Ертең елімізде футбол маусымы қайта жалғасады

Сайт Әкімшілігі - 30.06.20201482

        

  Шілденің 1-інде Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсететін 11 команда доп тебуге мүмкіндік алады. Пандемияға байланысты тоқтап қалған жарыс қайта жалғасады. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы сондай шешімге келді. Қауымдастық оны бекітті. Бірақ шетін мәселелер жетіп-артылады.  Қисынына  қарай ретін келтірмесе, дода тағы кібіртіктейді және әлгі жағдайлардың жасыл алаң дайындығына еш қатысы жоқ. Тиісті комиссия бірнеше қаланы аралап, стадиондары сын көтереді деген пәтуаға келген. Сонда бізді алаңдататын не? Әлбетте, қауіпсіздік мәселесі. Командалар санитарлық талаптарды сақтай ала ма, коронавирус жұқтырған ойыншылардың бар-жоғын кім түстеп, деректерін кім анықтайды? ПТР тапсыру ісіне салақ қарасақ ше? КФЛ бәрін бақылауда ұстағысы келеді. Соған шамасы жете ме, өзі? Біз түгіл, мынау Ресейде кілтипан көбейіп кетті. Чемпионаты жалғасқалы бері айқай-шу. Бір-біріне ренжіген жұрт, жұрт болғанда да, аяқдоп шаруашылығының айналасындағылар.

     Көрермендер де, әсіресе тамыз айында Еуропа жарысына түсетін отандық командалар біріншіліктің тап қазір жалғасуын қалап отыр. Жанкүйерге футбол керек. Әлгі командаларға жауапты ойындар алдында бап жинау қажет. Екі жарым ай бойы аяғын салқындатқан футболшылар да доп тебуді сағынған әрі бәсекеге дайын секілді. Құйысқанның көтерілетін жөні бар. Оның үстіне көптеген елдер төл чемпионаттарын  өткізе бастады. Бундеслига ақтап та үлгерді. Чемпионы баяғы «Бавария».  Англияда чемпион анықталды. Осыдан 30 жыл бұрын АПЛ алтын медалін тағынған «Ливерпуль» биыл сол атаққа қайта қол жеткізді. Юрген Клопп шәкірттері бірнеше тур бұрын топ жарды. Испанияда кімнің озатыны әлі белгісіз. «Реал» мен «Барселона» «құйрық тістесіп» келеді. Италияда әзірше «Ювентус» жүйрік саналады. Бірақ өкше басып келе жатқан қарсыластары да аз емес. Ресей апта ішінде екі турды артқа тастады. Бірақ ол жақта мәселе шаш етектен. Қазақстандық Бақтияр Зайнутдинов өнер көрсететін «Ростов» сапынан қауіпті вирус жұқтырған ойыншы анықталып, Валерий Карпин жаттықтыратын команда Сочиге жасөспірімдер құрамын жіберуге мәжбүр болды және олар жергілікті «Сочиден» тас-талқан боп ұтылды. Есеп – 1:10. Мұрты енді тебіндегендер апайтөс жігіттерге қалай төтеп берсін? Мәскеу «Динамосы» да дәл сондай себеппен турды қосалқы құраммен өткізуге мәжбүр еді. «Краснодар» жомарттық танытып, ойынды кейінге шегеруге келісіпті.

     Одан бері тағы бір тур ойналды. «Ростов» ойыншылары сақайып кетті ме, «Арсеналға» қарсы негізгі құраммен шықты және 2:1 есебімен жеңіске жетті. Тағы да түсінуге қиын соғатын, карантин талабына қиыспайтын жағдай орын алды. Он төрт күн емес, үш-төрт күн ішінде Бақтиярлар ойынға дайын болып шықты. Жалпы тыйымға сай, ойыншылар сол күндері тек оқшау жүрулері тиіс еді ғой. Ол шарттан бас тартқан жайы бар. Тіпті  жаттығу жасады деген де сөз жүр. Жарайды, ол өздерінің міні немесе мұңы.  Ал «Динамо»  ЦСКА-ға қарсы өнер көрсетті. Матчта есеп ашылған жоқ. Әлгі оқшаулануы тиіс дегендері де доп тепті. Сонда РПЛ қатаң бақылауға алады дегені қайда? Ресейдегі әріптестер «әлгі ұйым бәріне қол сілтеген секілді» депті. Өзгенің жыртысын жыртуға құмар емеспіз. Біздің ел қандай бағыт ұстанады, санитарлық дәрігердің әмірі оларға жүре ме, соны ойлап отырмыз.

