Өркениет және қоғамды жаңғырту ілімі

.

Сайт әкімшілігі

02.07.2020, 12:11

219

  (Басы өткен санда)

            ТҮРКІ ӨРКЕНИЕТІНЕ СЕРПІЛІС БЕРУ ИДЕЯСЫ

Біздің көне түркілердің байырғы мекені Алтай мен Орталық Азия, Оңтүстік Сібір жерлерінде неолит (жаңа тас) және қола дәуірлерінде, ертеде (Иерихан б.з.б. VII мыңжылдықта) жерді игеріп, тұрмыс-тіршіліктің басталғаны белгілі. Жалпы, ежелгі түркілерді тарихта скиф, сақ, хун-ну, ғұн, үйсін, қаңлылармен тектес ұлыс ретінде қарайды. Ал Ашина тайпасынан шыққан түркі тегінің ұрпақтарына келсек, тарихта ғұндардың көсемі Мөдеден бастап, Томирис, Атилла, Ертонға, Тоныкөк, Бумын, Мұқан, Естеми, Иоллығтегін, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Құбылай, Бейбарыс, Ұлықбек, Сүлеймен сұлтан, Ататүрік т.б. ондаған ірі мемлекет басшыларын, қағандар мен хандарды айтса болады.

Түркі халықтары сол уақытта саны да соншалықты көп емес, сөйтсе де, қалай жарты әлемді басып алды? «Осыншама қуат, күш-құдіретті олар қайдан алды екен» деген сұрақ туады. Түркі қағанаты үш мың жылдық тарихымен шығысы Тынық мұхитынан бастап, Корея, Қытай Сунь империясымен қоса алғанда, Вьетнам, Бирма, Комбоджа, Индия, Иран, Пәкістан, Ауғанстан, бүкіл Орта Азия, Сібір, Волга, Каспий, Кавказ, Қырым, Жерорта теңізі, Вена, Тунис, Дамаск, Кайр, Константинополь, Бағдат, Алжирге дейін жарты әлемді алып жатты. Ал жаулап, басып алған халқын алсақ, өзінен ондаған, жүздеген есе көп, содан «Түркі халқының феномені неде?» деген сұрақ туады. Бұл көп факторлардан тұрады.

Түркілерде күтпеген жерден жауға тап беріп, тықсырып барып кенеттен қайта жоқ болып, қайта айналып жойқын күшпен соғатын соғыс тәсілдері күшті болды. Олар әп-сәтте қойға шапқан аш қасқырдай өз жауының ойран-топырын шығаратын. Егер (уақтысында Атиллаға салық төлеп отырған Рим) Рим империясы тоғыз ғасыр бойы соғыс жағдайында болса, 13 ғасыр бойыбесқаруын асынып, ат үстінде ойнақ салған түркі жауынгеріне, Түркі империясына қарсы тұрарлық күш әлемде болмады. Қытайдың өзі, оның императоры Цинь Ши Хуанди (221-210) түркі тегі ғұндардан қорғану үшін Ұлы Қытай қорғанын жылдар бойы тұрғызған.

Б.з.д. VI-V ғасырларда Түркі қағанатының әлемдегі ең үлкен армиялардың бірі болған ІІ Кир мен Дарий патшалардың әскеріне қарсы тұруы, б.з.д. VI-V ғасырларда Еуропаны жаулап алуы, ал ХІІІ ғасырда жарты әлемді алуы, бір Құбылайдың өзі ұрпақтарымен Пекинде отырып Қытайды 100 жыл басқаруы және т.б. әлемді мойындату дер едім.

Көк түркіден тараған Томирис, Мөде, Бумын, Мұқан, Бейбарыс және тағы да басқа түркі қағандарын, хандарын қосса, ерлігімен әлемді дүр сілкіндіріп, дүниенің төрт бұрышын бақылаған жер иесі құдіретті империяның сұлбасы көз алдымызға елестейді. Менің ойымша, мұндай ғаламдық жетістікке, күшке ие болу тегіннен-тегін емес, бұл «өркениетке өзгеріс әкел» деген бір Жаратқанның ісі болуы да мүмкін.

Екінші сұрақ туады: «Неге түркі әлемі Рим империялары сияқты осындай империялық мемлекет бола тұра, кейін шашырап кетті? Қазіргі түркітілдес елдердің қайта өрлеуге мүмкіндігі бар ма және өзінің жаңа өркениеттік спиральмен дамуға қандай әлеуеті бар?» деген сұрақтар мені толғандырады.

Бұған біржақты қарауға болмайды, себебі тарихтан білеміз, әлемде небір империялар болды. Кезінде әлемдік алты империяның бірі болған Түркі империясында да осы тарихи логикалық үрдіс орын алды. Түркі халықтарының адамзаттың өркениеттік дамуында алатын, қосқан үлесі де мол екенін өмір дәлелдеуде. Оның басын түркі ғалымы К.Маршан түркі өркениетінің бар екенін біріншілердің бірі болып дәлелдеген.

Қазір, жалпы, түркітілдес халықтардың саны 200 миллионнан асады. Әрине, бұлар бұрын Еуразия құрлығының әр жерінде шашырамай, бір жерге жиналғанда қазіргі түркі елдері АҚШ пен Қытайдай аса ірі, дамыған мемлекет болар ма еді? Болар іс болды, мұндай мүмкіндікті біздің тегіміз пайдалана алмады. Оларды бір-біріне айдап салуда болды. Мүмкін, олар бір-бірімен соғыспай, бірігіп басқа елдерді алғанда басқаша болар ма еді?! Қазір бәрі өткен соң жорамалдап айта беруге болады, бірақ, менің ойымша, Түркі империясында көп жылға бағытталған стратегиялық жоспардың сол кезде болмағаны айқын. Қазір ежелгі Түркі қағанаты алты мемлекет және үлкен-үлкен автономиялар (Татарстан, Башқұртстан, Сақа, Тува, Хакас, Чуваш, алтайлықтар, ұйғырлар т.б.) болып отыр. ХХІ ғасырдағы ендігі мақсат осы түбі бір түркі халықтарының басын бір-бірінен алшақта жүрсе де, жаңа үрдіспен қалай қосамыз, қалайша интеграциялаймыз? Осыған байланысты қандай идеялар, жобалар бар? Міне, осыларды ойлап, іске асыру қажет деймін.

Шамамен осы ғасырдың орта шеніне дейін дүниежүзінде Түркі әлемі өз орнын ойып алуы тиіс. Егер біз мұны жасай алмасақ, онда дамыған капиталистік елдер бізді бөліп-бөліп, өркениеттік жолдан сыртқа шығарады. Тек осылай амбициялық мақсат қойып, оған қол жеткізсек, Түркі әлемі дүниежүзінде ең биік дәрежеге, бағаға ие болуы мүмкін. Бұл мәселеде мемлекет басшылары мен ғалымдардың, зиялы қауымның орны өзгеше.

Қазіргі Түркі әлемінің экономикалық әлеуетін алсақ, жылда өтетін Дүниежүзілік Давос экономикалық форумының ғаламдық бәсекелестік көрсеткіштері бойынша біздің жағдайымыздың әлі нашар екенін көруге болады. 2019 жылдың жаһандық бәсекелестік индексі бойынша алдағы 50 елдің ішіне бірде-бір түркітілдес мемлекет жоқ: Қазақстан – 55, Әзірбайжан – 58, Түркия – 61, Қырғызстан 96-орында болса, Өзбекстан мен Түрікменстанның көрсеткіштері Давос экономикалық форумына енбеген. Ал тереңірек қарасақ, түркітілдес елдер денсаулық, білім, ғылым мен технология, қаржы жүйесі, әсіресе бизнес, инновациялық дамудан көп артта келеміз (80-100 орындамыз). Бізге осы көрсеткіштерге, әсіресе жаңа білім, ғылым мен технологияға аса мән беру қажет.

