Ережеп МӘМБЕТҚАЗИЕВ: Болашақтың біліміне инноватор-оқытушы ғана жол сала алады

Сайт әкімшілігі

09.07.2020, 13:35

33

  Көпшілік қауымға есімі оқытушы-ғалым  ретінде емес, ЖОО ректоры, экс- білім министрі (1993-95 жж.) ретінде таныс Ережеп Әлхайырұлымен бұған дейін де әр жылдары түрлі тақырыпта сұхбаттасқанмын. Жақында елімізде халықаралық оқыту бағдарламасына сай оқу орнын ашып, әлемдік стандартқа сай білім беру ісін алғашқылардың бірі  болып қолға алған, Өскемендегі Қазақстан–Америка еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиевпен тілдесу мүмкіндігі туды.

  – Ережеп Әлхайырұлы, әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіз басқаратын, бүгінде құрылғанына 25 жыл толып отырған оқу орнының тыныс-тіршілігінен бастасақ. Елімізде бұған дейін ашылған ҚБТУ секілді халықаралық деңгейде оқытатын оқу орындары бар. Сіздің тағы бір осындай университеттің ашылуына мүдделі болуыңыздың негізгі себебі не?

  – Еліміз егемендік алды, сөз бен іске еркіндік берілді. Дәл осы тұста ЖОО мен арнаулы оқу орындарында да жаһандық оқу жүйесіне негізделген оқыту бағдарламасын жүзеге асыру ісі күн тәртібіндегі мәселе болды. Өз басым әуелден Қазақстанның әр облысында бір аймақтық инновациялық университетпен қатар, бүгінгі күні бәсекеге қабілетті жекеменшік  оқу орны болуы тиіс деп санадым. Оның механизмдерін алдын ала ойластырдым. 90-жылдардың басында КСРО-ның ыдырауымен бірге өмірдің барлық саласында, оның ішінде білім жүйесінде де бірқатар өзгерістер белең алды. Мәселен, бұрын одақтас республиканың қай-қайсысынан да әркім өзі қалаған мамандықтар бойынша білім ала алатын болса, енді әрбір ел өз еншісін алып, бөлек шыққаннан кейін ондай мүмкіндіктер болмай қалды. Яғни жергілікті жерлерге қажет мамандарды өз жерімізде, өз облысымызда даярлау қажеттігі туындады.

      Бұрын кеңес заманында  білім беру жүйесіндегі стандартты бағдарлама бойынша әр облыста сол өңірге қажетті 2-3 мемлекеттік жоғары оқу орны болды және олар өзіндік мамандану принципі бойынша пединститут, инженерлік, аграрлық, медициналық болып бөлінетін. Мұндай институттар салалық мамандықтарға оқытумен ерекшеленді. Ең бастысы, бұлар бір-бірін қайталамай білім берді. Аты айтып тұрғандай, біздің өңірлік университет ең алдымен белгілі бір аймақтың бәсекелестігіне төтеп бере алатын мамандарды даярлайды. Жергілікті жерде мұндай оқу орнын ашуда өңірдегі өндіріс пен экономиканы, аймақтық инфрақұрылымды басшыққа алудың маңызы зор. Шығыс Қазақстан облысы – Қазақстан индустриясының отаны. Яғни металлург-инженер кадрларын даярлау барысы мұндағы Үлбі металлургия, титан-магний комбинаты,  «Қазмырыш» АҚ іс-тәжірибесімен бірге астастырыла отырып жүзеге асырылады. Сол себепті біз өңірлік оқу орнын құру кезінде ең алдымен осыны басшылыққа алдық.

– Десек те, дербес мемлекет болғаннан кейін нарық заманында кадр даярлау мәселесінде бірқатар кереғарлықтардың орын алғаны жасырын емес.

 – Иә, оны жоққа шығара алмаймыз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мамандар даярлауға бағытталған лицензия нарығы кадр даярлау ісінде олардың бірін-бірі қайталаушылығына әкеп соқты. Мәселен, саны жоқ экономистер, сапасы жоқ заңгерлер мен қаржыгерлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Өмірімізге енген нарық заманының ұтымды тұстарымен қоса, кереғар жақтарының бірі – қолдарында лицензия болса, кез келген ғимаратты жалға алып, әлдекімдердің жалған, бүгін бар, ертең жоқ, болашағы баянсыз университеттерді ашуы. Ондай оқу орындарының аты қандай жалған, ғұмыры қандай қысқа болса, түлектеріне беретін дипломдары да күмән келтіргені жасырын емес.

