Кілең тарландар, жұлдызы жанғандар

Сайт Әкімшілігі - 25.06.20201976

28 маусым Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің күні 

Алдымен тақырып қойып алып, мақаланы содан кейін жазатын әдетіміз бар еді. Бұл жолы ат беріп, айдар тағуды соңына іріктік. Онымыз оң болды. Алғашқы үлгідегі атауы «Жарытып сыйлық алмағандар, жұлдызы жанбағандар» еді. Мақала жазып болған соң, бұл тақырыптың мүлде қисынсыз екеніне көз жеткіздік. Журналистер күні жақындағанда елеңдеп қалатынымыз анық. Ептеп құрмет көрсек дейміз бе, сыйлық дәметеміз бе, әлде әріптестердің марапатына қол соғуға ыңғайланамыз ба, бір күтудің бары рас. Маусым айының соңына қарай осы бір саланы өзімізше зерттеген болып та қаламыз. Кім не айтып жүр, кім не жазды? Бұл енді ескі әдет. Әлі тозбаған, біз берік ұстап келе жатқан дәстүр. Тілшінің жазығы не деп те жүдейміз кейде. Теперішті көп көреді. Сынасаң сыйлайтындар азаяды, тізесін батыратындар табылады, мансабы барлар сес көрсетеді. Журналист ештеңеге қарайламастан, арқалаған «алтынын» ақпарат айдынына жеткізіп, өзі «тигеніне» тәуба айтады. Тигені дегенде, өзім ұстаз санайтын әрі ақылшы ағам Қайнар Олжайдың экспромтпен айтып қалған бір мақалы естен кетпейді. Өзі ұмытып та қалған болар. Криминалды түсініктен ада, жай, реті келгенде айта салғаны. «Сасқалақтаған құрбым-ау, Собкорр боп кетем бір күні», – деген жеке шығармашылықтағы уақытша әнді ыңылдап айтып келе жатқанбыз.

 – Тілші тигенін жейді, Собкорр сүйгенін жейді, әнің де, ниетің де жақсы екен, – деді қазақ көсемсөзінің королі.

– Әдемі болған шапаны, еңбегі собкорр сапалы? – деп тоқтадық сұраулы жүзбен.

Ол кездегі «Хабарда» қалжыңқағытпа тілшілік тіршілікпен қатар өрбиді. Мысалы, Тілеуқабыл Мыңжасар ағамның әзілдері. Кісі күлмесе, іші пысатын Тілекеңнің бір сапардан қайтып келе жатқандағы ісі мифтік әңгімелерге де негіз болар еді. Алматы облысындағы меншікті тілші болмай тұрғанда, қаламен іргелес орналасқан ауданның біріне іссапармен барған ғой. Күні бойы жұмыс. Алматыға түн ортасына таман шықса керек. Оператор ұйқыға бас қояды. Шопыр да қалғып-шұлғып келе жатады. Бір-екі шұңқырды байқамай да қалса керек. Тілекеңдер жүргізуші орындығына тұмсығымен тіреле жаздайды. Тығырықтан шығар жолды лезде тауып кетіпті. Шопырдың желке тұсында отырған ғой. Артқы терезені еппен түсіріп, сол қолын сыртқа шығарып, иіп әкеліп сұқ саусағымен жүргізушінің терезесін қаққан ғой. Көзі кілегейленіп келе жатқан шопыр терезе жаққа үрейлене қарайды. Иен дала, тас қараңғы. Тоқтап тұрса, бір сәрі. Жүйткіп келе жатқан көлікке ере алатын, еріп қана қоймай, терезе қаға алатын қандай тылсым иесі? Көздегі ұйқы ылымжылым, бойын жинап, жалма-жан тілін кәлимаға келтіріп, Алматыға жеткенше иманын үйіріп отырыпты.

Мұндай оқиғаның мыңын келтіруге болады. Немесе тапқырлық танытатын тұстары аз емес. Бірде кезекті түсірілімнен қайтқан Бибігүл Жексенбай компьютерін қосып қойып, сыртқа көз тастап, мәтін жазуға кіріспекші болған. Сол тұсқа сөйлей жеткен Әлімжан Сабыржанұлын ағасы Қайнар тоқтатып, «Әй, тыныш, Бибігүл шабыт шақырып отыр», – деген ғой.

 – Шабыт шақырудың не керегі бар? – дейді өзі бап талғамайтын тарлан Әлекем.

 – Бап талғамасаң, бір ауыз өлең шығаршы, Бибігүлді қосып...

 Қайнеке-ау, оның не қиыны бар: Аспанда бұлт айналып, Сәлден соң құйды нұр. Ал жерде ойланып, отырды Бибігүл.

