Софы Сматаев: Жүректің әні – мұң ғана

Сайт әкімшілігі

07.07.2020, 14:00

54

Атады таңым

Жүгенін шешіп қашырдым бүгін

Тұлпарын асау қиялдың.

Көтерер ме деп ғасырдың жүгін

Қондырдым бойға ұяң мұң.

Тұяғы тозып, құлады тұлпар

Қиялға құмды қаптырып.

Мөлт-мөлт жас тамып жылады тұлпар

Ізінде суық қақ тұнып.

Қиялым безді, күй-әнім қашты

Тұқыртты кешім төбемнен.

Көтерте де алмай зиялы басты

Тонаттым нәрді денемнен.

Батардай болса көктегі күнім

Атар ма ертең күліп таң.

Төнер ме тағдыр төккелі күлін

Өшіріп ойды жылытқан.

Атады таңым, атады әлі-ақ

Арамның күнін батырып.

Жаныма шуақ жатады тарап,

Қиял мен ойды шақырып.

Жаусын қар

Аспан жерге ақтарылып ақты ма, ей?!

Жауып жатыр дауылдатып ақ дүлей.

Ел отырған Жаңа жылын қарсы алып,

Мен отырғам сол еліме бақ тілей.

Қалам сұлық Алатауға жантайған,

Айым анау – ғасыр бойғы жарты айнам.

Ақ көбелек – қарды уыстап алардай

Ақсаңдайды ойым, мұңым қартайған.

Ақсын деумен көктің нұры әндетіп,

Шұбырады фонарьлардан сәуле тік.

Ырзығымыз таланушы ед тым жиі

«Өзің – еге!» дейтіндей Көк қаулы етіп.

Төгіп жатыр, сеуіп жатыр ырысын,

Болар шіркін осы жолы дұрысым.

Жаңа жылға жақсы тілек қоспаған

Шенділердің шектеулері құрысын.

Аспан жерге ақтарылып ақты ғой,

Жаңа жылда жаусын нұр боп ақ дүлей.

Ырысымыз ертең көктен жетеді-ақ.

… Ал кеудемде бір бүлк етіп жатты үрей.

Мұңым көп...

Мұңым көп,

түнім ұзақ ой қамаған.

Қажытты бір бітпейтін

той, тамадаң,

Ызың-шу ию-қию

миым шағып,

Білмеймін

бүркеп қойған қай томағам.

Шарпылды шоққа тәнім,

отқа жаным.

Зар илер.

кімді, нені жоқтап әнім?

Тілей ме көктің жерге құлағанын,

Көксей ме Күннің кенет тоқтағанын...

Қауышып қара көрдей

түнімменен,

Тірілтті тұнып жатқан мұңымды өлең.

Көз жастай тамып түскен жырларымнан

Ұқса ғой

ар, нәрім мен сырымды Әлем.

Апа-ау!..

                                             

«Апа-ау!» деп сәл-сәл ернім дірілдеуші еді,

Шынымен ұмытқаным ба іңгәмді бүгін.

Ізімді үзіле тесіп, күлімдеуші едің,

Сорады енді малтадай мұңлы әнді тілім.

Білмеуші ем мұңның бар-жоғын

үңілмеуші едім,

Көзіңнің қарашығына тұнғанда жасың.

Жасыл боп тамған тамшыға мұң ілмеуші едің,

Қызарта ішіп шайыңды, сынғанда басың.

Отырмын «Апа-ау!» дегенді айта алмай бүгін,

Уыздай іңгәм көмейде жатыр тұншығып.

… Күлімдеп тұрып шашатын сайқалдай жынын

Уысқа мықтап түсірді пақыр тіршілік.

Күзім міне,

Ызғар есті, тамызым үзілді де.

Үш аяқтап жылжытып мыстан тірлік

Өзім түгіл аңдиды ізімді де.

Жетті ол мықты,

Жерге шаншып, желкелеп тектілікті.

Жыр төгетін көмейге құм тықпалап,

Дегізгелі: «Бір ғұмыр өтті, бітті!»