Біздің түркітілдес мемлекеттер әлі де болса көптеген тарихи, рухани, әдеби, тіл, археология, этнография жәдігерлерін сақтап келеді. Оған қосымша, археологиялық ізденістерден жаңа көптеген тарихи ескерткіштер, қазба байлықтар табылуда. Түптеп келгенде, бұл біздің генетикалық тегіміз. Уақтысында ататегіміз бүкіл Азия мен Еуропа құрлығын дүр сілкіндіріп, үлкен империялық жойқын күшке айналдырған болса, біз, яғни Түркі әлемі, XXI ғасырда тарихымызды жандандыру арқылы әлемдік тарихтың төрінде екінші рет толыққанды отыруымызға әбден болады.

Ол үшін жоғарыда айтылғандарды ескеріп, барлық күшті бір Түркі әлемінің кіндігіне жинау керек. Бұған әсіресе ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері білек сыбанып тұрып атсалысуы керек.

Дамыған мемлекеттермен бәсекелестікке түсіп, алда болатын Түркі әлемінің бір ғана жолы бар: ол – түбі тереңде жатқан рухани, тарихи-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды бірге көтеру.

Түркітілдес елдер өздерінің рухани мүмкіндіктерімен өте жоғарғы фазада тұр. Бұл біздің капиталистік елдерден артық басымдығымыз.  Мүмкін, тағдыр біздің замандастарымызға ХХІ ғасырда Түркі әлемінің дамуына серпіліс беру арқылы дамыған мемлекеттермен бәсекелес болу үшін осы қадамды жасауға мүмкіндік берген шығар.

Түркі әлемін ХХІ ғасырда қайта жаңғырту үшін мынандай жобалар, іс-шаралар ұсынамын:

1. Түркітілдес алты мемлекет, тағы да басқа түркітілдес халықтар бірігіп, «Түркі өркениетін жаңғырту туралы стратегиялық 2050 жылға дейінгі империялық концепция және бағдарламалар» қабылдау қажет. Бұл мегажобаның атын «Алға, түркілер! – Ашина 2050» деп атаса жақсы болар еді, шыққан көне тегімізді білдіріп тұратын.

2. Басымдық ретінде арнайы «Түркі әлемінің рухани дамуына серпіліс беру» туралы (тарих, білім, ғылым, денсаулық, мәдениет, дін, тіл т.б.) нақты қаржымен қамтамасыз етілген интеграциялық біріккен бағдарламалар қажет. Нәтижесінде Түркі әлемінің үш мың жылдық тарихын қайта жазып шығу және мәдени-тарихи мұра атласын жасау керек. Ғұннан бастап, бүгінгі тарихымызға дейін тез арада «Түркі империясы» деген үш мың жылдық тарихты қамтып, 30 сериялық тарихи деректі танымдық фильм жасау керек. Бұл фильм бүкіл түркі халықтарын жаңа рухта тәрбиелеуде жаңа идеология болар еді.

3. Әлемдік деңгейде «Түркістанда ғұн дәуірінен қазірге дейінгі тарихи, мәдени, географиялық панорама-музей» жасау. Мұның екі түрі болса: бірі – жабық мекемеде, ал екіншісі – Ұлы Жібек жолы бойында «Көне түркі өркениетінің ашық музей – мәдени қалашығы» салынса.

4. Түркі мемлекеттерінің жылдық экономикалық өсімі 5-6 пайызға өсетіндей бағдарлама жасау керек. Жаңа технология, жасанды интеллект, роботизация, интернет ресурстарын тиімді пайдалану жобалары жасалу қажет. Әр мемлекетте Ұлы Жібек жолын жандандыруға үлкен серпіліс беретін мегажобалар, рухани-логистикалық хабтар болу керек.

5. Ауылды жаңарту, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру. Түркі әлемі өзінің үлкен жер байлығымен, азық-түлік өндіру мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Түркі әлемі келешекте азық-түлік державасына айналуы мүмкін. Ол үшін әр елде «Түркілердің ХХІ ғасырда ауыл кластері» бағдарламасын жасап, іске асыру қажет.

6. Түркі әлемінің даму жолын саралау және алдағыны жоспарлау ғылыми орталығын құру керек (Алматы, Ыстанбұл т.б. қалаларда). Әртүрлі ғылыми лабораториялар ашу. Мысалы, «Түркі әлемінің генетикалық лабораториясын ашу» т.б. жаңа өркениеттің сұранысына байланысты ғылыми орталықтар ашу. Түркі мемлекеттерінің ғалымдары бірігіп, «Үш мың жылдық түркі тарихын» қайта қарап, тағы бір електен өткізіп, жазып шығып, оны бүкіл әлемге тарату керек.

7. Жоғарыда айтылғандардың бәріне бір нүкте қоятын, алтын сандықтың шегесін қағатын сол алты мемлекеттің және тағы басқа автономиялық республикалар басшыларының осы мәселеге арналған саммиті болуы керек. Оған қоса, бүкіл Түркі әлемі халықтарының құрылтайын өткізу қажет. Сонда бәріне ортақ «Ұлы түркі өркениетінің декларациясы» қабылданып, оны іске асыратын барлық шешімдер және іс-шаралар болуы тиіс.

8. Жаһандану құбылысын ешкім тоқтата алмайды. Тек бір-ақ жол: ол –  халықтардың бірігуі. Түпкі мақсат – Еуроодақ (ЕС) сияқты бүкіл түркі халықтарын, мемлекеттерін біріктіріп, «Түркі тегі» (ТТ) атты одақ құру. Осы ТТ одағы келешекте ЕС, НАТО, САО сияқты түркі әлемін қорғайтын күшті өз әскері, қарулы күштері бар ұйым болуы керек. Сонда ғана дамыған алпауыт мемлекеттер бізбен санасатын болады.

                          ҚОҒАМДЫ ЖАҢҒЫРТУ ТУРАЛЫ

Әрине, ХХІ ғасырдың басынан бастап әлемде болып жатқан күрт өзгерістер, 2008 жылғы және 2020 жылғы екі дағдарыс дүниежүзінің астан-кестеңін шығарды десе болады. Бұл қандай феномен, неге мен деген дамыған G7, G20 мемлекеттері, халықаралық ұйымдар мұндайға дәрменсіз болып тұр? Сонда адамзат құрдымға кете бере ме деген сұрақ туады. Мәселе байлықта емес, қыруар қару-жарақта емес, әлемді аузына қаратамын деп, үстемдік жасап келе жатқан АҚШ-та немесе оған қарсылас, таразының екінші жағына шыққан (СССР-дің орнына) Қытайда да емес.

«Сонда мұның түп тамыры неде?» деген сұраққа ол қазіргі өркениет қоғамының, табиғаттың даму заңдылықтары бұзылып, руханиятсызданып, деградацияға түсуінде. Қоғам қазіргі жаңалықтарға, ғылым мен технологиялардың жетістіктеріне даяр болмады, екінші жағынан, капиталистік дамыған мемлекеттер АҚШ-қа қарсы аузын аша алмай, соның тек баю саясатының жетегінде кетті. «Мен» деп мақтан ететін Сократ, Эйнштейн, Шекспир, А.Смит, Маркс т.б. шыққан Еуропа цивилизациясының да қоғамды жаңғыртуға, дағдарыстан шығуға ғылыми дәйекті концепциясы қазірше болмай тұр.  

Осындайда әлем қайда бет алды, біз қайда барамыз деген сұрақ туады. Бұған жауап бере алатын қоғамдық ғылымдардың кризиске түсуін де мойындаған жөн. Жоғарыда көрсеткендей, ғылымның төресі – философия ілімі, дін әлемі, политэкономия, социология, тарих, экономика т.б. ғылымдардың ХХІ ғасырдың тасқынына жауап бере алмауында. Мұндайда қоғам дамуының парадигмасы өзгеруі керек деген ой келеді. Оны локалды, әлемдік соғысқа жеткізбей, эволюциялық жолмен әлі де жасауға болады. Маркс адамзаттың әлеуметтік дамуы туралы дұрыс айтқан. Бұған капиталистер мән бермеді.

