Халық тәртіпке бағынса, карантин де нәтижесін берер еді

Сайт әкімшілігі

07.07.2020, 13:29

36

 Елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру  мақсатында екі апталық карантин жарияланғанын білеміз. Үкімет басшысы еліміздегі эпидемиологиялық ахуалдың алдағы уақытта қалай өзгеретініне байланысты аталған шектеу шаралары тағы екі аптаға ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін екенін қоса атап өтті. Жаңа шектеу шараларын талқылауға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, парламент мәжілісінің депутаттары, «Атамекен» ҰКП төрағасы А.Мырзахметов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті Р.Жүрсінов қатысты.

 

                         Карантин талабы сақталуы керек

  Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов карантин режимін бұзғандарға айыппұл салынатынын айтты. «Карантиндік режим мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке жеке тұлғалар 30 айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК – 2778 теңге / 30 АЕК – 83 340 теңге), ал кәсіпкерлік субъектілері 230 АЕК-тен (638 940 теңге) жоғары сомаға тартылады. Тиісті нормативтік-құқықтық акті осы аптада қабылданады», – деді Ералы Тоғжанов.

  Сонымен, күткеніміздей, шектеулер енгізілді. Үкіметтің бұл шешімін оң көріп, қолдап жатқандар да баршылық. Бұл ретте саясаттанушы Самат Нұртаза: «Бұл қатаң шектеу шараларын баяғыда қабылдау қажет еді. «Қазақтың қауіпсіздігі маңызды ма, әлде шағын және орта бизнес маңызды ма?» деген сұрақты таразылайықшы. Әрине, қазақ маңызды, халық маңызды, ұлт маңызды. Ертең халық қырылып қалса, шағын және орта бизнестің не керегі бар? 15 күн, бір ай болса да, оған кез келген адам шыдайды деп ойлаймын. Асыра сілтеудің қажеті жоқ. «Бір жылға қоянның терісі де шыдайды» дегендей. Сол себепті бұл шектеу шаралары аса қажет», – деді.

Расымен де, маман сөзінің жаны бар. Қазір індет іргені іреп тұрған тұс. Дүниежүзілік болжамдар да аса көңіл көншітпей отыр. Осыған орай, «үкімет ұлт денсаулығын сақтап қалудың барлық амалдарын қарастырып жатыр» деген мамандар мұндай ұтымды шешімді қолдау керек деп отыр.

 

                                  Жұқтырмаудың амалы қайсы?

  Коронавирус инфекциясымен күресіп жүрген санаулы инфекционист дәрігерлердің бірі – Валентина Васильевна. Оның айтуынша, біраз өңірде қауіпті дертті жұқтырған науқастардың саны артқаны байқалады. Бұған, әрине, бірінші кезекте тұрғындар тарапынан карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмауы себеп болып отырған жайы бар. Сондықтан ол коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін азаматтарды, ұйымдарды, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілерін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға шақырады.  «Әлемдегі және Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты бірінші кезекте маска киіп жүру қажет.  Үкімет оң шешім қабылдап отыр. Карантиндік шаралар қатаң сақталуы тиіс. Инфекция ауа арқылы таралатындықтан, кез келген уақытта, кез келген жерде жұғуы мүмкін. Адамдарды халық көп жиналатын орындарда – дүкен, дәріхана, қоғамдық көліктерде маска киіп жүруге шақырамыз. Масканың өзін үш сағат сайын ауыстырып отыру керек. Қолды антисептикпен жуу маңызды. Эпидемия кезінде антисептик қолданып, маска тағу адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және коронавирус инфекциясының таралуын азайтады», – дейді Валентина Гришмановская.

Сонымен қатар дәрігер коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау үшін адамдар карантиндік режимді сақтауы және өздерінен гөрі жақын туыстарының денсаулығы үшін алаңдауы тиіс екенін айтты.

