Шағжан Исабаев: Ақын мерейтойында Әуезов музейі де жандана түседі

Сайт әкімшілігі

09.07.2020, 12:41

16

     Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімін қастерлегенде қаперімізге қоса ұялайтын тағы бір есім бар. Ол – Мұхтар Әуезов. Абай ауданындағы Бөрілі ауылында орналасқан М.Әуезовтің музейі Қарауылға баратын қасқа жолдың сол жақ қалтарысынан қол бұлғай шақырып тұрады.  Қазаққа ғана емес, әлемге «Абай жолы» эпопеясымен танылған хас таланттың кіндік қаны тамған жері – Аяққараған да осы төңіректе екенін жолы түсіп келіп, жөн сұраған адам болмаса, көп жағдайда елеусіз қала беретіні рас.

     Қазіргі күнде Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, бұл музейде де ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыз толтырып айтуға лайықты шаруаның басы-қасында жүрген музей директоры Шағжан Исабаев кездескен сәттен талай сырдың тиегін ағытты. Алдымен айтқан жөн, бұл мәдени нысанның жанданып, ұлт руханиятының қазынасына айналуы жолында аянбай еңбек еткен адам – Бекен Исабайұлы. Аты алыс-жақынға ерте танылған, Абай өміріне қатысты дерек жинаған, Әуезовті білгісі келген қаламгердің қайсысы болсын айналып өтуге дәті бармайтын Бекен ақсақалдың биыл, 90-ға келер жасында дүниеден озғанын барша жұрт біледі. Жазушы әулетінен тараған Мұрат Әуезовтей қайраткер құрметтеген Бекен ақсақалдың таңға дейін таусылмайтын тағылымды әңгімесін қазір баласы Шағжан Бекенұлы шебер жалғастырып келеді.

    Бұл сапарымызда «Абай тойына қатысты шаруа ел көлемінде қолға алынғанда, Әуезовтің музей үйінде жаңғыру жұмыстары қалай жүріп жатыр?» деген сұраққа жауап іздеу еді. «Іздегенге – сұраған» дегендей, Шағжан Бекенұлы ақын мерейтойына байланысты жөндеу жұмыстары тек Жидебайдағы кешенде ғана емес, Бөрілідегі музейде де қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

  – Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай, Бөрілідегі М.Әуезовтің музейі мәдениет вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің және Абайдың Жидебай–Бөрілі мемлекеттік қорық музейінің  директоры міндетін атқарушы Тұрдықұл Шаңбайдың басшылығымен Әуезов музейіне толық құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, музей алаңы абаттандырылып, ішкі бөлмелері толығымен жаңа талапқа сай жасақталып, едендері жаңартылып, экспозициясы жаңартылады. Бұл құрылысты «Қазқайтажаңғырту» РМК Тараз филиалының жұмысшы азаматтары атқаруда. Ұлы ақынның мерекесіне орай, Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыровтың қолдауымен жазушының туған ауылындағы көшесіне қиыршық тас төселді. Одан бөлек, балалар алаңы, музей маңына қонақтарға арналған алаң жасалды. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің әке-шешесі –  Омархан–Нұржамал кесенесінің қасында М.Әуезовтің немере ағасы Қасымбек Әуезұлына, жары Ғалия Ахметбекқызына құлпытас қою қолға алынды. Оған демеушілік білдірген «Ақши» ЖШС директоры Қайрат Тайтөлеуовті атап айтқан артық болмас, – дейді Ш.Исабаев.

 Жалпы, Бөрілідегі Әуезов музей-үйінің қазақ руханиятында алар орны айрықша. Қазақ әдебиетін Абай арқылы әлем әдебиетінің деңгейіне көтерген жазушының кіндік қаны тамған Аяққарағанды қастерлеуге Шағжан Бекенұлы ерте бастан ден қойған екен. «2017 жылдан бері музейде жазушының 120 жылдығына орай, кіндік қаны тамған Аяққарағанға ескерткіш тас қойылды. Сол жылдың қазан айында аудан көлемінде «Ұлыларға ұлағат» атты Қасқабұлақ ауылындағы М.Әуезов атындағы мектеп ұжымымен бірлесіп, ашық аспан аясында семинар, ашық сабақ өткізілді», – дейді музей жетекшісі. Айтпақшы, бұл шараға жазушының ұрпағы, белгілі қоғам қайраткері  Мұрат Әуезов бастаған белгілі ғалымдар қатысқанының өзі талай жайды танытып тұрғаны анық.

  Аяққарағаннан басталған Бөрілі маңындағы тарихи жерлерге белгі қою қазір де ретімен жалғасып келеді. Мысалы, Абайдың жары Әйгерім қоныс еткен Аралтөбеге, ақынның Біржан салды қарсы алған Тізесуға, жазушының бала кезіндегі қызықтары өткен Қарасуға Шағжан Бекенұлының ұйытқы болуымен мәрмар тастан белгі орнатылғаны көрген көз сүйсінер көрініс болып қала беретіні белгілі. Сол сияқты алдағы уақытта Тәкежан Қасқабұлағы, Ысқақтың Қасқабұлағы, Шолпанның Қасқабұлағы, Ызғұтты қыстауы, Тесіпшыққан күзегі, Есембай жырасы, тағы да басқа тарихи жерлердің атаулары менмұндалап тұратын күн алыс емес.

  Шағжан Бекенұлымен әңгіме барысында тағы да бір білгеніміз – музей алдын абаттандырып, жаңаша реңге енгізуге кеңінен жол ашылған. Күні ертең ақын тойына алыс-жақыннан келетін мәртебелі меймандар Бөрілідегі жазушы музейінің алдына аялдағанда әдемі көріністердің куәсі болады екен. Бала Мұхтар Омарханұлының мүсіні көз тартып, келушілер аялдайтын арнайы орын игілікке жарамақ. Одан бөлек, талай жылдан бері қараусыз қалған Ақылбай Абайұлының бейіті де жөнделіп, қоршаулары жаңартылады. Бұған музей ұжымы бір кісідей атсалысып, жұмыла кірісіп жатыр.

     Жылдың атаулы датасына айналған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Бөрілідегі М.Әуезов музейінде атқарылып жатқан шаруалардың шоқтығы осындай. «Ұқсата білген ұтады» дегендей, музей басшысы Шағжан Бекенұлы алдымен әкесі Бекен Исабайұлының әңгімелерін бала күнінен санасына сіңіріп қана қоймай, Абай өміріне, Әуезов тағдырына қатысты көптеген деректерді көкейінде сайрата білген азамат. Өзіндік ізденісімен, алғырлығымен музей ісін жандандыруға талпынуы оның ұлт руханиятын түгендеудегі ұмтылысы зор екенін әйгілеп тұрғандай.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облысы

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43