Мұның кілтін капитализм мен социализмнің орнына келетін қоғамды өткен ғасырда Гарвард социологы, Ресейден кеткен Питрим Сорокин мен АҚШ теоретигі Джон Гэлбрейт айтып қойған. Егер әлемдік соғыс болмаса, қоғам мен мәдениетте енді келетін басты құрылым «интегралды қоғам», «конвергентті жол» деп айтып кеткен болатын. П.Сорокиннің әлеуметтік-мәдени интегралды құрылымында ғылым, гуманитарлық этика, жоғары мәдениет және осылардың бірлігі гуманитарлық өркениеттің дамуына тікелей әсер етеді деген пікірі құптарлық. Менің ойымша, осы шынайы өмірде ескерілмеген идеяны қазіргі жағдайға байланысты кейбір қосымшалармен толықтырып, бүкіл әлем негізге алуға болар еді. Ашығын айту керек, қазір ең жоғарғы билік басындағылардың біліктілігі төмендеу және де олар саясат пен амбицияның, байлықтың жетегінде (Трамп т.б.), ал білетін ғалымдарды тыңдай бермейді.

Жаңа интегралды қоғамды жетінші формациялық қоғам, жетінші уклад деп атауға болады. Менің ойымша, жаңа интегралды қоғам  осы уақытқа дейінгі цивилизациялық дамудың ең жақсы құндылықтарын ескеріп, әсіресе капитализм мен социализмнің жақсы тәжірибесін алып, алдағы жаңа технология, жасанды интеллект, роботтандыру, адам геномы т.б. жаңадан туатын әлем жаңалықтарын пайдалану керек. Әрине, интегралды қоғам жұмақ жасамайды, бізге әлі капитализм мен социализмнің теріс жақтары коронавирус ауруы сияқты біздің иммунитетімізге талай теріс әсер береді.

Бұл жерде бізге көмек беретін адамзаттың көп ғасырлар бойы жинап келе жатқан рухани-мәдени, тарихи құндылықтары, иммунитетін қалыптастыратын тегінің генетикалық күштері. Міне, біз осы әлеуметтік салаларды  сүттің қаймағы сияқты бетке шығарып, үлкен басымдық беріп, инвестиция салып дамытуымыз керек.

Шындығына келсек, тек капиталистер ғана емес, біз де бұл жағына көп мән бермедік. Енді рухани жаңғыру деп, бүгін ғана үн көтерудеміз. Оның өзі кейде бір партияның жалауы сияқты болып қалуда, іс мәнсіз, жүйесіз, тереңдік жоқ.

Осы орайда, бізге ұлы Абайдың, әл-Фарабидің т.б. шығыс философиясы ілімі көмекке келеді, егер толыққанды айналыссақ. Конфуций  «ең алдымен биліктегілер, тіпті осы дүниенің ұлылары ізгілік пен әділеттікті негізге алса, адамның өмірі кемелдікке жетер еді» деп есептейді. Будда, Лао-Цзы, Конфуций ілімінде қазір біз іздеп жүрген азаматтық қоғамның негізгі қағидалары жатыр. Олар: бірлік, ізгілік, әділеттік, теңдік, жоқтықты бағалау, тәртіп, еңбек, өнегелі өмір т.б. Олар мәңгілік мораль философиясын, ережелерін белгілеген. Абайдың толық адам ілімі де осыған саяды.

Қазір әлемге, әсіресе дамыған мемлекеттерге жетпей тұрған жаңа технология емес, керісінше, осы жоғарыда көрсетілген, бір сөзбен айтсам, адамзаттың рухани-өнегелік құндылықтары. Бірақ олар әлемдегі жаңалықтарға байланысты ой-сананың өзгеруімен келеді. Жалпы, әлемдік психологияны өзгертетін уақыт келді.

Әрине, қазір жаһандану заманы болғандықтан, проблемаларды шығыстың не батыстың философиясы, құндылықтарынан ғана емес, оларды әлемдік тұрғыдан қарастырған жөн. Бұған жоғарғы кеңістіктен қарасаң, қазір әлем елдеріне керегі интеграция, мегодипломатия арқылы келісімдік, әлемдік сауда, экономикалық қатынастар, табиғат заңдылықтарын сақтау, жалпы, әлем өркениетінің дамуы мен ноосфералық космосты бірге игеру сияқты макропроблемалар жеткілікті. В.И.Вернадскийдің ноосфералық ғылымының күні тумақ.

Менің ойымша, осы екі концептуалды бағытты: біріншісі – көнеден келе жатқан рухани-адами құндылықтар және екіншісі – ХХ, ХХІ ғасырлардың жаңа үрдістерін бірге електен өткізіп, адамзат пайдасына қолданған жағдайда әлем өзгереді де, түрленеді де, ал оны мекендеген халықтар баянды өмір сүреді. Бүкіл әлем генийлерінің армандап, айтып кеткен қағидаттары да бейбіт, баянды өмір сүру, адами құндылықтарды, табиғат заңдылықтарын сақтау.

Осындай ойдан кейін нақтырақ айтсақ, қазір бүкіл әлемге ортақ қатысы бар бір ғана идеология қажет сияқты. Бұл – жоғарыдағы құндылықтарды ескеретін «гуманистикалық идеология». Ол қоғамдық және өндіріс қатынастарын, адам теңдігін, әділеттікті, келісімдікті, мегодипломатияны, шығыс философиясын, батыс философиясын, ізгілік тәрбиесін қамтитын саясатты қажет етеді.

Ал ХХІ ғасыр жоғарғы гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін. Бұл жерде әр адамның, адамзаттық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі адам өзінің ақыл-ой санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі.

Жалпы, гуманитарлық идея тек біздің ғана емес, ол әсіресе дамыған елдердің есігін айқара ашқанда ғана барлығымызға прогресс болады. Әлемді мекендеген халықтарды біріктіретін құндылықтар: әлемдік келісім мен татулық, алға даму мен жетілу, табиғат заңымен өмір сүру, ноосфералық өркениетке қызмет ету, адами қасиеттерді ұстау мен ізгілікті азаматтық қоғам құруға талпыну т.б. 

Осыларды айта келе, өркениет дамуына тікелей жауап беретін әлем институттары – G7, G20, БҰҰ, ЕО, НАТО, БРИКС, ШОС т.б. әлемді тұрақты дамыту үшін бір тұжырымға келгені жөн болар еді. Менің ойымша, алдымызда жаңа өркениет – жетінші жаңа формацияның негізі, ол – интегралды қоғам, конвергентті жол, ал оның ұстанымының бірегейі –  гуманитарлық идеология, қоғамды ізгілендіру, бейбітшілік жол. Бұл биіктікті, ізгілікті қоғамды әлі бір мемлекет те ала алған жоқ. Әрине, бұл алдағы сана ғасырына ұзақ жол, талай буын өзгеру керек.

Әр елдің, әр мемлекеттің өз даму жолы, өз саясаты болуы мүмкін, ол заңдылық. Ал, бірақ, дүниежүзінің галактикалық дамуына келгенде мемлекеттердің өзара қарым-қатынас, келісім арқылы бір ұстанымға келгені жөн. Біз әлі білмейміз, алда ноосфералық дамуда басқа планеталарда тіршіліктің бар-жоғын, бізден басқа цивилизацияның бар екенін. Сол кездерде біздің цивилизацияның абыройына нұқсан келмеу керек деген ойдамын. 

