Халықты ашқұрсақ болудан сақтай аламыз ба?

Сайт әкімшілігі

09.07.2020, 13:41

13

  Қазір әлем жұртшылығын алаңдататын басты мәселенің бірі азық-түлік қауіпсіздігін сақтау шараларын сауатты меңгеру болу керек. Бұл жайында осы аптаның басында халықаралық сарапшы, Ресейдегі  қаржылық даму университетінің профессоры Рейн Мюллерсон: «Қазіргідей пандемия кезінде  әлем ашқұрсақ болудан сақтануы керек. Осыны ойлаған әрбір мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, тағамға қатысты тегеуріні мықты арнайы бағдарламалар арқылы жұмыс істеуі тиіс», – деді.

     Сол-ақ екен, бірқатар елдер азық-түлікке қатысты қатаң талап қоятын шешімдер легін шығарып та үлгерді. Мысалы, Қырғыз елі азық-түліктен тарықпау мақсатында Орталық Азия елдері бірігіп, азық-түлік қауіпсіздігі қорын құруды ұсынды. Ресей азық-түлік қауіпсіздігін шешудің бір жолы ретінде астық сақтау қорын ұлғайту керегін көлденең тартып отыр. Ал Өзбекстан мен Тәжікстан болса көкөніс алқаптарын кеңейтіп, сыртқа көкөніс экспорттаудың жаңаша тетіктерін қарастырып жатыр. Міне, көршілеріміз осылай қам жасап жатқанда біз не тындырдық? Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі қалай қорғалған? Енді осы жайтқа аз-кем шолу жасасақ.

 

                                         Заңды өзгертуден алдамыз

     Егер деректерге сүйенсек, біз қандай шара жасасақ та, алдымен заңға өзгерту енгізуді жөн көреді екенбіз. Мысалы, біздің елдегі «Азық-түлік қауіпсіздігі және мәселелері туралы» заң тек 2017 жылдан бері ғана бес мәрте түзетуге түсіпті. Заң жобасын әзірлегендердің пайымдауынша, заңға жиі-жиі өзгерту енгізу болашақта бұл заң Қазақстанға сапасыз азық-түлік өнімдерінің еніп кетуіне тыйым салып, отандық тауардың беделін арттыруға, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерінің еркін айналымға енуіне мүмкіндік туғызбақ.

         Алайда қайсыбір заңгерлеріміз тек заңға өзгерту енгізу проблеманы шешпейтінін алға тартады. Заң ғылымының кандидаты Серік МҰРТАЗА былай дейді:

  – Тек қана заңға өзгерту енгізумен мәселе шешімін таппайды. Әрине, заңға өзгертулер енгізу уақыт талабы. Әйтсе де бұл жерде біз елімізде азық-түлік өнімін өндіретін өндірісшілер саусақпен санарлықтай екенін ескеруіміз керек. Олардың өзі ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отыр. Оған дүкен сөрелерінің шетелдік дайын өнімдерге толып тұрғаны дәлел. Біз шұжық, сүт-айран, сүзбе, сары майды шетелден әкелеміз. Бізде жетіспейтін өнім түрлерін шетелдік тауарлар толтырады. Шынын айтсақ, айналып келгенде, азық-түліктің 40 пайызы ғана өзімізде дайындалады. Әлемдік стандарт бойынша әр ел азық-түліктің 84 пайызын өзінде шығаруы тиіс. Өйтпеген күнде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз болады да, ондай ел азық-түлік тапшылығына жиі ұшырайды. Сондықтан заңды жиі өзгеріске түсіргеннен гөрі отандық азық-түлік өндірушілерге жағдай жасаған дұрыс.

                            80 пайызды қалай бағындырамыз?

     Ал енді азық-түлік өнімін өндіруде 80 пайыздық межеге қалай қол жеткіземіз? Бұл қазақ үшін қиял ма, әлде қарым-қабілетіміз жеткілікті ме?