Қажыдым да,

Жүрегімнің айналды назы мұңға.

Тақырлаймын ойымның түбін тесіп,

Шыр айналған мәстектей қазығында.

Азынаған

Өңешімнен тапқызбай жазымаған.

Әй, бәрібір күркілдеп жүрсем-дағы

Жыр аулаймын күзідейтін қазынадан.

… Көнеді екен күлкіңнің азына да адам.

Ақылдың азабы

Ақылдың қайтем азабын тартып,

Оянбай қойса ой мүлде.

Кетер ем жонға таза мұңды артып,

Тоқтамай қойса той күнде.

Шыңғыртып жанды адасып табар

Азаптың түбі – кекті өлім.

Бір-бірін бүгін таласып қабар

Кешегі қайран текті елім.

Намыстың құлы бола алмай қазақ

Ұмытты Шоқан, Абайын.

Болды ғой сұмдық ой, Алла-ай, ғажап

Туысқа жау боп ағайын.

Шығыстың тонап дәстүрін Батыс

Күл қылып жақты көнемді.

Шарт та шұрт айқас, қаскүнем атыс

Жұмарлап жатыр Әлемді.

Оятпай ойды, үрейді үйіп,

Жүректің қабын тілгілеп.

Қабығын мидың күрейді күйік,

Өңештен зарды үргілеп.

Тәңірдің тапқан талқысы ма екен

Ақылды жексе азапқа.

Жалқысы түгіл жалпысы бөтен

Атар ма таңы қазаққа.

… Ақылдың жүрміз азабын илеп,

Оята да алмай ойды есті.

Төрдегі топтың ажары билеп,

Жаңғыртып жатыр тойды ескі.

Ауылым-ай

Баяғы аулым жаяды жалаңаш жұртын

Қаусаған үйдің терезесімен үңірейтіп.

Жып-жылмағай күзеткен тал, ағаш мұртын

Қамыртып жатыр көлеңкелерін сүмірейтіп.

Құйқаның исі қаңсыған ошақтан еспей,

Шашылған күлі жасыннан қалған тамшылардай.

Сырғанап бұлақ жылжиды төсі аққан местей,

Жағада тұнған қопа-қоқыстан аршыла алмай.

Қайран да сайран ауылым, жылы ұям едің

Жылы ұям шалдың бойымды суығыңа мына.

Уай, заман, қандай қайрымсыз зымиян едің,

Шынымен елге апокалипсис жуығаны ма?..

Келін боп түскен анамның ордасы да едің

Құлыншағың едім, құлдыраңдап саған жүгіретін.

Апырай, анау әкемнің жансыз арбасы да өлген

Сездіргенін-ай азу мен тозудың құдыретін.

Кім білген

Кім білген,

Білмес бәлкім масқараны,

Шаң қапқан

кәрілік боп қас-қабағы,

Шал-шауқан бәрін-бәрін басқарады.

Шырылдап сыртта шоршып жас қалады.

Сақалдарға ып-ыстық жас тамады.

Көрген кім,

көрмеген кім масқараны,

Тойшылдың шеке толы бас табағы.

Түнерген басқа жұрттың қас-қабағы,

Тойы көп болса-дағы аш қалады.

Аш баланы

жылатып аш қамады.

Кім білген

Мұны бұрын кім естіген,

«Бір ессіз артықтығын мың естіден

Дәлелдеп

Іштен шыққан сіресті дем.

… Бәрібір өмір шіркін – күрес білем.

Жүйкемнің қыл шегі

Жүйкемнің жұлқып қыл шегін

Дір етем,

қарқ-қарқ күлсе кім.

«Зың!» еткен дыбыс секірер

Қозғап бір кетіп мұң шегін.

Сазынан назы өксіген

Бұл шек құр зарды тепшіген.

Пернесі қанмен боялған

Баспашы,

қатар тек сілең.

Жүректің әні – мұң ғана,

Құлағың түріп тыңдама.