Қазіргі жаһандану заманындағы әлемдік үрдісті ескере отырып үштұғырлы даму идеясын алға тартпақшымын. Әлемнің тұрақты дамуы тең үшбұрыштың үш қабырғасы  сияқты рухани-технологиялық даму және оларды қамтамасыз ететін қауіпсіздік мәселесінен тұрады (1-сурет). Бұл әлемдік үшбұрыш Біріккен Ұлттар Ұйымының назарында болса. Үшбұрыш арқылы біз әлемдік тарихи дамудың тепе-теңдігін сақтап, оның логикасын бақылауымызға болады. Бұл үш тұғыр (руханият, технология, қауіпсіздік) жаңа өркениеттің базалық даму элементтері болып есептеҮштұғырлы дамудың идеясын қысқаша айтсам. Бірінші руханият туралы айтсақ, адамгершілік, рухани-мәдени, тарихи құндылықтар, дәстүрлерді сақтауға бағытталған үрдістерді мемлекеттік идеологияны жасаудан бастау керек. Өткен мыңжылдықтағы ыңғайлы өмір сүруді қазіргі өмірмен салыстыра келгенде жаңа өркениетке, жаңа мәдениетке шыдамдылық пен зайырлы плюрализм маңызды болады. Руханиятты жаңғырту мен қоғамды ізгілендірудің  негізгі құраушылары мыналар: өткеннің, қазіргі мен болашақтың тарихы; әлемдік психологияны өзгерту; адамның жаңаша ойлау қабілетін арттыру; рухани-моральдық құндылықтарды қалыптастыру; әлемдік діндерді жаңғырту, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, конфуций т.б.; креативті адам капиталының дамуы барысында әлемдегі халық санының өсуі, қоғамның үйлесімді дамуы.

Осыларды мұқият ескере отырып БҰҰ бастамасымен жалпы әлемнің азаматтық дамуының жаңа рухани-идеологиялық доктринасын қабылдайтын уақыт жетті. Біз қоғамдық дамуға рухани серпіліс, гуманистикалық пәрмен беру арқылы постиндустриалды өркениеттің  парадигмасын жасай аламыз.

Екінші технологиялық дамуға келсек, қазір дамыған мемлекеттер жаңа VI-технологиялық укладты (ТУ) тез игеруде. Олар: био- және нанотехнология, генді  инженерия, ақпараттық технология, цифрландыру, жасанды интеллект, роботтандыру, космостық технология т.б. 2025 жылдан ары қарай осының арқасында әлемде жаңа VI ТУ, ғылыми-техникалық прогресс қатты дамиды. Әлемдік дағдарыстан шығудың жалғыз жолы –  инновациялық даму жолы, яғни ауқымды халықаралық кластерлік, әсіресе жоғарғы технологиялар бойынша даму бағдарламаларын орындай отырып, инновациялық серпіліс стратегиясын жасау қажет. Жаңа білімге негізделген экономикаға өту керек. Ол үшін ғылым, білім, денсаулық салаларын модернизациялау, қомақты инвестиция салу қажет. Осындай әрекет арқылы жаңа білім іске асып, үдемелі прогреске әкеледі. Жаңа технологияның арқасында әлемде көптеген жаңалықтар пайда болды, әсіресе космосты игеруде, биотехнологияда т.б. Мәселе осыларды халық игілігіне жаратуда.

Қазір әлемде 1,1 млн  робот болса, өндірілген машиналардың 80 пайызын  роботтар жасаған. Аз уақыттан кейін көлік жүргізуші болмайды, адамсыз машиналар сізді керек жерге алып барады. Келешекте 50 миллион адамсыз машиналар 1 миллиард жеке көлігіңізді ауыстырады. Жаңа технологиялардың дамуымен бірге, адамның ішкі жан дүниесі, өмір сүру  құқығының шектелуі ең үлкен мәселе болып көтерілуі тиіс. Мұндай жағдайда адам өзін тыр жалаңаш жүргендей күйде сезінері анық.

Бүгін «адамның жасанды миын» жасап шығару үшін миллиардтаған ақша жұмсалып, 10 жылдан бері нейротехнология саласында ғылыми ізденіс жасалуда. Сол жасанды интеллект, роботтар өмірімізге дендеп енбей тұрып, адам мен машина арасында қандай шектеу болуы керек, соны қазірден бастап анықтап алу керек. Оның жолын қазір іздемесек, кеш қаламыз.

Үшінші қауіпсіздік мәселесі – әлемде тыныштықты сақтаудың кепілі. Себебі ғаламдық қауіпті, дағдарысты, апаттар мен т.б. қауіп-қатерлерді ескеретін жүйе жасақтау арқылы әлемдік қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Әлемді тану серпіні еселеп өсетін ғаламдық ғылыми үрдістің кезеңі келіп жетті. Өкінішке қарай, АҚШ-тың кейінгі онжылдықта әскери шығындары жалпы ішкі өнім бойынша 60 пайыз өскен. Бұл дегеніміз – әлемнің өзге мемлекеттерінің әскери шығындарының 50 пайызы деген сөз. АҚШ, Ресей, ҚХР т.б. мемлекеттердің қарулану бойынша жарысы тоқтамаса, онда үшінші дүниежүзілік соғыстың туындауына әкеп соғуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Жер шарының жойылып кету қаупін тудырады. Оған тек өз-өзімізге адами көзқараспен қарап, өркениетті жаңғырту арқылы ғана жол бермеуге болады. Өкінішке қарай, соны түсінбей келеміз.

Осы қауіпсіздік мәселесіне байланысты экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, демографиялық, ғылыми-техникалық, ақпараттық, энергетикалық, ғарыштық, азық-түлік, биотехнологиялық (биомикробтар, наноботтар, роботтар) т.б. қауіпсіздіктерді біртұтас етіп қарап, олардың пайдалану критерийлерін және шектеулі көрсеткіштерін жасау керек. Біз бұлардың көпшілігіне жасадық. Мысалы, өндіріс саласын сипаттайтын көрсеткіштер мен олардың шектеулі мүмкіндік мәндері мыналар: өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 70, машина жасау – 25, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі ЖІӨ-ге – 25, негізгі қордың тозуы – 40, өңдеу өнеркәсібінің экспорттағы үлесі 40 пайыз болу керек. Осындай шектеулі критерийлер 13 қауіпсіздіктің бәріне жасалып және оларды БҰҰ-да, әр мемлекетте де пайдалануға болады.

Қорыта келе айтарым, әлемнің тұрақты дамуы үшін осы үштұғырлы базалық элементтерді БҰҰ-да жақсылап пайдаланса бейбітшілік орнайды, әсіресе рухани мүмкіндіктеріміз артып, алдағы гуманитарлық ноосфералық өркениетке аяқ басамыз. Үштұғырлы дамуды жаңа цивилизацияның негізгі факторы ретінде  пайдаланып, ХХІ ғасырдың даму стратегиясын жасауға, пайдалануға болады.

                                КЕЛЕШЕКТІҢ ӨРКЕНИЕТІ

Жаһандану заманында адамзат үшін ең қиын нәрсе – өмірде дұрыс жол таба  білу.  Бұл  әрбір адамға, қоғамға да қатысты мәселе. Егер біз Абай заманында өмір сүрсек, төрт түлік малымыз алдымызда, ағайын-туыстың арасында өз қотырымызды өзіміз қасып отырар едік. Қазір қоғамдық құрылым басқа, нарықтық қатынастар адамзатты сауда мен бәсекелестікке икемдеп, өмір өз заңдылығын алға тартқан уақыт талабы. Осыған орай, адами құндылықтар да өзгеріп, руханият мәселесі материалдық жағдайдан кейінгі екінші орында қалды. Осы себепті мәселені кең тұрғыдан қараған жөн.

