Сардобаға қатысты сауал көп

Сайт әкімшілігі

07.07.2020, 13:01

35

Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба суқоймасында болған апат ұзақ уақыт бойы ұмытылмайтын шығар, сірә. Су тасқынынан Өзбекстанның өзінде 90 мыңнан астам адам эвакуацияланып, жеті адам қайтыс болған. Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекен су астында қалды. Мыңнан астам үй жарамсыз күйге түсті. Содан бері екі ай өтіпті. Сардобаға қатысты елдің көкейінде сауал көп. Өзбекстан суқойманы қалпына келтіре ме? Егер келтірсе, апаттың қайталанбасына, төменде отырған елді мекендерді тағы да су тасқынына ұшыратпасына қаншалықты кепілдік бере алады?

Әзірге бұл сауалдарға жауап табылмай тұр. Билік соңғы айда Сардобаға қатысты ақпарат таратуға сараң. Бір ай бұрын Өзбекстанның бас прокуратурасы осы іске қатысы бар деген күдікпен екі адамның қамауға алынғанын хабарлаған болатын. Бірақ мемлекеттік айыптаушылар ұсталғандардың кім екенін жария еткен жоқ. Кейбір ақпарат құралдарының мәліметінше, қамауға алынғандардың бірі Өзбекстандағы  суқоймалар салу жөніндегі дирекцияның бастығы Фахриддин Данабаев деген азамат көрінеді. Оған «адамдардың өліміне әкеп соққан салақтық» дерегі бойынша айып тағылған. Суқоймадағы апаттың себептеріне қатысты бірнеше болжам жасалған – жобада кеткен қателік, құрылыс нормаларын бұзу, нысанды пайдалану ережесін сақтамау және табиғи апат. Қылмыстық істі Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеушілері жүргізіп жатыр. Сардобаға қатысты соңғы мәліметтер осы ғана.  

Ал Қазақстан өзінің ұстанымын сол мамырда білдірген. Екі ел президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзияевтің арасындағы  «жылы және достық рәуіште» өткен әңгімеден кейін Шымкентте   Қазақстанның  экология, геология және табиғи ресурстар  министрі М.Мырзағалиев Өзбекстанның су шаруашылығы министрі Ш.Хамраевпен кездесіп, бірқатар мәселені талқылады. Қос тарап  барлық мәселенің ортақ түсіністікпен шешілетініне сенім білдірді.

Журналистерге берген сұхбатында экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев «болар іс болды» дегеннен артық ештеңе айтқан жоқ.  Кейінірек министрліктің баспасөз қызметі кездесу барысында халықаралық ұйымдардың, қазақстандық сарапшылардың көмегімен Сардоба суқоймасына техникалық аудит жасау туралы бірлескен шешім қабылданғанын жария етті. Техникалық тексерудің қай уақытқа дейін созылары белгісіз.

Ал Түркістан облысында апат зардаптарын жою жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жуырда Мақтааралға барып, су басқан елді мекендердегі құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды. Қазірдің өзінде апат аймағында 200-ге жуық үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

Жалпы, Мақтааралдағы апат салдарын жою былтыр Арыстағы тәжірибе бойынша жүргізіліп келе жатыр. Биліктегілер Арыстағы қателікті қайталағысы келмеген сияқты. Сол себепті су астында қалған Өргебас, Фердауси ауылдарындағы баспана салу жұмыстары басқаша әдіс-тәсілмен басталды. Мемлекет құрылысқа қажетті қаражатты екі бөліп аударып бермек. Құрылыс жұмыстарына тұрғындардың өздері жауапты. Нәтижесінде Арыстағыдай үй иелері тарапынан құрылыстың сапасына көңіл толмаушылық, басқа да дау-дамайлар болмайды. Мақтаарал ауданы әкімдігінің бізге берген мәліметіне қарағанда, бүгінде Өргебас ауылындағы 190 үй иесімен келісімшарт түзіліп, 188 отбасына қаржының алғашқы бөлігі – 8,5 миллион теңгеден аударылған. 130 үйдің іргетасы құйылған, 34 үйдің қабырғалары қалануда, бес үйдің шатыры жабылған. Бұл ауылдағы құрылыс жұмыстарына  Жетісай ауданы жауапты. Ал Фердауси ауылында 277 үй иесімен келісімшарт түзіліп, олардың барлығы 8,5 миллион теңгеден алған. Әзірге 45 үйдің  қабырғасы қалануда, екі үйдің шатыры жабылған. Бұл ауылдағы құрылысқа Келес ауданы жауапты. Құрылыс жұмыстарына өзбекстандық жұмысшылар да тартылған.

Ал Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары қалпына келтірілмейді. Үш ауылдың тұрғындарына арнап  аудан орталығы Мырзакенттен арнайы мөлтекаудан салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарын  31 мердігер компания жүргізуде. Тұрғын үйлер үкіметтен бөлінген қаражаттың, Б.Өтемұратов,  «Салиқалы ұрпақ» және «Біз біргеміз!» қорларының есебінен салынуда. Бұған дейін айтылғандай, үкімет тарапынан Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фердауси, Достық, Өргебас елді мекендеріндегі 6128 адамға  100 мың теңгеден өтемақы беріледі.

– Алайда бүгінгі таңда аталған ауылдардағы нақты халық саны 6347 адамды құрайды. Оның ішінде 5568 азаматтың құжаттары көші-қон полициясының мәліметімен расталса, қалған 779 азаматтың құжаты тексеру үшін комиссияға ұсынылды. Көші-қон полициясының мәліметімен расталған 5568 азаматтың ішінде Еңбекші ауылдық округі Жаңатұрмыс елді мекенінің 287 азаматына 28 миллион 700 мың теңге берілді. Енді қалған  5281 адамға қаржы аудару жұмыстары жүргізілуде, – дейді Мақтаарал ауданы әкімдігінің қызметкерлері.

Бұдан бөлек, миллиардер Алишер Усмановтың қоры есебінен 5202 отбасыға 1000 АҚШ долларынан берілуде. Бұл қаражатты су астында қалған бес елді мекеннің және тұрғындары эвакуацияланған сегіз елді мекеннің халқы алады. Он үш елді мекеннен қаражат алуға 5334 отбасы құжат тапсырған.  Бүгінге дейін  жеті траншпен 5305 отбасыға 1000 АҚШ доллары  аударылды. Қазір Мырзакенттегі  29 отбасына қаржы аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді қалған 132 отбасыға 132 мың доллар төлеу қажет. Бұл мәселе де алдағы уақытта шешілуі тиіс.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

Түркістан облысы

        

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43