– Бүгінде осы ҚАЕУ-дегі білім беру жүйесінің басты айырмашылығы неде?

 – ҚАЕУ – халықаралық университет. Ол Қазақстан–Америка арасындағы білім беру жүйесіндегі халықаралық серіктестік  ынтымақтастықтағы ЖОО болғандықтан, алғашқы күннен-ақ отандық білімдегі жаңа стратегияны белгілеп берсе, оның ең негізгі мәні Қазақстанның әлемдік экономикалық кеңістікке еркін кірігуін қамтамасыз ететін мамандарды даярлау болып табылмақ. Атына сай, мұнда оқу қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Оқу орны жүйесінің негізгі мақсаты – жалпыеуропалық стандарттар сәйкестігіне қол жеткізу және келешекте қазақстандық ЖОО түлектерінің әлемдік еңбек нарығында айналымды диплом алуын қамтамасыз ету. Сайып келгенде, бұл Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіне кірігу жағдайындағы ең өзекті мәселелердің бірі де бірегейі болуымен қатар, Болон декларациясы ұстанымдарына да сәйкес келетіні сөзсіз. Бүгінгі білім беру жүйесіндегі бағыттар бұрынғы классикалық оқыту тәсілдерінің ұтымды жақтарын сақтай отырып, қазіргі кезде өзектілігін жоғалтқан, ескірген әдеттерден арылуы қажет деп ойлаймын. Мәселен, кеңес заманында ғылым жолына түскендер жастары 50-ді еңсерген кезде ғана ғылым докторы дәрежесіне қол жеткізсе, бүгінгі жаһандану заманындағы әр саладағы PhD докторларының орташа жасы 30-35-тің айналасында.

  – 1994 жылы өзіңіз білім министрі болған кезде Қазақстанда жоғары білім беру жүйесін оңтайландырудың алғашқы кезеңін қолға алдыңыз. Мектеп бітірушілердің мемлекеттік емтиханның орнына ҰБТ тапсыруын оқу бағдарламасына енгізілуіне мұрындық болып, оның механизмін жетілдіру идеясын ұсынғаныңыз есімізде. Бүгінде арада 25  жыл өткенде осы бастамалардың жемісін көрдім деп айта аласыз ба?

  – Жасыратыны жоқ, кешегі КСРО заманында ЖОО талапкерлерін қабылдау емтиханының жүйесі өзгеше болғанын айтпай өте алмаймыз. Араға тамыр-таныс салу, бармақ басты, көз қысты әрекеттер арқылы білімі қаншама төмен жастар студент атанды. Ол кезде ондай әке-көкелерін ортаға салатындардың жеке тізімі жасалатын және ондайларды ЖОО басшыларынан бастап, жекелеген емтихан қабылдаушы оқытушылар да жоғарыдағы шенеуніктер мен қандай да бір ықпалы бар адамдардың өтініш-тілектерін сөзсіз орындауға мәжбүр болатын. Мұндай мамандығын кездейсоқ таңдағандардан болашақта қандай маман шығатынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Кім қалай түсінетінін білмеймін, өз басым ҰБТ-ны білімді тексерудің жаңа технологиясы деп санаймын. Өзім білім министрі болған кезде осындай қолдан жасалатын жасандылықтар мен жемқорлықтың алдын алу мақсатында білімді жаңаша тексеріп, саралап-сараптау қажеттігіне орай, ҰБТ жүйесіне көшу керек деген ойға келдім және оның талапкерлер үшін өте тиімді екенін түсіндім. Аталмыш жүйенің басты мақсаты  мен талапкер үшін де, баласының білімі жоғары деңгейде екенін дәлелдеуге тырысатын ата-аналар үшін де басты ерекшелігі – тестілеудің әділдікке, кең жариялылыққа кепілдік беруінде, барлық талапкерлердің білім деңгейін теңестіре білуінде.

– Сіздіңше, бүгінгі таңда жоғары оқу орындары оқытушыларының  кәсіпқойлығын арттыратын басты тетік не? Олардың алдынан шығатын ең негізгі мәселелер деп нені атар едіңіз?