 Қайнекең ғана емес, бәріміз де тапқыр ағаның экспромтына қол соқтық. Жә, жазайық дегеніміз мүлде басқа дүние еді ғой. Не түрткі болғанын айта кетейік.

 Сабақ береміз деп, сабақ алып қайттық

Ғалия Ибраева журфакта декан болып тұрғанда альма-матерде сабақ берудің сәті келді. Жарықтық Темірбек Қожакеевтің жақсы шәкірті атансақ та, даңқты ғалымның жетекшілігімен диплом жұмысын қорғап, ұстаз кафедрада қалдырғысы келгенде ауылға кетіп қалып, мұғалім болудан сырт қалып едік. Жасық емеспіз. Жасқандық. Жүрек дауаламады. Темірбек Қожакеев қайда, одан кейінгі білімді ұстаздардың да ширегіне жетпейміз ғой. Не айтамыз? Не білеміз деп барамыз? Арада жиырма жыл өткенде және бір ғалым, Ғалия апай шақырды. Әрине, бас тарттық. Келесі жолы қаттырақ өтінді. Үшінші рет бұйрық райға көшті. Сол кезде ғана аудитория есігін имене болсын ашуға тиіс екенімізді сезіндік. Сезіндік те, Сәбеңді еске алдық. Кәдімгі Сәбит Мұқановты. Бірде Сәбит Мұқанов дастархан басында филфак деканына айтқан көрінеді.

– Естиміз анау сабақ береді екен, мынау дәріс оқиды екен. Біз ше, біз неге лекция оқымауымыз керек?

– Сәбе-ау, – дейді шыр-пыр болған декан, – Сәбе-ау, сіздің осы сөзіңізді қашаннан күтіп жүрміз ғой. Шынымен лекция оқысаңыз, біз үшін үлкен мәртебе болар еді. Шәкірттер де қуанып қалатын еді.

 – Олай болса, келістік. Беретін сабағымды ыңғайлайын, келетін уақытымды өзің хабарла. Көп ұзамай Сәбит Мұқановтың дәрісі басталып, филфак мәресәре күй кешеді. Жазушының айташылық қыры да ерекше ғой, бірінен-бірі өтетін бірнеше лекциясы ауыздан-ауызға тарап, елді еліктіріп қойса керек. Алайда апта өткен соң, әлгі сабақ пышақ кескендей үзіледі. Үзілетіні – Сәбең үйінде жатып алады. Сабаққа келмейді. Кафедра меңгерушісі қысыла қысыла жазушыға хабарласып, лекцияның үзіліп қалғанын айтады. Сөйтсе Сәбең: «Ау, шырағым, айтатын сөзімді үш-төрт лекцияға сыйғыздым. Ендігі сөздің не мәні болады дейсің», – деп жайбарақат жауап беріпті. Сәбеңше шәкірттерді ауызға қарата алмаспыз. Алайда Мұқановшадайындық көрдік. Өзімізге сабақ берген ұстаздарды еске алдық. Солардың зерделі сөздерін еске түсірдік. Кешегі, бүгінгі журналистикаға шолу жасап, бірнеше күн дайындық көрдік. Сосын, журфакқа келдік. Келдік те, шәкірттерді көрдік. Күн өтті. Апта өтті. Бекітілген жоспарымыз, жүйелі оқу кестеміз бар. Кетіп қалуға мүмкіндік аз еді. Шәкірттер де біздің кезіміздей елгезек емес. Тіпті қызығушылықтары кем, барлығы дерлік селқос көрінді. Бірде қазақ журналистерінің с а ң л а қ т а р ы  ж а й ы н д а  ә ң г і м е қозғап, бүгінгі жүйріктер жайында айтуға оқталдық. Оқталдық та, өздеріне сұрақ қойсақ деп шештік. «Қазақ журналистикасының қазіргі мықтылары кімдер? Олар жайлы не білесіздер?» Жауап біз күткеннен сорақы шықты. Жалғыз кісінің есімі аталды. Оның өзі өзге ұлт өкілі. Біріншісі есім-сойын түстеп еді. Екінші экраннан екі рет көргенін, екі ретінде де ерекше әсер қалдырғанын, қазіргі қазақ баспасөзіне сол қалқа болады дегенді айтты. Қалқан екенін де келтіріп, қалғандары әлгі білгірді қостады. Состиып біз қалдық. Тіліміз таңдайға жабысқан еді. Маңдайдан шып-шып тер шықты. Жоқ, әлгі жүргізушіден атақ-даңқты қызғанғанымыз емес. Онсыз да оққағармен жүретін дәрежеде. Сыйсияпат соның үстінде. Өзі мәтін де жазбайды деп естиміз. Бірнеше редактор ұстайтын көрінеді. Қаламына кие қонғандардан. Оны да қоялық. Тағы бірер күн бұрын жыраулар мектебі жайында айтудың реті келіп еді. Қызылордадан келген студентке «Сендерде Шораяқтың Омарының мектебі бар ғой, иә», – деп, қостайды-ау деген үмітпен бұрылып едік. «Ағай, мен сізге анық айта аламын. Қызылордада ондай мектеп жоқ», – деп бұртиып, бізді қып-қызыл қылған. Мынаның жанында әлгі олқылық жіп есе алмайтын еді. Шәкірттерімнің қалақшасы қар бұзбайтынын түсіндім. Түсіндік те, ашуға басқымыз келді. Алайда сабыр бірінші жетті. Сабырға шақырған – Зейнолла Қабдолов. Анығында, бір кезде өзімізге сабақ берген ұстаздың кітабы. Сол саңлақ еске түсті. Аяулы Зәкең, үлкен ғалым, ғажайып ұстаз Зейнолла Қабдолов! Академиктің «Сөз өнерін» оқыдыңыз ба? Қалай басталушы еді... Әдебиетке анықтама таппай қиналған екеу ше? Ұстаз бен шәкірт. Әлгі тығырықтан шығатын жолды ғалым-жазушы көріп тұрыпты. Көп ұзамай әдебиет теориясына келдік. Енді емтиханға келген шәкірт әдебиетке анықтама беріп қана қоймай, оның жанрларын талдап беретін деңгейге жетті. Демек, біз әлгі шәкірттерге өкпелей алмайды екенбіз. БАҚ саласында жүргендердің басы пісетін шығар, бір қазанда қайнауы мүмкін. Бірақ бір-бірінің қадіріне жете бермейтін секілді. Бірін-бірі мойындамасын, бір ауыз жылы сөзін жолдаса жарасар еді ғой. Сақа тілшіні жас журналист ұстаз санап қана қоймай, соның парасаты мен пайымы жайында айтса ше? Айып па? Анда-санда Бауыржан Омаров әріптестері жайында қалам тербейді. Қандай жылы! Баукең сол естеліктерімен де биіктеп барады. «Әлемді шарлаған Әлімжанын» оқыдыңыз ба? Ғаламтор заманы ғой. Тауып аларсыз. Сол Әл-ағам әлі бабында. «Тәуелсіздік – тәтті ұғым» деген сөзі әлі тәтті. Еңбегі бағаланды, бағаланбады. Қазақ журналистикасы осындай озат тілшісімен де талайлардан озық. Әттең, соны түсінетін кісі болса...