Адамзат осы кезге дейін өз өмірі үшін ұзақ күресіп, өркениет тізгінін қолына мықтап алғаннан кейін қоршаған ортаны һәм өзін-өзі игере бастады, осыған байланысты белгілі заңдылықтарды зерттеп, меңгеріп, оларды осы аталған мүмкіндіктер арқылы дамытуға, өз қажеттіліктеріне қарай дұрыс қолдануға тырысып бағуда.  Адамзат өзінің жеті мың жылдық дамуында болашаққа деген жауапкершілікті сезіну үшін мол тәжірибе мен білім жинақтады.

Адамзат ғасырлар бойы өз басынан көптеген соғыстар мен тоқырау кезеңдерін өткерсе де, жалпы өркениет процесінің дамуы мен оны сақтап қалу үшін осыншама қиындыққа душар болмаған. Жер шарындағы ресурстық байлықтың күрт кемуінен туындаған мәселеге ғылыми тұрғыдан қарауды талап етуде. Бүгінгі таңда адамзат өркениетінің сақталып қалуы және одан әрі өркендеуін жалғастыру үшін жаһандық үрдістердің дамуын басқару, өндірістік-тұтынушылық және өзге де қажетті циклдардың арақатынасы мен жалпы заңдылықтарын қайта зерттеу қажеттігі заман талабына айналып отыр.

Ноосфералық даму жағдайында көптеген құбылыстар түсініксіз. Алайда адамзаттың қолында ғылым мен техниканың айтарлықтай әлеуеті жинақталған, егер де оны тиімді қолданса, әлем қозғалысының бағытына болжам жасауға болады. Адамзаттың алдыңғы қатарлы ойшылдары қалыптасқан жағдайдан шығуды көздейді.

Жаһандану жағдайында үшінші мыңжылдықта өркениеттің тіршілгін қамтамасыз ету мен сақтау маңызды, ол үшін адамзат біздің планетамыздағы өмірді тиімді басқаруға қол жеткізетін жалпыхалықтық жаһандық идеяны ойлап табуы керек. Бұл жерде «адам–қоғам–табиғат–ғарыш–галактика» жүйесі қызмет атқаруы тиіс. Бұл адамның біздің ортақ өркениет үйіміз – Жер планетасының өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы үздіксіз байланысты сезінуі үшін қажет. Мұның көмегінсіз өркениеттің жалпыәлемдік дамуының заңдылығын ашу тіптен мүмкін емес.

Бүгінгі күннен ертеңге барар жол ауыр, бұлыңғыр. Саяси және бизнес элита көптеген мемлекет халықтарының алдында өзінің беделінен айырылды, ал ғылыми және қоғамдық қауымдастықтар жеткілікті дәрежеде бастама көтермейді, бір жағынан, билік оларға құлақ асуы үшін нақты тетіктер әлі жасалынбаған. Бүгінгі күнгі және жақын аралықтағы міндеттерге әлемдік дағдарыс, жаһандық жылыну, азық-түлік жетіспеушілігінің (1,3 миллиард адам әлемде аштық жағдайында, миграция легі күшеюде, соғысқа және т.б. алып келетін түрлі жанжалдар туындауда) салдарын еңсеруді жатқызуға болады. Стратегиялық міндеттерге ноосфералық өркениетті игеру, жоғарыда айтылған мәселелердің көтерілуі және т.б. жатады.

Бұл жағдайда АҚШ не Қытай сияқты қанша жерден алпауыт мемлекет болса да, тек қана бір мемлекеттің күшімен жаһандық мәселелерді шешу мүмкін емес. Жалғыз бүлдіруге болады, ал жақсылық көппен жасалынады. Әлемді біріктіретін, ұйыстыратын күш керек. Мұндай күш ретінде БҰҰ-ның жаңадан реформаланған жүйесі болуы мүмкін және оны басқа құрлыққа ауыстыру қажет.

Ең бастысы – бейбітшілік, бірақ ол планетаның әртүрлі елдерінің (дамыған, дамып келе жатқан және артта қалған елдер) өркендеуінің және тарихи-эволюциялық дамуының арқасында әртүрлі жылдамдықтарда дами алады. Әлемдік картаға көп нәрсе енгізілді, бейбітшілік үшін барлық адамдармен ынтымақтастықта болып, бірігіп, тіл табысу керек. Біз алдымен әлемнің өркениеттік дамуында өзіндік жолымызды табуымыз керек. Жаңа өркениет жолында үйлесімді даму үшін жеке мақсатқа жер бетіндегі барлық тұрғындардың көзімен қарау керек. Қарапайым тілмен айтқанда, адамзатқа үш БББ қажет: бірігу, бірігу және тағы да бірігу. Ғаламшарымызды сақтау мақсатында әлемдік зияткерлік әлеуетті жұмылдыру қажет.

Осы мәселелерді шешу үшін автор «ХХI ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы» деп аталатын мегажобаны жасаған болатын. Бұл кітап баспадан Лондонда шығып, Кембридж университетінде автордың қатысуымен презентациядан өтті. Баспаның дерегі бойынша кітап әлемнің 200 ТОП университеттеріне жіберілген. Кітапқа Нобель сыйлығының со-лауреаты оң пікір берген.

Бұл жобада рухани, ғылыми-техникалық революцияға, экологияға, ғарышты игеруге, экономика мен әлемдік қауіпсіздікке негізделген постиндустриалды әлемнің, жалпы адамзат өркениетінің ғаламдық үйін құру қағидалары бар. А.Эйнштейннің «ешқандай мәселені оның туындаған деңгейінде шешу мүмкін емес» деген сөзін ескере отырып, біз өркениетке галактикалық тұрғыдан қарауды жөн көрдік.

Мегажобаның ғылыми жаңалығы – постиндустриалды өркениетке өтудің жоғарыда айтылған алты базалық элементтерін бір процесс ретінде тұтас қарап және соның негізінде дүниежүзілік процестерді жаһандық басқару мен реттеудің сандық моделін жасау. Бұл модель автордың кітабында толық көрсетілген. Сол арқылы өтпелі кезеңде дүниежүзінің тұрақты дамуын сақтап қалу мәселесі қойылған.

Бүгінгі таңда әлемдік қауымдастық алдына өркениетті басқарудың және әлемдік үрдістерді реттеудің жаһандық жүйесінің қажеттілігі жөніндегі мәселені қоюдың уақыты келді. Бұл – экономикалық және саяси шешімдердің жаһандық жүйесін жасау деген сөз. Қазір бізге керегі – жалпы ұлттар мен ұлыстардың планетааралық бірлігі және осыған байланысты жаңа дүниежүзілік мәселелер.

Жоғарыдағылардан туындайтын дүние – халықаралық қоғамдастық алдында ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырларда пайда болған өркениетті басқару мен әлемдік үдерістерді реттеудің жаһандық жүйесі туралы мәселені көтеретін кез келді. Бұл жерде саяси және әлеуметтік-экономикалық шешім қабылдаудың ғаламдық әлемдік жүйесі туралы айтып отырмыз. Осы мәселелерді шешу үшін әлемді жаһандық басқарудың бірінші кезеңінде әлемдік заң шығарушы (Әлемдік парламент), атқарушы орган (Әлемдік үкімет), сот органы (Әлемдік сот), қауіпсіздік кеңесі, әлем данышпандарының кеңесі, белгілі бір өкілеттіктермен әлемдік діни одақ кеңесі туралы әңгіме қозғаған жөн. Сонымен бірге БҰҰ, ЕО, Q7, Q20, сондай-ақ халықаралық ұйымдар, институттар және т.б. қоса алғанда, адамзаттық дамудың бүкіләлемдік тарихи тәжірибесін пайдалану қажет. Әлемдік проблемалар, қиындықтар мен оқыс оқиғалар әлемдік державалардың осындай халықаралық ұйымдарды құруын мәжбүр етеді. Осы мақалада айтылған көптеген әлемдік институттар мен ұйымдар құруды қазірден бастаған жөн.