 

                                        Әлем  алаңдауда

   Жалпы, қазір ДДҰ Қазақстанды індет ең көп таралып жатқан елдердің қатарына қосты. Мұндай елдердің қатарына Армения, Швеция, Молдавия, Солтүстік Македония, Әзірбайжан, Қазақстан, Албания, Босния және Герцеговина, Қырғызстан, Украина мен Косово кіріп отыр. Бұған қоса, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақ бюросының директоры Ханс Клюге Еуропада COVID-19 індетінің жаңа толқыны басталғанын мәлім етті. Ұйымның мәліметінше, соңғы екі аптада жаңа науқастар санының күрт өсуі 30 мемлекетте тіркелген.

                                               Шариғат не дейді?

    Аталмыш індеттің біздің елде жылдам таралып жатқанына қатысты үкімет шешіміне қоса, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа намазы мен құдайы астарды өткізу кезінде сақталуы тиіс талаптарды жариялады. «Елімізді дүрліктірген індеттің қаупі күннен-күнге өршіп бара жатқаны өздеріңізге мәлім. Ауру айтып келмейді. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, төрткіл әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайдылық таныту өзіміз үшін ғана емес, жанымыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ», – деді муфтияттағылар.

    Осы орайда, басқарма жаназа намазы мен құдайы астарды өткізуде келесі талаптарды ұстануға үндейді:

– жаназа намазына бір ғана діни қызметкердің қатысуы;

– жаназа намазына тек отбасы және жақын тумаларының қатысуы;

– жаназаға жалпы саны 30 кісіден артық жиналмау;

– дене қызуы немесе жөтелі бар адамның жаназа намазына мүлде қатыспауы;

– жаназа намазына келушілер міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауы;

– коронавирустан қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу;

– жаназа намазы мен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;

– жаназа намазы барысында қол алысып амандаспау;

– жаназа намазының сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;

– қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;

– жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдардың (ер және әйел) және жас балалардың жаназа намаздарына қатыспауы;

– қонақасын өткізбеу;

– жаназадан кейінгі асты өткізбеу немесе отбасы мүшелерімен шектелу.

   Құдайы астарға (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа) қатысты келесі талаптар орындалуы қажет:

– астарды өткізбеу немесе отбасы мүшелері мен жақын тумаларымен шектелу;

– бір ғана діни қызметкердің қатысуы;

– санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау.

       «Шариғатта қандай да бір жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін қасиетті міндет», – дейді ҚМДБ мамандары.

            

                         Дәріні қымбаттатқандар жазаланады

     Қазір елде аталмыш індетті жұқтырғандардың саны 47 мыңнан асты. 232 адам коронавирустан көз жұмды. Үкімет жедел шараларды қолға алып, халыққа көмектесу мақсатында тырысып-ақ жатыр. Кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыздың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды екенін айтты. «Азаматтардың дәріханалардағы аса қажетті дәрі-дәрмектердің негізсіз қымбаттауына байланысты шағымдары орынды. Пандемия кезінде бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен құқық қорғау органдарына аталған мәселені реттеу тапсырылды. Кінәлілер жауапқа тартылады», – деді мемлекет басшысы.

       Мемлекет басшысы мемлекеттік органдарға дәріханалардағы бағаны бақылауда ұстауды тапсырды. IKomek 109 базасында жедел желі іске қосылды. Дәрі-дәрмектің бағасын негізсіз көтергені туралы шағымдар бойынша  енді ірі қалалардағы тұрғындар 109 нөміріне хабарласа алады. Сала мамандары бұл істің уақыт өте келе нәтижесін беретініне бек сенімді.

Бұған қоса, мамандар «Үкімет қабылдаған карантин шаралары өз деңгейінде нәтиже көрсетеді. Халық тәртіпке бағынып, талапқа көнуі керек. Той-жиын атаулыдан бас тарта тұрып, денсаулықты ойлаған абзал» деп ой түйіндеді.

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43