Жөнін естіп, жүзін көргендеріміз

Біз, негізінен, спорт журналистикасында жүрдік. Сол жақтың ауасымен тыныстадық. Спортты жазатын адамның басқа тілшіге ұқсамайтын қасиеті бар. Өмірдің өзін жарыс деп қабылдаймыз. Озатыны болады, көш соңында қалып қоятыны кездеседі. Орта тұстан ауытқымайтыны бар дегендей. Қазір сол комментаторлық көзбен қазақ журналистикасына көз тастап отырмыз. Чемпионың кім дейміз өзімізге. Шоқтығы биік жандар аз ба? Мыңның тұлпары да болуы заңдылық қой. Шен беріп, шекпен үлестірмейміз. Дем беріп, арқадан қағуға да шамамыз келмейді. Тек сол спорт журналистикасы бойға сіңірген қызығушылық төрінен дүрбі салып отырмыз. Дүрбіге алғаш іліккені – жөнін естіп, жүзін көргендеріміз. Журналист болуды біздің біздің тұстастар бала кезден армандады. Қалам ұстағандар «Қазақстан пионеріне» хат жазады. Мақала жолдайды. Ол жақта кемі мықтының бар екенін түйсігімізбен сезетінбіз. Алпағаң мен Жолдасбек ағалар. Алпысбай Шымырбайдай фанатты әлі де сирек көреміз. Өз ісіне әбден берілген кісі екен. Екен дейтініміз, бұрын жазғанын оқысақ, кейін көзбен көрдік. Студент атанғанда арнайы барып, сәлем бердік. Алпамсадай деп жүрген ағамыздың аласа ғана бойы бар екен. Біз үшін бірақ заңғар тұлға. Солай қабылдадық. Солай есімізде сақталды. Көрмесек те, есім-сойына қанық болған екінші сойқан тілшіміз – Жолдасбек Дуанабай. Жөкеңнің жөңкіліп жатқан ақпараттың ішінен керегін ұстап алатыны, әп-сәтте оны мақалаға айналдыра салатын ептілігі әлі де бізге үлгі. Адам қиялы бойламайтын тақырыпты тауып алып, соны зерттеп отырғанда не күлеріңді, не жыларыңды білмей қаласың. Ойлауға болатын, алайда көпшілікке айтуға сәл қысылатын мәселелер де бар. Бірде айтады, күнделікті төгілгеннің көлемін өлшейтін құрал кездессе, қанша литр екенін есептеуге мүмкіндік алар едік те. Айтып қана қойған жоқ, жазды да. Ағамның шығармайтыны жоқ-ау деп қана пікір білдірдік. Бала тілшіге дана тілші көрінген екеудің, шынында да, шоқтығы биік. Екеуінің де мемлекет тарапынан бағалануы кем болған шығар. Бірақ балалар мен жасөспірімдер көзқарасында Алпысбай аға мен Жолдасбектен асатын тілші жоқ.