Байыптағанға қазіргі дағдарыс ауыл шаруашылығымен шындап айналысатын елдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашқалы тұр. Негізінен, ауылшаруашылық өнімдерін өсіретін кең-байтақ жерлері бар елдер әлемде көп емес. Ал Қазақстан тәрізді негізгі фундаменті аграрлық ел болып қалыптасқан мемлекетке тек мұнай-газ саласына ғана иек артып отыру қолда бар мүмкіндікті бос жіберу деген сөз. Қазір біздің кең-байтақ жеріміздің бар екені көңілге небір үміттерді ұялатады. «Бірақ соны дұрыс пайдаланып, ауыл шаруашылығы саласын оңды жолға қоймай жатып кеуде керуге тым ерте» дейді мамандар.

      Бұл ретте экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай АЛДАБЕРГЕНОВ былай деді:

   – Азық-түлік нарығындағы беделімізді көтеру үшін алдымен материалдық базамызды нығайтуымыз керек. Біз экспортқа астық шығарудан озықпыз. Бірақ басқа саладан құр алақанбыз. Бізде өсімдік саласы мен мал шаруашылығы да тұралаған. Жеміс-жидекті өзбек пен қытайдан тасып, инфляцияның еселенуіне өзіміз жағдай туғызып отырмыз. Асылтұқымды мал алуды тіптен сөз ете алмаймыз. Ауылдағы ағайын өндірген сүт-айранын, етін сатуға шығара алмай әлек. Осы күнге дейін өнімді шаруаның қолынан тікелей базарға шығаратын сату жүйесі орнаған жоқ. Арадағы делдалдар бағаны өсіріп, табысқа белшесінен батып жүр. Ауылға қаржы бөлуде де делдалдықтан арыла алмай отырмыз. Міне, осы кемшіліктерді жоймай, біз азық-түлік өндіруде бәсекеге қабілетті ел бола алмаймыз. Сондықтан алдымен осы жайттарға мән берілуі тиіс.

Ойсалар    Жалпы, өркениетті елдердің басым бөлігі азық-түлік өнімдерінің 16 пайызынғанасырт мемлекеттерден тасымалдайтын болса, «біздің мемлекеттік қауіпсіздігімізге нұқсан келмей ме» деген ой төңірегінде бас қатыратын көрінеді. Ал біз әлі де болса өзгенің өнімін ас-ауқат етудеміз. Мәселен, 1990 жылдары жалпы ішкі  өнімнің 34 пайызын ауыл шаруашылығы құраған болса, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 12 пайызды құрап отыр. Халықтың қалай тамақтанып отырғанын осыдан-ақ білуге болады. Қалай десек те, қазір азық-түлікке қатысты шама-шарқымыздың анағұрлым қарқынды емес екені байқалып тұр. Бұлтұрғыда мамандар «ендігі біздің бар мақсатымызашқұрсақ болмаудың барлық тетіктерін қарастыру,себебі қазіргідей қиын жағдайда халықтың дастарханы жұтаң болмауы өте маңызды» дейді.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 17:13
Жемқорлықты бақылау көрсеткіші артып келеді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 15:45
Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 14:06
Доллар күрт төмендейді-сарапшы
Сайт әкімшілігі 28.09.2020, 12:13
Қазақстанда доллар қымбаттап жатыр
Сайт әкімшілігі 25.09.2020, 10:26
Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
Еркежан АРЫН 24.09.2020, 10:35
Кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бабын келістіре алдық па?

Аңдатпа


  • Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне қатысты түсінік берді
    28.09.2020, 15:45
  • «Shymkent bike» қызметін пайдаланушылар көбейді
    26.09.2020, 15:01
  • Үш мыңға жуық медицина қызметкеріне біржолғы төлем берілді
    28.09.2020, 11:16
  • Tengri Bank салымшылары кепілдік өтемін қай банктен және қалай алады
    25.09.2020, 10:26
  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43