     Әңгімені алыстан бастаудың себебі де осында. Біздің ел қайтер екен? Ұзынқұлақтан естиміз. Тұмауратып қалған футболшылар қазақстандық командалар сапында да бар көрінеді. Олардың нақты диагноздары қандай? Білмейтіндер бірнеше жорамал ұсынады. Білетіндері иықтарын көтереді. Біз ғой, шындықты білмей-ақ қоялық. Біріншілікті ұйымдастырушылар қандай бағыт ұстайды? КФЛ не дейді? Айтпақшы, Қазақстандағы кәсіпқой футбол лигасы бірнеше ереже бекітті. Алаң жиегінде тек бас бапкер мен оның көмекшісі, сосын команда дәрігері ғана отырады. Қосалқы құрамдағы ойыншылар трибунаға көшеді. Арақашықтықты сақтай отырып жайғасады. Бетте маска болуы міндетті. Бірреттік қолғап киетіні және бар. Негізгі құрам да жапа-тармағай емес, араларына орын тастап барып алаңға беттейді. Екі команданың бірге шығуына тыйым салынған. Стадионда хабарлама жасалмайды. Матч кезінде үш рет үзіліс болады. ФИФА пандемия кезінде бес ойыншыға дейін алмастыруға рұқсат берді. Ол заңдылық сақталар. Ал қауіпті вирустың белең алып тұрғаны жасырын емес. Егер жарыс басталғаннан кейін ойыншылардан коронавирус анықталса ше? Оның жеке жаттықпағаны, жалғыз өзі футбол ойнамағаны белгілі. Сонда не істелінуі тиіс? Команда карантинге кетті делік. Онда кезекті тур ойындарын қашан өткізеді? Онсыз да үшінші айналымды алып тастады. Сонда биылғы біріншілік қысқа дейін созыла ма? «Бәрін уақыт көрсетеді» дейді сарапшылар.

                      «Қайраттағы» махаббат мейрамы

      Алматының «Қайраты» Вагнер Лавпен келісімшартқа отырыпты. Бразилия футболшысының өкілі Эвандру Ферейра әлгі хабарды сүйіншіледі. Қайрат Боранбаев та 36 жастағы ойыншыны команда құрамына қосып алғанын айтты. Бұл біз білетін Вагнер еді. Вагнер Силва де Соуза 2004 жылы Мәскеудің ЦСКА командасының жейдесін киді. Содан табан аудармай сегіз жыл доп тепті. Ресейдің үш дүркін чемпионы атанды. Тіпті армияшылар сапындағы УЕФА кубогының иегері саналады.  ЦСКА-да 158 ойын өткізіп, 79 гол соқты. Қызметі – шабуылшы. Қызуқанды деуге келмейді. Футбол техникасын бір кісідей меңгерген. Сегіз жылдан кейін «Палмейрасқа» ауысты. Одан «Фламенгода» ойнады. Қытай барды.  Ресейге қайта келді. Сәл уақыт Францияны саялап, Түркия біріншілігінде доп тепті. Соңғы уақытта «Коринтинаста» өнер көрсетті. 28 матчқа қатысып, бес гол соққан. Ол енді шабуылшы үшін мәз көрсеткіш саналмайды. Коронавирус басталғалы талай команданың басы қатқаны анық. Қаржы жағынан қысылды. Вагнер Лавты қазір кежегесі кейін тартып тұрған ЦСКА үшінші рет қайта шақырған. Бүгін-ертең бұйрық шығып қалар дегенде, Эвандрудың әлгі сөзі естілді. Ресейлік командадан Вагнер Лав делдалдары 300 мыңдай евро сұраған көрінеді. Шабуылшының жалақысы 800 мың евро деген де сөз шықты.

     «Махаббат» аталған ойыншы «Қайратқа» қажет пе? Есім-сойында тұрған ештеңе жоқ. Махаббат деген әкімге де бағынған елміз, ештеңе етпес. Сол Вагнер футболыңды сойқан салып ойнап бере ме? Тур сайын солқылдатып гол соғуға қауқарлы ма? Көрермен баруға болмайтын біріншілікте қазір қымбат ойыншыны алдырудың не қызығы бар? Мейрам қай көшеде екені белгілі. Даңқты ойыншыны шақырып, даңқын шығарғысы келген Боранбаев не мақсат ұстанып отыр? Шабуылшы жартылай қорғаушы көмегіне зәру. Вагнеріңіз допты жетекке ала жөнеліп, кез келген қорғаныс шебін бұзып өтіп кете бермейді. Ол алаңды көре біледі. Дұрыс ашылады. Бірақ соның қимылын бағып, дұрыс пас беретін футболшы бар ма қазіргі «Қайратта»? Баяғы Исаэль Барбоза жоқ. Бауыржан Исламхан да Лавтың лап қоюына мүмкіндік тудырар еді. Вагнердің өзіндік мінезі бар. Арқадан қаққанға шаттана салмайды. Футболдағы мансабы аяқталып келеді. Ақша аямайтын қожайын іздегені анық. Қомақты қаржыны қалтаға басқанда ғана күлкісін түзеп, құжатын түзеп беретіні анық. Ішіп-жемі, жатын орны демейік, жалақысы қанша? Экономикаға пандемия әсер етіп тұрғанда біздің футболға бұл «Махаббат» не береді?