Журфактың бірінші курсына келгенде екі үздік студенттің аты жөнін біліп келгенбіз. Жатақхана мен аудиторияда солар жайлы таңданысқа толы анонс бықып тұратын. Екеуі де біз қызыға оқыған басылымда жұмыс істейді екен. Бірі – Сейсен Ұлықбеков. Ол «Қазақстан пионері», кейін «Ұланда», екіншісі – Мұхтар Анарбеков, «Пионер», қазіргі «Ақ желкенде». Спортшы өзінен мықтылардан үлгі алып, үйреніп жетіледі. Солардың әдістәсілдерін қайталап шыңдалады. Ауылдан келгендерге шамшырақ секілденген екеуінің ізденісі мен мақала жазудағы машығы бізге кезектен тыс немесе қосымша дәріс секілді еді. Сөз саптауы, жағдайды зерттеуі, жазу стилі кәдімгідей үлгі секілденген. Бізде бір түсінік бар. Шалағай түсінік деп айту керек шығар. Мемлекет тарапынан сыйлық алған, әкімқаралар мойындаған, баспасөзде кеңінен насихатталған журналистерден ғана үлгі алуға болады. Солардың шәкірті атану мәртебе. Спортта ондай жоқ. Ауыл бапкерінен үйренуің мүмкін. Соны тұлға деп танисың. Кез келген олимпиада чемпионынан сұраңызшы, кімді үлгі тұтасың деп. Тоқсан тоғыз пайызы алғашқы бапкерлерін атайды. Қазақстанның немесе әлемнің үздіктерін айтуы мүмкін емес. БАҚ-та бағы жанғандарды ғана бағалау үрдісі бар. Мүмкін, оның да бір пәлсапасы бар шығар. Спортқа ежелден құмар едік. Рабат Жәнібеков пен Диас Омаровты тыңдап өстік. Сейдахмет Бердіқұловты оқыдық. Несіп Жүнісбаев пен Дүрәлі Дүйсебаевтың жазғандарын қалт жібермейтін едік. Өткенде Айымыз аспанға қ а й т а  ш ы қ т ы . Ж о қ ж е р д е н . Шығатыны, отыз неше жыл бұрын жазылған мақаланың жадымызда қалғанын айтып, спорт тілшісі бір тақырыппен-ақ талай мәселені аңғартып өтеді. Мысалы, «Лениншіл жаста» бір мақала жарық көрді. Авторы нақ есімізде жоқ. Әлде Несағаң болар, «Қайрат» емес, Қалмұрат ұтты» деген материал жарияланды. Автор Алматының «Қайраты» кезекті турда ұтылғанын сынай отырып, сол жолы матчта лотерея ойнатылғанын, оны Қалмұрат атты көрерменнің ұтқанын айтады. Келесі аптада «Қайрат» та, Қалмұрат та ұтсын» деген мақала жарық көріп, Қалмұрат атты көрерменнің өз жеңісін әлгі материалды оқыған соң, жатырқап қалғанын жеткізген екен. Автор газет бетінен оған басу айтып, тақырыпты солай қойған. Шеберлік қой. Айға келсек, сол айтқанымызды онлайн көріп отырған Дүрағам сылқ сылқ күледі. «Авторы біз едік қой» деп. Дүрәліні тілшінің дүрі деп неге айтпасқа! «Спортқа» келдік. Несіп аға ертіп барды. Сайын аға Тұрсыновты көрдік. Бойы қандай биік болса, ойы да сондай, адамгершілігі одан да жоғары ағамыз өз заманының абыз ақсақалы еді. Бір қызық жағдай болды. Газетке не түрлі пысықтар келеді. Бизнес деген түсініктің қоғамға ене бастаған кезі. Сәннің соңғы үлгісімен киінген екі жігіт редакцияға үйірсек болып жүрді. Әңгімелері керемет! Адамды баурайды. Егер Сан-Петерборға барып бір затты алып қайтсақ, Алматыдағы пәтердің жарты құнына жетер ақша алады екенбіз. Жанып тұрған кезіміз. Олар да бір иірім секілді. Тереңіне тарта бастады. Түн ұйқымыз қашты. Күні бойы ойлаймыз. Билетімізді көтереді екен. Жатын жеріміз дайын. Көп күш сарқымаймыз. Ең бастысы, адалдық. Сенімді