Жартылай шындық өтірікпен тең

Сайт Әкімшілігі - 30.06.20202028

Осыдан  біраз  күн  бұрын мемлекет  басшысы Қасым – Жомарт  Кемелұлы  «Ана  тілі»  басылымына  арнайы  сұхбат берді. Сұхбат  барысында қоғамдағы һәм  ұлттың  көкейінде  тұрған біраз  мәселе сөз  болды.   Төменде, Мемлекет  басшысының  айтқандарына байланысты белгілі  қоғам  белсендісі Дос  Көшім өзінің  пікірін  білдіріп  отыр.  

«Біріншіден, қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкер ұғымы, ең алдымен, қазақ азаматтарының арасында – анахронизмге айналуға тиіс».   


 Өте тамаша және нақты дұрыс пікір. Бұл менің 32 жыл бойы айтып жүрген сөздерім. Алайда «парламентте немесе баспасөз мәслихаттарында мемлекеттік тілде сөйлеп, пікір алмаса алмайтын мемлекеттік қызметкерлер» жетіп-артылады, оны Сіз де жақсы білесіз деп ойлаймын. Олар анахронизмге айналу үшін нақты заң баптары керек (біз Конституцияда бекітілгендей, құқықтық мемлекетпіз ғой). Олар қазір анахронизмге айналмақ түгіл, күнделікті болмыстың көрінісі болып отыр.

     Екіншіден, мені «қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек» деген сөз де таңғалдырады. Қазақ тілін – мемлекеттік тілді білмеген жандар мемлекеттік қызмет жасай алмауы керек. Бұл бүкіл әлемде, барлық мемлекетте ешқандай талассыз мойындалатын шындық, ақиқат емес пе?! «Басымдық» қызметке  тұрамын деген адамдарға берілген қосымша ұпай сияқты, ал менің түсінігімдегі  «басымдық» – мемлекеттік қызметкер үшін  міндетті шарт және бұл нақты заңның талабында көрсетіліп, бекітілуі тиіс. Түсінемін, ешбір елдің заңында мұндай талап жоқ. Себебі өз елінің, мемлекетінің тілін білмейтін, ұқпайтын адам ешбір елде мемлекеттік қызмет жасай алмайды. Біздің жағдайымыз мүлдем бөлек (бұл жеке әңгіме), сондықтан заң талабы ғана қазақ тілінің қажеттілігін  жүзеге асыра алады.           

     «Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі».

    Біріншіден, біздің Конституция бойынша «ұлтына, дініне т.т. қарай ешкімге ешқандай артықшылық берілмейді». Әрине, бұл пікіріңізді саяси тәсіл ретінде қолдаймын. Алайда бұл қазақ тілінің мемлекеттік тіл болғанына 30 жылдан асқан уақытта ыңғайсыздау тәсіл сияқты. Өз басым тілді ұлттық не ұлтаралық мәселеге айналдыру немесе сол мәселенің төңірегінде саяси ойын ойнауды өткен жылдардың сыбағасы деп білемін. Иә, кезінде өзге ұлт өкілдері теледидарда жүргізуші болды, ассамблея жиналыстарында басқа ұлт өкілдері қазақ тілінде сайрады т.б. Бірақ бұл, менің ойымша, еш нәрсені өзгерте алмады, қайта кері әсер берді. Біз соған қарап мәз болып, қол соғып отыра бердік, ал қоғамда тек қазақ тілін білетін, бірақ орыс тілін түсінбейтіндердің жағдайы жылдан-жылға қиындай түсті (Алматыдағы 200-ден астам нотариустардың үштен бірі  қазақ тілінде құжаттарды қабылдамайтын, қазақ тілінде құжаттың көшірмесін бере алмайтын деңгейге жеттік).

       Өз басым оларды «жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттауға» толығымен қарсымын. Олар Қазақстанның азаматтары, өздерінің мемлекеттік тілдерін білу – парызы және міндеті.  Максим, Оксана, Оғыз Доғандарға (тағы миллиондаған азаматтарға) алғысым шексіз, бірақ олардың маған «Досеке, бұл менің мемлекеттік тілім ғой (Оғыз інім «бұл мен жұмыс істейтін мемлекеттің тілі ғой» дейтін болар), оны білу – менің міндетім, сондықтан ол үшін мені марапаттау ақымақтықтың көрінісі»  деуінде талас жоқ. Айтпақшы, өткен жылы Сіз берген алғыс хатты алудан бас тартқаным да осы мәселеге деген жеке көзқарасымның көрінісі. Біріншіден, қазақ тіліне деген еңбегім – менің азаматтық парызым, екіншіден, 30 жыл бойы осы тіл үшін мемлекетпен, билікпен ғана күресіппін, енді сіздердің (мемлекет пен биліктің) маған алғыс айтуларыңызды өте ыңғайсыз шешім деп қабылдадым.

