шайқастан кейін полк командирі мені атаулы (именной) «Вальтер» пистолетімен марапаттады. Мен ол кезде мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің гвардия капитаны едім», – деді де, тайыншаның терісіндей жалпақ оң алақанымен екі бетін сипап отырды (Қасым атаның осы екі ерекше марапаты, жауынгерлік ордендері мен медальдары Нұр-Сұлтандағы мұражайда сақтаулы тұр).

   Майдан даласында алған барлық ордендері мен медальдарының тарихын айтып берді. Мысалы, «Қызыл жұлдыз» орденімен Днепрден өткенде марапатталған. 1943 жылғы қыркүйектің 29-ында көзге түртсе көргісіз түн жарымда Сошиновка деревнясының маңында артиллериялық қару-жарақтың бірін қалдырмай,  Днепрдің оң жағасына  өткізуді жеке өзі басқарған. Бірде-бір қондырғыны суға батырмай алып шыққан. «Мынау І дәрежелі «Отан соғысы» ордені. 1944 жылдың күзінде Карпаты Альпісінде Айтоз (Румыния жері) деген елді мекенде полк командирі ауыр жарақаттанып, саптан шығып қалды. Полкті маған басқаруға тура келді, 1111 метрлік биіктікті басып алдық та, соңымыздан қалмай келе жатқан өз әскерімізге Венгрияны азат етуге жол ашып бердік. Осы орденге сонда ұсынылғанмын», – деп ойланып қалды Қасым ата. «Румынияны, Венгрияны, Польшаны, Чехословакияны, Югославияны, Болгария, Австрияны азат етуге қатысып, соғысты 1945 жылы мамыр айының 6-сы күні Австрияның Фонсдорф  қаласында аяқтадым. Бірнеше рет жараландым, екі рет контузия алдым. Соғыс біте сала елге қайта алмадым. Мемлекетіміздің біраз жауапты тапсырмаларын орындап, туған елге 1946 жылдың тамыз айында оралдым», – деп, әңгіменің біткенін білдіргендей орнынан тұрып, қолындағы таяғын маған ұстатып қойып, тонын киіп жатқанда академик Қаныш Сәтбаевтың Англияға барғанда айтқан «Мен қазақтың ішіндегі ең кішкентайымын, үлкендерінің бәрі елде қалды» деген сөзі еріксіз есіме түсті.

    Қасым ата 1945 жылдың маусым айының 18-інде медициналық зерттемеден өтіп, денсаулығының жақсы қалыпта екені анықталған. 1946 жылы мамыр айының 29-ында қарсыбарлау (контрразведка) «СМЕРШ» қызметінің басшылары Қасым атаға мынадай мінездеме бекітеді. «Құрманғалиев жолдас дивизияның қарсыбарлау «СМЕРШ» қызметінде болған жылдары өз міндетін үлкен жауапкершілікпен атқарып, басқа оперативтік қызметкерлерге үлгі бола білді. Соғыс аяқталған соң, отбасына оралуды мақсат етеді, соған қоса, қызметін территориялық органда жалғастырғысы келеді. Аға оперативтік өкіл лауазымына лайық. Қазақ Республикасының органдарында НКВД аудандық бөлімі бастығы лауазымында чекистік қызметін жалғастырғаны орынды болады», – деп жазып, барлық бастықтары құжатқа қол қояды.

     1946 жылдың қараша айынан бастап Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ұлан аудандық бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Қасым ата  майданда қаншалықты қайратты болса, бұл қызметте де қажырлы болды. Жетістіктерге жетті. Қызметі өсті. 1951 жылы Семей облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып жоғарылады. Бұл қызметте де жемісті еңбек етіп, 1958 жылы наурыз айының 26-сында денсаулығына байланысты отставкаға шықты. Адал қызметі ақталып, 1947 жылы мамыр айының 21-інде «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1957 жылы сәуір айының 8-інде әскери «Қызыл ту» орденімен марапатталады. Міне, бүгінгі тәртіп сақшыларына үлгі боларлық өмір, қызметке деген адалдықтың айқын дәлелі.

    1984 жылдың күзінде мен органға келгенде майдангер ағалардың соңғы легі зейнетке шығып жатқан кез еді. Оларды көсемдей көретін едік. Зейнетке шығып кетсе де, арасын суытпай, өздері қызмет еткен бөлімдер мен бөлімшелерге жиі-жиі келіп кететін еді, жарықтықтар. Жалынды жастық шағын сағынады екен ғой. Олар ешкімнің кабинетіне сығаламайтын. Ешкім оларды сығалатпайтын. Асылындай ардақтайтын. Заман солай еді. Ардагерлерді ту етіп төбеге көтеретін заман болатын. Сол кездің бүгінгі буын ескере бермейтін басты ерекшелігі не деп ойлайсыз? Ұрпақ сабақтастығының беріктігі керемет еді. Аспаннан ешкім түспейді. Бүгінгі күн кешегіден басталады.  Біздің буынның кешегісі от кешкен, кеудесін оққа төсеген, қар жастанып, мұз төсенген Қасым ағалар еді.

    (Мақаланы дайындау барысында Бақытбек Қабыкеновтің «Родом из «СМЕРША» атты кітабының көп көмегі тиді).


      Әли-Хан ОМАРБЕКОВ,

       отставкадағы полковник                                                   .

   

    

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?