Негізгі тұжырымды айта кеткен дұрыс, біздің ойымызша, XXI ғасырда жедел дамыту үрдісіне рухани және жаңа технологиялар синтезі, конвергенция және ғылымдардың тоғысы негізінде шешілетін әлемдік тәртіптің жаңа рухани және технологиялық дамуы мен халықаралық қауіпсіздіктің идеологиялық үлгісін жасау жатады.

13,8 млрд жылдық тарихы тереңде жатқан жалпы әлемнің болашағы, өркениеттің дамуы, рухани және интеллектуалды лидерлердің қарым-қатынасына, олардың өзара түсінушіліктеріне байланысты болмақ. Мәселенің күрделі күрмеуінің шешілуі не бірігуде, не жеке-дара құрып бітуде болып тұр. ХХІ ғасырда АҚШ-тың өкшесін  Қытай мен Еуропа одағы басып келеді, сондықтан АҚШ-тың олармен санасуына тура келетін күн жақын.

Кризистің туындауы нәтижесінде Валютааралық резервтік қор құру керек. Қорыта айта келсек, активтердің валютамен   құрылуына   жол   бермеу,   БҰҰ   әлемдік  валюта «құнын» жаңа сапамен бақылау керек. (қуатты толтыру). Бүкіл   әлемдегі   валютаның   қарым-қатынасын   және оның «қуатпен» қамсыздандыруды сараптауына  байланысты  БҰҰ жанында валюта сараптаушы комиссиясын құру қажеттігі туады.

Біздің көзқарасымызша, жаңа кезең басталады, ол нарықтық экономикадан интеллектуалды экономикаға, постиндустриалды өркениетке, яғни жаңа білімге, ғылымға, жоғары технологияларға, рухани құндылықтарды жаңғырту барысына негізделген. Енді осы ғылыми мегажоба жаңа әлемдік даму стратегиясына импульс берсе екен деген үміт бар. Қарапайым тілмен айтқанда, интеллектуалды экономика – шикізат, тауарды шығару емес, ол жаңа озық идея арқылы даму.

Әлемдік дамудың қазіргі материалистік моделінен рухани жаңғырту, интеллектуалды қоғам құру моделіне көшу қажет деп санаймын.

    ҚАЗАҚСТАНДА ҚОҒАМДЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖОЛЫ

                                         Әлемнің жағдайы

Соңғы уақытта әлемнің өзгергені соншалықты – кейде алдағы уақытта бізді не күтіп тұрғанын болжау қиын. Ол өзгеріске АҚШ-тан кейінгі алпауыт державаның бірі – Кеңестер Одағының ыдырауы да қатты әсер етті. Қазір ғаламдық теріс өзгерістерге әкелген келеңсіздіктерден адамзатты қалай құтқару мәселесі тұр. Олар: әлемдік климаттың жылынуы, су, азық-түліктің жетіспеуі және саяси шиеленістер, миграция,  коранавирус сияқты т.б. апаттар және теріс үрдістер.

Жер шарында адам мөлшері қажетті межеден асып кетіп отыр, сондықтан шұрайлы жерге көз аларту, үстемдікке ұмтылу сияқты ықылымнан келе жатқан өзара дау мен талас ел мен ел арасында өршімесе, толастамай отыр. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің жартысынан көбі дамыған G7 мемлекеттерінде және халықаралық трансұлттық компаниялар дүниежүзінің 50 пайыздан астам байлығына ие. Оған қоса, АҚШ, Ресей, Қытай, Солтүстік Корея жаппай қарулануда. Мысалы, дүниежүзі қару-жарағының 50 пайызынан көбі АҚШ-тың қолында. Әртүрлі бактерия, биологиялық қатерлі лабораториялар әлемде көбеюде. Біз үшінші дүниежүзілік соғыстың алдында тұрған сияқтымыз. Қазір әлем құрдымға кетудің алдында тұр және оның одан әрі даму жолы қауіпті жағдайда десе де болады. Біз, өзі, қайда бара жатырмыз? Бізді қайда алып бара жатыр? Біз қайда бара жатқанымызды неге білмейміз? Алып бара жатқандар да білмейді.

Бізді осылардан құтқаратын бір-ақ нәрсе, ол – адамның адамгершілігі, сезімталдығы, ғылымның бар жетістігін тек ізгілікке, өркениеттікке пайдаланып азаматтық қоғам құру. Егер дер кезінде кіріспесек, онда біз «бифуркация» нүктесінен өтіп кетіп, бүкіл әлем келмеске кетуі мүмкін.

                                   Бүгінгі Қазақстанның жағдайы

Қазақстан егемен ел болғалы 30 жыл. Ә дегенде үміт күшті еді. Өкініштісі, шаш етектен байлығымызды ел ырысына пайдалана алмай, реформаны дұрыс жүргізбей, біз бюрократиялық, олигархиялық, спекулятивті капитализм құрсауында қалдық. Экономикамызды әртараптандырмай, мәнді тек мұнай, газ, қазба байлыққа бергендіктен, қазір жағдайымыз қиын, шикізат елі болдық. Мысалы, Норвегияны алсақ, бар болғаны 40 жылда балықшы елден ең дамыған ел қатарына көтерілді. Себебі мұнайды тек алып, сатып қоймай, қайта терең өңдеуден өткізіп, зауыттарын салып, қосымша құн өндірістерін жасап, Норвегия мемлекеті бүкіл экономикасын күрт өзгертті. Осыларға қажетті заңдар шығарып, оларды қатаң орындады.

Осы жылдары жіберген биліктің әлеуметтік-саяси қателіктері жеткілікті. Сөз, ақпарат бостандығы, жерге иелік ету мен тіл бостандығы, адам құқығын сақтау жолында ат төбеліндей халық талай боздақтарынан айырылды, талайы түрмеде жатыр, шетелде де жүр т.б. Халық оны ұмытпайды.

Елімізде сыбайлас жемқорлықтың шарықтап тұрғаны соншалық – оның ішінде бұрынғы премьер-министр, министрлер, депутаттар, әкімдер, банк, бизнес өкілдері т.б. жеткілікті. Тіпті бұл жоғарыдан төменге дейін тамырын жайған бір дертке, жүйеге айналды. Зардабын қарапайым халық тартып отыр. Осының бәрі мемлекетімізді басқарудағы биліктің көп жылдар бойы жіберген күрделі қателіктерін көрсетеді. Зиялы қауым мен көзі ашық азаматтардың дер кезінде осыған тоқтау жасай алмағандығында десе де болады. Бар шындықты қорықпай басып айтатын баяғы Бұқар, Махамбет сияқты батыр, билеріміздің, Алаш ұлдарының көрінбегені өкінішті-ақ. Екінші жағынан, шындық үшін бас көтергенді қағып тастайтын биліктің таяғы тағы бар. Бұл да біздің 70 жыл бойы кеңес дәуірі қылышының астында болғанымыздан арыла алмай жатқанымызды көрсетеді.

Қоғамда билікке деген сенім кетіп барады, елді бір дәрменсіздік билеп тұр. Мұның қайда апарары белгісіз. Егер біз ел ішін кернеген теріс күштерге даяр болмасақ, онда қоғам ыдырайды. Қазір біздің қоғамда моральды тозу (износ) дерті қатерлі ісіктей белең алып тұр. Өнегесіз жүрісімізді бір тәртіпке салатын уақыт келді. Кемел ойлы, алдағыны ақылмен болжай білетін басшы, болатын өзгерісті сезе отырып, егер «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығара алмаса, оның атылатынын білсе керек еді. Алысқа бармай-ақ, оны көршілерден де көрдік емес пе?!