    Сұрақ көп. Қайраттың өз арманы бар. «Қайраттың» чемпион болғанын көргісі келеді. Баяғы Вагнер Лав болса, біз де ептеп қостайтын едік. Ол, шынында да, сойқан шабуылшы еді. Рикадо Карвальо ұсынған допты еркіне көндіріп, еркін гол соғушы еді. Роллан Гусевтің пасынан да шашау шығармайтын. Әрине, мықты футболшының чемпионатта жүргені жақсы ғой. Қазір ше, Латын Америкаңыз коронавирустың жаңа ошағы болып отыр. Бразилия көш бастаушылар  қатарында. Футболшыны біздің ел кіргізе ме, өзі? Шекара шартына тола ма, заң не дейді? Әлемнің көптеген елдері Бразилиядан қонақ келгенін қаламайды. Тіпті еріксіз жеткендердің өзін апталап карантинге жабады. Ол жағы тағы бар. Бәлкім, бір мәнісі болар. Не десеңіз де, Қайрекеңе ұнаған Вагнер-Махаббаттың бағы бар.

   Сыйға – сый, сыйлыққа – жейде

2 шілде – Бүкіләлемдік спорт журналистерінің күні. Бұл мереке 1995 жылдан бері аталып

жүр. Дүниежүзі жете мән береді. Байқаулар өтеді. Қаламының сиясы спортқа малынғандар

марапатталады. Тағы бір дерек. Дерек дегенде, әлгі датаның біздің дипломаттарға да

қатысы бар. 2 шілде күні елшілік қызметтегілер өз мерекесін ұйымдастырады. Ол да 28

жылдан бері жолынан жаңылмай келе жатқан дәстүр. Дәстүр демекші, сыртқы саясат

сырттандарына ғана тән тағы бір әдет қалыптасыпты.  Әрбір елдің өкілдері таңдаулы

клубтардың, айтулы командалардың ойын жейдесін бір-біріне тарту етеді екен. «Елшілік

аралы» деп айдар тағылған шараға Қазақстан спорт журналистері қауымдастығының

басшысы Ілияс Омаров та қатысып, әлемдік саяси арена серкелеріне өз кәдесыйын

ұсыныпты. Мысалы, «Барыс» хоккейшілері мен «Астана» футболшыларының жейдесі

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің немесе Финляндия президенті Сауле

Ниинистёден табылып жатса таңғалмаңыз. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та

«Барыс» жанкүйеріне айналып шыға келді. «Қайратқа» бүйрегі бұратындар қатарында да

біраз әлемдік деңгейдегі саяси қайраткерлер бар. БҰҰ Бас ассамблеясының 72-ші бас

хатшысы Мирослав  Лайчак, Аргентина сыртқы істер министрі Эктор Тиммерман, Венгрия

уәзірі  Петер Сийярто да қазір Алматыда футбол командасы бар екенін, оның «Қайрат»

аталатынын жақсы біледі. Ослодан телефон соққан Ілияс Омаров: «Қазақ спортының

беделі жоғары, шетелдіктер жекелеген спорт түріндегі тарландарды түгел таниды. Енді

клубтар мен командаларды насихаттайтын кез келді», – дей келе, ойын былай өрбітті:

–       «Спорт – бейбітшілік елшісі» дейміз. «Джерси дипломатия» аталған мерекені ести салып, біз де өз командаларымызды танытудың сәті түсті деп түсіндік. Қолымызға түскен «Астана» мен «Қайраттың» және «Барыстың» ойын жейдесін саясаткерлерге ұстаттық. Канада сыртқы істер министрі Джон Бэрд біздің елдегі хоккей командасын енді жақсы біледі дер едім.

– Тек саясат серкелері ғана емес, ФИФА басшысы да сол жейделердің біріне иелік етті деп естідік қой.