     Екіншіден, президент мырза, тілге байланысты «ұлтаралық қолданыс» деген жасанды терминді ешқашан қолданбауыңызды сұраймын. Біз 1989 жылғы «Тілдер туралы» заңның 2-бабындағы «Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген ақымақ, адам құқығын толық бұзатын бапты 1997 жылы үлкен қиыншылықпен алып тастадық. «Ұлтаралық қолданыс» заңмен бекітілмейді, себебі әрбір адамның, әртүрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен қай тілде  сөйлесіп, қай тілде қатынас орнатуы адам құқығына жататын, әр азаматтың өздері ғана шешетін жеке мәселесі. Маған сенбесеңіз, әлем мойындаған академик Сахаровтың «Еуразиялық мемлекеттердің Конституциясын» (1989) қарап шығыңыз, ол жерде «ұлтаралық қатынас тілі  заңмен реттелмейді» деген тамаша тұжырым бар.

     «Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастар арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдағанымыз жөн».

      Өте дұрыс пікір. 100 пайыз қолдаймын. Орыстандыру саясаты өтіп кеткен Қазақ елінде бір-бірімізге түсіністікпен қарағанға не жетсін. Біз, ұлтшылдар, бұл ұстанымды 30 жыл бойы ұстанып келеміз. Сіздерге де қазақ ұлтшылдарының көзқарастарының жеткеніне қуаныштымын. Біз, ұлтшылдар, ешқашан ешкімді  «шала қазақ» деп атаған жоқпыз не болмаса азаматтардың қазақ тіліне деген талпынысына күле қараған емеспіз.

    Алайда толеранттық екі жақтан болғанда ғана өзінің позитивті нәтижесін береді. Қазір Қазақ елінде 20 пайызға жуық (осыдан алты жыл бұрын 16 пайыз болған) орыс тілін мүлдем білмейтін азаматтар бар және олардың саны жыл сайын артып келеді. Оларға да түсіністікпен қарауымыз керек. Өкінішке қарай, бүгінгі Қазақстанның кафе-ресторандарынан қазақ тіліндегі ас мәзірін де таба алмаймыз. Бізге деген, қазақтілді қауымға деген,  түсіністік  неге жоқ? Меніңше, президент мырза, түсіністік екі жақтан да болуы шарт. Орыс тілін білмейтін не сөйлей алмайтын азаматтарға деген түсіністік болмаған жағдайда біз отаршылдық кезеңге қайтып келеміз және бұл отаршылдық тәуелсіз Қазақ елінің мемлекеттік тілінің  орыс тіліне бағыныштылығы болмақ. Сондықтан «түсіністікпен қарау» туралы пікірлеріңізді орыс тілінде, орыстілді қауымға бағыштап, жеріне жеткізіп айтсаңыз дұрыс болар еді. 

     Мен орыстілді қауымның басым көпшілігі бұл жағдайды біледі және қазақтілді қауымның тілдік мәселесіне жандары ауырады деген ойдан аулақпын. Меніңше, бұл мәселе қатаң заң талаптары арқылы ғана жүзеге асады. Ал тілдік мәселе жөнінде бір-бірімізге түсіністік таныту қазақ ұлтшылдарының өмір бойғы ұстанымы екені даусыз.

    Тіл мәселесі саяси мәселе емес. Бұл – лингвистикалық мәселе. Мен әрқашан кез келген ортада «орыстілді қауым», «қазақтілді қауым» деп сөйлеймін. «Орыстілді қауым» дегенге миллиондаған қазақ азаматтары кіреді, ал «қазақтілді» қауымның ішінде жүз мыңдаған басқа ұлт өкілдері бар. Мұны айтып отырғаным – бейшара биліктің әрқашан қазақ ұлтын төмендететін, барлық мәселеге соларды кінәлі ететін ауруы бар. Осыдан аулақ болыңыз. Басқа ұлт өкілдері толеранттықты бізден үйренсін.    

    «Төртіншіден, телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Бұл ақпарат өнімдері Ресей бағдарламаларының көшірмесіне емес, қайта қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуға тиіс. Арзан ойын-күлкіден гөрі ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет».

     Тағы да толығынан қосыламын. Сізге емес, осы ойды Сізден бұрын айтқан мыңдаған азаматтарға қосыламын. Ал Сізге солардың пікірін қолдағаныңыз үшін. Үлкен рақмет. Алайда Сіздің пікіріңіз айдаладағы айқай сияқты, естілмей қала ма деген қаупім бар. «Қазіргі қоғамдық ойлардың қайнар көзі» – ұлттық құндылықтардың жаңғыруы. Бұл бағыттағы бағдарламаларды «молайту» орыстілді билікке тиімді деп айта алмаймын. Өткен жылы «Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы» деген ұлттық есеп (!) тек орыс тілінде ғана жарық көрді, менің сыныма (сол уақытта мен Қазақстандағы «Азаматтық альянстің» вице-президентімін) министрліктер жауап та бермеді. Әрине, теле және радио хабарларының сапасын арттыру қажет, бірақ негізгі тақырып  (ұлттық мәселе) бұғауланса, басқасы жасандылық деңгейде қалады. 