Тыңдама оны мұңдана,

Сезімсіз жүйкем – сым ғана.

Жұлқылай берме жүйкемді,

Жұлынып жұлын үйкелді.

Көк бөрім безіп кеудемнен

Ішімде ұлып ит өлді.

Жүйткі қаным!

Қан жүгірді-ау тамырға,

Тигендей қол қамырға.

Жүгіріп кетсем жұлқынып,

Анау мен мынау таныр ма?

Жүйткі қан, тасы жаңылма.

Суыған тәнге жан кірді,

Соқты да жүрек, жаңғырды.

Көмейде тілім күрмелмей,

Өңештен лықсып ән күлді.

Жаңарып, жайнап сән кірді.

Қан жүгірт теп-тез тамырға,

Ауырма, жаным, ауырма.

Жетейін жортып ауылға,

Құшағым жайып бауырға

Өмір бер, төзем дауылға.

Ажал боп төнген сынақты,

Жеңдім-ау, жеңдім ракты.

Бітеліп қалған өңештен

Ағыздым өмір-бұлақты.

Күлдірлі тағдыр, жылатты.

Тар әлем

Кең әлемім неге сонша тар екен,

Ән дегенім – төсті керген зар екен.

Туған жерін тулақ еткен аяусыз

Біздей сорлы қай бір елде бар екен?

Кең дүнием – кем дүнием тар екен.

Атамекен – жан жылытар ыстығым,

Ыстығыңды сұп-суық қып қысты кім?

Мұрасыздың моласына айналтып,

Азып-тозып, қашқан қалай ұсқының.

Ойранымен жайрадың ба күштінің?

Тар екен-ау, зар екен-ау жалғаның,

Сұм жалғанға сұр ғұмырды жалғадым.

Ата-жұрттың ата ғұрпын іздей ме,

Жер түбінен әрең жетті талған үн.

Көмейімде өксік қысып қалды әнім.

Қаңтарымның қары

Ыңылдап Жаңа жылдың аштым да әнін,

Тағы да қаңтарымның бастым қарын.

Аязды аңыраттым ішімдегі,

Аршып ап ой мен мұңнан бастың бәрін.

Қаңтар бұл қаңтарылған қиял құсым,

Тапқызбас сол құсыңа ұяңды ішің.

Құлы боп құнжындайсың құл тірлікте,

Ұры боп шыға келіп ұяң кісің.

Таптайсың мұз сүрлеуін мұз дененің,

Таппайсың көңіліңнің іздегенін.

Өртеніп кетер едің

оты да жоқ

Сарнауын күрсініспен үзді өлеңің.

Мазасыз уақыттың дегеніне,

Бас шұлғып пенде шіркін көнеді де,

Мүсәпір халге еріксіз енеді де,

Жарымай тақ пен Хақтың көмегіне.

Жыл басы деймін бе іштей қаңтарыма,

Отырмын үнсіз мүлгіп ақтарыла.

Көңіл өксігі

Айтылар әнім айтылмай,

Астымда асау тай тулай,

Өкінген көңіл өксігін,

Жамбастап жатса Ай тыңдай,

Көкке ұшқан көңнің түтінін

Көзімен қарап үкінің,

Боздаған бозша даламның

Қайталап іштей үкімін,

Шыдам мен бітпес төзімнің

Астында қалдым, езілдім.

Мұңымен жаным сөгілсе,

Сергегін қайтем сезімнің.

Малы жоқ қаңсып қорасы,

Көзінен ағып сорасы,

Жалғыз үй қазақ

бабаның

Күзетіп қалған моласын.

Не дейін

                    Н.Ноғаевқа

Не дейін мына түнге, апырым-ай,

Ауырып кетті-ау жаным ақырын-ай.

Аспаннан Ай теңселіп құлады ма,

Қарсы үйдің құрақ-жамау шатырына-ай.

Жайымды менің қаузап кім ойлаған,

Төбемде Ай тұтылып, түн ойнаған.

Тылсымның жұмбағына шырматылды,

Таба алмай бір түйсікті мың ойлы адам.