Біздің тағы бір үлкен кедергіміз – жаһандық интернет, цифрлы жүйе, ақпараттық топтар, квантты компьютерлік технологиялар т.б. Келешекте мұнай мен газдың орнын осылар басады.  Оған қарсы тұра алатын озық ойлы, осыларды игере алатын білімді жастар билікке келуі керек.  Қазіргі жағдайда жастар шетелге кетуде. «Болашақтан», т.б. іс жасап жатқан жастардың Отанына келмеу себебін несіне жасырамыз. Халқымыздың келешегін кімнің қолына береміз? Баяғыда талантты жастар ауылдан келуші еді, мектептің, үлкендердің тәрбиесі күшті болатын. Қазір ауыл тозды, ал жоғары білімді тауарға айналдырып жібердік, бәрі ақылы. Біздің мектеп жасындағы балаларымызды Ресей талай жыл бойы жеңілдіктермен алуда. Біз жастардан айырыла бастадық. Осыны кім ойлап жатыр?

Елдегі қордаланып қалған келеңсіздіктердің қайсыбірін айтасың. Осылай кете берсек, біз ХХІ ғасырдағы өркениет пойызының соңғы вагонына білімсіздіктен міне алмай, мәңгілік шикізат елі болып қалуымыз немесе сол алпауыт елдерге жұтылып кетуіміз мүмкін.

                                               Не істеу керек?

Мәселені түбегейлі шешу үшін дамыған елдердің тәжірибесін алып, оған қазақтың менталитетін қосып, мемлекетімізге түбегейлі модернизация жасау керек: саяси модернизация, рухани-әлеуметтік модернизация, экономикалық модернизация.

a)    Саяси реформа

Біз әлемдік қауымдастықта өзіміздің қоғамдық-тарихи, саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық бетпердемізді толық анықтап алуымыз қажет. Шындығына келсек, біз бұл мақсатқа жеткен жоқпыз, осы жолды меңгерудеміз. Ал ішкі саясатымызда да түбегейлі реформалар жасауымыз керек, конституциялық өзгерістерден бастап, бүкілхалықтық референдум қабылдауға дейін проблемалар бар.

Қандай конституциялық өзгерістер жасасақ та, реформалар қабылдасақ та, ең абзалы халықтың жағдайы, әлеуметтік күнкөрісі төмендемеуі керек. Әр адамға бет бұратын уақыт келді. Адам мен табиғаттың қадірін білсек, қадірлі адам, қадірлі қоғам, қадірлі мемлекет боламыз. Осы жолда барлық күш-жігерімізді алдағы уақытта ізгілікті дамыған қоғам орнатуға салуымыз өте қажет. ХХ ғасырды өнеркәсіптегі жоғары технологияның ғасыры десек, ал  ХХІ ғасыр жоғары гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікір білдіремін. Бұл жерде әр адамның, азаматтық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі адам өзінің ақыл-ой санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі.

Қазақстан 30 жыл бойы президенттік басқару жүйесімен жүрді. Бұл жүйедегі жақсысы да, жаманы да өзіміздікі, оны талдап жатпайық. Енді саяси-демократиялық кезең басталуы керек. Парламенттің рөлін күшейту қажет. Бұл мемлекетімізді басқаруды «парламенттік басқару жүйесіне» көшіру, яғни президенттің құзырын күрт шектеу. Үш биліктің: заң, сот және атқарушы биліктің тепе-теңдігін іс жүзінде сақтау. Осы жүйеге көшкенде заң, сот жүйесінде әділеттік орнар еді, жемқорлық тыйылып, халықтың жағдайы жақсарар еді.

Нақтырақ айтсам, біз унитарлы мемлекет болғандықтан, бірпалаталық парламентке өтуіміз қажет. Онда депутаттардың саны – 150, ал оның 50 пайызы партиялардан, 50 пайызы бір мандатты мажоритарлық округтерден елге белгілі маман, қайраткерлер сайлануы тиіс. Себебі қазір «партия» деп, халық қай депутатты жергілікті жерден сайлағанын, өзінің мұң-мұқтажын кімге айтарын, ал ол шешілмесе қай депутатты қайтарып, басқасын сайлауды білмей қалды. Партиялардың парламентке өту межесі 3-5 пайыздан аспауы керек. Бұл ұсынысты мен парламентте талай рет депутат болып, оның ащы-тұщысын татқаннан кейін, ең тиімді жол деп таныған соң айтып отырмын.

Мұның ең өзектілігі көппартиялы  парламент  жасақтау және оның статусын көтеру болып отыр. Өйткені парламентаризм – «қалталы депутат» емес, көппартиялы орта, пікірталас арқылы шындыққа шығу алаңы. Біз, ең бастысы, сайлауды таза демократиялық жолмен өткізуге тиіспіз. Халық өз даусын қандай партияларға қанша пайызбен бергенін өзгертпей, әкімшілік ресурсты алып тастап, әдеттегідей дауыс ұрламай, парламентке сайлау өткізу керек.

Бұл жағдай өз басымнан өтті, келеңсіздіктің құрбаны да болдым. Сайлаудың әділ өткеніне билік емес, халық сенуі қажет. «Егер сен мәселенің құрылымын білсең, онда жөндеп басқара аласың» демекші, осының ішінде күйіп-пісіп жүргеннен соң ұсынудамын.

Реформа билік басындағылардың мүдделері үшін емес, қоғамның, елдің мүддесі үшін жүргізіледі. Азаматтық қоғам институттарының жұмысын жетілдіру қажет. Атқарушы мемлекеттік биліктің жұмысына қоғамдық бақылау орнатылуы тиіс. Осыған орай, азаматтық қоғамның негізгі белгісі, жергілікті өзін-өзі басқарудың көзі – биліктің халықпен санасуында және халықтың, азаматтық қоғамның шешім шығаруға белсенді түрде араласуында. 

б) Экономикалық реформа

Негізгі мақсат – біз экономиканың шикізат моделінен кетіп, экономикамызды, өндірісімізді әртараптандырып  (диверсификациялап) инновациялық жолға түсіп, ары қарай қазақ қоғамын ізгілендіру (гуманизациялау). Барлық байлықты (ресурсты) жаңа технология мен әлеуметтік инновацияға салсақ тез алға басамыз. Бұл – жаңа қоғамдық және өндірістік қатынасқа, экономика дамуының жаңа моделіне өту деген сөз. Қазақстан осыған даяр ма?

Бұл жерде кімнің соңынан жүреміз, әлемде алатын тәжірибе бар ма, жоқ әлде өз жолымызды таңдауымыз керек пе деген сұраққа айтарым: біз әлемнің дамыған елдерінен ХХІ ғасырда керек деп, ең тиімді тәжірибелерін  алып қана қоймай, оларды менталитетімізге, қазақ халқының ерекшеліктеріне, мүмкіндіктеріне лайықтап, өңдеп пайдалану қажет. Біз Қазақстанның ең білімді, білікті азаматтарының ұсыныстарын сараптан өткізіп, Қазақстанның ХХІ ғасырда өз дамуының сара жолын жасауымыз керек. Шетелде жүрген білімді қандастарымызды шақыру қажет.

Алысқа бармай-ақ қояйық, бір мысал: кешегі Советтер Одағында болған, бірге дамыған Эстония халқы шетел, Еуропа ақылшыларын ашық тыңдамай, өз жолын тауып, қазір ең инновациялық, интернеттік жылдам ел болып тез дамуда. Жан басына шаққандағы табысы 25 мың АҚШ долларынан асқан. Бұл ел орта білімге ең көп қаржы салатын мемлекет болып тұр. Біздегі сияқты шарықтап тұрған сыбайлас жемқорлыққа олар тұсау салып тастаған.