ақтауымыз керек. Әлгі сөмкені есен-сау жеткізсек болды. Жолда ішін ақтарып, кей затын жымқырып кетуге болмайды. Келісетін едік. Келіскендей болдық. Сайын ағаға бір ауыз айттық. Қандай еркелететін аға болса да, бастығымыз. Екі-үш күн жұмыстан қаламыз. Сұранған түріміз. Өмірі көзі күлімдеп тұратын аға көз алдымызда өзгерді. Сұп-сұр болып кетті. Ішімізден топшыладық. Қанша жақын тартса да, табан астында табысқа кенелетінімізге іші мұздай қалды-ау. Орнынан дереу көтерілді де, келесі бөлмеде отырған екеуінің қасына жетіп барды. Барды да, ақырып қалды. «Мынау – менің балам. Балам деген сөз саналарыңа жете ме? Бірдеңеге арандайды екен, қашан айтты демеңдер! Жер түбінен болса да тауып аламын және кеңірдектеріңді суырып, қолдарыңа беремін!» Айтты да, шығып кетті. Состиып үшеуміз қалдық. «Ағаң қызғаншақ-ау, шамасы, көп ақша тауып қояды дейді. Жарайды, сені алмаймыз». Бірінші болып ес жиғаны осылай деді. Сайын ағаға іштей өкпелеп біз қалдық. Артынан естиміз ғой. Біздің орнымызға кеткен адам сол беті ұшты-күйлі жоқ. Кеткен ізі бар. Қайтып келмеген. Әлгі екеуінің бірін кейін көрдік. Кеткен кісі неге қайтпады десек, «Дүниеге құныққанның соңы солай аяқталады», – деп қарқ-қарқ күлді. Сайын аға сонда бізді ажалдан арашалап қалған екен ғой. Ана екеуінің осал кісілер еместігі белгілі. Және тоқсаныншы жылдар топалаң толқынының тап ортасында жүргендер. Сайын ағаның ақырғанын көтере алмай, жазым етуі де мүмкін еді. Бірақ жаның жәннатта болғыр ағам бізді қорғап қалуды жөн көрген екен. О баста журналистиканың жүйріктері туралы жазамыз деп едік қой. Жүйріктің бірі Сайын аға екенін біліп отырған шығарсыздар. «Спорт» газеті құрылған күні жұмысқа қабылданып, сол жерден қырық жылдан кейін зейнетке кеткен ағамыз салалық басылымның шырақшысы секілденген. Тіпті күзетшісі емес. Қара жұмысына бел шеше кіріскен қара нары. Алдымен мақала жазды. Кейін жауапты хатшысы атанды. Макетті ерекше бір талғаммен сызушы еді. Тілімен астыңғы ернін жаласа өзіне көңілі толып отырғаны. Жүзінен нұр тамып тұрады. Ашуланғанын бір-ақ рет көрдік. Баяғы сол бізге қатысты әңгімеде. Асығып-үсігіп Дендербай ағам жүреді. Бір жарыстан екіншісіне кетіп бара жатады. Жолай фотосын шығарып, нөмірге ұсынып дегендей. «Ақын бала, қыздарға жақындама», – деп, бізге бір жымың ете қалады. «Сайын ағаң Тұрсынов, Отыр ма әлі күрсініп», – дейді содан кейін. Жауапты хатшы қай кезде күрсінуші еді? Материалды кеш ұсынсаң. «Макетін газет тұсаған, не істеп отыр Жүс-ағаң?» – дейді сосын. Ол енді көзілдірігін киіп алып, қос сұқ саусақты ғана іске қосып, мәшіңке басып отырған Жүсіп Хисымов көкемді қағытқаны. «Аға, жауап қайда» деймін ғой, Жүсіп ағама қарап. Бөлмені басына көтеріп бір күледі де қояды. «Айналайын, Дәкесі, сапалы сурет әкеші», – дей салсаңызшы». «Қоймайсың сен де Аманжан! Көңілің болсын адалдан. Жақсысын берем суреттің. Жаманын іздеп таба алман». Енді Дендербай ағам жауабын жұптап, жылдам шығып бара жатады. Сол Дендербай Егізовтің қадіріне қазақ жетті ме? Фототілшінің мол мұрасы қайда? Оған кім ие болды?