–  Ол да анық ақпарат. Дүниежүзілік футбол қауымдастығының президенті  Джованни Инфантиноның иығына реті келгенде Қазақ елінің қос командасының жейдесін жапқанбыз. Қонаққа шапан беретін елдің баласымыз ғой. Спорт насихатшысы болған соң, клубтарымыздың жейдесіне өзгелердің көзі үйрене берсін деген ой ғой, біздікі.

–   Жейде беріп қана қоймай, сол командалар туралы екі ауыз сөз де айтылатын шығар?

–  Әрине, әсіресе дипломаттар елгезек жандар, алған затына мән береді. Оның тарихын сұрайды. «Ары қарай өзіміз де біліп аламыз» дейтіндер кездеседі. Егер Еуропа көшелерінен қазақ футболшыларының жейдесін киген президент немесе сыртқы істер министрін көрсеңіздер таңғалмаңыздар.

–  Бауыржанды кім шақырар екен?

–   Бауыржан Исламхан енді қай жақта доп тебуі мүмкін? Қазақстан құрама командасының жартылай қорғаушысы пандемияға дейін «Әл-Айн» сапында өнер көрсетті. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі кезекті чемпионат соңына жетпей аяқталған. Анығында, коронавирустың өршуіне байланысты еріксіз тоқтатуға тура келді. Бауыржан ауылға қайтты. Бірер күн бұрын «Әл-Айнның» директорлар кеңесіне кіретін Моджед Әл-Овайс: «Шілде айының ортасында команда жаңа маусымға дайындықты бастайды. Футболшылар алдымен медициналық тексеруден өтеді. Кейін жұмыс жоспарымен танысады», – деп мәлімдеді. Исламханның команда сапында қалу-қалмауы екіталай. Бас бапкер Педру Эмануэл Бауыржанды сыртқа жібергісі келмейтін сыңайлы. Түптеп келгенде бәрін қаржы шешеді. «Әл-Айн» ақшадан қысылатын команда емес. Біздің Бауыржанға қанша төлейді? Мәселе сонда болса керек. Кейбір басылымдар «Қазақстан құрамасының белді ойыншысына «Рубин» қызығады» деп жазды. Команданың бас жаттықтырушысы Леонид Слуцкий тіс жарып ештеңе айтпапты.


                Асқар ХАМИДЕНОВ:

                               «Астана» ойнайтын жер табады

     «Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары үйдегі ойынын қайда өткізетіні белгісіз» деген ақпар тарады. Команда басшыларының бірі Михиал Гурман «бізге Талғарда орналасқан Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу алаңы ыңғайлы» деген болатын. Алайда КФЛ әлгі стадионды ойын өткізуге жарамсыз деп таныпты. Енді қайда доп тебетінін «Астана» клубының баспасөз хатшысы Асқар Хамединовтан сұрап білдік.

  – «Астанаға» алаң табылады. Оған алаңдауға еш негіз жоқ. Тіпті сол Талғарда өнер көрсетіп қалуымыз да мүмкін. Жарыс өткізуге жауапты мамандарға не жақпағанын анықтап білеміз. Әйтпесе өзіміз көктемде доп тепкен алаң дайын тұр. Көкшетауды да қарап көрдік. «Ертіс» біріншіліктен шығып қалды. Демек, 1 шілде күні біз ешкіммен ойнамаймыз. 5 шілдеде Қостанайда «Тобылмен» кездесеміз. Одан кейінгі қарсылас – «Оқжетпес». Бұл матч 11 шілдеге белгіленген. Сол ойынға дейін алаң мәселесі шешіледі. Алтыншы турды Алматыда «Қайратқа» қарсы өткіземіз. 19 шілдеге дейін «Астана Арена» дайын болып қалатын шығар деген үміттеміз. Қазір барлық футболшылар дайындық үстінде. Баптарын жоғалта қоймаған шығар. Дегенмен ұзақ үзіліс командалық, комбинациялық ойынға әсер етеді. Бір-екі турдан кейін бәрі қалпына келуі тиіс.                                                                          

Бет қатталып жатқанда:

«Қайсар» командасының 10 ойыншысынан коронавирус анықталды», -деген ақпар шықты. Бас бапкер Стойчо Младенов оны растап, күнделікті жаттығу тоқтағанын айтыпты. Ал, біз Ерасыл Шәрібектен сұрағанымызда, «Қандай да бір нақты дерек айтуға әлі ерте. Күмән тудырған ойыншылар оқшауланды. Тиісті шаралар қолға алынды. 1 шілде күні «Таразбен» сынға түсеміз бе, оны КФЛ шешеді», - деді.   

 Амангелді СЕЙТІХАН

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?