Жаңа заман, жаңа талапқа байланысты барлық шығынды күрт азайтып, мемлекетті басқарудың жаңа жүйесіне (моделіне) көшу керек. Сол кезде жаңа кадр саясаты, жаңа саяси және әлеуметтік-экономикалық реформа адамның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер етері анық, сонда ғана халық билікті қолдайтын болады. Мен «Мемлекетті 5-тік спиральмен (мемлекет, бизнес, ғылым, адам қажеттілігі, информатизациялау) жаңаша басқару туралы жобамды» президент Қ.Тоқаевқа жібергенмін. Сонымен қатар бұл жоба «Жас Алаш», «Дат» газеттері мен Abai.kz, qamshy.kz т.б. интернет сайттарында да жарияланды.

Ең дұрысы, билік осы өзгерістерді өзі бастағаны жөн, өзі мұрындық болуы тиіс. Сонда ғана осындай өркениетті ісі арқылы қоғамның саналы әрі салауатты күшіне арқа сүйей алады.

Түйінді ой ретінде айтарым, алдымыздағы екі онжылдықтағы ең басты қиындық – мемлекетті тиімді басқару жолы және кәсіби біліктілік болмақ.

в) Әлеуметтік инновация

Жаһандық дағдарыс рухани жаңғыру, әлеуметтік-мәдени өркениет, атап айтқанда ғылым мен білім, мәдениет пен имандылық, адамгершілік құндылықтар саласындағы теріс салдарларды анықтады. Сұрақ қоғамның моральдық тозу қаупі туралы болып тұр. Мұның басты белгілерінің бірі – мемлекеттік басқарудағы ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейінгі адами капиталдың барлық салаларында белгілі кәсіби қабілетсіздік. Бұл әсіресе дамушы елдер жағдайында айқын көрінеді. Мысалы, дағдарыс кезінде тіпті дамыған елдердің өзінде тәуекелді басқаруда кадрлардың жетіспеушілігін сезінді.

Осыдан әлеуметтік инновацияның жаңа парадигмасы білімді қоғам, тұлға туралы пайда болады. Жаһандық дағдарыс жағдайында білім беру және ғылым алдыңғы қатарға шығып, ұдайы өндірістік циклдың бүкіл жүйесінің негізіне айналады. Идеяның пайда болуынан бастап, адамның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайда табумен аяқталатын, сондай-ақ жаңа өркениеттік даму үшін инвестицияларды жүзеге асыру.

Сондықтан бізге мынадай адами капитал саласында қаржыландыруды көбейтіп, қалыпты өмірге байланысты минималды қалыптар құру керек және бәсекеге қабілетті креативті экономикаға өту керек:

– денсаулық сақтау (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша денсаулық сақтауды қаржыландыру ЖІӨ-нің 6 пайыздан кем болмауы керек, ал бізде 3,2 пайыз);

– ғылым (мемлекеттің қалыпты дамуы үшін ғылымды қаржыландыру ЖІӨ-нің 1,5-4,5 пайызы болу керек, ал бізде 0,13 пайыз);

– білім (ЖІӨ-нің кем дегенде 6 пайызы, ал бізде 3,2 пайыз);

– мәдениет (ЖІӨ-нің кем дегенде 5 пайызы, ал бізде 3 пайыз);

Бұл көрсеткіштер экономиканың өте маңызды бағыттарына қалдықтық негізде ұстағанымыз көрініп тұр, нәтижесінде олардың артта қалғанын айқын көрсетеді. Мысалы, ғылымды қаржыландыру 20-30 есе артта қалған кезде кедей ғалымдардан әлем жаңалықтарын қалай талап етуге болады?

Адами және әлеуметтік қажеттіліктер саласында әр адамның жеке тапсырысына дейін тауарларға, қызметтерге және басқа да әлеуметтік қажеттіліктерге әртүрлі әлеуметтік сұраныстарды қалыптастыру қажет. Осыған байланысты үшінші сектордың, яғни азаматтық қоғамның рөлі күрт артады, өйткені уақыт өте келе, ол жасампаздық белсенділік арқылы үкіметтің әлеуметтік сенімінде үлкен үлес алады. Әлеуметтік капиталды қалыптастыру бірінші кезекте тұрады және нарық пен үкімет инвестицияланады.

Осыған сүйене отырып адами капитал саласындағы минималды әлеуметтік-экономикалық стандарттарды (өмір сүрудің белгілі бір стандарттарын) орнату арқылы біз шынымен де жайлы өмірді қамтамасыз ете аламыз. Минималды стандарттарды экономикалық өсу қарқынымен байланыстыра отырып, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын анықтауға болады. Бұл үкімет айналысатын мәселе.

Әлемдегі ең бай елдердің бірі бола отырып, сонымен бірге халқы аз болғандықтан, біз осы бай мұраны сақтай аламыз ба? Біздің еліміздің адами әлеуетін әр адамның «кодталуынан» жеке тұлғаның биометриялық өсуі үшін  бағалауымыз керек. Басқаша айтқанда, барлық тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсету және өзін-өзі қамтамасыз ету үшін барынша жағдай жасау, желілік экономикамен, интернет желісімен және цифрландырумен елді қамту. Мұнда ең бастысы – ұлттық қауіпсіздікті, адамгершілік аспектіні қамтамасыз ету – адамды бақылау емес, оның қажеттіліктерін қанағаттандыруда көмектесу керек.

Мемлекет жүйелі түрде өзгеру үшін тез арадатөрт ұлттық жобаның шешу тетіктерін жасау қажет.

Ашық нарықтық экономика болуы керек, әсіресе ашық саясат және қоғамды демократияландыру, соңғысы жоқтың қасы. Ол үшін Конституциядан бастап, бірқатар заңдардың қабылдануымен осы бағыттарды түбегейлі реформалау қажет.

– Қоғамның рухани жаңаруы қажет. Негізгі назар мәдени, тарихи және моральдық-адамгершілік құндылықтарға, әсіресе жаңа білімге аударылуы керек. Нағыз демократияны тек білімді ел, азаматтық қоғам құра алады. Осындайда ұлы Абайдың толық адам ілімінің жол картасын жасап, біздің рухани конституциямыз ретінде халықты оқыту керек.

– Ауылды жаңарту мен ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беру керек. Мұнай мен газдың орнына бренд астық пен ет өндірісі болуы тиіс. Қазақстан өзінің азық-түлік мүмкіндігімен әлемнің бірнеше елін тамақтандыра алады. Жасанды интеллект, робототехника, адам геномы және басқалардың пайда болуымен байланысты №1 проблема адамдарды экологиялық таза өнімдермен және сумен қалай тамақтандыру біздің генофондымызды сақтайды. Сондықтан дәл қазір мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек және жақын арада азық-түлік державасына айналуымыз қажет.

– Жаңа өндіріс құрылым саясатына, индустриалды-инновацияға көшу, технологиялық құрылымдарды жедел дамытудың тиісті мемлекеттік бағдарламасы мен сыни технологияларды дамыту қажет. Біз алда инновациялық дамыған экономикасы, гуманизациялық қоғамы бар ел болуымыз керек.

    Мүмкін, бізді тектілігіміз, ата-бабаларымыздың рухы, болжампаздығымыз, әлемдік өзгерістерді тез түсінгендігіміз алдағы күтпеген нәубеттен сақтап қалар. Цифрлы әлем, цифрлы экономика заманында уақыт өте тапшы, бәріміз ойланып, шешім қабылдайтын сәт туды. Қасаң тартқан сананы өзгертіп, рухани тазаратын кез жетті. Бұл біздің соңғы мүмкіндігіміз болуы кәдік. Сондықтан мен сіздерді революциялық емес, эволюциялық жолға, дана халқымыздың көрегендігін ұстанып, бірлігі мен тірлігін жалғастыруда қапы қалмауға шақырамын.

Оразалы СӘБДЕН,

Қазақстан ғалымдар одағының президенті,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері,

э.ғ.д., профессор, академик                                                                 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43