Қабырғасы қайысса да, мінезі майыспаған

Әлем дегенде, дүниежүзінің спорт журналистері даңқты бапкер Жозе Мауриньоға «Ерекше» деп айдар тақты. Бұл – түпнұсқадан аударма және сөзбе-сөз аудармасы. Толық мағынасын беріп тұрған жоқ. Үздікке лақап ат беру – спорт тілшісінің тіке жұмысы. 1986 жылы әлем біріншілігінде Игорь Беланов жарқ ете қалғанда біздің әріптестер «Зымыран» деп атай салған. Лақап ат бермесек те, біз махаббатпен қарайтын кісілер көп отандық журналистикада. Соның бірі – Мейірхан Ақдәулетұлы. Ырғыздан шыққан жұлдызды «Пионер» журналында еңбек еткен кезінен білеміз. Зор құрметпен қарайтын кезіміз әлгі Ақтбеде «Алтын Орданы» құрған әрі шығарған жылдары. Мауриньоның мықтылығы кез келген футболшыны ойната алады. Не сиқыры бар екенін білмедік, бұрын алаңда өз аяғына өзі сүрініп жүретіндер Жозе бапкердің ұстаханасына тап болған сәтте жарқырап шыға келеді. Сол сияқты Мейірхан ағам да кез келген қыз-жігіттен керемет тілші жасап алады. Жазғандарын көп оқимын. Өзіндік көзқарасы бар. Ел басындағы кемшілікті көре біледі. Айтып та келеді. Қабырғасы қайысады. Өзі майысып көрген жоқ. Бәрі мінезден секілді ғой. Бойдағы ірілік тұсап қала ма, уыстап ұпай алатын кезде тізгінін тарта қояды. Пенделікке ар-ұятынан қалқа қояды. Әйтпесе Мейірхан ағам да қазір кемінде парламент төрінде отыратын еді. Ақдәулетұлының редакторлығы жиі айтылатын корифейлерден бір мысқал да кем емес. Тілшіні жусатып өргізуі, газетте жаңалық енгізуі талайға үлгі. Білгенге бұл ағам да бір мектеп. Шіркін, шәкірт табылса. Шіркін деп, басты бүркеп, шектен ішінен тіл қататынымыз қазір біреуен үйренем дейтіндердің қатары сиреп кетті ғой. Біреу дегенде, қазақы редактор тәжірибесін керегіне жаратам деушілер. «Вашингтон пост», тағысын тағыларға көбірек үңілетін болып алдық. Осы кезде еске түседі. «Қазақты» шығарған Ахаң мен Жақаң. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов. Қазақты ағартуға бел шеше кіріскендер ғой. Қаржы жетпей, газет жұмысы тоқтайын дегенде, бірі кепіл болып, сұранып, қамаққа барып, екіншісі қаржы іздеп, ел жағалап кетеді екен. Не деген жанкештілік. Екі алып ағартушылықты негіз етті ғой. Мейірхан редактор да сол ағартушылыққа оң қараған секілді. Үгіт-насихат жоқ. Үйрету, ширату, шынықтыру. Миды, ойды шынықтыру. Қазақтың өтірікжоқшысы емес. Нағыз мұрасын жинаушысы. Қазақы мәдениет пен таным-түсініктің негізін қалаушы. Мейірхан армандайтын қазақ әлемдік ғаламдасуда да алғы шепте тұрар еді. Берерін сарқымаған сардардың қалың қолсыз жүруі жанға батады. Қол жинайтын шамасы бар, қолдау жағын қайтер кенбіз, бірақ. Кеңдігі көп, кемдігі жоқ Қайнекем Намазалы Омашев ұстазымның айтатыны: «Қайнар Олжайды тас қораға қамап тастасаң да, тастай етіп мақала жазып шығады». Бұрын газеттің жасаулы мылтығы, көрнекті көсемсөзшісі еді. Қазір әлеуметтік желінің жарық жұлдызы. Ыңқылы мен сыңқылынан келісті мақала жаза салатын ағамның телевидение саласына еңбегі де ерекше. Ондаған жобалары жұрт көңілінен шықты. Ыңқыл мен сыңқыл дегенде, соңғы жазбасын оқығанымыз. Ауырып қалған Қайнекем көрпе астынан керемет репортаж жолдаған ғой. Ішінде бәрі бар. Қазақы емнің қаны жерге тамбайтын рецепті. Тер шығарудың тың әдісі. Ерікті және еріксіз ыңқылдың анықтамалары. Ауырған адамның әдебі десек те болады. Білімі де жетеді. Түсінігі терең адамға тұмау тигеннен жазылып шыққанына дейінгі бастан кешкені де бір мақала екен-ау дестік. Бірде «Хабарда» жеделсаты күтіп тұрғанбыз. Есігі ашыла берді де, тау болып кассета құлай жаздады. Құламаған екен. Кісі көтеріп келе жатыр. Бұл кім десіп үңілдік. Тасушыны тану үшін кемі отыз кассетаны бөліп алуымыз керек. Сауап жинаймыз ба, әлде жұмыстан кешікпеу жағын ойлаймыз дегенді қорытқанша, таныс қоңыр дауыс естілді.