     «Меніңше, Орталық Азиядағы көршілеріміздің тәжірибесі бізге пайдалы әрі үлгі боларлықтай. Қазақ тілінің мәртебесін арттыру жолында кинематографияның да алар орны ерекше. Бізге тарихи оқиғаларды дәріптейтін, қазіргі қоғамды да бейнелейтін сапалы дүниелер керек. Қырғыз киногерлері «Құрманжан датқа» деген мәнді, мағыналы, көз қуантып, көңіл толатын фильм түсірді. Соған бар-жоғы 1,5 миллион доллар жұмсаған. Ал біздің кинематографис­тер бұдан әлдеқайда көп сұрайды. Ал түсірген дүниелерінің сапасы әрдайым көңілден шыға бермейді. Өкінішке қарай, бүгінде біздің киногерлер де ауызбіршілік таныта алмай отыр. Бұл шығармашылықты тұралататын жағдай».

     Бұл көзқарасыңыз да ұлтшыл азаматтардың сан жылдар бойы айта-айта шаршаған мәселесі. Меніңше, әңгіме тек қана ақшада емес. Әрине, кино – көпшілік үшін (қоғам үшін) ұлттың, мемлекеттің идеологиясы, тағы біреулер үшін ақша жасайтын бизнес. Ал Қазақ елінде орыстілді кино түсіріп, оны қазақ тіліне аударуды қажетсінбейтін киногерлер отырғанда сапалы дүние ешқашан өмірге келмейді. Есіңізде болса, 2012 жылы «республикада көрсетілетін фильмдердің барлығы мемлекеттік тілді болуы керек» деген заң да қабылданды. Ол заңды дайындауға кино өнерінің маңындағы барлық мамандар қатысты, келісті, қолдарын қойды. Ал 2017 жылы сол заңға «дубляж жасау өте қиын», сондықтан «кадр сыртындағы аударма» мен «титрлердегі мәтінді қазақшалап берсек жетеді» деген өзгертулер енгізілді. Сол масқара отырыстың мен де (жұмыс тобының мүшесі ретінде) куәсі болдым. Нұртай Сабильянов екеуміздің жанайқайымызды көрген жұмыс тобы шешімді «келесі отырысқа» қалдырды, кейіннен өздерінің мақсаттарына жетті. Меніңше, «шығармашылықты тұралататын жағдай» – кино өнерінде ұлттық идеологияның жоқтығы.

Дос КӨШІМ

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

Сайт Әкімшілігі

Бактерияға және вирусқа қарсы дәрі-дәрмектің тізімі жарияланды

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Сайт Әкімшілігі

«150 мың теңгені қайтарып бер» (видео)

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

Сайт Әкімшілігі

Отандық медицинамыздан қайыр болмай тұр

«Сабыр түбі – сары алтын»

Сайт Әкімшілігі

«Сабыр түбі – сары алтын»

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Сайт Әкімшілігі

Әкімдік "Алматы облысында блок-бекеттер қойылады" деген хабарламаға жауап берді

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Сайт Әкімшілігі

Бір тәулікте 569 адам коронавирус жұқтырды

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Сайт Әкімшілігі

Арман ШОРАЕВ: Путин – Ресейдің ең басты трагедиясы

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

Сайт Әкімшілігі

Астаналық дәрігер көзіне жас алып, ауруханадағы жағдайды айтып берді

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Сайт Әкімшілігі

COVID-19: Алматыда 14 науқастың жағдайы өте ауыр

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Сайт Әкімшілігі

Одақ ішіндегі апан: құрдымға кім кетеді?

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Сайт Әкімшілігі

Вирусолог мамандар коронавирус жұқтырып жатыр

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус жұқтырғандардың 119-ы жансақтау бөлімінде жатыр

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Сайт Әкімшілігі

Қазан басында жүрген қазақ әйелдері билікке неге ашынады?

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

Сайт Әкімшілігі

Ғалымдар коронавирустың жаңа мутациясын анықтады

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Сайт Әкімшілігі

«Жер де, үй де жоқ, «Алтын алқаны» ломбард алмайды», Үкімет аналарды қашанғы алдайды?

Қарағандыда атыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қарағандыда атыс болды

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?

Сайт Әкімшілігі

«Кекілін қайырып, жағын айырып тастаймыз!» псевдосәләфиттер биліктің маңдайын «сипап» отыр ма?