Бөлеген жөргегіне жер бесігім,

Не болар жөнді-жөнсіз тергесе ұлын.

Жанын жеп ыңыранған алашына

Өз ұлты еміреніп бермесе үнін.

Өртердей ақ үмітін үрсе жалын,

Шарпыса төсін сапар қыр самалын,

Назарын қазағына ол көп салса да,

Базарын тез тарқатып қырса амалын.

Айтса да ішкі шерін ақтарыла,

Еліне жеткізе алмай тапқанын да,

Ызасын ытқытумен шаққа мына,

Кім сенер құр өкініп жатқанына.

Таппаса, тапқызбаса аңсағанын,

Боран ғып үйсе үстіне таң самалын.

Бәрібір өз қазағын жылытар еді

Өрттей боп алауланып жанса қаны.

Топылдап жатты алмалар

Бұлт болып ұшқан таулардан

Ақша қар болып жауды арман.

Топылдап жатты алмалар

Иесіз қалған баулардан.

Жапаны жансыз Жалған-ай,

Жауды ғой арман алмадай.

Қараусыз көңнің қалғаны-ай,

Қалғаны-ай,

күйік салғаны-ай!

Бұлт бүркеп, басып қыратты,

Бұлақтан сыңсып мұң ақты.

… Сүлесоқ кешке сүңгіді

Жападан жалғыз бір атты.

                        

Ой сауам

Жылт етіп желпіп майшамдай,

Үмітім, алдан жаншы алдай.

Күресіп, талмай тіресіп,

Кетейін алға жан салмай,

Қолыңды созып жайшы, Алла-ай!

Ой сауып мылқау түндерден,

Түнектен тартып, мұңды өргем.

Зәбірді татып кімдерден,

Кімдерді жеңіп күн көргем.

Қазақы таза үнді емгем.

Жатса да жанның жұты ұлып,

Тазалық дәмін жұтынып,

Бірде ұтып, бірде ұтылып,

Арымды бүрген шеңгелден

Кете алмай жүрмін құтылып.

Ел басқа бүгін, ер басқа,

Қайғысы қонған әр басқа.

Жаңғырық жетпес жартасқа.

Төбемді төрге шерткізіп,

Мөлиіп тұрам мен қасқа.

Майшамдай үміт жылт етпей,

Көгімді жапты бұлт өктей.

Келемін желіп бүлкектей.

Жанымның оты жанар ма,

Қол сүйе берсем,

бұрқ етпей?

Сыбағамды сынағам

Іздемеймін табам деп күйімді мен,

Сыбағам мен талатқан сыйымды мен.

Сайран күнде ақ ішіп, алтын құсып,

Аумай қалдым мен үйіндеден.

Өгей еткен өзімді өткеніме.

Ұмытыппын қыжылды өкпені де.

Кәкір-шүкір санайтын төрдегінің

Тоса бергем төбемді тепкеніне.

Ұлтым берсе парқыма жарты баға,

Керек болмай қалдым ба халқыма да.

Бас изеумен көнеді мәңгүрт Алаш

Таңдайына тас түспес талқыға да.

Күйімді іздеп аһ ұрам неліктен мен,

Желкемді үзер жеңілсем желіккеннен.

… Күйімді емес, күнімді туғызатын

Көп шерлінің көз жасын теріп келем.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 09:45
Бүгін Мухтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртазаның туған күні
Тұрсын ЖҰРТБАЙ 24.09.2020, 10:20
Ет бауыр
Елен ӘЛІМЖАН 24.09.2020, 10:13
Қос қанатты қаламгер
Сайт әкімшілігі 24.09.2020, 10:11
Шымкентте әл-Фарабиді зерттейтін институт құрылады
Советхан УАЛХАНОВ 24.09.2020, 10:08
Жауды жеңем десең, алдымен өзара дауды жеңу керек
Амангелді СЕЙІТХАН 24.09.2020, 10:05
Фонограмма: одан құтылу мүмкін бе?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43