– Бірнешеуін бөліп ал, тезірек!

– Аға-ау, – дейміз таңғалып, – қайдасыз?

– Қайдаң не? Алсайшы, тым болмаса төрт-бес қатарын. Таудың жартысын қолымызға көшіргеннен кейін көрдік. «Хабар-2» директоры екен.

– Қарамағыңызда бірнеше қызметкер бар. Бұл не ермек?

 – Ермек емес. Жұмыс күйіп барады. Мыналарды «эфиркаға» тез өткізуіміз керек. Менімен жүр.

– Аға, ассистент болып кеткеннен саусыз ба?

 – Сұрағыңды сосын қоярсың. Кассеталарды тезірек тапсырайық.

– Бардық. Өткіздік. Таңырқап тұрмыз әлі.

 – Мұны көтергенде не тұр? Рәсімдеуін айтсаңшы. Уақытын көрсетіп, ішіндегі материалдың қалай басталатынын, немен аяқталатынын тәптіштеп жазуға көп уақыт жұмсадым.

 – Ел қайда?

– Қызық болды. Таңертең үш қыз жұмысқа келді. Төртіншісі телефон соғып сұранған. Оны жібердік. Үшеудің біреуі «аяқастынан туысым келе жатыр, кездесуім керек әрі кілт менде» деген соң, адамгершілікке салдық. Тағы біреуі түшкіре берді. Тұмауратып қалыпты. Оны қалай ұстасың.

Сөйтсек, төртіншісі ренжиді, «Аға, мен кетуім керек. Үш күн бұрын сұранғанда рұқсат бергенсіз. Уәдеңізді жұтпайтын шығарсыз» дейді. Уәдені қалай жұтайын, төртеуін де өз еркіммен жібердім. Енді төртеуінің жұмысын бір өзім атқарып отырмын.

 – Е, директордың жұмысы көбейіп тұр десеңізші.

– Інім, есіңде сақта! Бұл «Хабарда» қызмет бір ғана адамда бар. Қалғанымыз жұмысшымыз. Әрі жұмыстың үлкен, кішісі, мәртебелісі және сорлысы болмайды. Әркім өз ісінің шебері болуы тиіс. Және кез келген жұмысқа арланбуы керек. Сонда ғана кем дегенде адами қалпыңды сақтап қаласың. Берген мансабын малдансаң, мал табатын шығарсың, бірақ пенделікпен алданасың.


Сөгісті де сөкеттік санамаған Сабыржанұлы

– Сөгіс, сені сағынып жүрмін! Солай деген Жұматай Сабыржанұлын біз сағынамыз қазір. «Тілі усойқы екен, – дейді ауылдағы Мәсіғұт ағам, – Алла тағала адамға да осындай талант береді, ә». Баяғыда Ресейдің әйгілі әйел патшасы Александр Радищевтің «Путешествие из Петербурга в Москву» деген кітабын оқып, «мынау Пугачевтен де өткен бүлікші ғой» депті. Жұматай ағамыздың «Өкпелесің өзің білін» о қ ы ғ а н  ш е н е у н і к т е р  

т а л а й ғ а дейн есін жинай алмай қалатын шығар. Марапат дегенді мүлдем көрмеген, шен алып, шекпен кимеген тілшінің бәрібір тартқан азабынан тапқан ләззаты басымырақ болды. Әрбір сөзі цитатаға айналды. Сөгіс алудың да өз рахаты бар. Әсіресе жазықсыз алсаң, кәдімгідей сүйсінесің. Біреулер іш жиыпты, екінші біреу қуыстанатынын сезесің. Бәсекелессің. Бәсің озып тұрғанына өлшем ғой, тіпті. Отызыншы жүлдені қолға ұстағандарды да көрдік. Сценарийға сай жымиып, сыйлық бергенді талапқа сай мақтап, алғанының құнын аса ұқпай жүретіндер аз ба? Баяғыда армияда айтатын еді, «Погоны тазаның ары таза» деп. Ол тіпті жүлде алғандарды мұқату емес. Жүйрік ел ішінде танылуы тиіс. Комиссия немесе жюри, түптеп келгенде, қазылар бағасы қоғамдық көзқарасты немесе ел қолдауының өлшемі емес. Жұматай ағамның жүлде алмағаны бізге жақсы. «Жүкемнен әулие емеспіз» деуге жарайды. Ол кісі сый-сияпатқа қарық болып, құрмет тақтасында тұрғанда, біз де қысылатын едік. Жеріне жеткізіп, жаза алмадық деп. Елге жеткізіп айтпадық деп. Жұматай ағамның диплом алардағы сөзі де ащы әжуа емес, құжаттың, қағаздың кісілік келбетке, адами ұғымға аса бір әсері жоқ. Құжат керек болғаны үшін ғана керек деген шұбалаңқы ұғымға ғана қызмет ететінін түсіну. Өзім сыйлайтын, аударма саласының сардары Заманбек Әбдешов ағамның айтқаны бар еді: «Кеуде толы медальдан кеуде қыспай, еркін тыныс алып, өз аяғыңмен жүріп, өз асыңды өзің қорытқан әлдеқайда артық», – деп. Эфирде жарқыраған, берерін сарқымаған Телевидение үшін ғана жаратылған жандармен де талай жыл бірге жұмыс істедік. Ол – Рабат Жәнібеков. Егер іздеушісі болса, ерліктің символы ретінде сол ұстазымның портреті қабырғаларға ілінер еді. Әттең, Сағат Әшімбаев таныған, Сағат Әшімбаев бағалаған, ең ғажабы Сағат Әшімбаев сенген сақа журналисті  