– Бұрын жеке пәннен дәріс оқитын оқытушы-әдіскер қағаз-кітабын алдына жайып қойып, ара-арасында қажет кезде тақтаға жаза отырып еркін түрде дәріс оқыса, бүгінде сабақ беру үрдісі жаңаша сипат алған. Семинар, семинар-дискуссия, диалог-сабақ, аудиторияда немесе арнайы зертханалық сынып бөлмелерінде жүргізілетін тәжірибелік сағаттар мен практикалық курстарды айтпағанда, әрбір оқытушының пән тақырыбына қатысты дәрісінің электронды нұсқасының алдын ала студенттің көз алдында болуы, бүгінгі оқыту жүйесіндегі студент пен ұстаз арасындағы білім деңгейінің теңестіріле түскенін аңғартса керек. Жалпы, оқытушының өз кәсібінде кәнігі маман ретінде толысып-жетілуі оның беделі мен мәртебесіне және соған сай төленетін лайықты жалақысына келіп тіреледі. Сондай-ақ әрбір оқытушының педагогикалық-шығармашылық әлеуетін анағұрлым толық ашып көрсетуге мүмкіндігі ең алдымен оның ішкі еркіндігі екенін естен шығармауымыз қажет. Ал, жалпы, ұстаздардың, ЖОО оқытушыларының басты мәселесі –  қашанда жалақының төмендігі мен шектен тыс оқу жүктемесі, қағаз толтыру, жазу-сызу секілді қосымша жұмыстар. Меніңше, қағаздан арылатын уақыт келді. Қазіргі ХХІ ғасырдың ұстазы ой еркіндігі ұшқыр, шығармашылық қабілетін шыңдауға мүдделі тұлға болуы тиіс.

  – Қазіргі заман студенттері маған сондай еркін секілді болып көрінеді.  Сабақты босатуды былай қойғанда, кейде олардың сабақ кестесіндегі пәндерге деген немқұрайдылығы да таңғалдырады. Қалай ойлайсыз, олардың оқу пәндеріне деген қарым-қатынастарын қандай шаралар өзгерте алады?

 – Әрине, мектеп оқушысына қарағанда ЖОО студенттері жасы, ойлау әдет-дағдысы, мәртебесі жағынан әлдеқайда биік әрі бөлек. Олардың өздерін мектеп қабырғасынан қанаттанып кеткеннен кейінгі кезеңде еркін ұстауға бейім болуының бір сыры осында жатыр. Бірақ бұл мүлдем еркінсу деген ұғымды білдірмесе керек. Студент-жастардың пәнге қызығушылығы мен оған деген қарым-қатынасын реттейтін бір ғана тетік, ол – оқытушының тарапынан қойылатын қатаң талап пен тәртіп. Мәселен, АҚШ-тағы оқу орындарында студент бір рет сабақ босатса қатаң ескерту жасалады, екінші рет қайталанса ондайлар жоғары мектептен сөзсіз шығарылады.

 – Бүгінде талапкерлер бұрынғыдай емес, мамандықты жоғары оқу орнындағы шектеулі баллдың мөлшеріне қарай немесе ата-аналарының қалауымен таңдап жатады. Тіпті ондай жастардың оқуға қабылданған күннің өзінде, уақыт өте келе, оқуын тастап немесе басқа салаға кетуге мәжбүр болғандарын да көріп жүрміз. Мұндай келеңсіздіктің алдын қалай алуға болады?

 – Баланың қай салаға бейім екенін мұғалім дөп басып таныса және оны оқушының ата-анасы қолдап жол көрсетсе, қабілетін бала жастан ұштап дамытса, болашақта оның өз қалауы бойынша таңдау жасайтыны сөзсіз. Мамандық таңдау бір күндік немесе бір жылдық нәрсе емес, ол өмірлік азық. Сол себепті мектеп кезінен бастап оқушының қабілет-мүмкіндігін танып, шыңдау ондай келеңсіздіктің алдын алуға негіз болмақ.  

 – Сіздің ойыңызша, болашақтың біліміне жол салатын қандай оқытушы?

 – Педагогтар кеше де, бүгін де, болашақта да ұрпақ дамуының көш басында болған, бола береді де. Меніңше, болашақтың жастары да, тәлімгер-оқытушылары да білім мен интеллектісі жағынан бүгінгіден анағұрлым озық болуы тиіс. Анығында, болашақтың ұстазы өзін-өзі жан-жақты жетілдірген, білімге деген қызығушылығы мол және сол білімін өмірде қолдана алу икемін шәкіртінің бойына сіңіре отырып, жаһандық білім көшіне ілесе алатынымен ерекшеленуі тиіс. Қорыта айтқанда, болашақтың біліміне инноватор-оқытушы ғана жол сала алады.

  Сұхбаттасқан Арай САХАРИЕВА

                                                                       

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43