б ү г і н г і қоғам бағалай алмады. Рабаттың мектебін ашып беріп, шәкірт біткенді шыңдатса, біздің қоғам ұтар еді-ау. Насихаты жақсыны хан көтеріп, солардың ғана жыртысын жыртуға бейімделген біз саф алтындай жарқыраған мамандарды ұмыта саламыз. Желтоқсан оқиғасы тартылған таспаны сақтап қалғанының өзі кітапқа арқау, бірнеше мақалаға жүк болатын Рабат ағамның ресми атақ-дәрежесі болмайтыны қалай? Телевидение деп қалдық қой. Өмірде де кадрдан көп шыға қоймайтын телетұлға Нұртілеу Иманғалиұлының өзі бір институт. Тек сол ғылым ордасына ден қойған, бас сұққандар шамалы ма деймін. Өзінше айтсақ, «Хабарым, базарым! Табалдырықтан аттаған тауық жылында тауып айтар тәуір жаңалықтарың көп болсын! Әр таңымыз шуақты, бәріміз бай-қуатты болайық!» – деп бата бергендей етіп, сөзін қайыратын Нұрекеңнің көп сөзін Жандос Айтбай жаттап алыпты. Жаңалықтар жүргізушісі кезінде өзі таныстырған сюжетті көрермендерге ұсынып болып, енді келесі материал кіріспесін оқуы тиіс кезде сәл үзіліс жасап, әлгінде ғана өткен сюжетті бір ауыз сөзбен көрерменге сіңіре кеткен ғой. «Сұмдық! Сұмдық та болса шындық. Хабарымызды жалғастырамыз», – деп. Нұрағам өмірде де өзін камераның алдында жүргендей ұстайды. Артық қимыл, ретсіз сөз ол кісіде мүлде жоқ. Күлген кезде де қалың көрермен алдында күліп тұрғанын сезініп күледі. Біреуге бұрылғанда да оператор жаңылыспайтындай, режиссер сезетіндей ракруста бұрылады. Әлде бізге сондай әсер ете ме? Қымбат Досжан да таңғалдырумен келеді. Күні бүгінге дейін эфирге әбден дайындалып барып шығады. Кәсіпке деген адалдық па? Иегін икемге келтіріп, сөзін жұптап, тілін жаттықтырып жүргені.

– Тәжірибе ше? – дейміз сөйлескіміз келген жеңгеме, – қазір әбден пісіп алған кезіңіз ғой.

– Жауапкершілік деген бар. Өз беделімді көбірек ойлаймын. Бізге ұстаздарымыз солай түсіндірді. Солардың жолымен жүреміз. Эфирден кеткенше сол заңға бағынамыз. Дана Нұржігіт туралы. Эфирде жанады. Роза Рымбаева сахнаға шыққанда нұрланып, арқаланып кете ме? Дана да эфирде сондай. Екеуміз «Жалықтырмайтын жаңалықтарды» қатар отырып жүргіздік қой. Сол кезде байқадық. Қанат бітіріп отырады. Жаның жайланады. Шабыт келеді. Айтыста Қатимолда ағам сондай еді. Самал ескендей күй кешетінбіз. Тізгінді осы тұстан тартайық. Журналистер туралы әлі айтарымыз көп. Оны Алла қаласа келесі жылдың маусымының еншісіне қалдырайық. Біз атағандардың арасында жүлде алмағандар көп. Бірақ бәрі де жүйрік. Жұлдызы жанғандар ғой, ендеше.

Амангелді СЕЙІТХАН

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?